Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ойлар

Орта ғасырлар (б.д. IV-XV ғғ.) адамзат тарихында ежелгі дүниемен салыстырғанда қоғамдық ойдың, әсіресе прогрессивті ойдың тоқырауымен сипатталады. Бұл саяси ілімдерге қатысты да айтылған.

Орта ғасырлар үшін діни-этикалық формада анық көрініс тапқан, саяси мәселелерге теологиялық тұрғыдан келу негізгі белгісі болып табылатын саяси ойлардың ерекшелікті типі тән.

Саяси ойлаудың орта ғасырлық типі феодализмнің пайда болып дамуының барлық кезеңінде үстемдік етті.

Саяси ойлардың айтарлықтай дамуы ортағасырлық Шығыс ойшылдарының еңбектерінде көрініс тапты. Оның аса көрнекті өкілдері болып әл-Кинди, Бируни, әл-Фараби, Ибн-Сина, Омар Хайям, Ганджеви Низами, Әлішер Науаи және басқалары саналды. Енді осылардың кейбіреулерінің ғана саяси көзқарастарын қарастырамыз.

Кіндік Азияда, Шығыста, Еуропада ғылымның, философиялық және әлеуметтік-саяси ойдың дамуында үлкен рөл атқарған Сырдариядағы (Қазақстан) Фараб қаласында туған ұлы ғалым Әбунасыр Мұхаммед әл-Фараби (870-950) болды. Оның саяси көзқарастарына «Қазақстандағы саяси ойлар» деген параграфында жеке тоқталамыз.

Әзірбайжандық прогрессивті қоғамдық-саяси және философиялық ойдың көрнекті өкілі ойшыл Ганджеви Низами (1141-1203) болды, ол феодалдық ақсүйектердің зорлық-зомбылығына қарсы шығып, езілген халық бұқарасына жанашырлығын танытты. Оның негізгі шығармасы – «Хәмсә» («Бес қазына») бес поэмадан тұрады. Олар: «Құпиялар қазынасы», «Хорстар және Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті сұлу» және «Ескендір-наме».

Низами шығармашылығы өзінің түп тамырымен әзірбайжан халқының қоғамдық-саяси өмірінің тереңіне кетеді, халық даналығынан, ертегілерінен, фольклорынан нәр алып, еңбекші бұқараның мүддесін білдірді. Низами грек, араб және үнді философиясының білгірі болды. Плиния мен Птолемейдің туындыларын келтіруі, сонымен қатар Авестамен таныс болуы оның оқымыстылығын дәлелдейді. Ол «Ескендір-наме» поэмасын дайындауда христиан, еврей және пехлевия деректерін қолданғандығын айтты.

Низамидың жоғары көркем поэмалары терең әлеуметтік-саяси мазмұнға толы. Көркем шығармашылықтың құндылығын ол түптеп келгенде оның мазмұнының маңыздылығынан, адамзат прогресіне қызмет етуінен, бишаралық халге түскендердің бақыт үшін күресінен және т.б. сол сияқтылардан көрді. Оның сенімі бойынша, поэзия адамдарды дүние мен өмірге дұрыс көзқарасқа үйретуі тиіс, жоғары сезімді тәрбиелеп, ерлікке дем беруі керек, жарқын болашаққа, бақытты өмірге жол көрсетуі қажет.

Өзінің қоғамдық-саяси көзқарастары мен идеалдарын Низами шахтарға тікелей «Өсиет» формасында білдірді, елдегі етек алған зорлық-зомбылықты, бассыздықты және қанауды әшкерлеу түрінде, идеалды қоғам-утопияны бейнелеу арқылы да көрсетті.

Низами шындықты танудағы адами ақыл-парасаттың рөлін жоғары бағалады. Адамның ақылы оны қоршаған құбылыстарды тануға қабілетті деп санады. Өзінің мінез-құлқында адам – адамды жануарлардан ерекшелендіретін ақылды басшылыққа алуы керек– деп атап айтты Низами. Теорияда және практикада ақылдың жарқындығы сенімді жол көрсеткіш қызметін атқарады. Ақыл-өнеге – адамгершілік негізі. Ол адамның табиғатқа үстемдігін орнатқызатын қоғамдық-шындықты танудың көзі ғана емес, сонымен қатар ақыл қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларында үстемдік етуі тиіс және адамдарды шын жолға бағыттауы керек. «Тек дүние істеріне ақылмен қарайтын адам ғана дүниеде басын жоғары қоя алады» («Ескендір-наме»). Осыдан шыға отырып, ғылым адамдарының, даналардың қоғамда көрнекті орын алуын, ел билеушілерінің кеңесшілері болуын және мемлекетті, қоғамды басқаруға қатынасуын талап етті.

Низами әділеттілік идеясын қоғамның ең мықты негізі деп санады. Оның пікірінше, адамдардың арасындағы қатынастарда әділеттілік орнаған қоғамдық және мемлекеттік құрылыс қана берік және ұзаққа барады.

Өзінің шығармашылығының ерте кезеңінде Низами халықты «білімді» және «әділ» билеуші басқарса бақытқа жеткізеді десе, кейін ол кез келген монархтың халықты езетіндігі жөніндегі ойға келді. Өзінің соңғы поэмасы «Ескендір-намеде» ойшыл еркіндік пен әділеттілік салтанат құрған, барлық адамдар мүліктік және саяси қатынастарда тең, еңбекшілдігімен және әдет-ғұрыптарының тазалығымен ерекшеленетін, өтірікті, қызғаншақтықты, өштесуді, қастықты білмейтін, соғыс жүргізбейтін, қан төккізбейтін алыстағы Солтүстікте қалыптасқан идеалды қоғам жөнінде армандады.

Феодалдық билеушілердің деспотизміне және сословиялық теңсіздікке қарсы шығып Низами шахтарды халықтың «азаптаушысы» деп атады. Ойшыл халықты өз құқын қорғауға шақырады, «лайықсыздарға берілмеуге», қанау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге үндейді. «Бұл шатырда аяғыңа кісен салып неге жүрсің сен? – деп жазды ол. Өзіңнің алқымыңды осы арқаннан босат» («Хорслар мен Шырын»).

Низами әділ сотты елде әділеттіліктің үстем болуының маңызды алғы шарты деп санады. Ол падишахқа, патшалар мен билеушілерге елді жақсы басқару үшін және әділ, шыншыл, бұра тартпайтын сот үшін патшалық құру тапсырылғанын қадап айтты. Үкімдер ешкімнің жоғары жағдайына, байланысы мен байлығына қарамай жасалуы керек.

Сол кездегі үстемдік еткен идеяларға құрметпен қарай отырып, Низами кейде тағдырға бой ұсыну жөнінде де айтты: бәрі де құдайдың ырқымен болатындықтан, адам тағдырына түскеннің бәріне көнгіштікпен шыдау керек. Алайда ол халық бұқарасына сол құрылысқа бағынуды сендіруді және оны қанау мен езуге көнуге үйретуді мақсат еткен үстемдік етуші мұсылман діні үйреткен фатализмді жеңе бастады. Низами халықты өз құқын ерлікпен қорғап қалуға, тирандармен, қанаушылармен және жәбірлеушілермен күрес жүргізуге, отанын сүюге шақырды.

Отаны мен халқына ыстық ықласпен берілуді Низами бүкіл халықтардың бейбіт ынтымақтастығы идеясымен ұштастырады. Әр халық үшін еркіндік пен тәуелсіздікті талап етіп, ол «Ескендір-наме» поэмасында бөтен елді басқан жаулаушының аяғы бұл елде ұзақ тұра алмайтын жыртқыш аңның аяғы – деп жазды.

Низами барлық адамдарды ұлысына және дініне қарамастан тең деп есептеді. «Ескендір-наменің» («Игбал-наменің») екінші бөлімінде негрдің қара терісіне көңіл аудармау керектігі, оның терісі қара болғандығымен жүрегінің таза екендігі айтылады. Низами шығармаларында жағымды кейіпкерлер болып әр түрлі ұлыстардың адамдары: әзірбайжан қызы Нұшаба, парсы Бахрам, грек Александр Македонский, славяндық патша қызы Насринуш, египет қызы Мария және т.б. бейнеленеді.

Низамидың шығармалары өз дәуірінің энциклопедиясы іспетті болды. Онда әлеуметтік-саяси материалмен қатар философия мен жаратылыстанудан, психология мен педагогикадан, тарих пен филологиядан, этика мен эстетикадан, экономика мен діннен ауқымды материалдар берілді. Оның шығармашылығы одан кейін де Шығыс пен Батыстың алдыңғы қатарлы әлеуметтік-саяси ойының дамуына үлкен ықпал жасады.

Орта Азия мен Шығыстағы қоғамдық-саяси ойдың дамуында өзбектің көрнекті ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың (1441-1501) шығармашылығы зор прогрессивтік рөл атқарады. Науаи тарихпен, философиямен, кескіндемемен, сәулетпен, музыкамен айналысты, мәдениет қайраткерлеріне қамқорлық жасады.

Науаидың шығармашылығы Мауереннахр мен Алдыңғы Шығыстың көп ғасырлық мәдениеті мен қоғамдық-саяси идеяларын сіңірді. Ол «Шардиван» (Төрт лирикалық жинақ), «Хәмсә» (Бес поэма), «Махбуб әл кулуб» (Ғашық жүректер), «Мухакамат әл лугатайн» (Екі тілдің салмағы) және басқа да қызықты шығармалар жазды, олар орта азиялық және дүниежүзілік мәдениет, сонымен қатар қоғамдық-саяси ой қазынасына қосылған құнды үлес болды.

Науаидың дүниетанымының негізінде пантеизм жатты. Ол табиғатты құндылықтар қазынасы ретінде қарастырып, оны зерттеу адамды бақытты етеді деп түсінді.

Дүниеде адамнан қымбат еш нәрсе жоқ, оған бәрі қызмет етуі тиіс, – Науаидың әлеуметтік-саяси тезисінің бастауы осындай. Ол жердегі өмірді жақсы құруға шақырды, табиғатты аялауға үйретті. Науаи табиғатқа деген сүйіспеншілік құдайға деген сүйіспеншілікті тудырады деп атап көрсетті. Сонымен бірге пантеизмге құрмет көрсете отырып, ол құдай табиғаттан көрінеді деп сендірді.

Науаи жатып ішерлерді, арам тамақтарды, халықты қанаған мұсылман дін басыларының надан өкілдерін масқаралады. Ойшыл елді бөлшектеуге, өзара тартыстарға түбегейлі қарсы болды; ол басында «әділ патшасы» бар біріккен ірі мемлекет құруды қолдады.

Өзінің шығармаларында, атап айтқанда, «Фархад пен Шырын» поэмасында, ойшыл әділеттілікті, ақылдылықты және адамгершілікті жырлады. Ол әділетсіздік пен тиранияны, өтірік пен екі жүзділікті сынады. «Кімде кім дәлдікті білмесе – деп үйретті ол, – ұятты да білмейді». «Тілің шындықты айта алатын болса, оны алдаудың кірімен былғама». XV ғасыр жағдайында Науаи реакция күштеріне қарсы күрес жүргізді, зайырлы білім, ағартушылық үшін күресіп бақты.

Өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастары бойынша Науаи «ағартушы» монархия идеясынан асып кете алмады және «ең жақсы ел билеушілерін» халықтың игілігіне қамқорлық жасауға шақырды.

Науаи халықтар арасындағы достықты жақтаушы болды. Оның шығармаларының кейіпкерлері тек өзбек қана емес, сонымен бірге тәжік, қытай, үнді, парсы және басқа да халықтардың бетке ұстар өкілдері болды.

Өзбек ойшылы еңбекке деген сүйіспеншілікті, отанға деген патриоттық махабатты, адамға деген сүйіспеншілікті үлкен жігермен жырлады. «Егер адам халыққа қамқорлық жасамаса, – деп жазды ол, – ондай адамды адам деуге болмайды». «Адамдар арасында ең жақсы адам – халқына көп пайда келтірген адам» – деп сендірді Науаи. Оның пікірінше, адамның адамгершілігі халқына сүйіспеншілік деңгейімен анықталуы тиіс. Науаи осы принцип рухында адамдарды тәрбиелеу жолымен жақсы қоғам құруға болады деп есептеді.

Науаидың әлеуметтік-саяси көзқарастары тарихи шектеулілігіне қарамастан, оның феодалдық құрылыстың аса реакциялық жақтарына қарсы шығуы, ізгілікпен еркін ойлауды жақтауы оны орта ғасырлық Шығыстың көрнекті ойшылы және мәдениет қайраткері ретінде сипаттайды. Реакциялық феодалдық ақсүйектер Науаидың алдыңғы қатарлы идеяларына қарсы ұйымдасқан күрес жүргізді, ойшылды қудалады, оның өміріне қастандық жасауды ұйымдастырды.

Орта ғасырлық Шығыстағы саяси ойдың тарихи дамуы тек Шығыстың ғана емес, Еуропаның, жалпы бүкіл адамзаттың әлеуметтік-саяси іліміне қосылған үлкен үлес болды.

Еуропаның орта ғасырлық саяси ойының өзіндік ерекшелігіне, ең алдымен, батыстың саяси ойына негізінен христиан діні мен Рим шіркеуінің күшті ықпалы себепші болды. Сол тұстағы саяси ойдың орталық мәселелерінің бірі қандай билік басым болуы керек – рухани-діни (шіркеу) немесе зайырлық па (мемлекет), деген мәселе болды. Шіркеудің саяси талаптарын негіздей келіп, оның идеологтары билеушілердің куаттылығы шіркеуден шығады, ал шіркеу өзіне беделді тікелей Христадан алады деп сендірді. Осыдан христиандық ел билеушілерінің сөзсіз міндеті – христиан шіркеу басына бағынатындығы болып шығады.

Христиандық саяси теорияны жасаушылардың бірі епископ Иппонийский Аврелий (Блаженный) Августин (354-430) болды, оның ілімі католицизмнің негізін қалады. Оның саяси көзқарастары «Құдайдың мемлекеті туралы», немесе «Құдайшыл қоғам туралы», «Еркін ерік туралы» атты еңбектерінде және басқа да шығармаларында баяндалған.

Августиннің пікірінше, құдай дүниені жаратып қана қойған жоқ, бірақ оны тұрақты түрде жасайды. Дүниедегі бардың бәрінің шығуы құдайдан басталады, сондықтан оны сол қалпында қабылдау керек. Оның пікірінше, құлдық пен кедейшілік қажетті құбылыстар. Құлдар мен кедейлер осы қажеттілікті дұрыс түсіну керек және оған шыдау қажет. Августин бойынша бостандық – бұл жақсылық пен жаманшылық арасындағы таңдау мүмкіндігі емес, керісінше ол күнәда өмір сүруге душар болушылық.

Католик шіркеуінің мүддесіне адал және берілгендікпен қызмет істегені үшін Августин «Масайраған» деген атқа ие болды және қасиетті жүзділердің қатарына қосылды.

Мемлекетті Августин құдай жасаған әмбебап тәртіптің бөлігі ретінде қарастырады. Сондықтан бүкіл билеушілер патша, хан, король өздерінің билігімен Құдайға да, адамға да қызмет етуі тиіс. Мемлекет – бұл қоғамдық байланыстармен біріккен көптеген адамдар. Мемлекет, тек жердегі игіліктерді қанағаттандыруды өзінің мақсаты етіп қойған, шындықтан айырылған еріктің үстемдігі. Мемлекет өзіне шайтанның еркін қосып алғаннан бері ол қоғамдық тиранға айналды. Тек құдайшыл мемлекет қана анық шындықты меңгереді және де онда жаппай бірлікке және мәңгілік дүниеге деген құлшыныс жүзеге асады.

Августин басқару формаларын жоғары билікке жүктелген міндеттерге байланысты ажыратады. Солардың арасында ең негізгісі деп ол моральдік және діни, әсіресе Құдайды құрметтеу және адамды сыйлау міндеттерін санайды. Егер де мемлекетте дінге деген әділеттілік пен құрмет сақталатын болса, онда басқарудың барлық формасы, биліктің беделі мен өкілеттілігі сияқты тең, оларға бағынатындай лайықты болады.

Осымен байланысты Августиндік биліктің тұжырымдамасы мемлекетте діни және зайырлы екі биліктің бар екендігін көрсетеді, онда иерархиялық тәртіппен зайырлықтың діниге, жердегінің аспандағыға, мемлекеттің шіркеуге бағынуы уағыздалады.

Августиннің көзқарасына сәйкес мемлекет тек шіркеуге бағынғандықтан Құдай қаласының бір бөлігі болуға тиіс. Августин мемлекетті «Құдайдың қаруы» ретінде, ал билеушілерді «Құдайдың құралы» «Құдайдың қызметшісі» ретінде қарастырады және оларға шіркеудің мүддесі үшін зорлық-зомбылық жасау әдісін қолдану құқын бекітті. Сондықтан да Августиннің еңбектерінде өздерінің позицияларын қорғауда билікті діни және зайырлық деп бөлушілер де, мемлекеттік бүкіл институттардан шіркеудің басымдығын бекітетін клерикализмді жақтаушылар да дәлелдер тапты және тауып та келеді. Орта ғасырда Августиннің тұжырымдамаларын теократиялық, клерикалистік тұрғыда түсіндіру басым болды. Бүкіл сол дәуір бойы Августиннің тұжырымы мемлекетті өзіне бағындырғысы келген шіркеудің саясатын идеологиялық ақтау қызметін атқарады.

Августиннің мемлекеттің орны мен рөлі туралы идеялары келесі бір ірі христиан ойшылы – доминикан монахы Фома Аквинскийдің (1225-1274) еңбектерінде нақтыланып, одан әрі дамытылды. Ол томизмді негіздеуші және оның дүниетанымындағы бастапқы тезисі: «Философия – дін ілімінің қызметшісі». Оның ең маңызды еңбектері: «Билеушілердің басқаруы туралы», «Теология жиынтығы», «Пұтқа табынушыларға қарсы жиынтық».

Августин мен Аквинскийді мемлекеттің теократиялық концепциялары жақындастырады. Фома Аквинский зайырлы билікке адамдардың жаны емес, тек олардың денесі ғана бағындырылған деп есептеді. Адамдардың рухани өмірін басқаратын жоғарғыны тегіс қамтитын билік шіркеуге тиесілі. Ол құдай адамнан қаншалықты биік болса, діни билік жердегі мемлекеттік патшалық биліктен соншалықты биік екенін тұжырымдады.

Алайда Августин мен Аквинский идеяларының арасында айырмашылықтар да бар, өйткені олар әртүрлі қоғамдық-тарихи жағдайларда (оларды жеті ғасыр бөліп тұр) еңбек етті және әртүрлі методологияға арқа сүйеді. Августин платонизмнің ізін қуушы болса, Аквинский Аристотельге арқа сүйеп, христиандық дүниетанымды негіздеуге тырысты. Ол Аристотельдің адам – бұл «саяси жануар», соған сәйкес, өзінің табиғатынан қоғамдық тіршілік иесі, ал мемлекет оны қалыптастыратын азаматтардан бұрын пайда болған табиғи түзілім сияқты ережесін қабылдады. Аристотельдің осы ойына Аквинский өзінше мазмұн берді. Оның пікірінше, мемлекет болмыс ретінде логикалық тұрғыда өзінің бастауын әлдеқайда ертерек Құдайдан алады. Яғни, мемлекет Аквинскийдің түсінігінде, құдайшылықпен жасаудың нәтижесі.

Сонымен бірге, мемлекетті құдай жасағанын жәй ғана айтып қоймай, мемлекеттің пайда болу қажеттігін ұтымды дәлелдермен негіздейді. Ол былайша ой толғайды: әлеуметтік қауымдағы өмір адам үшін табиғи нәрсе, яғни, адамдардың кез келген қауымдастыққа бірігу ықыласы да табиғи. Алайда кез келген қауымдастық белгілі бір мақсаттарды жүзеге асырады, оларды іске асыруда қауымдастық үстемдікті орағытып өтуге көмектеседі. Сондықтан кімде болса осы қауымдастыққа басшылық жасау және оны төте жолмен мақсатқа жеткізу қажеттігі туындайды. Мемлекет сондай жетекші болып табылады. Аквинский мемлекетті рульмен, ал адамзат қауымдастығын кемемен салыстыра келіп: «Егерде рульдегінің тұтас еркімен бағытталмаған болса, онда әр түрлі жел қуған кеме сияқты алуан түрлі бағытта жүзген болар еді де ешқашан қажетті портқа жетпеген болар еді» – деп жазды. Мемлекеттің басты міндеті – Аквинскийдің пікірінше, – бұл Құдай белгілеген мақсаттарға адамдар қауымдастығын жеткізу, олардың жанын құтқаруға ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет «Құдайдың қаруы» сияқты және Аквинский басқа да христиан теоритиктері іспетті әулие Павелдың «Кез келген билік Құдайдан» – деген сөзін қайталайды.

Алайда Аквинскийдің тұсында зайырлы және діни биліктің қарама қарсы тұруы мен қақтығыстары айқын байқалады. Феодалдардың бір бөлігі бұны евангелия ережесіндегі таза абсолюттік рухпен түсіндірді, мемлекеттік басқару таза зайырлы биліктің қолында болуы тиіс дегенді айтты. Шіркеудің мүддесі үшін мұндай тенденцияға қарсы шығу керек болды, шіркеу билігінің зайырлы биліктің артықшылығын дәлелдеуі қажет болды және шіркеудің мемлекеттің саяси істерге араласуын, сонымен бірге билеушілерді тақтан құлатуының дұрыстығын дәлелдеу керек болды. Ол үшін халықтың тиранға қарсы бас көтеруіне құқының барлығын дәлелдеу қажет болды. Бұл міндетті Фома Аквинский биліктің мәні мен оның формасы арасына өзгешеліктерді енгізу арқылы шешті. Мәні бойынша кез келген билік Құдайдан болады, яғни тәртіпті қамтамасыз ететін және адамдар қауымдастығын белгілі бір мақсатқа жетелейтін қандай да бір ұйым болуы тиіс. Басқа сөзбен айтқанда, биліктің мәні деп онсыз қоғам өмір сүре алмайтын мемлекет институты түсіндіріледі. Форма деп басқару тәсілдері, билік құрылымы түсіндіріледі. Бұл жерде Фома Аквинский басқару формасы Құдайдан ғана емес, басқа жолмен де шығуы мүмкін деген ой тастайды. Билеуші, кез келген адам сияқты тәуелсіз еркіндігі бар, сондықтан жауыздық жасауға қабілетті, яғни Құдайдың еркіне қарсы тәртіптер орнатуға қабілетті. Мысалы, бұл билеуші билікке әділ емес құралдар көмегімен келгенде орын алады. Биліктің монархия, олигархия, демократия және тирания іспетті формалары арасындағы өзгешеліктерді келтіре отырып, Аквинский бұларды биліктің әділетсіз формалары санайды және демократияны оның ұжымдық түрі деп есептейді, өйткені халық, оның сөзіне қарағанда, ұжымдық тиран ретінде көрінеді. Аквинский мемлекеттік билікке қарсы көтеріліске шығу құқын екі жағдаймен байланыстырады: егер билік құдай заңдарына қарсы шықса және қарапайым адамгершілік принциптеріне қарсы болса немесе өзінің білгірлігін билікпен арттыру жағдайында, мысалы, салықтарды асыра төлету, заңсыз ауыр салықтар салу және т.б.

Билеушілерге биліктің формасының шығу заңдылығы және оның қолданылуы туралы шешуші пікір айту шіркеуге тиесілі. Осылайша, Фома Аквинскийдің саяси ілімінде мемлекеттік билік Құдайдың тікелей емес, шіркеу арқылы жанама орнатқан билігі болып шығады. Сонымен бірге Аквинскийдің кез келген дін бұзарлықтың түрін қолдамайтындығы көрінеді. Ол одан сенімнің тазалығын сақтау құралын көріп, шіркеу инквизициясының қажеттігін теориялық тұрғыдан дәлелдеді. Католик шіркеуінің мүдделерін жүзеге асыру жөніндегі өзінің еңбектері үшін, Фома Аквинский қасиетті жүзділердің қатарына жатқызылып, оның ілімі орта ғасырлық шіркеудің ресми идеологиясына айналды. Оның «томизм» ілімі 1879 жылы католицизмнің «бірден-бір шын» философиясы деп жарияланды. Оның бүгінгі күнге дейін Еуропаның көптеген елдеріне ықпалы өте күшті.

Неміс ойшылы, августин монахы Мартин Лютер (1483-1546) орта ғасырдағы протестантизмнің ірі идеологы болды. Ол діндар ғалым, Германиядағы Реформацияның көрнекті қайраткері, Германия, Балтық жағалауы, Скандинавия елдеріне кеңінен тараған лютеран (протестант) діни сенімін негіздеуші. Оның «Неміс ұлтының христиан дворяндарына», «Шіркеудің вавилондық тұтқындалуы туралы», «Христианиннің еркіндігі туралы», «Қайырымды істер туралы сермон» және т.б. еңбектері бар.

Католик шіркеуіне қарсы бағытталған, Лютердің көптеген саяси идеялары, тезистері оның идеялық із ашарлары – белгілі ағылшын реформаторы Д.Уилклиф, Чехиядағы Реформацияның көрнекті қайраткері Ян Гус және Виттенберг Университетінің профессоры Везелмен бірге әзірленген болатын.

Лютердің көпшілік алдында өзінің саяси-діни ілімін қорғауына Германиядағы папа индульгенциясының сатылуы себеп болды. 1517 жылы 31 қазанда ол Веттенбергтегі қорғандық шіркеудің есігіне индульгенцияны сатуға қарсы және католиктік дін басыларының басқа да қиянат етулеріне қарсы 95 тезисті іліп қойды. Ф.Энгельстің сөзіне қарағанда, Лютердің тезистері «оқ-дәрі бөшкесіне түскен жасын соққысындай болған сияқты»[9].

Лютердің тезистерін барлық оппозициялық күштер рим-католик шіркеуіне қарсы, Германияның ұлтық және діни тәуелсіздігі үшін күреске шақырған белгі іспетті қабылдады. Реформацияға бастау болған оның тезистері, христиандықты жаңаша түсінудің және жаңа діни ілімді – протестантизмді баяндаудың негізі болды.

Лютер рим-католик шіркеуіне қарама-қарсы адамның және оның зайырлы өмірінің күнә ретінде қаралмауы тиіс екендігін дәлелдеуге тырысты. Ол шіркеу мен дін басыларының адам мен құдай арасындағы делдалдық рөлін, католик шіркеуінің адамдарды «күнәдан босату» және «жанын құтқару» сияқты талаптарын жоққа шығарды. Лютер адамның өзін өзі «құтқару» немесе «ақтауын» шіркеу және әдет-ғұрып арқылы емес, керісінше тікелей құдай берген «сенімнің» көмегімен болады деген ереже ұсынды. Осылайша ол дін басыларының әлемдегі үстемдік ету талаптарын жоққа шығарып қана қоймай, қалалықты шіркеудің саяси және идеологиялық қанауынан босатуға тырысуын, діни емес адамдар мекемелері мен зайырлы мемлекетке діни беделдің күшін беруді көрсетті.

Оның екі дүние туралы тезисі саяси ілімнің негізін қалаушы болғанын айтуымыз керек. Лютердің пікірінше, христиан бір мезгілде әрі діни, әрі бұл дүниелік өмір сүреді. Діни әлем тек Христаға сенушілерді ғана қамтиды. Ал бұл дүниелік әлемге барлық адамдар тиесілі. Діни әлемде құдай үстемдік етеді, бұл дүниеде билік үстемдік етеді және жер әлеміндегі ауқымда әрекет етеді, бұған Лютер саналылық пен табиғи құқықты жатқызған болатын. Адамдар екі дүние билігінде болады, өйткені олар өздерінің мәні жағынан қатал және күнәһар. Бұл дүниеде үстемдік етуші биліктің міндеті – адамдардың арам ниеттеріне қарсы күш қолдану арқылы жүзеге асыртпауға кедергі жасаудағы күнәларға жол бермеуден тұрады. Егер де адамдар ізгілікті болса, онда билік пен мемлекеттің өмір сүру қажеттілігі болмас еді деп қорытады Лютер.

Лютердің мемлекет туралы ілімін, жалпы оның саяси көзқарастарын бағалауда олардың объективтік ықпалын есепке алу шешуші фактор болып табылады. Лютердің билікке бағыну туралы өсиеті феодалдардың, кейін буржуазияның билігін заңдастыруға және нығайтуға айтарлықтай ықпал еткенін атап айтуымыз керек.

Осымен байланысты Лютердің қызметінде, оның саяси көзқарастарында прогрессивтік және консервативтік, тіптен реакционерлік екі аспектінің болғанын атап өткен жөн. Ұзақ уақыт бойы Германиядағы мемлекет теориясының дамуы Лютердің іліміне дұрыс немесе теріс түсініктеме берудің ықпалында болып келді. Бұл, әсіресе қол астындағылардың заңға бағыну тәртібінің талаптарын жасауға қатысты нәрсе еді.

Орта ғасырдағы саясат пен мемлекеттің кейбір діни тұжырымдамалары саяси ғылымда дамытылғанына қарамастан анық апологеттік сипатта болғанын айтуымыз керек. Ол үшін діни бағыттағы саяси постулаттарды түбегейлі қайта қарау қажет болды, бұны Қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары бастады.

Қайта өрлеу дәуірінде саяси ойда саясатты, мемлекетті және құқықты діни, теократиялық түсіндірудің орнына шіркеуден мемлекеттің тәуелсіздігін, біртұтас және орталықтанған мемлекеттік билікті талап еткен зайырлы тұжырымдамалар пайда болды. Саяси идеяларды жасау процесінде Қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары антикалық рухани мұраларға жиі назар салып, оларды барынша қолданды.

Қайта өрлеу дәуірінің жарқын саяси ойшылдарының бірі итальяндық Николло Макиавелли (1469-1527) болды. Ол – антикалық әдебиеттің үлкен білгірі, дипломат және саясаткер. Н.Макиавелли өзінің жүйеге келтірілген саяси идеяларын «Мемлекет», «Тит Ливидің бірінші тоқсан туралы пікірлері», «Флоренция тарихы», «Князь», «Соғыс өнері» атты еңбектерінде баяндады.

Н.Макиавелли өз дәуірінде қалыптасқан көптеген саяси мәселелерді шешуде аса маңызды, бірегей идеяларды айта білді. Оның пайымдаулары белгілі бір тұжырымды құрайды, онда мемлекеттің табиғатына, оның мәніне, мемлекеттік құрылыстың формаларына, сонымен қатар мелекеттік билікті жүзеге асыру тәсілдеріне және басқа да саяси мәселелерге түсініктеме берілген. Бұл оларды Қайта өрлеу дәуіріндегі алғашқы анық, жүйелі және салыстырмалы терең түсіндіру еді. Сондықтан Н.Макиавеллиді Жаңа заманның саяси ғылымын негіздеуші деп атайды.

Ол ұсынған саяси шыншылдық принципі Маквиавеллидің саяси көзқарастарындағы ең бастысы болып табылады. Онда ойша схемалар жасаудан бас тартып, саясатта нағыз ақиқат жағдайларды, саяси әрекеттердің практикалық мүдделерге бағындырылуын есепке алу көрсетілген.

Макиавеллидің пікірінше, саясат – бұл қоғамда билікті жүзеге асыру жөніндегі әртүрлі әлеуметтік күштердің (қоғам жіктері, адамдар тобы, жекелеген тұлғалар), өзара қарым-қатынасы. Сайып келгенде, саясат адамдар арасындағы қоғамдық қатынастар ретінде баяндалады. Сөйтіп, саясатты тек адамның табиғи жаратылысының көрінісі ретінде түсіндіруге қарамастан оның әлеуметтік табиғатын ашып көрсетеді. Макиавелли қазіргі уақытта хрестоматиялыққа айналған ережені, атап айтқанда, саясаттың негізгі мәселесі билік туралы мәселе тұжырымдамасын анық қалыптастырды. Бұл жерде әңгіме негізінен мемлекеттік билік туралы екені түсінікті.

Алайда, ең алдымен мемлекет деген не, оның табиғаты қандай деген мәселелерді анықтап алу қажет болды. Макиавелли мемлекеттің шығуын адамның табиғатынан шығарып түсіндіреді, оның табиғи табиғатымен ғана емес, сонымен бірге қоғамдық табиғатымен де түсіндіреді. Өйткені адамдардың көптеген жағымды және жағымсыз сапалары оның қоғамдағы өмірі мен қызметі үрдісінде қалыптасады.

Макиавелли «Адамдар жалпы табиғатынан атаққұмар, күдікті және ешқашан да өзінің үлесіне қанағатанбайды» – деп есептейді. Оның пікірінше, олар бірін-бірі қорқыныштан немесе қызғаныштан көре алмайды, екіжүзділік пен алдауға жақын, билікқұмар және пайдакүнемдікке бейім тұрады. Бұл сапалар әрдайым адамдар арасында өшпенділік туғызады.

Адамдардың осындай жағымсыз сапаларын ауыздықтаудың қажеттілігі, Макиавеллидің пікірінше, ерекше аппарат немесе қоғамда тәртіп пен бейбітшілік орнататын механизм ретінде мемлекеттің шығуына себепші болды. Сол үшін мемлекет жекелеген тұлғаларға немесе адам топтарына қатысты күш қолдана алады.

Мемлекеттің шығуы мен мәнін түсіндірудің әлеуметтік уәждерін Макиавелли анық көрсетеді. Саяси ой дамуы тарихында алғаш рет мемлекет қоғамдағы үстемдік етуші күштердің (монарх, ақсүйектер жігі немесе бүкіл халық) мемлекеттің көмегімен қоғам өмірінің көптеген мәселелерін шешетін, белгілі бір тәртіпті қолдап тұратын және сыртқы жауларға жауап соққы беретін қайсыбір орган ретінде түсіндірілді.

Макиавелли мемлекеттік құрылыстың үш негізгі формасын және соған сәйкес «үкіметтің үш түрін»: «монархия, аристократия және халық басқаруын»[10] бөліп көрсетеді. Монархия мен аристократияда бір адам немесе бір топ адам халыққа билік жүргізеді. Халықтық басқаруда билікті халықтың өзі жүзеге асырады. Алайда Макиавелли халықтық басқарудың жақтаушысы болмады.

Мемлекеттердің әр түрлі формаларын салыстыра келіп, Макиавелли тирандық форманы ерекше бөліп көрсетті. Ол тирандарды алдағыштар деп атаған. Ол республиканы жоғары қояды. Республика Макиавеллидің пікірінше, монархияға қарағанда әлдеқайда тұрақты. Ол халықтар арасында патриотизмді тудырып мемлекеттің бірлігі мен қуаттылығын жақсы қамтамасыз етеді.

Осымен байланысты, Макиавеллидің мемлекекеттік құрылыстың республикалық формасына зор маңыз беруі бекер еместігін атап айтқан жөн. Оның республика жөніндегі ілімі Рим республикасының және Афина республикасының өмір сүру тәжірибесін пайымдауға толығымен негізделген болатын. Макиавелли басқарудың республикалық формасының артықшылығын көрсетеді. Сөйтсе де ол «өз алдына жеке республикалар» және «республикалар федерациясы» туралы да айтқан еді. Өзінің федерация теориясында Макиавелли мемлекеттерді біріктіретін өзара қарым-қатынас принциптері мен механизмдерін қарастырады. Әңгіме олардың саяси, экономикалық және мәдени өзара қарым-қатынастары жөнінде еді. Макиавелли федеративтік мемлекеттер «Кеңесші жиналыспен» басқарыла алады және онда федерация құрамына енген мемлекеттердің өзара қарым-қатынасы мәселелері шешілетін болады деп есептеді.

Бұл мәселелерді анықтау Италия аумағындағы ұсақ мемлекеттерді, соның ішінде кейбір қала-республикаларды біріктірудің проблемасын іс-жүзінде шешу үшін қажет болды. Макиавелли феодалдық бытыраңқылықты жойып, біртұтас және мықты мемлекет құру тек күшті биліктің ғана қолынан келеді деп санады. Монархия мұндай биліктің көрінісі бола алады. Сондай-ақ, оның билігі диктаторлық сипатта болуы мүмкін және сонымен бір мезгілде, егер қажет болса, біріккен және күшті мемлекет құруға қарсыласатын әр түрлі жергілікті билеушілердің мүдделеріне қарсы әрекет етсе, халық үшін пайдалы болуы мүмкін.

Осымен байланысты Макиавеллидің нақты қоғамның саяси өміріне талдау жасай келіп, онда қарама-қарсы тұрған әлеуметтік топтардың: қарапайым халық және элитаның, ауқаттылар мен кедейлер күресінің үлкен ықпал ететінін атап көрсеткенін айтуымыз керек.

Қоғамдағы күресуші күштердің арасалмағынан ол мемлекеттің нақты: дұрыс (монархия, аристократия, демократия) және бұрыс (тирания, олигархия, «бейбастық») формаларын шығарады. Идеал ретінде Макиавелли монархия, аристократия және демократияның белгілері үйлесетін, күшті билікті, адамгершілікті және еркіндікті бейнелейтін мемлекеттің аралас формасын ұсынады.

Мемлекетті басқару теориясын жасай келіп, Макиавелли билеушінің саяси мақсаттарға жетуі үшін алдау, екіжүзділік, залымдық, өрескел күш көрсету, сатқындықпен қана тоқталмай, билікте қалу үшін саясат саласында барлық құралды қолдану жақсы дегенді айтады. «Князь» трактатында Макиавеллидің саясатты моральдан «тазалауы» саясаттағы биморализмді уағыздауға айналады. Содан бері «мақсат құралды ақтайды» – принципі бойынша құрылған биморальдық саясат «макиавеллизм» деген атқа ие болды.

Сайып келгенде, Макиавеллидің шығармашылық мұралары өзінің рухани мазмұны жағынан қайшылықты. Сондықтан да атақты Италия ойшылының саяси идеялары әлі күнге дейін оның жақтастары мен қарсыластарының, жақсылық тілеушілері мен радикалды сыншыларының арасында қызу пікір таластар туғызып келеді. Макиавеллидің еңбектеріне жұрт қалай қараса да олар саясатты адамзат қызметінің өз алдына жеке саласы ретінде қалыптасуының аяқталғанын білдіріп, Жаңа заманның саяси ой дамуындағы бірқатар іргелі саяси проблемаларды қою арқылы Еуропа саяси дәстүрінің бастауын қалады.

Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ойдың көрнекті өкілдерінің бірі, француз ойшылы Жан Боден (1530-1596). Ол бірнеше еңбек жазды, соның ішінде ең бастысы – «Республика туралы алты кітап». Онда Ж.Боден мемлекеттің шығуы, оның функциялары, мемлекеттік басқарудың формалары, сонымен қатар сол замандағы қоғамның саяси өмірінің басқа да проблемаларына өзінің көзқарастарын жан-жақты баяндады.

Ж.Боденнің саяси теорияны дамытудағы негізгі үлесі оның мемлекеттік егемендік мәселесін көтеріп шешуінде. Ол «егемендік» ұғымын саяси ғылым айналымына енгізді және қазірге дейін саяси пікір-сайыс тудырып, саяси практикада қолданыста жүрген егемендік теориясын жан-жақты жасап шықты.

Егемендік деп Боден мемлекеттік биліктің белгілі бір қасиетін – оның жоғарылық сипатын түсінді. «Егемендік – бұл Республиканың абсолюттік және мәңгі билігі» – деп жазды Ж.Боден. Осылайша ол Республиканы мемлекеттің формасы ретінде сипаттады. Боденнің пікірінше, егемендік жоғарғы билік – бұл қол астындағы азаматтарға жүргізілетін тұрақты, тәуелсіз, бір ғана, бөлінбес, шектеусіз билік. Бұдан жоғары ешқандай басқа билік жоқ. Бұл билік бөлінбеуі керек, оның заңдарын барлығы орындауға міндетті.

Егемендік немесе заңдарды жасау және өмірге енгізу құқы, Боденнің анықтауы бойынша, мемлекетке тиесілі. Мемлекет – өз елінің ішінде және шетел державаларымен қатынастарда жоғарғы саяси билікті иеленуші. Егемендік биліктің жоғары алып жүрушісі тек қана Құдай және табиғат заңдары. Егемендік заңдардың әділдігіне немесе әділеттілігіне тәуелді емес, ол заңдардың жасалу күшіне тәуелді болады.

Мемлекеттік егемендік, Боденнің пікірінше, мемлекеттің құқықтары мен құзырларына сәйкес көрінеді. Оларға Боден: заң шығару құқын, соғыс жариялау мен бітім жасау құқын, лауазымды қызметке тағайындау, соңғы шешімді қабылдау құқын, кешірім жасау құқын, қол астындағылардың бағынушылық және сенімділік құқын, монета шығару құқын, салмақ және өлшеу мөлшерлерін анықтау құқын, салықтар салу құқын жатқызады.

Боден заңдар мен билік өте көп, десе де, бірақ ортақ ісі күйзелетін демократиялық мемлекетке теріс қарады және талас-тартыстарды ақылсыз көпшілік басқаратын аристократияны да қолдамады.

Мемлекеттік құрылыстың барлық формаларынан Боден мұрагерлік абсолюттік монархияны жөн санады және абсолютизмнің теоретигі ретінде көрінді. Ол монархтардың билігі Құдайдан беріледі деген сенімге қарсы шықты. Боден халық билігі заңдарға негізделген монархты емес, тиранды өлтіруге құқылы деп есептеді. Монархиялық биліктен ол қоғамда бейбітшілікті және заңды тәртіпті қамтамасыз етуге қабілетті бір ғана күшті көрді.

Боден монарх – «құқық пен заңның қайнар көзі», монархтың билігі бүкіл қоғамға тарайды, ол үздіксіз және абсолютті, оны бүкіл өмірінде болатын нәрсе деп жазды. «Монархтың абсолютті егемендігін» ол адамның табиғи табиғатына сілтеумен дәлелдеді, өйткені ол қоғамда тек мемлекеттік басқарудың монархиялық формасын қалыптастыруды талап етеді деп түсіндірді.

Монархияның міндеттері, Боденнің пікірінше, теократияға, феодалдық орталықсыздануға және сословиялық жікке бөлінушілікке қарсы тұруы тиіс.

Боденнің құқықтың табиғилығының теоретиктеріне қосылып саяси идеялардың заңының табиғаты мен мазмұнына сараптау жасаудың байланысы туралы айтқан ойлары белгілі бір тарихи қызығушылық тудырады. Құқықты зерттеп-білу адами заңдардың әмбебап принциптерге негізделуімен байланысты. Заңдардың шексіз өзгеруі әділеттіліктің ұтымды принциптерін іздестіруде жатыр. Сонымен қатар Боден құқықтық жүйе бәсекелестігін құрайтын әмбебап принциптерді тікелей қолдану идеясын жоққа шығарды.

Тарих адамдардың өмір салтымен ғана өзгешеленбей, оларды қоршаған жағдаймен ерекшеленетін алуан түрлі жағдайларды естен шығармауға үйретеді. Осы аспектіде Боденнің теориясы тек қана Монтьеске мен Берктің із ашары болып қана қоймай, XIX ғасырдың тарихи құқық мектебінің негізін қалаушысы болды. Боден Монтьескенің әр түрлі халықтардағы мемлекеттік құрылысқа климат ықпалы туралы көптеген идеяларын басып озды.

Қоңыржай белдеу үшін, оның пікірінше, ақыл-ой мемлекеті лайықты, өйткені мұнда тұратын халықтардың әділеттілік сезімі, еңбекке деген сүйіспеншілігі бар. Оңтүстіктегі халықтар еңбекке қалай болса солай қарайды, сондықтан діни билікті қажетсінеді. Солтүстіктің халықтары қатал жағдайда өмір сүретіндіктен, тек күшті ғана мойындайды және оларды күшті мемлекет басқаруы керек деп санайды.

Боденнің және оның із ашары Макиавеллидің саяси көзқарастарын көптеген ойшылдар қабылдады, Еуропа мен Америка елдерінде саяси ой дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті.

Қайта өрлеу дәуірінде саяси ойдың дамуы – бұл Т.Мор, Т.Кампанелла және басқа да өкілдерден тұратын утопиялық социализмнің пайда болу уақыты еді. Ағылшынның көрнекті ойшылы, саяси қайраткері Томас Мор (1478-1535) англияның лорд-канцлері болған. Ол 1516 жылы «Мемлекеттік жақсы құрылыс туралы және жаңа Утопия аралы туралы, соншалықты пайдалы да қызықты Алтын кітап» деген еңбекті жарыққа шығарды. Кейін бұл кітап қысқаша «Утопия» деген атқа ие болды. Ол өзінің авторын есімі өшпестей етті және қоғамдық-саяси ойдың бір бағытына – утопиялық социализм деген атау берді.

Мор өзінің «Утопия» атты кітабында Отанында – Англияда – өмір сүріп тұрған қоғамдық және саяси құрылысты сынға алады.

«Утопия» кітабында халық бұқарасының ауыртпалығын жүйелеп баяндады, тарихта бірінші болып осы ауыртпалықтың себебін ол мүлікті аз ғана адамдардың қолына шоғырландырып, қалған бүкіл жұрттың кедейленуі мен қайыршылануына әкеп соқтырған жеке меншіктен көрді. Адамдардың ауыртпалығын жоюды ол «жеке меншікті толығымен жоюдан» көрді. Мор: «...Мен бәрін әділетті және тең бөлу, сонымен қатар адами істерді бақытты басқару меншікті жоймайынша мүмкін емес деп толық сенемін» деп жазды.

Мор «Утопия» атты кітабында белгісіз «Утопия» аралында орналасқан мемлекетті сүреттейді, онда жеке меншік жоқ, барлық адамдар өздерінің жағдайына қарай тең. Мемлекеттің лауазымды адамдарын бүкіл халық сайлайды және олар өз қызметі үшін халық алдында есеп береді. Маңызды істі аралдың бүкіл тұрғындары талқылайды. Мемлекет басында халық сайлайтын князь тұрады. Аралда қоғамдық кәсіпорындарда және қоғамдық жерлерде жаппай еңбек ету міндеттелген. Өзінің көзқарастары үшін Томас Морды король өлім жазасына кесті.

Мордың саяси идеялары Италия философы, доминикан монахы, ортағасырлық схоластика мен инквизицияға қарсы батыл күрескер Томмазо Кампанелланың (1568-1639) еңбектерінде дамытылды. Испанияның отарлауына байланысты өз Отанының еркіндігі үшін күреске қатысты. Сол үшін Кампанелла 27 жыл түрмеде отырды.

Өзінің саяси идеяларын Кампанелла «Күн қаласы» кітабында барынша толық баяндады. Осы шығармасында ол Күн мемлекетіндегі идеалды қоғамдық құрылысты бейнеледі. Өзінің «Күн қаласы» еңбегінде адамдардың жаппай теңдігіне негізделген мемлекетті суреттейді. Мемлекеттік билік демократиялық принциптермен ұйымдастырылған. Мемлекет басшысының қызметін Күн қаласының өте ақылды әрі білімді азаматы атқарады.

Кампанелланың пікірінше, барлық адамдар ерте ме кеш пе, бірақ сөзсіз солярилердің қоғамдық өмірін коммунистік принциптермен ұйымдастыруға әкеледі. Бұл міндетті түрде болады деп ұйғарды ол, өйткені адам өзінің табиғатынан қоғамдық тіршілік иесі, онда дарашылдықтан гөрі ұжымдық бастау күшті.

Мор мен Кампанелланың саяси көзқарастары, олардың утопиялылығына және тарихи шектеулілігіне қарамастан, сол жағдайларда аса маңызды болды. Олар халықтың төменгі топтарының жарқын болашақ туралы армандарын білдірді.

Ағылшын ойшылдары Т.Гоббс пен Дж.Локк та қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ілімнің дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Томас Гоббс (1588-1679) өзінің саяси ілімін «Азаматтық туралы» және «Левиафан, немесе Материя, шіркеулік және азаматтық мемлекеттің формасы мен билігі» еңбектерінде баяндады. Макиавелли мен Гроциден кейін Гоббс мемлекетті құдай жаратпағандығын, оның адамдар тіршілік әрекетінің нәтижесі екендігін көрсетуге талпыныс жасады. Оның пікірінше, мемлекетке дейінгі кезеңде адамдар «барлығына қарсы бәрінің соғысы» жағдайында өмір сүрді. Бұл олардың құрып кетуіне қауіп төндірді. Бұған жол бермеу үшін адамдар мемлекет құрды, ол жаппай бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырды. Мемлекетке біріккеннен кейін адамдар бәрінің еркін білдіретін, қабылданған шешімдерді әркімнің орындауына, бейбіт өмір сүруіне мәжбүр ететін, мемлекеттік органдар мен ел басына өз құқықтарын өз еркімен берді.

Ойшылдың ұйғаруынша жоғарғы мемлекеттік билік бір адамның, «адамдар жиналысының» қолында болуы мүмкін, бірақ ол абсолютті, біртұтас, шексіз болуы тиіс. Оның пікірінше, тек осындай билік қана қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сонымен қатар темірдей қатал заңдары бар күшті мемлекет тұлғаның дамуы үшін жағдай жасауды да қамтамасыз етеді. Мұндай мемлекет болмаған жерде адамдар өздерінің эгоистік мақсаттарын қуып, өздерін барлығына қарсы қойып бірін-бірі соғыста қырып-жоюы мүмкін. Заңның мақсатын Гоббс «жекелеген адамдардың еркін шектеуден, соның негізінде бір-біріне олар кесірін тигізбеуден, керісінше бір-біріне көмектесуден және ортақ жауға қарсы бірігуден»[11] көрді. Оның ұйғаруынша қоғамды бейбітшілікпен қамтамасыз ету үшін елбасы мен мемлекеттік органдардың билігіне «азаматтардың бағынбау құқысы бар деген ойға жетелейтін ешқандай көзқарастар немесе ілімдердің насихатталмауы» өте маңызды, тек солар ғана «қандай көзқарастардың және ілімдердің бейбітшілік мүддесіне қарсы және оларды таратуға тиым салуға «бола ма жоқ па бағалауға»[12] құқылы. Оның пікірінше, мемлекеттің заңы халықтың әл-ауқатына қамқорлық жасауы тиіс.

Ағылшын ағартушыларының арасында Джон Локктың (1632-1704) алғашқы ұлы тұлға екенін айтуымыз керек. Оның саяси көзқарастары «Мемлекеттік басқару туралы екі трактат» еңбегінде мейлінше толығырақ баяндалған. Адам құқының бірлігі мен өзара тәуелділігін дәлелдеу Локктың саяси тұжырымдамасының мәнін құрады. Гоббс сияқты Локк та мемлекет қоғамдық келісім нәтижесінде пайда болады деп ұйғарды. Алайда, келісімге отырарда адамдар табиғи құқығын жоғалтпайды, олар өздерінің ажырамас құқықтарын, соның ішінде негізгі саналатын: өмір сүру құқын, еркіндік құқын, жеке меншік құқын сақтайды. Осылайша Локк меншік әр адамның еңбегінің нәтижесі болып табылатынына терең сенімде болды.

Локктың пікірінше, саяси бостандықпен толықтырылғанда ғана адамның экономикалық еркіндігіне толық кепілдік беріледі. Ол саяси бостандықты қамтамасыз ету үшін, мемлекеттік органдар тарапынан адам еркіндігіне қол сұғуға жол бермеу үшін мемлекеттің әр түрлі құрылымдары арасындағы биліктік құзырларды бөлу қажет – деп есептеді. Мемлекеттегі заң шығарушы билік атқарушы (сотты қосып айтқанда) және сыртқы қатынастарға басшылық ететін феодалдық биліктерден бөлінуі тиіс. Заң шығару билігі өкілетті жиналысқа, атқарушы билік – корольге және министрлер құзырына тиесілі болуы керек. Мемлекеттік билікті оның құрылымдарының арасында бөлу оларды өзара шектейді де теңестіреді. Локк заң бәрінен жоғары тұратын, өзінің табиғи құқы мазмұнына сәйкес келетін және адамның табиғи ажырамас құқы мен бостандығын мойындайтын осындай мемлекетті жақтады. Билікті басып алған жағдайда, Локктың пікірінше, халықтың көтеріліске шығуына және билеушіні немесе билеушілерді құлатуға құқысы бар.

Мемлекеттік биліктің барлық формасы, Локктың пікірінше, қоғамдық келісімнен келіп шығады, сондықтан да ол өмір сүруге құқылы. Локк осыны дәлелдей отырып, конституциялық монархияға басымдық берді.

Қайта өрлеу дәуірінде де, жалпы феодализм кезіндегі сияқты адамзаттың тарихи дамудың жаңа кезеңіне – капитализмге өтуін білдірген прогрессивті саяси көзқарастар туындағанын айтуымыз керек.

 



php"; ?>