Саясат – қоғам өміріндегі өнер

Саясатты қоғамдық өмір саласы ретінде ұғыну саясаттың өнер екендігіне көз жеткізгендей болады. Таратып айтар болсақ, саясат мемлекетті шебер басқарудың өнері, белгілі бір топтың мүдделеріне жауап бере алатын саяси қызмет өнері, билікті іске асыру, оны жеңіп алу, не болмаса сақтау өнері бола алады.

Саяси өнер – бұл қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана білу, теориялық білімді, пайымдауларды шабытпен, жорамалмен, сезіммен, шығармашылық батылдықпен әрі құрғақ қиялмен ұштастыру негізінде дұрыс шешімдер қабылдай білу. Сондықтан саясат өнерін менсінбеушілік ауыр зардаптарға әкеліп соқтыруы мүмкін[43].

Демек, саясат өнер ретінде – ойластырылған қадамдар, іс-әрекеттер, айлалар, жалтарулар, ымырасулар, келісімдер, шегінулер, айналып өтулер, қысымдар, топшылаулар. Бұл – қулықтың, кейде алдаудың, келемеждеудің, тіпті адалдығы мен тазалығы жоқ саяси ойындардың сан алуан түрлері. Егер шынын айтсақ, мұндай жағдайлар біздің қоғамымызда да болды. Саясаттағы талас-тартыстан біз күні бүгінге дейін әлі қол үзген жоқпыз. Адалдық, шындық, жоғары өнегелік саясаты үлкен қиыншылықпен, еңбекпен орнығады. Таза пиғылмен және таза әрекетпен іске асатын саясатқа көшу – бұл шын мәніндегі әділ, демократиялық қоғамға лайықты жоғары мұрат. Біз осыған қол жеткізуге бірден-бір мүдделіміз.

Ол үшін саясат пен саясатшылар соғыстарға, ішкі және сыртқы ахуалдың күрт төмендеп кетуіне, нәсілшілдік, ұлтшылдық, діни, таптық, әлеуметтік-экономикалық негіздегі қақтығыстардың, алауыздықтардың, түсінбеушіліктердің үстемдік алуына жол бермеулері тиіс. Мұнда жаңадан пайда болған «консенсус», «интегра­ция», «плюрализм» сияқты сұлу сөз тіркестерінің тасасына жасырына алмайсың. Бұл жерде ешбір ақылгөйсусіз орынды ғылыми ой керек, әрі басқаны түсіну, оның жағдайына қарау, мүддесін ескеру, төзімділік керсету, жақсы қарсы алу, келісімге жету, қарым-қатынасты нығайтып, дамыта білу қажет.

Саясат жәй ғана емес, тура мағынасындағы нағыз өнерге айналмайынша ешбір ел, ешқандай халық еш уақытта жарқын болашақты көре алмайды. Мұндай өнер тек мемлекет басшыларына ғана емес, не болмаса тек партиялардың басшыларына да тән болуы керек.

Осыған орай, саясат өнер ретінде – кеңістік пен уақыт көлемінде адамдарға өз әсерін тигізетін, жоспарларымен әрі нәтижелерімен көптеген тағдырларға ықпал ететін сыналған, ойластырылған қызметтің тұтас, орасан зор жүйесі екендігін айтуға болады. Бұл жүйеде бірінші сыныптағылар да, бірінші курс студенттері де, сол секілді олақ және ынжықтары бар. Бірақ саясаттың бағдары мен тағдырын олар айқындамайды. Әдетте, жаңа бастап жүргендер үйренеді, үйрене алмайтындарды саясаттың өзі-ақ қатардан шығарып тастайды. Сөйтіп, өзінің қатарын осы бір ежелгі әрі шын мәніндегі мәңгілік кәсіпке құмартушылардың жаңа легімен толықтырады.

Саясат көбіне саясатшылардың өзіндік қабілетіне, оның жеке бастамасына, тіпті түйсігіне де байланысты. Осынау сапалар саяси қызмет үстінде ашық көрініс тауып, оның сипатына елеулі түрде ықпал жасайтын болады.

Осының нәтижесінде мазмұны шешімдерді қабылдауда қүқықты адамдар қарауына байланысты болатын әр түрлі саяси шешімдерде сол бір ғана объективтік қажеттілік білдіре алады. Шындығында субъективтік фактордың нәтижесінде пайда болған ауытқу өрісі объективтік түрде шектелген. Бірақ ол саяси қорытындылар мен әрекеттерді қарама-қайшылыққа алып келуге толық жеткілікті. Саясаттың субъектісі мен объектісінің осындай сипаты оны өнер биігіне алып келеді десек қателеспейміз.

Саясат өнер ретінде әлеуметтік процестердің субъективтік жақтарымен тікелей байланысты. Ол бәрінен де бұрын саясатшының адамдармен жұмыс істей білу қабілетіне байла­нысты әрі оның саясаттың субъектісі мен объектісінің келісушілігін тек іскерлік қасиеттері тұрғысынан көре білуіне ғана емес, сондай-ақ адамгершілік тұрғысынан да: психологиялық кейпін, ілтипаттылығын, мінез табандылығын, батылдығын, жауапкершілікті мойнына ала білу қасиетін, ең соңында бұқара үніне, олардың көңіл-күйлеріне құлақ аса алатындығын көре білу қабілетінде жатыр.

Саяси қайраткерлердің өнері бұқараның саяси өмірге араласуының қоғамдық дамудың кезеңдеріне әрі олардың саяси мәдениетінің деңгейіне, сондай-ақ бейімділіктеріне сәйкес келетін түрлерін таңдай білуінен көрінеді. Бұл түрлер (нысандар) егер дұрыс табылған болса, бұқара қуатын өсіреді немесе оны баса алады; құнды бастамаларды қолдайды немесе оларды тұншықтыра алады; кемшіліктерге қарсы күресті өрістетеді немесе кемшіліктерді өршіте алады. Осының бәрі адамды, оның мүдделерін үғынып, бұл мүдделерді жалпы ортақ мүдделерге бағындыра білуді және мұның өзін басқарылатын адамдар ортақ нәрсені өзімдікі деп санайтындай етіп істей білуді талап етеді.

Саясатшы өнерінің нағыз мәні, нақтылап айтқанда, өнердің өзі көзге көрінбей, саяси қайраткердің барлық ісі өз-өзінен табиғи түрде, ешқандай қысымсыз жүріп отыратындығында жатыр. Сондықтан саясат өнер ретінде нақты ахуалға сәйкес келетін объект қызметін белсенді жүргізетін құралдарды таңдай білуге көп байланысты. Шебер саясатшы күрделі міндеттерді шешу жолында адамдарды қай мезгілде жұмылдыруға болатынын дәл анықтай біледі. Оның табысты болуы бір ғана әкімшілік жолмен емес, қайта адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасаумен, тұрақты түрде қамқорлықпен, дұрыс талап қоя білумен де байланысты.

Саясатшы белгіленген жағдайдан объекті тәртібінің ауытқушылығы сыртынан тек фактінің өзін ғана көріп қоймай, бұл ауытқушылықтың негізі болған қайшылықты да көре білуі тиіс. Басшы өнері – адам мінезінің бүкіл күрделі ерекшеліктерін ұғына білуінде жатыр.

Саясатта, әсіресе, мансапқорлар, авантюристер, екі жүзді арамзалар, алаяқтар, экстремистер, бір мезеттік халифтер (атақ-құмарлар), өресіздер, айлакерлер өте қауіпті. Мұндай адамдар саяси сахнада неғұрлым ұзақ тұрса, соғұрлым қоғамға, халыққа көп залал келтіреді.

Халық саясат пен саясатшылар туралы пікір алысуға, оларға ықпал ету, оларды бақылау тетіктеріне қожа болу құқығын иеленуі керек. Халық өз ортасынан жаңа саясатшыларды, жетекшілерді шығарып, оларды алмастырып отыруы тиіс. Сонымен қатар халық саясатты талқылауға, енгізуге және оны өмірде жүзеге асыруға тікелей атсалысуы ке­рек. Бұл жерде іс тек парламенттерге, мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар ұсынуымен, оларға дауыс берумен, референдумдарға қатысумен шектеліп қалмағаны жөн. Сондықтан да әрбір адамды саясатқа тарту, оған саяси білім беру, оның өз бетімен саяси білімін жетілдіру ісін шын мәніндегі жауапты мәселе десек, онда қоғамның саяси әрі мәдени прогресін тежейтін саяси мәдениеттің олқылықтарын жеңе білуіміз қажет.

Сонымен, қорыта айтқанда, шебер саясат – бұл жан-жақты ойластырылған, сақ саясат. Ол әрбір адамнан ақылы мен еркінің барынша ширауын, оғаш мінезі мен қызбалығын ауыздықтауды талап етеді. Егер қолданыстағы саясат үлгілі, өнегелі, адамгершілік мақсаттарға – адамдарды бақытты етуге, өмірдің қуанышын таттыруға бағытталған болса, онда мұндай саясат пен саяси қызмет замандастарымыз бен ұрпақтарымыздың тарапынан жоғары бағалануға, әрі мойындалуға лайықты. Бүгінгі таңдағы саясаттың басты мұраты – адамгершілікті ту етіп көтерген әділетті, демократияшыл, өркениетті қоғам орнату мақсаттарына қызмет ету болып табылады.

 

Бесінші тақырып.

САЯСИ БИЛІК

 

Саяси билiк ғылыми әдебиетте әлi де жете қаралмай, зерттелмей келе жатқан саясаттанудың негiзгi бiр проблемасы болып табылады. Ол саясаттың мәнін ашуға және қоғамдағы саяси жүйенің мазмұны мен мақсaттapын түciнyгe жол ашады.

Билiк дегенiмiз – бiр орталықтан ұйымдастырылған реттеушiлiк-бақылау бастамасы. Сондықтан билiк үшiн, оны игеру мен ұстап тұру үшiн күрес – саясаттың басты мазмұны мен міндeтi болып табылады.

«Билiк» ұғымы топтасқан адамдардың, қоғамдық ұйымдар мен бөлiмдердiң, яғни субъектілердің apacындағы қатынастардан туады. Сондықтан да, билiк – қоғамдық қатынастың ерекше бiр түpi. Билiк шешiмдердi мiндeттey мен өмipгe енгiзу арқылы, яғни өздерiн дұрыс ұстайтын және талапқа сай жүретiн aдaмдapғa жасалатын ықпал екенін айту жөн. Билiк ең әуелi қоғамдық өндірісті ұйымдастыру үшін қажет, ал мұны билiк субъектiсi мен объектiciнсiз түсіндipyгe болмайды. Билiк субъектiсi (бұл тұтас бiр халық, мемлекеттiк ұйым, билiкке ие жеке тұлға болуы да мүмкiн) деп басқаларғa ықпал ету және алдына қойған мақсатқа жету қабiлетiне иелердi айтады.

Ал билiк объектiсi (тұтас алғандағы қоғам, яғни халық және жеке алғандағы әр азамат болуы мүмкін) деп өзiнің мiнезiн билік мазмұнына, яғни билiк субъектiсiнiң оған қоятын талаптарына сәйкестеушiлердi айтады. Oсыған байланысты адамдарды биліктің субъектiсi мен объектiсiне, бастықтар мен бағынушыларға бөлу көп ретте ықтималды және өзгермелi екенін баса айту керек, яғни бiр жерде адам бастық peтiндe, ал екiншi бiр жерде бағынышты ретiнде көpiнгeнмeн, кей уақыттa олар өзара орын алмастыруы да мүмкін.

Саяси билiк жөнiнде айтсақ, оның өкілдерінің өзара ықпалы құралдар мен сол құрал көздерiнің тұтас кешенiмен жанама түрдe iскe асып, билiктi жүргiзудің барысын тұрақтандырып және реттеп отырудың арнайы қондырма тетігінің шеңберiнде жүзеге асады. Билiк табиғатын айқындау оңай емес, саясаттағы табиғaтының ашылуы қиын, ең құпия құбылыс болып табылады. Өзiнiң осындай құпиялылығы мен белгiсiздiгiне қарастыратын билiк өзiне ешкiмдi де немқұрайлы қалдыра алмайды; яғни адамдар кейде билiкке мақтанса, кейде лағынет айтады, оны бiрде көкке кетерсе, бiрде аяққа таптайды, не болмаса, оны «жын отына», т.б. ұқсатады. Сондықтан да барлық саяси мәселелердiң шешiлyi билiктi қалай түсiнyгe байланысты. Оны дұрыс түciну үшiн ең әуелi билiктiң ғылыми анықтамасын беру қажет.