Демократиялық саяси режим

Демократиялық саяси режим саяси режимдердің ең күрделі типі болып саналады. Белгілі орыс заңгері П.И.Новгородцевтің сөзімен айтқанда, демократия – әрқашан жол торабы, жолдың белгісіз жақтарында бір жерден шығатын ашық есіктер жүйесі, ол өмірдің мүлдем қатал тепе-теңдігін жасамайды, басқа формаларға қарағанда ол іздену рухын оятады.

Демократиялық саяси режим халықты биліктің қайнар көзі ретінде мойындаумен айқындалып, азаматтардың қоғамдық өмірге және олардың саяси құқықтары мен бостандықтарын практикалық жүзеге асыру арқылы билік құрылымдарын қалыптастыру процесіне жаппай қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.

Демократиялық саяси режим әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Шамамен алғанда 50 елде демократиялық режим өмір сүруде. «Демократия» деген сөз (грек тілінде – demos – халық, cratos – билік) халық өкіметі, халық билігі дегенді білдіреді. Дегенмен, ерте замандардан бастап қазіргі уақытқа дейін демократияның мазмұны жөнінде талас тоқталмай келеді. Әр түрлі авторлар демократияның жекелеген құрамдас бөліктеріне, мысалы, көпшіліктің билігіне, оны шектеуге және оған бақылау жасауға, азаматтардың негізгі құқықтарына, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттілікке, биліктің бөлінуі, жалпыға бірдей сайлау, жариялылық, әр түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасына, плюрализмге, азшылықтың мүдделерін қорғау, теңдік, бірге қатысу және т.б. назар аударады. Бұл қазіргі кезде демократияның мағынасын түрліше түсіндіруге себепші болып отыр. Бір жағдайларда оны индивидтің тіршілік әрекетінің барлық түрлерінің еріктілігіне негізделген қоғамдық жүйе ретінде кеңінен түсіндіреді. Ал, екінші бір жағдайларда ол билікке иелік етуде барлық азаматтар тең саналатын мемлекеттің формасы ретінде неғұрлым тар мағынада түсіндіріледі. Осынысымен де ол билік бір адамға ғана тиісті болатын монархиядан және басқаруды адамдар тобы іске асыратын аристократиядан ерекшеленеді. Ақырында, демократия қоғамдық құрылыстың ең жоғарғы үлгісі, бостандықтың, тең құқықтылықтың, адам құқықтарының құндылықтарына негізделген белгілі бір көзқарас ретінде түсініледі. Аталған құндылықтарды насихаттайтын индивидтер, топтар олардың жүзеге асуына серпін береді. Осы мағынада «демократия» термині әлеуметтік қозғалыс ретінде, белгілі бір партиялардың бағдарламасында іске асырылған саяси беталыстың типі ретінде түсіндіріледі.

Айта кеткен жөн, «демократия» термині мағынасының эволюциясы мен көп қырлылығы адамзат қоғамының дамуымен байланысты. Монархтар мен аристократтардың басқаруымен салыстырғанда демократия алғашқыда, азаматтардың тікелей басқаруы ретінде қарастырылды.

Практикалық өмірде шынайы, «таза» халықтық өкімет ең алдымен оның шкаласымен нақты ақиқат өлшенетін теориялық модель, үлгі ретінде алға шығады. Демократия идеясы қайсыбір дәрежеде, жарқын болашақты армандаған көптеген ойшылдардың – Аристотель, Н.Макиавелли, Т.Гоббс, Д.Локк, Ш.Монтескье, Ж-Ж.Руссо, Т.Джефферсон, А.деТоквильдің және тағы басқалардың еңбектерінен орын алады.

Б.э.д. V ғасырдағы Афины қала-мемлекеті демократияның өмірге келген жері болып табылады. Б.э.д. VI-V ғғ. Афиныда негізгі саяси институт Жиналыс болды, оған әдетте, 5-6 мың қатысушылар тартылды және еркек жынысты ересек азаматтардың барлығына есігі ашық болды (әйелдер, құлдар және шетелдіктер қатарға кіргізілмеді). Жиналыс қарапайым көпшілік дауыспен ешбір құқықтық шектеусіз кез келген ішкі проблемаларды шеше алатын болды. Сотты құрамы 501 азаматтан тұратын ант бергендер (присяжниктер) жүргізді, сондай-ақ, олар адам кінәлі ма, жоқ па соны көпшілік дауыспен шешті.

Жиналыстың көшбасшысы сайланып қойылмады, жеребе тастау арқылы тағайындалды, себебі, афинылықтар кез келген азамат мемлекеттік қызметпен айналысуға қабілетті деп есептеді. Сонымен қатар, сайланған басқарушылар түріндегі арнайы атқарушы институттар да өмір сүрді. Алайда, неғұрлым маңызды шешімдерді қабылдау жауапкершілігі Жиналыстың азамат-мүшелерінің иығына жүктелді.

Демократияны түсінудің жаңа кезеңі Жаңа дәуірдегі XVII-XVIII ғғ. буржуазиялық революция идеологтарының ықпалымен және АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде демократиялық режимдер қалыптасу тәжірибесінің ықпалымен орнықты. Аталмыш демократия тұжырымдамасының қалыптасуы азаматтық қоғам институттарының пайда болуы, автономия талаптары және индивидтердің әлеуметтік теңдігі түрткі болған билік пен бағыныштылардың арасындағы қарым-қатынастың жаңа сипатын негіздеу қажеттілігімен байланысты болды. Демократия идеологтары мемлекеттегі биліктің қайнар көзі ретінде халық егемендігін жариялады, биліктің заң шығарушы органдарын қалыптастырудағы, билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлудегі, шешімдер қабылдау мен олардың орындалу барысындағы азшылықтың көпшілікке бағынуындағы, биліктің негізгі органдарын сайлаудағы азаматтардың тең құқықтылығы мойындалды.

Айта кету керек, демократиялық режим, егер заң шығарушы билікті халық сайлаған алқалық органдар ұсынса, егер, заң шығарушы олардың жынысына, нәсіліне, ұлтына, мүліктік жағдайына, білім деңгейіне және дін ұстануына қарамастан азаматтардың кең әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтары мен бостандықтарын нығайтатын болса, сондай жағдайда ғана мүмкін болады.

Өкілдік демократия тұжырымдамасы саяси ғылымда ерекше орын алады. Өкілдік демократия тұжырымдамасы биліктің әрекеті үшін негіз ретінде қоғамда халықтың бірыңғай еркіндігі болуын теріске шығарады. Бұл тұжырымдаманы (концепцияны) жақтаушылардың пікірі бойынша, халықтың бірыңғай еркіндігінің болуы мүмкін емес, өйткені адамдар өздерінің іс-әрекетінде қоғамдық принципке емес, жеке пайдаға сүйенеді. Осыған байланысты қоғам өздерінің мүдделерін жүзеге асыруға ұмтылатын әлеуметтік топтардың жиынтығы ретінде қарастырылады. Бұл топтар билік органдарына өздерінің өкілдерін сайлайды. Билік органдарының қалыптасуына және оның шешімдерінің жүзеге асуына барлық азаматтардың бірге қатысу принципі аталмыш тұжырымдамада екінші орынға шығады, бірінші орында басқарудың жауапкершілігі мен компетенттілігі (құзырлығы) принципі тұрады. Халық өздерінің еркіндігін тікелей емес, белгілі бір уақытқа өз өкілеттілігін өкілдерге беру арқылы жанама түрде білдіретіндіктен халық биліктің қайнар көзі ретінде мойындалады. Бұл жағдайда, бір жағынан, басқару ісімен арнайы дайындығы бар адамдар айналысады, ал, екінші жағынан, халықтың басым бөлігінің қолдауына сүйенетіндіктен олардың қызметі тиімді болуы мүмкін.

Халық өкіметі проблемаларын теориялық тұрғыда ұғынуда социалистік демократия тұжырымдамасының үлкен маңызы бар. Бұл тұжырымдама (концепция) бойынша, демократия мемлекеттік-саяси құрылымның формасы, таптық үстемдіктің формасы болып есептеледі. Шындығында, осы аталмыш тұжырымдама (концепция) шеңберінде ортодаксальдық (К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин) және реформистік (Э.Бернштейн, К.Каутский) деп аталатын екі дәстүр дамыды[54]. Ортадоксальдық түсіндірудегі демократия парадоксы бойынша бір жағынан тек социалистік демократия ғана халық билігін орнатады, ал, екінші жағынан – коммунизм тұсында демократия мемлекеттің өмір сүруінің принципі ретінде түбінде мемлекетпен бірге жойылады.Өмірден алшақ тұрған коммунизм құрудың идеологиялық тұрғыдан белгіленген мақсаты қоғамның мұқтаждықтарын қатаң анықтайды. Тұлғаның құқықтары мен бостандықтары «қоғамдық мүдде» үшін құрбан етіледі. Дегенмен, жеке мүддеге негізделмеген «қоғамдық мүдде» фикцияға айналады. Нәтижесінде әлеуметтік мүдделердің көп түрлілігін жою жолымен жалпы еркіндікті, саяси бірлікті қалыптастыруға «іс-тәжірибелік әрекет жасау «социалистік демократиялық» режимдердің күйреу жолына алып келеді.

Социал-реформистер демократияны ымыраға келудің, әр тектес әлеуметтік күштердің келісім жасауының формасы ретінде түсінеді. Соған сәйкес қоғамның мақсаты тұлға өмірлік жағдайларының өзгеріске түсуі деңгейіне орай өзгеріп отырады.

Демократиялық режим тұжырымдамасын зерттеуде қазіргі кездегі полиархия теориясына көңіл аударған жөн (Р.Даль, Линдблом). Бұл теория либералдық демократиялық теорияның жалпы бағыттылығынан келіп шығады. Саясаттануға «полиархия» терминін американ саясаттанушысы Р.Даль енгізді. Полиархия демократиялық теория сияқты оппозицияға деген – яғни, үкіметтің іс-әрекетіне қарсы тұратындарға деген біршама жоғары төзімділіктің болуын, сонымен қатар, үкіметтің жүріс-тұрысына ықпал етуге қатысуда және де тіпті әр түрлі ресми қызмет адамдарының бейбіт жолмен орнынан алынуына қатысуда біршама кең мүмкіндіктердің болуын ұйғарады. Функциональды түрде полиархиялық демократия өзінің тиімділігін қамтамасыз ететін әр түрлі институттарға сүйенеді. Оған мыналар жатады: сайланған лауазымды адамдар; халық сайлаған өкілдер конституциялық тұрғыдан бекіткен үкіметтің шешімдеріне бақылау жасау; ешбір күштеусіз және мәжбүрлеусіз өтетін еркін және әділ сайлаулар; сайлауларға барлық халықтың қатысуына құқық беруді ұйғаратын және үкіметтегі сайланбалы қызмет орнына ұмтылуға құқық беруді ұйғаратын жалпыға бірдей дауыс беру; сайлаушылар мен сайлаудың нәтижелеріне үкіметтің біршама салыстырмалы жоғары деңгейдегі тәуелділігі; өздерінің пікірін еркін білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін сөз бостандығы, үкіметті, режимді, қоғамды, үстемдік етіп тұрған идеологияны сынауды қоса алғанда; үкімет бақылау жасамайтын ақпараттар мен пікір көздері арасында баламаның және жиі бәсекеге түсудің болуы; оппозициялық партияларды, мүдделі топтарды қоса алғанда, өте алуан түрлі және салыстырмалы автономды (дербес) тәуелсіз ұйымдар құрудағы еркіндіктің жоғары деңгейі.

Қазіргі Батыс саясаттануында плюралистік демократия тұжырымдамасы (Р.Даль, Д.Расмен), элитарлық демократия теориясы (У.Домхофф, Т.Дай, Г.Цайглер, И.Шумпетер) және партисипаторлық демократия теориясы (Д.Макферсон және т.б.) кеңінен қолдау тауып отыр.

Демократиялық жүйе өзіне маңызды екі компонентті қосатындығын мойындаған жөн: билік етудің демократиялық формалары мен әдістері және азаматтардың саяси шешімдер қабылдауға ықпал ету жолымен саясатқа шынайы қатысуының құралдары мен мүмкіндігі. Соған сәйкес, демократиялық режимнің қызмет етуі үшін саяси өмір тәжірибесінде негізгі демократиялық принциптерді жүзеге асырудың зор маңызы бар.

Бір қолға шоғырландыру арқылы билікті заңсыз иемденуге жол бермеу –демократия қалыптасуының негізгі және оның қызмет етуінің басты принципі. Сондықтан, демократиялық емес режимге қарағанда билік құрылымдары мен қатынастарының демократиялық ұйымдастырылуы барысында биліктің орталықсыздануы, оның әр түрлі тармақтарға (заң шығарушы, атқарушы және соттық) бөлінуінің іске асырылуы демократиялық режимнің негізгі айырмашылықтарының бірі. Олардың әрқайсысы өз бетінше тәуелсіз болғандықтан өздеріне тән, институционалдық жеке-жеке орналасқан функцияларды атқарады, бірақ, бұл өкіметсіздікті немесе көп өкіметтілікті білдірмейді. Сонымен қатар, саяси плюрализм; азаматтардың мүдделерін білдірудің тікелей өкілдік формалары; бостандық пен жауапкершіліктің өзара байланысы; көпшіліктің мүдделері мен азшылықтың өз позицияларына деген құқықтарын қамтамасыз ету; заңның үстемдігі; жариялылық; сайланған өкілдерді және т.б. шақырып алу құқығы билікті іске асырудың басқа да демократиялық принциптері болып табылады.

Демократиялық жүйелерде демократиялық процедуралардың үлкен маңызы бар. Билік институттарының қалыптасуы мен қызмет етуін және шешімдер қабылдау процесін демократиялық процедурамен қамтамасыз етудің маңыздылығы демократиялық принциптерді сақтаудан кем түспейді.

Демократиялық режимді сипаттайтын неғұрлым маңызды процедуралардың ішінде мыналарды бөліп көрсету қажет: әділ, сайысты, еркін жүйелі сайлау; тікелей, тең, құпия дауыс беру; жүргізілуінде мәселелердің дәл қойылуы айырықша аса маңыздылыққа ие референдумдар, қорытындысында – нәтижелерді міндетті түрде жүзеге асырудың механизмі шығады; өкілеттілігін беру; қоғамдық пікірді зерттеу және есепке алу; маңызды қоғамдық мәселелерді жалпыхалықтық негізде талқылау.

Демократиялық дамудың қазіргі кездегі теориясы мен тәжірибесі демократиялық режимдердің негізгі екі типін ажыратады: элитарлы-демократия және әлеуметтік демократия режимі. Элитарлы-демократиялық саяси режим ең алдымен, формальды құқықтық бастамаларға, нақты айтқанда демократиялық институттар мен билікті жүргізу тәртібіне негізделеді. Онда азаматтар биліктің демократиялық институттарын қалыптастыруға қатысады, алайда мұнымен олардың билік жүйесіне ықпалы шектеледі. Азаматтардың басым көпшілігі саяси шешімдер қабылдау процесіне әсер етуден шеттетіледі, өйткені, олар саяси процеске және мемлекеттік билікке нақты ықпал ететіндей жағдайда емес. Саяси режимнің осы типіне тән саяси плюрализм, ең алдымен, саяси элиталардың бәсекелестігіне және неғұрлым ықпалды партиялардың жарысына әкеп саяды. Азаматтардың саяси өмірге қатысуы іс жүзінде, қоғамның саяси элитасына кіретін әр түрлі топтардың арасындағы сайлау мүмкіндігіне келіп тіреледі. Сондықтан да олардың формальды құқықтары мен бостандықтарының кең спектрі жеткілікті қамтамасыз етіледі.

Биліктің элитарлы-демократиялық жүйесі жағдайында элитарлы саяси күштердің бақталастығы шынайы қоғамдық проблемалардың шағын ортасына салыстырмалы түрде қозғау салады; негізгі мәселелер бойынша олардың бірлігі мен келісімі жеке сипаттағы айырмашылықтан басым болады. Белгілі бір ойын ережесі шеңберінде әрекет ете отырып, саяси элитаға кіретін неғұрлым ықпалды топтар кезектесіп саяси шешімдер қабылдауға, басқа саяси күштердің араласуына жол бермей, маңызды мемлекеттік функцияларды іске асыра алады.

Элитарлы-демократиялық саяси режимнің біршама тиімді қызмет етуінің мысалы АҚШ бола алады.

Әлеуметтік демократия саяси режимі азаматтардың қоғамдық істерге формальды емес қатысуын, өте әр түрлі әлеуметтік жіктер мен топтардың жекелеген саяси партиялардың қатаң монополия орнатуынсыз және билік ресурстары мен биліктік шешімдер қабылдау процесіне күштеуінсіз мүдделердің күрделі келісімін ұйғарады.

Мұндай саяси режимнің қызмет етуі әлеуметтік-саяси мүдделердің көптігіне, барлық азаматтар мен қоғамдық топтар үшін негізгі тең мүмкіндіктерді ұсыну қажеттілігіне, сондай-ақ, «аутсайдерлердің» ресурстарды әділетті қайта бөлу жолын ұсынуымен әлеуметтік қолдауына негізделеді. Әлеуметтік демократияның біріктіруші негізі жария-саяси құралдарды және алуан түрлі топтық және партикуляр мүдделер келісуінің парламенттік техникасын пайдалану негізіндегі әр түрлі қоғамдық-саяси күштердің ымырашылдығы мен консенсусы болып шығады.

Әлеуметтік демократия режимнің саяси жүйесі «ашық» сипатта болады, ал, заңның шеңберінде әрекет етуші кез келген әлеуметтік-саяси күштердің дербес қимыл жасауға және саяси шешімдер қабылдау процесіне ықпал ету мүмкіндігіне шынайы құқығы бар. Әлеуметтік демократияның көптеген идеялары мен принциптері Дания, Финляндия, Швеция сияқты және т.б. бірқатар еуропалық елдерде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің және бұрынғы кеңестік республикалардың саяси лидерлері әлеуметтік демократиялық қоғам құруға талпыныстары жөнінде мәлімдеуде.

Демократиялық режимдердің нақты түрін таңдау көптеген факторларға байланысты. Олар: тарихи дәстүрлер мен тарихи тәжірибенің сипаты; елдің материалдық және рухани мүмкіндіктері, саяси күштердің ара қатынасы, азаматтардың саяси санасының жай-күйі мен қоғамның саяси мәдениетінің типі, үстемдік етуші басқарушы элитаның мақсаты және т.б.

Осыған байланысты барлық демократиялық саяси режимдерге тән ортақ ерекше белгілерді атап көрсеткен жөн. Демократиялық режимдер мынандай ортақ белгілермен сипатталады: құпия дауыс беруді пайдаланып, тең, жалпыға бірдей, тікелей сайлаулар арқылы мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілдік органдарын сайлау; жалпы мемлекеттік заңдар шығаруға деген парламенттің ерекше құқығының болуы; биліктің заң шығарушы, атқарушы және соттық тармақтарға бөлінуі, олардың арасында билік пен өкілеттілігін бөлуде бір-бірін тоқтату және қарсы салмақ механизмінің болуы; көппартиялық, партиялық жүйеде өмір сүріп тұрған құрылыстың негізі ретінде тұратын, сондай-ақ оны терістейтін, бірақ, әрекет етуші конституция шеңберінде ғана, саяси партиялардың болуы; азшылықтың мүдделері мен құқықтарын қадірлеу барысында көпшіліктің саяси шешімдер қабылдауы; азаматтардың тең құқықтылығының кепілдігі, билік пен оның кез келген өкілін сынауға әрбір адамның құқығын мойындау; саяси партиялардың тікелей жария-биліктік өкілеттілігінің болмауы.

Атап көрсетілген демократиялық саяси режимдердің ортақ белгілері демократияның арман еткен бейнесін жасай алады. Әрине, демократияның, демек, демократиялық саяси режимнің құндылығы ақиқат және даусыз. Алайда, демократияның да осал тұстары мен кемшіліктері бар.

Мысалы, демократия саяси шектердің арасында тербеліп тұратын маятник сияқты, тұрақсыз режим болып есептеледі. Демократия кейде саяси дилетантизм шарықтайтын, орташалықтың озбырлығы орнатылатын «қоғамның көп бөлігінің жақсыларға үстемдігі» сияқты анықталады. Демократия мәдениеті және құлықтылығы төмен, пайдакүнем, бірақ алғыр және популистік тәсілді адамдардың билікке келуіне кепілдік бермейді.

Әрине, демократия – идеалды құбылыс емес, бірақ, барлық кемшіліктеріне қарамастан ол осы уақытқа дейін белгілі болып отырған саяси режимдердің ішіндегі ең жақсы және ең әділетті басқару формасы.

Айта кету керек, егер азаматтардың саяси мәселелер бойынша дербес шешімдер қабылдауына жағдайлар жасалып және де олардың мүдделерін биліктің әрекеті қанағаттандырмайтын болса, онда бұл әрекетке олардың қарсы шығуына құқықтары болса, тек сондай жағдайда ғана демократиялық режимдер тиімді жұмыс істейді. Бұл үшін олардың қызмет етуіне кепілдік берілуі қажет. Демократиялық режимдердің қызмет етуінің кепілдіктері мыналар болып табылады: азаматтардың қоғам тарапынан мемлекеттік органдар мен оның аппаратының қызметіне бақылау жасау жүйесінің құрылуы; билікті иемденуге байланысты артықшылықтар жүйесінің жойылуы; азаматтардың өз уақытында және толық саяси ақпараттандырылуы үшін мүмкіндіктердің болуы; депутаттарды кері шақырып алу және шенеуніктерді ауыстыру ісін жеңілдету.

Сонымен, демократиялық режим – бұл дамушы, ілгері жылжушы режим, халық өкіметі – яғни, халыққа барлық билікті, қоғамды және мемлекетті басқарудың шынайы мүмкіндігін олар бақылайтын саяси институттар арқылы беру.

Тұтас алғанда, соңғы он жылдықтарда бүкіл әлемдік ауқымдағы саяси режимдерді демократияландырудың жалпы ағымы жөнінде айтуға болады. Қазіргі кездегі Қазақстанды жаңарту үшін демократияландырудың әлемдік тәжірибесі аса маңызды болып табылады. Қалай болғанда да, бұл қазақстандық қоғамның саяси даму ерекшеліктерін анықтауға және олардың әлемдік ағымдармен ара қатынасын белгілеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, біздің елімізде демократиялық режим орнатылды деп айтуға әлі ерте екендігі анық. Қазіргі Қазақстандағы саяси режим сипаты жағынан мәнісі бойынша авторитарлы-демократиялық режимнің либералдық типіне көбірек жақын. Авторитарлық негіздер ең алдымен, биліктің мемлекет басшысы – президенттің қолына көбірек шоғырландырылғандығынан көрініс береді.

Қазақстанның Президенті – атқарушы және басқарушы биліктің басшысы, бас қолбасшы. Үкіметті қалыптастырудың барлық шексіз құқықтары дерлік оған тиесілі. Сонымен бірге елдің парламенті, бәрінен бұрын Мәжіліс, заңдарды қабылдау, үкімет басшысын және мемлекеттік бюджетті бекітуден басқа қайсыбір шынайы құзырларынан айырылған. Осылайша, биліктің президент пен атқарушы органдардың қолына тым шоғарлануы жағдайында қоғамның тарапынан да, сондай-ақ заң шығарушылар тарапынан да олардың қызметіне үнемі ықпалды бақылау жасау мүмкіндігі іс жүзінде жоқ. Бұл республикалық қаржыны бақылаусыз жұмсауға, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы мүмкіндік жасайды. Мұндай жағдайда бақылау құралдары болып бұқаралық ақпарат құралдары және кемеліне жеткен партиялық жүйе қызмет атқаруы тиіс. Алайда, әлеуметтік топтардың мүдделерін анықтауға және білдіруге қабілетті бәсекелес партиялық жүйенің қалыптасуы әлі аяқталып біткен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының өзі нарық жағдайында билікке тәуелді болады, өйткені олар мемлекеттің қаржысымен өмір сүреді.

Қазақстан саяси режимінің эволюциясы оның демократияландырылуы бағытында қоғамды саяси лидерлер мен элиталардың субъективизімінен қорғауға мүмкіндік беретін биліктің әр түрлі тармақтары арасындағы функциялар мен құзырлардың неғұрлым ұтымды бөлінісімен байланысты. Қазақстанның алдында әлі шын мәнісіндегі демократияландыру жолын жүріп өтудің ұзақ сапары тұр.

Саяси режимдерді демократияландыру – бұл қоғамдық өмірдің барлық жақтарын ең алдымен, әлеуметтік-саяси қатынастарды, шынайы халық өкіметі мен гуманизмді, адам құқығының басымдығын мойындау негізінде қайта құрудың бәріне ортақ басты бағыт.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, саяси режимдер қоғамның саяси жүйесінің функционалдық аспектілерін қарастырады деген тұжырым жасауға болады. Саяси режимдер – бұл саяси билікті және нақты билік институттары мен тармақтарының ұйымдастырылу принциптерін іске асырудың типтері, формалары және әдістері. Ал, адам құқықтары мен бостандықтарының көлемі, мемлекеттік билікті іске асырудың әдістері, мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара қатынастың сипаты, саяси шешімдер қабылдауға қоғамның ықпал ету мүмкіндіктерінің болуы немесе болмауы, саяси институттардың қалыптасу тәсілдері, саяси шешімдерді жасаудың әдістері саяси режимдердің сапалы сипаттамасы болып табылады.

 

 

Жетінші тақырып.



php"; ?>