Саяси көшбасшылар типтері және олардың даму ағымдары

Саяси көшбасшылардың орындайтын міндеттерінің, оларды жүзеге асыру жағдайларының көп түрлілігі, сонымен қатар қызметте кездесетін өзге де сыртқы және ішкі факторлар оларды типтеуден өз көріністерін табады. Ғылыми әдебиетте саяси көшбасшыларды типтеудің әр түрлі классификациясы қалыптасқан[124].

Саяси көшбасшыларды типтеудің алғашқы классикалық үлгісін М.Вебер беріп, келесі: дәстүрлі, ұтымды-жария және харизматикалық типтерді бөліп көрсетті.

Дәстүрлі көшбасшылар ешкімде күмән туғызбайтын ғасырлар бойғы дәстүрлер мен салттарға арқа сүйейді. Бұл жерде салттар мен дәстүрлер басшы мен қол астындағылардың өзара қарым-қатынастарын анықтайды, олар өмірдегі басшылық типін (монарх, көсем, ақсақалдар) үйреншікті санайды. Мысалы, монархиялық мемлекеттерде саяси билік тақ мұрагеріне беріледі. Саяси билікті осындай жолмен алып жүруші саяси көшбасшы бола алмауы да мүмкін. Тарихи материалдардың көрсеткенінідей, саяси билікті «біржола» алғандардың арасында саяси көшбасшының саны көп емес. Саяси көшбасшының осы типі тарихи сахнадан түсіп жатса да, ол парсы шығанағындағы (Иранда Хомейни) бірнеше елдерде және әлемнің басқа да бірнеше мемлекеттерінде әлі күнге дейін сақталып отыр.

Ұтымды-жария көшбасшылар билікті «заңды жолмен» алуы тиіс. Қазіргі демократиялық мемлекеттердңе құқықтық нормалар шеңберінде өтілетін сайлау науқандары саяси көшбасшыларды қалыптастырудың негізгі жолы. Мұндай саяси көшбасшы типінің мысалдарын көптеп келтіруге болады: Г.Шредер (Германия), Б.Клинтон (АҚШ), Ж.Ширак (Франция), Т.Блэр (Ұлыбритания). Оның билігі бүкіл қоғам мойындаған құқықтық нормалар еркіндігіне негізделген. Билікті әрбір алып жүрушінің міндеті Конституцияда және нормативтік-құқықтық актілермен анық белгіленген. Осылайша саяси көшбасшының заңдылық бөлігі ұтымды негізделген.

Харизматикалық көшбасшылар ерекше, олардың билігі (дәлірек айтқанда – беделі) заңға немесе дәстүрге сүйенбейді, таза жеке басының сапаларына, соларға сенім арқылы іске асады. Харизма билік құралдарының көмегінсіз-ақ өз соңына бұқараны ертуге қабілетті. Харизматикалық көшбасшының тағы бір сипатты белгісі – ізбасарларының оған кіршіксіз берілгендігі. М.Вебердің көзқарасы тұрғысынан алғанда харизматикалық көшбасшы ұзаққа бармайды, белгілі бір уақыттан кейін ол ұтымды-жария типке немесе дәстүрлі типке өтетін болады.

Харизматикалық көшбасшы кез келген қоғамда пайда болуы мүмкін. XX ғасыр көрсеткеніндей, харизматикалық сапалы көшбасшы фюрерге – қорқыныш, сүйіспеншілік пен қуаныш туындататын кейіптегі жартылай құдай көсемге айналуы мүмкін. Мұндай көшбасшы қоғам алдында тұрған міндеттерді шешу тәсілдерін бір өзі білетініне іштей сенімге толы болып, өз еркіне сөзсіз бағынуды талап етеді.

Харизматикалық көшбасшы құбылысы қоғам өмірінің өтпелі кезеңінде айталық, үлгілеу (модернизация), немесе елдің жалпы ұлттық дағдарысты жою кезеңінде анық байқалады. Харизматикалық көшбасшылардың мысалы Иосиф Сталин (КСРО), Мао Цзэдун (Қытай), Саддам Хусейн (Иран), Ким Ир Сен (Солтүстік Корея), Фидель Кастро (Куба), Ясир Арафат (Палестина) бола алады.

Американдық саясаттанушы Маргарет Дж.Херманн жүйесі саяси көшбасшыларды типтеудің қазіргі бірден-бір аса маңызды және кеңінен тараған түрі. Ол саяси көшбасшыларды имидждеріне қарай жүйелейді, топтастырып жіктейді. М.Херманн төрт фактордың: көшбасшының мінез-құлқы; оны жақтаушылардың, ізін қуушылардың қасиеттері; көшбасшы мен оның ізбасарларының өзара байланыс тәсілдері; көшбасшылықтың жүзеге асатын нақты жағдайы негіздерінде саяси көшбасшылардың төрт бейнелі типтерін бөліп көрсетеді.

Саяси көшбасшының алғашқы жинақталған бейнесі – ту көтеруші. Ол ірі стратег. Ол шынайылықты өзінің көруімен ерекшеленеді, мақсаты бар, соңынан адамдарды ерте алады, болып жатқан құбылыстардың сипатын, оның қарқынын анықтайды, саяси бағдарламаны қалыптастырады және өз идеалдарын іске асырады. Оны қолдаушылар оған ешқандай ықпал жасай алмайды. Мұндай типке Ресей большевиктерінің көшбасшысы В.И.Ленинді, АҚШ-тағы негрлердің азаматтық құқы үшін күрескер Мартин Лютер Кингті жатқызуға болады.

Саяси көшбасшының екінші бейнесі – қызмет етуші. Ол өзін қолдаушылардың мүдделерін дәл білдіру арқылы мойындатуға қолы жетеді. Көшбасшы солардың атынан әрекет етеді, ол топтың агенті. Практикада мұндай типті көшбасшы өзінің ізбасарлары нені күтуде, неге сенеді және неге мұқтаж сияқтыларды басшылыққа алады. Осындай типтегі көшбасшының мысалына Г.Кольді (Германия), кеңестік партиялық бюрократияның мүддесін білдірген Л.И.Брежневті, Д.А.Қонаевты айтсақ та жеткілікті.

Саяси көшбасшының үшінші бейнесі – саудагер. Ол өзінің идеяларын, бағдарламасын, жоспарларын сайлаушылардың қолдауына айырбастайды. Сендіру қабілеті мұндай көшбасшының маңызды белгісі болып саналады. Осы қабілетінің арқасында көшбасшы – саудагер қолдаушыларын өзінің жоспарын жүзеге асыруға тартады. Американың қырқыншы Президенті Р.Рейган саяси көшбасшының осындай типінің мысалы.

Саяси көшбасшының төртінші бейнесі – өрт сөндіруші. Оны өзінің жақтастары қалыптастырған елеулі уақыт талаптарына тез реакция жасау ерекшелейді. Ол қиын-қыстау жағдайларда тиімді әрекет етуге қабілетті, тез шешім қабылдайды, жағдайға сәйкес ұтымды жауап қайтарады. Қазіргі жағдайдағы көптеген саяси көшбасшыларды осылардың қатарына жатқызуға болады.

Саяси көшбасшылардың жинақталған төрт бейнелері – типтері шартты түрде ғана, өйткені олар таза күйінде өте сирек кездеседі. Көбінесе көшбасшы өзінің саяси мансабының әр түрлі кезеңдерінде жоғарыда баяндалған идеалды типтердің әрқайсысының қайсыбір қасиеттерін байланыстырып, үйлестіреді.

Америка ғалымы К.Ходжкинстон саяси көшбасшылардың бірқатар: билікте жеке басының өзімшіл мүдделеріне жетуге бағыт-бағдар ұстаған, атап айтқанда мансапқор-көшбасшы; билік саласында өздерін ұсынған азаматтардың мүдделері үшін әрекет ететін саясаткер-көшбасшылар; билікті ұйымдастыру процесінде аппараттық құрылымдарды және механизмдерді шебер пайдаланатын техник-көшбасшылар; және де саясатта жоғары мақсат үшін әрекет етуші, идеологиялық мақсаттары мен құндылықтарын жүзеге асыру үшін күресетін ақын-көшбасшылар іспетті бірқатар типтерін бөліп көрсетті.

Саяси көшбасшыларды типтеудің бірден-бір мақсаттары, қорытындылаушы өлшемі болып олардың алдына қойған және олардың қоғамға тигізетін ықпалдары жатады. Осы өлшемдерімен байланысты Америка саясаттанушысы Роберт Такер саяси көшбасшылардың үш типін: консерваторларды, реформаторларды және революционерлерді ажыратып көрсетеді.

Консерваторлар қалыптасқан қоғамдық өмір формаларын толық сақтауға бағыт-бағдар ұстайды. Осыған сәйкес саяси көшбасшының бүкіл белсенділігі, оның бағдарламасы мен барлық қимыл-әрекеті қазіргі түріндегі қоғамды сақтау қажеттігін дәлелдеуге бағытталады. Саяси көшбасшылардың мұндай типін көптеп кездеседі деп айтуға келмейді. Таза типті консерваторлар өте сирек кездеседі, өзінің ұстаған осы бағытын қызметтің кейбір саласында көрсетеді. Мысалы, сыртқы саясатта консерватизмді жақтаған Ч.Черчилль болды.

Реформаторлар қоғамдық құрылысты кең көлемді реформа жүргізу арқылы, ең алдымен бүкіл билік құрылымын реформалау негізінде қоғамдық құрылысты радикалды қайта құруға тырысады. Көшбасшылардың осындай типіне, мысалы, Қытай реформаларының инициаторы Дэн Сяопин жатады.

Революционерлер принципті өзгеше басқа қоғамдық жүйеге өтуді мақсат етеді. Тарихтың көрсеткеніндей, мұндайда бейбіт жолмен өту өте сирек кездеседі. Роберт Такер К.Марксті «архитиптік» революцияшыл саяси көшбасшы санайды.

Саяси көшбасшыларды типтерге жіктеудің өзгеше бір жүйесін Г.Лассауэл ұсынды. Оның негізіне саяси көшбасшылардың белгілі бір мінез-құлық үлгісіне бейімділігін анықтау алынған. Осы өлшемге сәйкес саяси көшбасшылар үгітшілер, ұйымдастырушылар және теоретиктер болып үш типке бөлінеді.

Көшбасшы-үгітшілер халыққа сөздің күшімен, шешендік өнерімен, жеке басының үлгі-өнегесімен ықпал етуді басқаларынан артық көреді.

Көшбасшы-ұйымдастырушылар кадрлармен жұмыс істеуді ұнатады. Оларды көбінесе ұйымның күшін өз ықпалын орнату үшін қолдану мүмкіндігі қызықтырады.

Көшбасшы-теоретиктер қарамағындағыларға өзінің ақыл-ой өрісінің жоғарылығымен ықпал жасайды.

Г.Лассауэл ұсынған амалдан басқа да саяси көшбасшыларды типтеудің көптеген жолдары бар, мысалы, саяси билікке қатысты эгоорталықтық және социоорталықтық деп бөлу қалыптасқан.

Саяси көшбасшының эгоорталықтық типі билікті өзіне жұмсайды, одан тек жеке басының табыстан-табысқа жетуінің, баюының, ықпал етуінің, танымал болуының, жеңілдіктер алуының көзін көреді.

Саяси көшбасшының социоорталық типі өз қызметінің басты мәнін қоғамға қызмет етуден, қоғамдық міндеттерін орындаудан көреді. Көшбасшының қайсыбір мәлімдемесіне қарап мұндай бағыт-бағдарды анықтау мүмкін емес, оған тек тарих қана баға береді. Мысалы, Ш. де Голльдің өмірбаяны оның саясаткер атағына қарамастан, ең алдымен жеке басының билігін орнатуға тырысқанын көрсетіп, билік ол үшін белгілі бір саяси бағдарламаны жүзеге асырудың тек құралы болғанын байқатты. Өзінің саясатын француздардың басым көпшілігінің қолдамайтынына көзі жеткеннен кейін Ш.де Голль 1969 жылы қызметтен өз еркімен кетіп, билікпен жеңіл қоштасты.

Саяси көшбасшыларды басқару стиліне орай авторитарлық және демократиялық деп екі типке бөледі.

Авторитарлық тип – бұл билікте өз монополиясын орнатуды талап ететін көшбасшы[125]. Оның идеалы толығымен бір өзінің жеке билеуі. Мұндай көшбасшыда ұйымдардың, топтардың мүшелері арасындағы байланыс жоққа шығарылады немесе көшбасшының бақылауымен жүреді. Қол астындағы адамдарға тек атқарушылар ретінде қарап, олардың пікірлерімен санасу тіптен азаяды. Авторитарлық көшбасшы қоластындағылардың белсенділігін әкімшілік әдістермен көтеруге тырысады. Оның басты қаруы – «темірдей талап етуге», күш қолдануға, жазамен қорқытуға саяды. Ол сын айтуды көтермейді, басқаша ойлауға жол бермейді.

Демократиялық көшбасшылар топтың, ұйымның қызметіне әркімнің барынша қатысуын қолдайды, жауапкершілікті өз қолына шоғырландырмайды, керісінше, оны топ, ұйым мүшелеріне таратып беруге тырысады және олардың пікірлерін, мүдделерін есепке алады. Мұндай көшбасшылар сынға ашық түседі, адамдарға мейірімді, ынтымақтастық пен мүдде ортақтығы ахуалын жасайды, мәмімгерлікке барады. Осындай жағдайда бәрі де, басшы да, қол астындағылар да шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру, басқару процесіне қатысады.

Барлық саяси көшбасшыларды жалпылама классификациялаудың бірі оларды әдеттегі-жай («нақтылық») және ұлыға (ұлы «батырлар» мен ұлы «жауыздар») бөлу жатады. Алғашқылары нақтылы көшбасшылар, тарихта айтарлықтай із қалдырмайды, оқиғаның әдеттегі барысына өзгеріс жасамайды. Екіншілері, көшбасшы-батырлардың (және жауыздардың) саясатта өз көрулері бар және онда үлкен әлеуметтік және саяси өзгерістерге соқтыратын өз ойларын жүзеге асыруға тырысады.

Саяси көшбасшылардың қызметінің сипатына орай оларды жағдайлық және әмбебаптық типтерге бөледі. Жағдайлық көшбасшыны қалыптастыру мен ұсыну, көтеру механизмдерін нақты жағдай міндеттері анықтайды. Әмбебап көшбасшы тұрақты түрде көшбасшы мәртебесін иеленеді. Жағдайлық көшбасшыдан айырмашылығы, әмбебап көшбасшыны ұсыну, көтеру қайсыбір жағдайлық мәселені шешумен байланысты емес, керісінше, саяси ұйымдардың өмір сүруінің жалпы заңдылықтарымен анықталады. Кез келген саяси ұйым өзін белгілеу процесінде өз қатарынан көшбасшыны ұсынады.

Саяси көшбасшыларды қызметтерінің сипаты мен ауқымы негізінде типтеудің тағы да бір мүмкіндігі бар. Осыған орай саяси көшбасшыларды шағын топ көшбасшысы; ұйымның көшбасшысы; мемлекеттің, жалпы қоғамның көшбасшысы деп үш деңгейде ажыратады. Шағын топ көшбасшысы билікті топтағы аса беделді адамдардан алады. Бұл бірлесе тікелей қызмет ету процесінде топтың бағалаған оның жеке басының сапалары негізінде қалыптасады. Бұл жағдайда шағын топ көшбасшыларын іскер көшбасшы, интеллектуалдық көшбасшы және қарым-қатынас көшбасшысы деп үш түрге бөлуге болады.

Іскер көшбасшыға ұйымдастыруға қабілеттілік, тапқырлық, прагматизм тән. Интеллектуалды көшбасшының беделі күрделі міндеттерді шешу шеберлігіне, стандартты емес шешімдер табуға ептілігіне, топтың «ақыл-ой (ми) орталығы» функциясын атқару қабілетіне негізделген. Қарым-қатынас көшбасшының өзара түсіністікті және ынтымақтастықты дұрыс жолға қоюмен ерекшеленеді.

Екінші деңгейдегі саяси көшбасшы – бұл қоғамдық қозғалыстың, ұйымдардың, партиялардың және т.с.с. серкесі, нақты әлеуметтік топтардың (жіктердің) өз мүдделерін қанағаттандыру мүмкіндігін байланыстырған адам. Мұндай деңгейдегі көшбасшылар қоғамдық пікірге жеке басының сапаларымен ықпал етеді және оларды қолдайтын адамдардың көшбасшыға деген қажеттілікті күтуі де әсер етеді, соңғысы бұқаралық санадағы ерекше құбылыс. Топ көшбасшыға белгілі бір дәрежеде сенім мен саяси қолдау көрсетуді аванспен береді.

Үшінші деңгейдегі саяси көшбасшы – бұл билік қатынастары жүйесінде әрекет етуші саясаткер, оның ондағы саяси көшбасшылығы әлеуметтік институт ретінде берілген. Бірінші жағдайда принциптік маңызы бар тұлғалық сипаттар екінші, үшінші деңгейдегі саяси көшбасшының мінез-құлқында мәнді саналады. Осы жағдайда саясаткердің қызметі нақты саяси мәдениетке тән сыртқы реттеушілер яғни саяси көшбасшылар механизмдерімен анықталады.

Саяси көшбасшылар типтерінің алуан түрлігі олардың қызметтерінің бағыттарының көпшілігімен, шешетін міндеттердің ауқымымен түсіндіріледі. Бай саяси практика әртүрлі елдерде саяси көшбасшылардың жаңа типтерінің жиі пайда болуына әсер етеді. Саяси көшбасшылардың жаңа типтерінің кескіні билік саласында жаңа байланыстар мен қарым-қатынастар енді ғана айқындалып жатқан өтпелі қоғамдарда ерекше байқалады.

Бұл жерде жоғарыда келтірілген саяси көшбасшылардың типтерінің таза күйінде өте сирек кездесетінін ескеруіміз керек. Саяси көшбасшылар көбіне-көп өз саяси қызметтерінде аталмыш көшбасшы әрбір типтерінің элементтерін үйлестіреді.

Осымен байланысты саяси көшбасшылардың соңғы он жылдағы дамуында бірқатар ағымдар айқындалады.

Мұндай ағымның біріншісіне көшбасшылардың институционализациясы жатады. Ол ең алдымен саяси көшбасшыларды сұрыптау процесінен, олардың билікке дайын болуы мен қозғалысын және олардың қызметінің өзі белгілі бір институттардың – нормалар мен ұйымдардың шеңберінде жүзеге асатынын байқатады. Саяси көшбасшылар функциялары Конституциялармен және басқа да заңдық актілермен заң шығарушы, атқарушы, сот және ақпараттық биліктерге бөлумен шектелген. Сонымен қатар, саяси көшбасшыларды сұрыптау мен қолдауды олардың өз партиялары іске асырады, олардың қызметіне сол партиялармен қатар оппозиция және жұртшылық бақылау жасайды. Осының бәрі олардың билігін және айла жасау мүмкіндігін біршама шектейді, ортаның шешім қабылдауға ықпалын арттырады.

Саяси көшбасшылар дамуындағы келесі маңызды ағымның бірі – экономикалық және әлеуметтік мәселелерде көшбасшылардың белсенділігінің артуы. Бұл әсіресе демократиялық мемлекеттердегі саяси көшбасшыларды айрықшалайды. Осы ағымның дамуы көптеген жағдайларға байланысты. Саяси көшбасшының қызметімен байланысқан экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайту, ұлттың әл-ауқатын арттыру оның ықпалын арттырады, оны жақтаушылардың санын көбейтеді, оппоненттердің позициясын әлсіретеді. Келесі жағдай саяси белсенділіктің уақытша шеңбермен шектелуімен байланысты. Мысалы, АҚШ президентінің төрт жылға сайланатыны белгілі. Бірақ жоғары экономикалық нәтижеге жету, халықтың әл-ауқатын арттыру оның келесі мерзімге тағы да сайлануының ең сенімді ірге тасы саналады.

Саяси көшбасшылардың дамуында маңызды үшінші ағым – олардың кәсібилігі. 1919 жылы М.Вебер «Саясат әуестілік және мамандық ретінде» деп аталатын еңбегінде билік үшін күрес дағдысын және қазіргі партия жүйесі жасаған оның әдістері жөніндегі білімді талап ететін саясаттың «кәсіпорынға» айналуын, сонымен қатар саясаткерлер үшін бұл қызмет негізгі мамандық болып табылады деген. Шынында, бүгінде саясаткер халықтың талаптарын анық та нақты тұжырымдауды қамтамасыз етуді ұйғаратын, ұжымдық шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыру үшін парламент және үкімет органдарымен, БАҚ, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдармен қажетті байланыс орнатуды, шиеленістерді шешу мен келісімге келуді дұрыс жолға қоюдың қоғамдық байланыс саласындағы маманға айналады.

Осы функцияларды арнайы білімі, дағдысы және тәжірибесі жоқ адам бүгінде тиімді жүзеге асыра алмайды.

Саяси еңбек дәрігер, конструктор немесе адвокаттың мамандығы сияқты бірте-бірте мамандыққа айналады. Ол тұрақты және басты табыс көзіне айналады. Кәсіби саясаткерлер сайлау нәтижесінде лауазымды қызметке отырғанына қарамастан, жоғарғы эшалендағылардың көпшілігі, әдетте, билеуші партиялар ауысқаннан кейін де өз қызмет түрін сақтап қалады. Бұған олардың парламенттегі, партиядағы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, басқа да мекемелерде бірқатар саяси қызметтерді шоғырлауы ықпал етеді.

Бірқатар елдерде – Жапония, Франция, АҚШ-та саяси қызметті кәсібилік есепке алу болашақ саяси көшбасшыларды тіптен бала бақшасынан немесе жасөспірім шағындағы және арнайы мектептерде және университеттерде оларды дайындаудағы іріктеуден көрінеді. Мұндай шаралар азаматтардың саяси қатысуларын дамытуды және билікті иеленгендерге бақылауды нығайтуды ұштастыру саяси көшбасшылықтың тиімділігін арттыруға, оны бүкіл қоғам мүддесіне бағындыруға ықпал етеді.

Саяси көшбасшылар дамуындағы төртінші маңызды ағым – бұл саяси процестегі ауқымды, басынан кешіріп отырған жаһандық ағым. Көпшілік халықтың ХХ ғасыр – ХХІ ғасыр басында ауқымды стрестік жағдайы және ғылыми-техникалық прогресс жасаған түбегейлі өзгерістер адамзат өркениетіне шақыру тастаған ғаламдық мәселелерді туындатты. Осы жағдай саяси көшбасшыларына жаңа жоғары талаптар қойды[126]. Олардың адамдардың тағдырына, өздері билеп отырған халықтар мен мемлекеттердің бүгіні мен болашағына жауапкершілігі тез артты. Қазіргі саяси көшбасшылар адамзаттың жаһандық мәселелерін есепке алмай, өз мемлекеттерінің даму бағдарламасын ұсына алмайды. Олар өздерінің ішкі саясатын жалпы дүние жүзілік, ғаламдық процестерді құраушы ретінде қарастырулары тиіс. Осы жаңа ағымды түсіну және жүргізіп жатқан саяси бағытта оны ескеру жоғарғы деңгейдегі саясаткерлерді ерекшелейді.

Саяси көшбасшылардың дамуындағы бесінші маңызды ағым – бұл Цезарь, Петр І, Наполен, Бисмарк, Гитлер немесе Сталин сияқты саяси көшбасшы-көсемдердің немесе батырлардың қазіргі жағдайда пайда болуының мүмкіндігін азайту. Бұған себептер өте көп. Солардың арасында: қоғамдық өмірдің бірнеше қайта күрделенуі көшбасшылар функцияларын жүзеге асырудағы еңбек бөлінісінің қажеттігін туғызады, «саясаткерлердің қызмет еркіндігін», билікте болу мерзімі саяси көшбасшының мүмкіншілігін шектейді. Сонымен қатар, жоғарыда айтылғанындай, ірі саяси көшбасшылар көбіне-көп терең дағдарыстың кезеңдерінде көрінеді. Осымен байланысты ХХ ғасырдағы терең экономикалық, саяси дағдарыстарға ұқсас құбылыстарды болдырмау үшін қазіргі мемлекеттер оларды болжамдауды үйренді. Осы себептермен байланысты қазіргі көшбасшыларға көсбасшы-көсем-батыр болу ешбір келмейді, қазіргілері үшін нақты жағдайда өз елдерін ұлттық қауіпсіздік, халықтың әл-ауқатын арттыру және адам құқын көбейту іспетті үш маңызды құндылықтармен қамтамасыз ету тән.

Саяси көшбасшылардың дамуындағы жаңа маңызды алтыншы ағым – ол формальды емес саяси серкелердің ролі мен ықпалының артуы. Көптеген формальды емес көшбасшылардың аттарын атауға да болады. ХХ ғасырдағы сондай формальды емес саяси көшбасшылардың ең көрнектісі Кеңес физигі, КСРО ҒА академигі, Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров. Америка саясаттанушысы Роберт Такер оны жаңа типті саяси көшбасшы деп атайды. Дүние жүзіне танымал көрнекті ғалым, академик А.Сахаров, атомдық соғыс бола қалған жағдайда оның адамзатқа төндіретін апат қаупінің ауқымын мойындап, әлем халықтары мен үкіметтеріне меморандуммен шықты. Ол дүние жүзінің көптеген елдерінде адам құқы үшін күрескер ретінде белгілі болды, бұл мәселені жаһандық міндеттер деңгейіне дейін көтерді. Академик А.Сахаровтың, мысалы, мемлекеттік саясатты бақылау мүмкіндігі болмаса да, формалды емес саяси көшбасшы саяси үрдістер дамуында аса маңызды рөл атқара алатынын көрсетті.

Қазақстан Республикасында соңғы уақыттарда жүріп жатқан саяси процестер ондағы саяси көшбасшылардың дамуының кейбір ағымдарын анықтауға мімкіндік берді. Біріншіден, саяси көшбасшылар және жаңа идеялар рыногының мейлінше жеткіліксіздігін байқатты. Өткен бес жыл ішінде Қазақстан саяси элитасы қатарына аз ғана жаңа көшбасшылар қосылды. Бұны Н.Назарбаев пен бірге елде рефомалар жүргізуді бастаған, бірақ уақытша саяси биліктен шеттетілген саясаткерлерді қайтадан пайдалану ағымы көрсетіп отыр.

Екіншіден, өте қызықты, бірақ іске асыруға қиын жобалар ұсынған көшбасшы-арманшылдар сияқты көшбасшы-теоретиктердің де уақыты бітті. Еліміздің белсенді саяси өмірінен Ә.Қажыгелдин, С.Әбділдин, С.Терещенко, Ж.Тұяқбаев, М.Жолдасбеков, З.Нұрқаділов, Н.Балғынбаев, М.Әбілязов және басқа да көптеген саясаткерлер кетті және кете бермекші. Нақты міндеттер қоюға және оларды шешу үшін ресурстар табуға қабілетті, жағдайды ескеретін және нәтижеге бағыт-бағдар ұстаған Ә.Бәйменов, Д.Қалетаев, Қ.Келімбетов, М.Құл-Мұхамед, Қ.Мәми, Н.Нығматулин, М.Тәжин, Ж.Түймебаев іспетті көшбасшы-прагматиктердің күні туды.

Үшіншіден, тез арада нәтиже алуға есептелген шешуші шараларды жақтаушы көшбасшы-радикалдардың жаңа ұрпағын саяси сахнаға шығару қажеттігін қоғамдық санада түсіну артып отыр.

Төртіншіден, саяси өмірдегі мәнді өзгерістерге қарамастан, елде бұрынғы көшбасшы типі сақталып қалды, яғни көшбасшының көсемдік типі дәстүрі өзгермеді. Ал көсемшілдік, белгілі болғандай харизмаға және жоғарғы билікті бейнелейтін адамға берілгендікке негізделеді. Заңды реттеушілікке арқа сүйейтін көшбасшының ұтымды-заңды-жария типіне өту бірнеше себептерге байланысты күрделенеді, ең алдымен қазақстандық ұлттық өзіндік сананың типімен ерекшеленеді, онда көсемнің билігі – хан, патша, партияның бас, бірінші хатшылары қоғам өмірін ұйымдастыруда маңызды орын алған. Қазақстандағы Президенттік сайлаудың стеротиптік және таңдаудың консервативтік болып қалып отырғанын көрсетті. Қазақстан халқының бұқаралық санасында саяси көшбасшыға қайсыбір мистикалық фигура ретінде қарау сақталған. Жаңа генерациялық саяси көшбасшы Ғани Қасымовтың сайлауда жеңіліс табу себебін осымен түсіндіруге болады.

Көшбасшылық туралы харизматикалық түсінікті арнайы дайындықтан және іріктеуден өткен, саяси қызмет олар үшін мамандық болуы тиіс саяси сахнаға жаңа генерациялық саяси көшбасшылардың шығуымен өзгерту мүмкіндігі бар. Олар саяси шешімдерді қабылдауда, биліктің әр түрлерімен өзара әрекетте белгілі бір демократиялық нормалар мен процедуралардың шеңдерінде қимылдауға тиісті болады. Жаңа генерациялық саяси көшбасшылар қоғамға арманды, көпшілік азаматтарға болашақтың жобасын ұсынумен қатар оларды алға жылжытудың жолдары белгілі деп сендіруі қажет.

Қазақстан мен дүние жүзіндегі саяси көшбасшылардың дамуының қазіргі ағымы осындай. Осыған орай саяси көшбасшылардың шынайы рөліне баға беру үшін уақыт керек. Уақыт өткеннен соң ғана көшбасшылардың шынайы мәнділігі анықталады.

Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде мынандай қорытынды шығаруға болады. Саяси элиталар мен көшбасшыларға баға беруде әр түрлі амалдардың болуы олардың ғылым мен практика үшін маңыздылығын көрсетеді. Қоғамдық-саяси өмір практикасы көрсеткендей, саяси элиталар мен саяси көшбасшылар халықтың әр түрлі жіктерінен және кәсіби топтарынан шыққандар. Әр түрлі тарихи дәуір саяси элиталар мен саяси көшбасшылардың шығуына өз ізін қалдырары сөзсіз. Қазіргі тәжірибе қоғамдық маңызы бар саяси фигураларды мемлекеттік-бюрократиялық өнеркәсіп, қаржы, әскери және партия төңірегіндегілерді жиі ұсынатынын көрсетіп отыр. Қазіргі қоғамның элитарлығы ешбір күмән туғызбайды. Бұл саяси шындық, ол жойылмайды, бірақ оны ескеріп және тиімді пайдалану керек. Саяси элиталар мен саяси көшбасшылар басшылық позицияға, қызметке орналасып, қоғамдағы биліктің шынайы іске асуын белгілі бір саяси жүйе шеңберінде жүзеге асырады. Саяси ғылым саяси элиталарды қалыптастыруда, саяси көшбасшыларды дайындауда, олардың өзге әлеуметтік топтармен байланысын нығайтуда, олардың функционалдық міндеттерін анықтауда, олардың қызметіне бақылаудың сипатына және т.б. өз ұсыныстарын дайындап ұсынады. Көптеген елдерде мұндай ұсыныстар саяси практикада қолданылып келеді және қоғамға нақты пайда келтіріп отыр.