Халықаралық қатынастардың анықтамасы мен мәні

Жер шарындағы халықтар мен мемлекеттердің бүкіл алуан түрлілігі бірыңғай, біртұтас қатынастармен және өзара әрекеттермен айқындалған әлемдік қауымдастық болып саналады. Осы әлемдік қауымдастық шеңберінде халықаралық қатынастар жүйесі қалыптасады және жұмыс істейді, әлемдік саясат іске асырылады.

Әлемдік қауымдастықтың мәнін ашу үшін «әлемдік тәртіп» категориясы қолданылады. Әлемдік тәртіп – бұл қауымдастықтың имманенттік қасиеті. Бірақ бұл қасиет жорамал мәлімет емес, ие болған қасиет болып табылады. Ол үнемі бұзылады және қайта қалпына келеді. Оны сақтау халықаралық қатынастардың барлық қатысушылары тарапынан белсенді саяси әрекетті және ізгі ықыласты талап етеді.

Халықаралық қатынастар проблемасының өзіндік өзгешеліктері бар. Бұл өзгешеліктер халықаралық қатынастардың сипатымен, сыртқы саясаттың ерекшеліктерімен байланысты болады. Бұдан басқа саяси шешімдер қабылдаудың көптеген тең құқылы және егеменді орталықтарының болуы. Халықаралық қатынастардың басты ерекшелігі онда билік пен басқарудың бірыңғай орталық ядросының болмауы болып табылады. Олар полицентризм және полииерархия негізінде құрылады. Сондықтан халықаралық қатынастарда стихиялы процестер мен субъективті факторлар үлкен рөл атқарады.

Халықаралық қатынастарды реттеу үшін заңдардың емес, қарым-қатынас жөніндегі келісімдер мен келісім-шарттардың маңызы бар екендігін айта кету керек.

Өзінің мазмұны бойынша «халықаралық қатынастар» деген сөз тура мағынасында халықтардың арасындағы қатынас дегенді білдіреді. Алайда бірден мынандай сұрақ туындайды: екі халықтың (немесе бірнеше және одан да көп) арасындағы қатынас деген не? Оған жауап, әдеттегілей, былай беріледі: халықаралық қатынас деген мемлекеттердің арасындағы өзара әрекет. Бірақ, бұл пікір де бірқатар жаңа сұрақтарды туындатады. Мысалы, азаматтардың бір елден екінші елге туристік сапарлары халықаралық қатынастар саласына жата ма? Немесе, әр түрлі мемлекеттің адамдарының арасындағы неке сондай қатынасқа жата ма? Болмаса, өз еліндегі дүкеннен шетелдік тауарды сатып ала отырып адам халықаралық қатынасқа түсе ме? Осы тәрізді сұрақтарға жауап беруге ұмтылу «халықаралық қатынас» ұғымы мазмұнының екі ұштылығын және қиын байқалатындығын көрсетеді.

Көбіне халықаралық қатынастардың мәнінің ерекшеліктерін анықтау барысында ғалымдар оның қатысушыларын бөліп көрсетуді негізгі пункт етеді. Олардың қатарында ең алдымен саяси, яғни, адамдардың мемлекеттік ұйымдасқан қауымдастығын атайды. Айталық, Р.Аронның көзқарасы тұрғысынан алғанда, көбіне, мемлекеттердің арасындағы қатынастар халықаралық қатынастардың мазмұны болып табылады, оның даусыз мысалы мемлекетаралық келісімдер болып табылады. Өз кезегінде, мемлекетаралық қатынастар символдық кейіпкерлер – дипломат пен сарбаздың ерекше мінез-құлқында көрінеді. «Екі, тек екі адам, – деп жазады Р.Арон, – жай ғана өздері жататын қауымдастықтың өкілдері ретінде әрекет етпейді: елші өзінің қызметін орындау барысында өзі келіп тұрған жақтың атынан саяси өлшем бірлікті ұсынады; сарбаз соғыс алаңында сол сияқты өзін құрбан етушілердің атынан саяси өлшем бірлікті ұсынады»[143]. Байыптап айтар болсақ, мемлекеттердің арасындағы қатынастарды түсінудің мұндай тәсілінің өзі мәнісі жағынан бейбітшілік пен соғыстың альтернативасынан тұрады.

Дегенмен халықаралық қатынастардың негізгі мазмұнын мемлекеттер арасындағы өзара әрекет құрайтындығы жөніндегі тезиске бәрі қосыла бермейді. Бірқатар ғалымдардың пікірі бойынша қазіргі жағдайларда мемлекеттің өте аз делдалдығы барысында және оның еркіне қарамастан бір-бірімен қатынасқа түсетін әр түрлі адамдар тобы мен жекелеген адамдар халықаралық қатынастардың басты әрекет етушілеріне айналуда. Сонымен қатар егер Р.Арон үшін халықаралық қатынастардың негізгі мазмұнын дипломат пен сарбаз бейнесінде көрінетін мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттер құрайтын болса, ал, Дж.Розенау мүлдем қарама-қайшы қорытындыға келді. Оның пікірі бойынша, әрекет етуші адам ретінде кез келген азамат шыға алатындығы сияқты жағдай халықаралық қатынастар саласындағы өзгерістердің нәтижесіне айналып отыр. Мұндай халықаралық континумның символдық бейнелері енді турист пен лаңкес те бола алады[144].

Халықаралық қатынастардың мәнін түсінудің көрсетілген тәсілдері бір жақты қорытындыға әкелетіндігін көру қиын емес. Егер бірінші көзқарас шеңберінде халықаралық қатынастарды бірыңғай мемлекеттердің арасындағы өзара әрекетке таңуға мүмкіндік бар болса, ал, екінші көзқарас ауқымында – тек мемлекеттік емес қатысушылардың қызметіне таңуға болады. Бұлардың екеуі де қате. Сірә, қазіргі жағдайларда мемлекеттік емес және жеке субъектілердің есебінен халықаралық қатынастардың қатысушыларын ұлғайту үрдісі қарқын алып жатса керек. Демек халықаралық қатынастардың мәнінің ерекшелігін анықтау барысында мұндай қатынастардың әр түрлі типтері, түрлері, деңгейлері мен жағдайлары есепке алынатын тәсіл дұрыс болып шығады.

Ғалымдар арасында халықаралық қатынастардың типтері жөніндегі мәселеге қатысты пікірлердің өте алуан түрлілігі байқалады. Олардың бірі оны үстемдік пен бағынушылық, қарым-қатынас пен өзара көмек қатынастарына бөледі, екіншілері – бірыңғай және өтпелі қатынастар деп, үшіншілері бір жағынан – күштер тепе-теңдігіне негізделген, ал екінші жағынан – мүдделер тепе-теңдігіне негізделген қатынастар деп ажыратады.

Халықаралық қатынастардың мәні жөнінде толық түсінік беру үшін халықаралық қатынастардың түрлерін бөліп көрсету қажет. Бұл – саяси, экономикалық және ғылыми-техникалық, идеологиялық, халықаралық құқықтық, әскери-стратегиялық, мәдени және басқа да қатынастар, бұлардың әрқайсысының өзіндік құрылымы, функциялары, өзінің даму процесі бар.

Саяси – басты роль атқарады, қатынастың басқа барлық түрлерін өзінше ұйғарады, синтез жасайды, детерминдейді. Саяси қатынастар саяси жүйе элементтерінің, бәрінен бұрын мемлекеттің шынайы саяси қызметінде өзіндік көрініс табады. Олар қауіпсіздікке кепілдік береді және қалған барлық қатынастардың дамуы үшін жағдай жасайды, яғни топтастырылған түрде ұлттық мүдделерді білдіреді және олардың негізгі жағдайларын айқындайды.

Экономикалық және ғылыми-техникалық.Қазіргі жағдайларда халықаралық қатынастардың бұл екі түрі іс жүзінде бір-бірінен ажырағысыз және сонымен қатар олар саяси қатынастардан бөлек өмір сүре алмайды. Сыртқы саясат, әдеттегідей әлемдік нарықты, халықаралық еңбек бөлінісін қалыптастыруға ықпал ететін экономикалық қатынастарды қорғауға бағытталған. Экономикалық қатынастардың жай-күйі көбіне өндірістің және мемлекеттің өндіргіш күштерінің даму деңгейлерімен, экономиканың әр түрлі үлгілерімен, табиғи ресурстардың болуымен және басқа да секторлармен айқындалады.

Идеологиялық қатынастар– саяси қатынастардың біршама дербес бөлігі. Идеологиялық қатынастардың ролі мен маңызы қоғамдағы идеологияның ролінің өзгеруіне байланысты өзгеріске түсіп отырады. Бірақ идеологияның, демек идеологиялық қатынастардың ролінің артуының жалпы үрдісі тән.

Халықаралық-құқықтық қатынастар– халықаралық қатынас қатысушыларының өзара қарым-қатынасын осы қатысушылардың келіскендігі жөніндегі құқықтық нормалармен және ережелермен реттеуге саяды. Халықаралық-құқықтық механизм қатысушыларға өздерінің мүдделерін қорғауға, өзара қарым-қатынасты дамытуға, дау-жанжалдың алдын алуға, даулы мәселелерді шешуге, барлық халықтардың мүдделеріне қарай бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға мүмкіндік береді. Халықаралық құқықтық қатынастар әмбебаптық сипатта болады және көпшілік таныған ұстанымдар жүйесіне негізделеді. Халықаралық қатынастардың барлық түрлерін реттейтін көпшілік таныған нормалардан басқа олардың арнайы бағыттарын (дипломатиялық құқық, теңіз сауда құқығы, халықаралық арбитраж, сот және т.б.) реттейтін ерекше нормалар да бар.

Әскери-стратегиялық қатынастар, оған әскери күштерді тікелей немесе жанама құрумен, жетілдірумен, қайта бөлумен қайсыбір байланыстағы ерекше қоғамдық, халықаралық қатынастардың кең саласы жатады.

Ядролық қару жасау мемлекеттердің әскери-саяси қарым-қатынастарының: одақтастық, конфронтациялық, кооперациялық-конфронтациялық қатынастарының сипатын, ауқымын және күшеюін негізді түрде өзгертті.

Мәдени қатынастар, оның негізінде қоғамдық өмірдің интернационализациалануы, мәдениеттердің, білім жүйелерінің өзара сіңісуі және байытуы, бұқаралық ақпарат құралдарының қарқындап дамуы процестері жатыр. Көбіне олардың өзіндік дамуында үкіметтік емес ұйымдар негізгі маңызға ие.

Халықаралық қатынастардың барлық түрлері алуан түрлі формада өмір сүреді, олар аса көп түрлі:

– саяси: құқықтық, дипломатиялық, ұйымдастырушылық және т.б.;

– экономикалық: қаржылық, сауда, кооперативтік және т.б.;

– идеологиялық: келісім, декларациялар, диверсиялар, психологиялық соғыс және т.б.;

– әскери-стратегиялық: блоктар, одақтар және т.б.;

– мәдени: әртістердің гастролі, ақпарат алмасу, көрмелер және т.б.

Өзара әрекет сипаты тұрғысынан алғанда халықаралық қатынастардың әр түрлі жағдайларын бөліп көрсету қабыл алынғанын айта кеткен жөн: бұл, мысалы тұрақтылық немесе тұрақсыздық жағдайы, сенім немесе араздық, ынтымақ немесе дау-жанжал, бейбітшілік немесе соғыстар.

Халықаралық қатынастардың мәнін айқындау үшін халықаралық қатынастар субъектілерін анықтаудың зор маңызы бар, оларға жататындар: таптар мен басқа да арнайы топтар; мемлекет және мемлекеттік бірлестіктер; саяси партиялар; үкіметтік емес ұйымдар[145].

Халықаралық қатынастарды талдауға арналған ғылыми әдебиеттерде халықаралық аренадағы өзара әрекеттің қатысушылары көбіне «актор» терминімен белгіленеді. Халықаралық қатынастар саласында актор деп белгілі бір рольді ойнауға, болып жатқан процестерге ықпал етуге қабілетті кез келген әлеуметтік қауымдастық, кез келген институт, кез-келген ұйым, кез келген топ және де тіпті кез келген индивид түсініледі. Мұндағы халықаралық қатынастардың қатысушылары жөніндегі мәселе ғылыми пікір-таластардың, теориялық талас-егестердің тақырыбы болып табылатындығын атап көрсету қажет. Сондықтан біз мұнда, көптеген теориялық бағыттар мен мектептердің өкілдері типтік ретінде танылған халықаралық акторларды қарастыратын боламыз. Мұндайлардың қатарына, ең алдымен мемлекет пен халықаралық ұйымдарды жатқызу қабылданған. Халықаралық қатынастардың субъектілерінің ролінде көріне алатын халықаралық жүйелерге (халықаралық қауымдастықтар) келетін болсақ, онда келесі тақырыпша соларды талдауға толығымен арналады.

Мемлекет, халықаралық аренадағы басты актор болып табылатындығы шүбәсіз. Нақ осы мемлекеттердің қызметімен, олардың сыртқы саясатымен көбіне сол дәуірдегі халықаралық қатынастардың сипаты анықталады; халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатынастардың басқа да қатысушыларының қызметі мен тіпті өмір сүруінің өзі едәуір дәрежеде оларға мемлекеттің қалай қарайтындығына байланысты болады. Халықаралық актор ретіндегі мемлекеттің басқарушылық ролі оның адамзат қауымдастығының әмбебап ұйымы болып табылатындығымен байланысты. Қазіргі уақытта іс жүзінде бүкіл адамзат, кейбіреулерін қоспағанда, мемлекетке біріккен. Сонымен бірге, жаңа мемлекеттердің құрылу процесі жалғасуда: егер XV ғасырда әлемде 5-6 мемлекет өмір сүрсе, 1900 жылы олардың саны 30 болды, 2006 жылы – 237 мемлекет болды, 1945 жылы – 60 мемлекет БҰҰ-ның мүшесі болып табылды, 1965 жылы оған енді 100, ал, 1990 жылы – 160, 2006 жылы – 191 мемлекет мүше болды. Мұнымен жаңа мемлекеттердің санының өсуі тоқтайды деп ойламаймын, сарапшылардың пікірі бойынша, таяудағы он жылдықта олардың саны 300-ге дейін жетуі мүмкін.

Халықаралық қатынастардың субъектісі ретіндегі мемлекеттің маңызды белгісі оның егемендік сияқты қасиеті болып табылады[146]. Бастапқыда бұл ұғым монархтың мемлекет ішінде өз еркін іске асыруымен және мемлекеттен тыс жерде оны танытуымен байланысты оның шексіз билігін білдірген. Кейін егемендік ұғымы ұлттарға байланысты қолданылатын болды, сөйтіп ұлттық мемлекет сияқты мемлекеттіліктің формасының қалыптасу процесінің көрінісі болып табылды. Қазіргі кезде «ұлттық мемлекеттік егемендік» категориясының негізгі ішкі және сыртқы екі қыры бар. Бір жағынан, мемлекеттік егемендік, мемлекеттің өзінің ішкі және сыртқы саясатын айқындау барысындағы толық еркіндігін білдірсе, екінші жағынан – мемлекеттердің бір-бірінің ішкі істеріне, өзара қарым-қатынастарындағы олардың теңдігі мен тәуелсіздігіне қол сұқпауын білдіреді.

Алайда мемлекеттердің формальды-заңды теңдігі олардың халықаралық қатынастардың субъектілері ретіндегі шынайы теңдігін білдірмейді; «олардың кейбіреуі, басқаларына қарағанда көбірек теңдікке ие» екендігі қалай тауып айтылған. Шындығында, мемлекет өзінің аумағымен, халқымен, табиғи ресурстарымен, экономикалық әлеуетімен, әскери күш-қуатымен, саяси беделімен, ақыр соңында өзінің қанша жыл өмір сүріп келе жатқандығымен ажыратылады. Бұл айырмашылықтардың нәтижесі олардың ұлттық күш-қуаты тұрғысынан алғандағы мемлекеттердің теңсіздігінде көрінеді, сонымен қатар, өздерінің егемендігін қорғаудағы олардың мүмкіндіктерінің тең еместігін білдіреді.

Мұндай теңсіздіктің нәтижесі халықаралық аренадағы оған мемлекеттердің іс-жүзіндегі иерархиясы тән болып келетін халықаралық стратификация болып табылады. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, күшті державаларды, ұлы державаларды, орташа мемлекеттерді, шағын мемлекеттер мен микромемлекеттерді ажыратуға болады.

Атап көрсетілгендей, мемлекеттер өздерін өзінің сыртқы саясаты арқылы көрсетеді. Оның негізгі міндеті – ұлттық мүдделерді қанағаттандыру, елдің жер аумағының тұтастығын сақтау, оның қауіпсіздігі мен егемендігін қорғау. Сонымен бірге қазіргі жағдайларда сыртқы саясаттың пәндік саласы елеулі түрде кеңею үстінде: ол өзіне экология, ғылыми-техникалық прогресс, экономика, мәдениет және т.б. сияқты проблемаларды қосып алуда.

Халықаралық ұйымдар барынша белсенді және халықаралық қатынастардың көп санды қатысушыларының қатарына жататындығын айта кеткен жөн. Олардың рөлінің айтарлықтай артуы және соған тең дәрежеде олардың жалпы санының көбеюі де қазіргі халықаралық дамудың маңызды үрдістерінің бірі болып табылады. Халықаралық Ассоциациялар одағының мәліметтеріне сәйкес, 2005 ж. 7 мыңнан астам халықаралық ассоциациялар болған, ал, егер қызметі қандай да бір жағдайда халықаралық аренаға шығып кетіп жататын барлық бірлестіктердің бәрін қалдырмай есептейтін болса, онда олардың саны 50 мыңнан асып жығылады.

Халықаралық ұйымдарды әдеттегідей, мемлекетаралық (үкіметаралық) және үкіметтік емес ұйымдар деп негізгі екі топқа бөледі.

Мемлекетаралық (үкіметаралық) ұйымдар мемлекеттер тобының келісімі негізінде құрылады; бұл ұйымдардың шеңберінде мүше-елдердің өзара әрекеті іске асырылады және олардың жұмыс істеуі сәйкес ұйымның қызметінің тақырыбы болып табылатын мәселе бойынша қатысушыларды сыртқы саясаттың кейбір ортақ қорытындысына әкелуіне негізделген. Іс жүзінде әрбір осындай ұйым белгілі бір келісілген міндет пен тұрақты органға иелік етеді, ал олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттілігі оған кіретін елдер өкілдерінің әлсін-әлсін конференциясын шақырып тұру қажеттілігін тудырады.

Мемлекетаралық ұйымдардың саны мемлекеттердің санынан едәуір көп екенін байқаймыз. Олардың саны, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өсе түсті. Егер ХХ ғасырдың басында шамамен 30-дай мемлекетаралық ұйым болса, 2005 ж. олардың саны 300-ге жетті. Олардың бәрі жинақталып халықаралық қатынастардың барлық салаларын қамтитын, барынша дамыған желіні құрайды.

Өзінің функционалдық міндеті бойынша үкіметаралық ұйымдар халықаралық қатынастарды реттеудің механизмі ретінде алға шығады. Бәрінен бұрын, олар қатысушылардың сәйкес көзқарастары айқындалатын өзінше тұрақты дипломатиялық форумдар болып табылады. Одан ары қарай, олардың шеңберінде халықаралық-құқықтық нормаларды қалыптастыру мен іске асыру процесі болып өтеді. Ақыр соңында, бұл ұйымдардың қызметі оған қатысушы мемлекеттердің мінез-құлқына елеулі түрде ықпал етеді, сонымен бірге орындауға міндетті құқықтық нормаларды қалыптастыру жөнінде әңгіме болмаған жағдайдың өзінде де ықпал етеді. Басқаша айтқанда, мемлекетаралық ұйымдарға қатысудың өзі мемлекеттер үшін оларды халықаралық әлеуметтендірудің факторына айналды.

Сонымен қатар, мемлекетаралық ұйымдардың құрыла отырып қатысушы мемлекетке қатысты алғанда белгілі бір автономияға ие болатындығына және бір жағынан олардың бақылауынан шығып кететіндігіне де назар аудару керек. Сонысымен де олар, қалай болғанда да ұлт үстінен жоғары институттардың рөлін атқарады. Дегенмен осы пікірге байланысты маңызды бір дәлелдеме жасаған жөн. Ұлт үстінен жоғары институттар осы терминнің түпнұсқа мәнінде, яғни мұндай халықаралық мекемелер шешімдері барлық мүше-мемлекеттер үшін шешімдер міндетті болып табылатын мекемелер, тіпті егер олар онымен келіспесе де бұл халықаралық қатынастарда сирек кездесетін жағдай болып табылады. Қазіргі уақытта бұл тәрізді институттар тек Еуропалық Одақ шеңберінде өмір сүреді[147]. Бірақ, бұл бірлі-жарым фактілер өзінше өте маңызды: ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы болмыста мемлекеттік егемендік ұстанымдарына көзқарастардың өзгергендігі жөнінде айғақтайды; сірә, ЕО-қа қатысушы елдер іс жүзінде конфедерацияның субъектілеріне айналса керек. Бұл қазіргі әлемнің интеграциясының арта түскендігін білдіреді.

Мемлекетаралық ұйымдардың әр түрлі типологиясы бар. Соның ішінде неғұрлым кең таралғаны оларды геосаяси белгілері бойынша және қызметінің бағыты бойынша жіктеу болып табылады. Бірінші жағдайда үкіметаралық ұйымдардың мынандай типтері бөліп көрсетіледі: әмбебеп (мысалы, БҰҰ); аймақаралық (мысалы, Ислам конференциясы Ұйымы); аймақтық (мысалы, ЕЫҚҰ, Латын Америкасы Экономикалық Жүйесі); субаймақтық(мысалы, Бенилюкс). Екінші өлшемге сәйкес үкіметаралық ұйымдардың келесі типтері ажыратылады: жалпымақсаттық (БҰҰ); экономикалық (Бүкіләлемдік сауда ұйымы – БСҰ); әскери-саяси (НАТО); қаржылық (ХВҚ, Бүкіләлемдік Банк, Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі – ЕВБРР); ғылыми-техникалық (Атом Энергиясы бойынша Халықаралық Агенттік – МАГАТЭ); құқық қорғау ұйымы (Халықаралық Қылмыстық Полиция Ұйымы – «Интерпол») және басқалары. Әлбетте, халықаралық үкіметаралық ұйымдар басқа себептер бойынша жіктелуі де мүмкін.

Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттер арасындағы келісімдер негізінде емес, қоғамның құқықтық мүшелері мен (немесе) ұйымдардың, мекемелердің бірлесуі нәтижесінде пайда болады. Олардың қызметі мемлекеттердің сыртқы ресми саясатынан тыс ауқымда іске асырылады. Мұндай ұйымдар төмендегідей үш өлшемге жауап береді: олардың құрамы мен мақсатының халықаралық сипаты; мекеменің жеке, яғни мемлекеттік емес сипаты; олардың қызметінің ерікті сипаты. Нақ сондықтан да мұндай ұйымдар халықаралық қатынастардың «жаңа акторларының» қатарына қосылады.

Халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға қатысты олардың тар және кең түсіндірмесі бар. Біріншісіне сәйкес оған қоғамдық-саяси қозғалыстар, трансұлттық корпорациялар (ТҰК) жатпайды, ал, мемлекеттің қамқорлығымен құрылған және өмір сүріп жатқан ұйымдар оған тіпті де жатпайды. Мұндай көзқараста халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға тек ерекше салалардағы бірнеше елдердің институттары мен индивидтерінің ынтымақтастық мекемелері жатады: діни ұйымдар (мысалы: Шіркеулердің Экумендік Кеңесі); ғалымдар бірлестігі (мысалы, Пагоуш қозғалысы); спорттық (ФИФА); кәсіподақтық (МФП); құқықтық (Халықаралық Кешірім) және т.б. Кең мағынасындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға қоғамдық-саяси қозғалыстар да жатады (мысалы, Социалистік интернационал – Социнтерн) және «жеке трансұлттық үкіметтер», ТНК сияқты және кейбір өзінің құрылымы мен құрамы бойынша үкіметаралық ұйымдар, олар халықаралық қауымдастыққа өзінің экономикалық ықпалын нығайтуға ұмтылады (мысалы, мұнайды шетелге шығарушы Елдер Ұйымы – ОПЕК).

Сірә, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар әзірге өзінің халықаралық процестерге ықпал ету дәрежесі бойынша мемлекетаралық мекемелермен бір қатарға қойылмайтын болса керек. Соған қарамастан, мұндай ұйымдардың санының артуында адамдардың өзара әрекеті мемлекеттің институттары арқылы емес, тура әрекет механизмдерінің көмегімен тікелей іске асырылатын халықаралық қатынастар жүйесінің қалыптасу үрдісі білінеді. Қазіргі кездің өзінде мемлекетаралық ұйымдарға қарағанда халықаралық үкіметтік емес ұйымдар айтарлықтай көп, сонымен бірге көптеген жылдар бойы олардың санының тұрақты түрде өсуі байқалады. Мәселен, 1968 ж. 1899 халықаралық үкіметтік емес ұйымдар болған, 1978 ж. – 2420, 1987 ж. – 4235, 1998 ж. – 5776[148], 2006 ж. – 7000-нан асты. Шамасы, халықаралық аренада әрекет етуші ретінде мемлекеттің монополиялық жағдайымен белгілі бір тұрғыда таласатын осы тектес акторлардың пайда болуын жаһандық азаматтық қоғамның қалыптасу процесі ретінде қарастыруға болатын сияқты.

Өзінің қызметінде бедел мен мемлекеттік биліктің күшіне сүйенетін үкіметаралық ұйымдарға қарағанда халықаралық үкіметтік емес ұйымдар өзінің ықпал ету құралы ретінде халықаралық қоғамдық пікірді, ал, мақсатқа жетудің әдісі ретінде – тікелей қандай да бір мемлекеттің үкіметаралық ұйымдарына (бәрінен бұрын БҰҰ) қысым көрсетуді пайдаланады. Осыған қарап оларға өздерінің алдына қойған міндеттерін орындаудың жиірек сәті түсетіндігін байқаймыз. Бұл, бәрінен бұрын қызмет саласы адам құқықтарын қорғау, экологиялық проблемалар мен гуманитарлық көмек болып табылатын ұйымдарға қатысты.

Осылайша, халықаралық қатынастар – бұл әлемдік аренада әрекет ететін халықтардың, мемлекеттер мен бірлестіктердің арасындағы саяси, экономикалық, құқықтық, дипломатиялық, әскери, мәдени, гуманитарлық және басқа да байланыстар мен өзара қарым-қатынастардың жиынтығы. Осыған сәйкес халықаралық қатынастар жүйесі де халықаралық қатынастар субъектісінің рөлінде көрінуі мүмкін.