Халықаралық қатынастар жүйесі

Халықаралық қатынастар әр түрлі кең көлемді деңгейлерде өрістейді, өмір сүреді және де әр алуан топтық деңгейлерде байқалады. Географиялық-кеңістіктік шектен шықпаушылығымен, аталмыш тұтастықты құратын мемлекеттің көлемімен және күш-қуатымен халықаралық жүйенің өлшемдері мен түрлері анықталады. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда халықаралық қатынастардың жаһандық немесе жалпы планетарлық, халықаралық жүйесін, аймақтық және субаймақтық жүйесін ажырату қабылданған.

Халықаралық қатынастардың барлық әрекет етуші акторлары жаһандық халықаралық жүйенің элементтері болып шығады. Аймақтық халықаралық жүйені мемлекеттің белгілі бір географиялық аймағында орналасқан ұйымдар, сондай-ақ қызмет өрісі ең алдымен сол аймақпен шектелетін халықаралық ұйымдар құрайды. Аймақтық халықаралық жүйенің қалыптасуының объективті алғы шарты мемлекеттердің жалпы географиялық тиесілілігі болып табылады. Бұл олардың арасында ерекше байланыстар мен өзара әрекеттердің орнауына алып келеді. Бұған, мысалы, еуропалық, панамерикандық, африкандық, азиялық (оңтүстік-азиялық, оңтүстік-шығыс азиялық), таяу шығыстық халықаралық жүйелер жатады. Субаймақтық халықаралық жүйені аймақтық жүйенің құрамдас бөлігі болып табылатын мемлекеттер тобы құрады (мысалы, Кариб бассейні елдері, батысеуропалық субаймақ немесе Бенилюкс елдері, яғни, Бельгия, Нидерланд және Люксембург). Әлбетте, аймақтық халықаралық жүйелер жаһандық жүйенің жүйеше-бөлігі ретінде, ал субаймақтық халықаралық жүйелер – аймақтық жүйенің элементтері ретінде қарастырыла алады.

Халықаралық жүйенің құрылымы деп ең алдымен «билік орталықтарының» немесе «күш орталықтарының», яғни, барынша қуатты, халықаралық аренада үстемдік ететін мемлекеттердің өмір сүруін көрсететін оның қатысушыларының арасындағы күш ара салмағының пішін үйлесімі түсініледі. Мұндай «билік орталықтарының» саны мен олардың арасындағы қатынас сипаты халықаралық жүйенің негізгі элементтері – егеменді мемлекеттердің арасындағы өзара әрекетте белгілі бір із қалдырады. Жүйенің нақ осы құрылымы оған тұрақтылық береді, барлық халықаралық акторлардың мінез-құлқын айқындайды. Халықаралық жүйенің құрылымдары қайсыбір елдерге мінез-құлық бағытын міндеттейді. Мысалы, экономика саласында олардың жеке мүдделеріне қарама-қайшы болуы мүмкін. Құрылым халықаралық қатынастар жүйесіндегі ықпалы бірдей емес мемлекеттердің халықаралық аренадағы мінез-құлқының сипатын түсінуге және болжауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ондағы үстемдік етіп тұрған мемлекеттердің санына байланысты халықаралық жүйенің қайсыбір алуан түрлілігі болуы мүмкін екендігіне жол беріледі. Айталық, аталмыш өлшем бойынша халықаралық жүйелерді биполярлық, көп полярлық және бір полярлық немесе империялық деп ажырату қабылданған[149].

Биполярлық жүйеде, белгілі болғанындай, неғұрлым қуатты екі мемлекет үстемдік етеді. Егер олармен салыстыруға болатын күш-қуатқа басқа мемлекеттер қол жеткізсе, онда халықаралық жүйе көпполярлыққа ауысады. Тепе-теңдік көпполярлық жүйеде немесе күштер тепе-теңдігі жүйесінде бірнеше ірі мемлекеттер бір-біріне деген шамадан тыс талап-тілектерге тыйым сала отырып, оқиғаның барысына шамамен бірдей ықпал етуін сақтайды. Сайып келгенде, империялық типтегі халықаралық жүйеде өзінің тұтас күш-қуаты қалған барлық мемлекеттерді әлдеқайда басып озатын бірден-бір күшті держава үстемдік етеді (мемлекеттің күш-қуатының көрсеткіштері қарулану деңгейі, экономикалық әлеуеті, табиғи ресурс қорлары, жер аумағының көлемі, халқының саны және т.б. табылатынын еске сала кетеміз).

Халықаралық жүйе құрылымында жүйенің өзінің жұмыс істеуі мен өзгеруінің заңдары да көрініс береді. Халықаралық жүйе құрылымының жай-күйінің өзі оның орнықтылығы мен өзгерісінің, тұрақтылығы мен «революцияшылдығының» көрсеткіші болып табылады. Жүйенің құрылымы, яғни оның қатысушыларының арасындағы күштер ара қатынасының пішін үйлесімі біраз уақыт бойы өзгеріссіз қалуы да мүмкін және сол кезде жүйе тұрақтылық тәртібінде жұмыс істейді. Жүйе ішіндегі күштер тепе-теңдігі біртіндеп өзгерген кезде, жүйе тұрақсыздық тәртібінде жұмыс істей бастайды және де ол эволюциялық жолмен, не болмаса, тіпті революциялық жолмен, яғни халықаралық күйзеліс арқылы өзінің құрылымы бойынша жаңа халықаралық жүйеге айналады. Жүйе құрылымындағы осындай өзгерістің нәтижесі ретінде халықаралық қатынастардың саяси-құқықтық тәртібіндегі өзгерістер де, яғни осы қатынастарды реттейтін формальды және формальды емес принциптердің, нормалардың, келісімдер мен шешімдер қабылдау процедурасының жиынтығы да көрінеді.

Олардың сыртқы және ішкі орталықтандырылуының төмен деңгейі сияқты халықаралық жүйелердің осындай бір ерекшелігі де назар аударуға тұрарлықтай. Басқаша сөзбен айтқанда, халықаралық жүйелер – бұл оны құрайтын элементтердің интеграциясының нашар деңгейімен, сондай-ақ осы элементтердің айтарлықтай автономиясымен ерекшеленетін әлеуметтік тұтастықтың ерекше типі. Олардың бұл ерекшелігі жоғарғы биліктің болмауымен және олардың негізгі элементі ретіндегі мемлекеттердің егемендігінің «саналуандылығымен» байланысты. Шындығын айтқанда, халықаралық жүйе элементтерінің мұндай автономиясының деңгейін абсолюттендіруге болмайды: халықаралық қатынастар тек мүдделердің шиеленісімен ғана сипатталмайды, сондай-ақ олардың акторларының өзара тәуелсіздігімен де сипатталады. Тіпті жоғары интеграциялы қауымдастық, яғни, мемлекеттік ұйымдасқан қоғам кейбір жағдайларда анархияға және тұтастықтың дезинтеграциясына әкелуі мүмкін, қоғам ішіндегі шиеленістерден құтыла алмаған. Тарихта мұның мысалдары аз емес. Таңқалуға тиіс нәрсе, халықаралық жүйелердің тұрақсыздық пен дезинтеграцияға бейімділігі емес, олардың өздерінің шеңберінде жоғарғы билік болмауы жағдайында да тұрақтылыққа ие болуы.

Халықаралық жүйелердің сыртқы жағдайы жөніндегі мәселені аналитиктер бір жағынан аймақтық және субаймақтық жүйелерге сәйкес, екінші жағынан – жаһандық жүйелерге сәйкес әр түрлі шешеді.

Ойлаудың өзі қиын болмаса да субаймақтық және аймақтық халықаралық жүйелердің кеңістігі олардың сыртқы геосаяси ортасы болып шығады. Мәселен, Еуропалық Одақтың кеңістігі, мысалы, басқа мемлекеттердің жиынтығы, сондай-ақ әр түрлі халықаралық ұйымдар мен аймақтық-географиялық (еуропалық) және жаһандық деңгейдегі басқа да акторлардың жиынтығы болып табыла алады. Осы кеңістіктің элементтерінің әрқайсысы халықаралық жүйе ретінде Еуропалық Одақтың жұмыс істеуіне қандай да бір ықпалын тигізеді[150]. Бұл ықпалдың нәтижесі аталмыш жүйедегі болып жатқан өзгерістер де, сондай-ақ Еуропалық Одақ тарапынан осы ықпалға реакция да («жауап») бола алады.

Жаһандық немесе жалпы планетарлық, халықаралық жүйелердің кеңістігі жөніндегі мәселе күрделірек шешілуде. Мұндай жүйенің, тұтастық ретінде іс жүзінде өзіне ұқсас жүйелік құрылымдармен мұндайлардың болмауынан өзара әрекет етуге мүмкіндігі жоқ. Жаһандық халықаралық жүйенің сыртқы жағдайы тек табиғи ортадан ғана табылуы мүмкін: геоландшафт, атмосфера, стратосфера, күн жүйесі. Осыған байланысты, кейбір аналитиктер жаһандық халықаралық жүйе осы терминнің дәл мағынасындағы жүйе ретінде қарастырыла алмайды деп топшылайды. Алайда, кез келген жүйенің анықталуы бойынша, сол қағидаға сәйкес оның кеңістіксіз бола алмайтындығы дәлелді болып табылады, бірақ бұл әлі әрбір жүйе міндетті түрде өзінің кеңістігімен өзара әрекетте болады дегенді білдірмейді. Тек ашық жүйелер ғана емес, жабық жүйелер де бар. Нақ осы жабық жүйелердің қатарына жаһандық халықаралық жүйе де жатады.

Жаһандық халықаралық жүйенің жағдайын түсінудегі атап көрсетілген қиындықтарға қарамастан, ғалымдардың басым көпшілігі аталмыш жүйенің ерекше өзгешелігі оның жұмыс істеуіне оған тән ішкі факторлар елеулі түрде ықпал ететіндігі екендігімен келіседі. Тұтастықты құратын элементтердің нақ осы қандай да бір жай-күйі, оның ішінде болып жатқан процестер, ең алдымен мәдени-тарихи сипаттағы процестер жаһандық халықаралық жүйенің дамуына шектеу мен күштеуді ықтиярсыз міндеттейді. Сонымен бірге әлеуметтік-саяси ғылымдарда географиялық ортаның ықпалын, кеңінен түсіндірер болсақ, халықаралық саясатқа, сәйкесінше, халықаралық жүйенің құрылымы мен жұмыс істеуіне басқа да табиғи факторлардың ықпалын зерттейтін геосаясат бағыты қалыптасты.

Халықаралық жүйелер объективті түрде бірқатар әлеуметтік функцияларды да орындайтындығын атап көрсету керек. Осы арқылы да осындай құрылымдардың өмір сүруінің мәні дәлелденеді. Бәрінен бұрын, бұл халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету функциясы. Бұл – олардың басты міндеті. Аталмыш жағдайға жаһандық халықаралық жүйенің өзіндік бейнесі болып табылатын әмбебап халықаралық ұйым – БҰҰ-ның Жарғысынан үзіндімен нақты мысалдар келтіреміз. Оның қызметінің негізгі мақсаты, міне, былай анықталады: халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау және осы мақсатпен әлемге төнетін қауіптің алдын-алу мен оны болдырмау үшін тиімді ұжымдық шаралар қабылдау және басқыншылық актісі мен басқа бейбітшілікті бұзатын актілерді басу және әділеттілік пен халықаралық құқық ұстанымдарына сәйкес оны бейбіт жолмен жүргізу, бейбітшілікті бұзуға әкелуі мүмкін халықаралық дау-жанжалдар мен жағдайларды ретке келтіру мен шешу. Халықаралық жүйелердің басқа да функцияларының қатарында тағы да мыналарды атауға болады: экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық проблемаларды шешуде халықаралық ынтымақтастықты іске асыру; халықаралық қауымдастыққа кіретін мемлекеттердің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қайсыбір қауымдастыққа мүше-мемлекеттердің ішкі дамуындағы проблемаларды шешу үшін қолайлы сыртқы алғы шарттар жасау.

Мемлекетаралық бірлестіктер егеменді единицалар, халықаралық құқықтың субъектілері ретіндегі мемлекеттердің арасындағы негізді қатынастарда өзгеше «қондырма» жасайтындығын айта кеткен жөн. Осыған сәйкес, халықаралық құқықтың халықаралық жеке құқық және көпшілік халықаралық құқыққа бөлінетіндігін атап көрсету керек. Соған байланысты, халықаралық құқық – «бұл мемлекеттер мен халықаралық құқықтың басқа да субъектілері жасаған, халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен бейбітшілікті қорғауға бағытталған, халықаралық құқық субъектілерінің өздерінің халықаралық міндеткерліктерін адал орындауымен қамтамасыз етілетін жан-жақты халықаралық қарым-қатынасты орнату мен дамытуға бағытталған, қажет болған жағдайда халықаралық құқықтың әрекет етіп тұрған нормаларына сәйкес жеке-дара және ұжымдық түрде мемлекеттің мәжбүрлеуімен іске асырылатын халықаралық келісім-шартты және әдеттегі нормалар жүйесі»[151].

Нақты тарихи жағдайларды зерттеуге сүйене отырып, халықаралық құқықты да халықаралық жүйенің қайсыбір типтеріне бөлуге болады. Мәселен, ағылшын ғалымы Е.Луард халықаралық жүйенің тарихи жеті типін бөліп көрсетті: ежелгі қытайлық жүйе (б.э.д. 771-721ж.), ежелгі грек мемлекеттерінің жүйесі (б.э.д. 510-338 ж.), еуропалық династиялар дәуірі (1300-1559), діни үстемдік заманы (1559-1648), мемлекеттік егемендік режимінің пайда болуы мен гүлдену кезеңі (1648-1789), ұлтшылдық дәуірі (1789-1914), идеологияның үстемдік заманы (1914-1974)[152]. Дегенмен, ғалымдардың көпшілігі қазіргі халықаралық жүйелердің пайда болуын оның негізі ретінде мемлекеттік егемендік режимінің бекуімен байланыстыратындығын байқаймыз.

ХХІ ғасырдың басында әлемдік қауымдастық өмірінің саяси, экономикалық, рухани салаларында, халықтар мен мемлекеттердің әскери қауіпсіздігі салаларында болған өзгерістер барынша айқындылығымен халықаралық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру проблемасын күн тәртібіне қояды. Мұндағы «жаңа» сөзінің мәні мынада – әңгіме бұл жерде бүкіл ХХ ғасыр бойы қызмет еткен, көбіне Вестфальдық классикалық халықаралық қатынастар жүйесінен ерекшеленетін халықаралық жүйе жөнінде болып отыр. Осыған байланысты әлемдік қауымдастық дамуының жаңа кезеңінің ерекшелігі неде және халықаралық қатынастардың жаңа жүйесін қалайша айқын көрсетуге болады деген сұрақтар туындайды.

Жаңа халықаралық жүйенің ерекшеліктерін анықтаудың әр түрлі тәсілдерінің негізінде қырғиқабақ соғыстың аяқталуы негіз болған бірыңғай әлемдік қауымдастық қалыптастыру процесінің аяқталғандығы жөніндегі қағида жатыр. Сөйтіп, құрлықтардың, аймақтардың, өркениеттер мен халықтардың оқшаулануы адамзаттың өткен дәуірінің еншісінде қалды. Қазіргі әлемдік қауымдастық іс жүзінде өзінің жекелеген бөліктерінің дамуының принциптері мен заңдылықтарының белгілі бір ортақ жиынтығы бар тұтас организмнің белгілеріне ие болды. Сондықтан да соңғы уақыттарда әлемнің өзара тәуелділігі мен жаһандануы проблемаларына, әлемдік саясаттың ұлттық құрамдас бөліктерінің ортақ қорытындыларына көп көңіл бөлінеді. Қазіргі дүние жүзінің даму динамикасы өзіндік көрініс табатын негізгі факторлар мен үрдістерді атап көрсетеміз.

Ең алдымен ХХ ғасырдың аяғындағы «коммунизм-антикоммунизмнің» қарама-қарсылығы түрінде әлемдік саясаттың идеологиялық қоздырушысы өзінің бұрынғы мәнін жоғалтқандығына назар аудару керек. Бұл бұрынғы қарсыластарды олардың әлеуметтік-саяси құндылықтарға қатынасы бойынша мәселеде бірден жақындастырды. Бұның ізінше, көптеген аймақтарда тоталитарлық және авторитарлық типтегі саяси жүйелердің демократиялық бағытқа ауысу процесі өріс алды.

Кеңестік блоктың күйреуі нәтижесінде Орталық және Шығыс Еуропаның елдері еуропалық және әлемдік саясаттың дербес акторларына айналды. Бұл, өз кезегінде, еуропалық центризмнің айқын түрде күшеюі мен батыс еуропалық интеграциялық құрылымдардың дербестігінің артуына алып келді. Сондай-ақ әлемнің басқа бөліктерінде де мемлекеттердің аймақтық топтарының құрылу процесі жандана түсуде. Әлеуметтік-саяси өзгерістерге әлемдік экономикалық жүйедегі өзгерістер де сәйкестенеді. Мұндағы өзгеріс либералдануда, интернационализациялануда және әр түрлі елдер мен аймақтардың экономикаларының өзара тәуелділігінің күшеюінде, бірыңғай жаһандық экономикалық жүйені жаңа деңгейде қалыптастыруда көрінеді. Экономикалық компоненттің әлемдік саясатта бірінші кезекке шығуы маңызды елеулі факторға айналды.

Көрсетілген өзгерістердің жалпы (жиынтықты) нәтижесі ретінде әлемдік саясаттың космополиттенуі көрінеді. Қазіргі жағдайларда оның қатысушыларының саны күрт өсті. Егер үш жарым ғасыр бойы мемлекеттер халықаралық қатынастардың үстемдік етуші қатысушылары болса, ал әлемдік саясат негізінен мемлекетаралық саясат болса, онда соңғы жылдары оларды белгілі бір ұлтқа жатпайтын, көбіне космополиттік трансұлттық компаниялар, халықаралық жеке қаржы институттары, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар ығыстырып шығаруда.

Осы жағдайларда қандай жаңа халықаралық қатынастар жүйесі қалыптасады, ол ғылыми талдау мен бүкіл әлемдегі өткір пікір-таластың тақырыбына қалай айналады, мәселе сол жөнінде болып отыр. Мұнда қалыптасып жатқан жаңа халықаралық жүйе жөнінде екі негізгі, сырттай негізді, әр түрлі түсініктер бар. Олардың бірі американдық философ-социолог Ф.Фукуяманың есімімен тікелей байланыстырылады, екіншісі американдық ірі саясаттанушы-ғалым С.Хантингтонның еншісінде.

Ф.Фукуяманың пікіріне сәйкес, негізгісі кеңестік блоктың идеологиялық және стратегиялық жеңілуі болып табылатын ХХ ғасырдың аяғында болған өзгерістер жер шарының барлық маңызды аймақтарын қамтитын жаңа әмбебап өркениеттің пайда болуын айғақтайды. Бұл өркениет батыстық қоғамға тән либералдық құндылықтардың салтанат құруына сүйенеді. «Бүкіл дүние жүзілік тарихта, – деп жазды Фукуяма өзінің «Тарихтың соңы» («Конец истории») деп аталатын танымал мақаласында, – әлдебір күрделі нәрсе болып жатқандығы туралы сезімнен құтылу қиын. Біздің көз алдымызда, жиырмасыншы ғасырда, либерализмнің алдымен абсолютизмнің қалдықтарымен, кейін большевизммен және фашизммен, тіпті ақыр соңында, бізді ядролық соғыстың апокалипсисіне тартумен қауіп төндірген жаңа марксизммен күресуіне тура келген кезде, дүние жүзін идеологиялық зорлық-зомбылықтың пароксизмі құрсаулады. Бірақ, батыстық либералдық демократияның соншалықты сенімді, зор жеңісіне бөленген бұл ғасыр басында, енді ол неден бастаса, соның соңына қайтып оралуда: жақында ғана алдын-ала болжанған «идеологияның соңына» немесе капитализм мен социализмнің конвергенциясына емес, экономикалық және саяси либерализмнің даусыз жеңісіне қайта оралуда»[153].

Келтірілген негізгі қағидаларға сүйене отырып, бірқатар аналитиктер келешек халықаралық жүйеде қарама-қайшылықтарды шешудің бірыңғай демократиялық нормалары мен принциптерінің негізінде, сондай-ақ, елдер мен аймақтардың терең экономикалық өзара тәуелділігінің нәтижесінде әскери күш мемлекеттердің өзара қарым-қатынасындағы өзінің бұрынғы маңыздылығын жоғалтады деп топшылайды. Сонымен бір мезгілде олар құқық нормаларын қолданудың негізінде халықаралық экономикалық және саяси қатынастарды басқара алатын әлемдік институттар жүйесін құрудың әр түрлі жобаларын ұсынуда. Осыған орай халықаралық қатынастардың принципі ретінде мемлекеттік егемендік емес, адамдық тұлғаның егемендігі, ұлттың құқықтары емес, индивид құқықтарының басымдығы ұсынылуда. Бұл идеялар мондиализм (француз тілінде monde – әлем) немесе «жаңа әлемдік тәртіптің» доктринасы деген атқа ие болды. Осы тәрізді жобалардың шынайлығын растауда олардың авторлары Еуропалық одақ тәжірибесін мысалға келтіреді, оның шеңберінде ұлт үстінен жоғары органдар құрылып, әрекет етуде. Соған сәйкес, бір авторлар ұлт үстінен жоғары әлемдік институттарды қалыптастыруда болашақ Әлемдік Үкіметтің бастамасы ретінде қарастырыла алатын, БҰҰ бас болатын көп санды халықаралық ұйымдар жетекші рөл атқаруға қабілетті деп топшылайды. Тағы бір топ авторлар БҰҰ аталмыш процесті басқаруға қабілетті емес, өйткені оның ұйымдастырылуы мен қызметінің негізге алынатын принципі мемлекеттік егемендік болып табылады деп есептейді. Сондықтан, олардың пікірі бойынша, БҰҰ-ының орнына халықаралық аренадағы өздерінің мінез-құлқының жалпы принциптерінің әрекеттілігін қамтамасыз етуге қабілетті, мемлекеттердің жаңа әмбебап ұйымын құрған жөн. Басқаша айтқанда, әңгіме бұл жерде әлемдік қауымдастық мүшелерін мұндай орталыққа өздерінің құқықтарының бір бөлігін, егемендігінің бір бөлігін беру арқылы жіберу жөнінде болып отыр.

Баяндалған жобалардың жақтаушылары қаншалықты болса, қарсы пікір айтушылары да соншалықты екендігін бірден байқауға болады. Оны сынаушылар өздерінің қарсылықтарын Фукидидтің уақытынан бері халықаралық қатынастар табиғаты қандай да бір елеулі өзгерістерді бастан өткізбегендігі жөніндегі қағидаға сүйеніп жасайды. Сондықтан, олар барлық үмітті аталмыш саланың реформалануына, құқықтық нормаларға, ұжымдық қауіпсіздік[154] пен ұлт үстінен жоғары ұйымдардың шешуші роліне негізделген халықаралық тәртіп құруға қалдырған жөн деп есептейді.

Енді келешектегі халықаралық жүйеге қатысты С.Хантингтонның түсініктеріне назар аударайық. Бұл көзқарастарын ол басында үлкен әсер тудырған «Өркениеттер қақтығысы» атты мақаласында (1993) баяндаған болатын, ал, бұл кейін осындай атпен шыққан кітабында (1996) әлгі ойлары жалғасын тапты. Оның көзқарасы тұрғысынан алғанда, биполярлық жүйенің күйреуімен әлемнің неғұрлым ірі болса да, өркениеттік және саяси қарым-қатынастарда барған сайын бір-бірінен асып түсетін жекелеген мемлекеттерге, қауымдастықтарға бөлінуі жүріп жатыр. Мәселен, Хантингтон батыстық, яғни өзіне Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаны қосып алатын атлантикалық өркениетпен қатар тағы да жеті өркениет өздері жөнінде айқын мәлімдейтіндігін болжап білуге болады деп есептейді. Олар: славяндық-православтық; конфуциандық (қытайлық); жапондық; исламдық; индуилік; латын американдық және африкандық та болуы мүмкін. Саясаттанушы-ғалым өркениеттік жіктелу халықаралық қарама-қайшылықтар мен шиеленістердің бастау көзіне айналатынына сенімді және де ол келешектегі әлемдік саясатты өркениеттердің қақтығысы ретінде сипаттады. «Әлемдік саясат, – деп жазды Хантингтон, – жаңа сатыға көшуде... Мен пайда болған әлемде шиеленістердің негізгі көзі енді идеология мен экономика болмайды деп топшылаймын. Адамзатты бөліп тұратын маңызды шекаралар мен шиеленістердің басым түсетін қайнар көздері мәдениетпен айқындалатын болады. Ұлт-мемлекет халықаралық істердегі басты әрекет етуші болып қалады, бірақ жаһандық саясаттың неғұрлым маңызды шиеленістері әр түрлі өркениеттерге жататын ұлттар мен топтардың арасында үдей түсетін болады. Өркениеттердің қақтығысы әлемдік саясаттың үстем факторына айналады. Өркениеттер арасындағы омырылған жол – бұл келешек майдан жолы»[155]. Әлбетте, Хантингтон АҚШ бас болатын батыстық өркениеттің әскери және экономикалық күш-қуатын келешектегі оның басқа өркениеттермен қақтығыстағы жеңімпаздығы үшін мейлінше нығайтуды ұсынады.

«Өркениеттер қақтығысы» тұжырымдамасы, сондай-ақ, өзіне біршама жақтаушылар да тапты. Іс жүзінде оның модификациясы көп полюстік әлем идеясы болып табылады. Тұжырымдама авторлары қазіргі кезде АҚШ, Еуропа, Ресей, Қытай және Жапония сияқты, сонымен қатар төмендеу деңгейдегі – Бразилия, Үндістан, Иран және басқа да бірнеше дербес «күш орталықтарының» қалыптасып келе жатқандығына сүйенеді. Бұл орталықтардың арасындағы қарым-қатынастың басты себебі – қайсыбір «күш орталығының» әскери үстемдік жасауына жол бермеуге тежеу салатын әлемдік саясатты айқындайтын болады. Көріп тұрғанымыздай, егер аталмыш тұжырымдама әділ болып шықса, онда әлемдік саясаттың факторы ретіндегі әскери күш өзінің дәстүрлі ролін жоғалтып қана қоймайды, сондай-ақ тіпті жаңа, неғұрлым маңызды мәнге ие болуы да мүмкін.

Шындығында осы екі тұжырымдаманың қайсысы халықаралық қатынастардың келешек жүйесі ретінде бекиді және жалпы осылардың біреуі болмасын біреуі беки ме, бүгінгі таңда оны айту қиын. Мұнда біз еуразиялық ғылыми және саяси ортаның айқын бір бөлігі олардың екеуін де жаңа атлантизмнің көрінісі ретінде бағалайтындығын байқауымыз керек (тиіспіз). Соған сәйкес, ақиқатында, бұл мағлұматтың екеуі де қазіргі дүниежүзілік болмыстың тек бергі жағын ғана қозғайтындығы және терең өркениетті қабатты жабық күйінде қалдыратындығы туралы пікір шығады. Әлемдік қауымдастықтың мүмкін болашағын түсінудің жоғарыда аталған тұжырымдамасына альтернативті көзқарас – орыс аналитигі А.Дугин ұсынған мүлдем жаңа «Еуразиялық Империялар» құру жобасы болады. Оның түсінігі бойынша, мұндай Империя мемлекеттер қауымдастығы жүйесі, нақтырақ айтқанда, бүкілеуразиялық құрлықты алып жататын «Үлкен Кеңістіктер конфедерациясы» болып табыла алады. Олардың ішінде Дугин негізгі төрт Империяны – Батыстағы Еуропалық (Германияның төңірегі мен Орта Еуропа), Шығыстағы Тынықмұхиттық (Жапонияның төңірегі), Оңтүстіктегі Ортаазиялық (Иранның маңайы) және Орталықтағы Орыс (Ресейдің маңайы) империяларын бөліп көрсетті. Сондай-ақ, олардың әрқайсысының ішінде конфедеративтік принцип әрекет ететін болады. Сонымен қатар, бұл блоктардан басқа дербес «Үлкен Кеңістіктер» де өмір сүретін болады. Мысалы, Үндістан, Барлық Араб Әлемі, сондай-ақ Қытайдың ерекше аймағы да болуы мүмкін. Бұл жобадағы елеулі нәрсе өзіндік геосаяси тұрақтылыққа, қуаттылыққа жету үшін және барлық еуразиялық халықтарға өздерінің жеке құндылықтар жүйесін таңдаудың мүмкіндігіне кепілдік беру үшін Ресей жаңа Империя құру барысында Еуропамен және Жапониямен берік стратегиялық одақ құруға барынша ұмтылуы тиіс екендігі жөніндегі жағдай болып табылады[156].

Қазақстан Еуразиядағы орталықтық сапа арқылы айқындалатын ерекше өркениетті құрылым болып саналатындығын айта кеткен жөн. Қазақстанның еуразиялық құрлық шеңберінде орталық позицияны иеленетіндігі ол үшін маңызды болмақты. Қазақстан – Азияның да, Еуропаның да құрамдас бөлігі емес, бірақ оларға қарағанда, солармен дүние жүзіне сәйкестенеді; ол дербес, ерекше рухани-тарихи және еуразиялық-геосаяси нақтылық. Геосаяси тұрғыдан алғанда Қазақстан Еуразиядағы бірегей жағдайды иеленіп отыр.

Қазақстан мәдени жағынан еуразиялық өркениетті қауымдастыққа жатады, саяси жағынан – ол Еуразия кеңістігінің бір бөлігі. Нақ сондықтан да Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыты еуразиялық бағыт болып келгендігі және қала беретіндігі аса түсінікті болып отыр. Осыған байланысты бұрынғы КСРО-ның қираған орнында жаңа интеграциялық құрылым жасауға бастама бола алатын Еуразиялық Одақ құруға деген геосаяси беталыс тарихи және стратегиялық тұрғыдан дұрыс болып саналады. Тарихи жағынан, Еуразия кеңістігі өзіне Шығыс-Еуропа, Батыс-Сібір және Түркістан алқаптарын енгізіп (қосып) алады.

Қазақстан Ресеймен бірге еуразиялық қауымдастықтың толық көлемдегі мүшесіне айналады. Қазірдің өзінде ол Азия, Еуропаның барлық елдерімен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға және еуразиялық, әлемдік қауымдастықтың өзі үшін тиімді болатындай деңгейде жалпы еуразиялық, жалпы әлемдік құрылымға бірігуге әзір.

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінің жоғарыда аталған үш альтернативасын қарастыру барысында мынандай сұрақтар туындайды: халықаралық, әлемдік дамудың тенденцияларына барабар – «тарихтың соңы» («жаңа әлемдік тәртіптің»), «өркениеттер қақтығысы» немесе «Үлкен Кеңістіктер конфедерациясының» тұжырымдамасы қандай болмақ? Бұл сұрақтар тіпті де оңай емес және әзірге оларға бір мағыналы жауап қайтаруға болатындығы да екіталай. Мұнда көптеген жеке сауалдар орын алады, халықаралық, әлемдік саяси процестің барысы елеулі түрде осы сауалдарға байланысты болады. Олардың қатарына мыналар жатады: АҚШ өзінің бірден-бір күшті держава екендігі жағдайын қалайша пайдаланады? Батыс Еуропаның АҚШ-тың бақылауында қалуға келісуі қаншаға созылады? Ресей үшін оның либералдық-демократиялық құндылықтарға бейімделуі қаншалықты табысты боп шығады? Араб әлемінде қандай ағымдар жоғары өрлейді? Халықаралық тұрғыда Жапония мен Қытай өз тағдырын өздері қалайша шешеді? Көрініп тұрғанындай, олардың жиынтығы жөнінде айтпағанның өзінде, бұл сұрақтардың әрқайсысына жеке-жеке жауап алу оңай емес. Сондықтан мәселе жаңа халықаралық жүйе, қандай болса да, ашық түрде екендігі жөнінде болып отыр.

Қазіргі уақытта ғалымдар мен практикалық саясаткерлердің геосаясат пен халықаралық қатынастар жүйесі проблемасына деген қызығушылығы айқын түрде күшеюде. Оның себебі – ХХІ ғасырдың басында әлемде қалыптасқан жаңа геосаяси болмыс. Сондықтан жаңа болмыс әлемдік саясаттың күн тәртібіне барлық халықтар мен мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, адамзаттың алдында тұрған гуманитарлық, экономикалық және экологиялық проблемаларды шешудің тиімді құралы бола алатын, халықаралық өмірді демократияландыруға, адамдардың қандай ұлтқа, мемлекетке немесе қандай әлеуметтік-тапқа жататындығынан тәуелсіз оларды бірлестіруге қабілетті бола алатын халықаралық қатынастар жүйесін құруды ұсынады.

Осыған байланысты халықаралық қатынастардың тұрақты даму мен жетілу үстінде болатындығын, жаңа элементтері мен қатынас деңгейлері пайда болып отыратындығын, олардың формалары жаңа мазмұнмен толығып отыратындығын атап көрсеткен жөн. Халықаралық қатынастар жүйесі мемлекеттердің, партиялардың және т.б. сыртқы саяси қызметінде өзін шынайы нақтылы түрде көрсетеді. Қазақстан да халықаралық қатынастар жүйесінің маңызды субъектілерінің ролінде көріне алады.