Ақида ілімінің тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлық кезеңінде ақиданың және өзге ислами ғылым салаларының қайнар көзін құрайтын уахилар келіп тұрды. Пайғамбарлықтың осы 23 жылдық кезеңінде ақида (саласын) ілімінің жазбаша болғандығын айту мүмкін емес. Өйткені, барлық сала мен сенімге байланысты сұрағы болғандар Пайғамбарымызға жүгінетін. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса, кез-келген мәселеге дер кезінде қанағаттанарлық жауап беріп, шешімін көрсетіп отырған. Сондықтан да Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) кезеңінде сенім мәселесінде толық мойынсұну қалыптасты. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін сенімге байланысты кейбір мәселелерде азды-көпті түсініспеушіліктердің пайда болғаны белгілі.

632 жылы Пайғамбар (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін ислам дінінің әкелген ой еркіндігінің нәтижесінде мұсылмандар Құран мен хадиске түрлі түсінік беріп, ағымдарға бөлінуге көшті. Бұған қоса сырттан түрлі тіл, дін, ұлт пен мәдениеттің адамдары исламды қабылдап, сан-алуан саяси идеологиялық әрекеттердің өршуіне де ұйытқы болды. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткен соң халифалық мәселе төңірегіндегі жанжалдар шиит мәзхабының шығуын жылдамдатты. Кейіннен үшінші халифа Хазіреті Осман 656 жылы шейіт болғаннан кейінгі Жәмәл оқиғасы, 657 жылы болған Сыффин соғысы секілді өзара қақтығыстарға ұласты. Осы соғыстарда адам өлтіру, әсіресе мұсылманды мұсылман қолымен өлтіру әрекетінің ақыры үлкен күнәләрмен бетпе‑бет қалдырды. Осындай жағдайда үлкен күнә істеген пенденің халі не болады деген сұрақтар туындады. Иман мен күпірдің өлшемі қандай, сонымен қатар адамның қалау еркіндігі мен еркіндіктің шегі қандай деген бірқатар мәселелер де өз жауабын талап етті. Бұл мәселелер төңірегінде әртүрлі көзқарастар айтылып, ақырында Муржия, Харижит, Қадария, Муғтазила және Жәхмия секілді мәзхабтардың шығуына себеп болды. Сонымен қатар ислам халифатына қарасты жердегі түрлі дін мен мәдениет өкілдерімен мұсылмандардың қарым-қатынас құруы, пәлсафалық түсініктердің ислам әлеміне жайыла бастауы секілді сырттан келген әсерлер де, сенім мәселесінде түрлі көзқарас пен топтардың тууына бірден-бір ұйытқы болды.

Аббасидтер кезеңінде (750-1258) ислам ақидасына тағы бір ушыққан мәселе тудырған сала – пәлсафа болатын. Пәлсафалық еңбектер әсіресе Халифа Мәмунның (813-833 ж.) әмірімен грек тілінен араб тіліне көптеп аударылды. Көп ұзамай-ақ, мұсылман пәлсафашылар дүниеге келді. Олар ақида тақырыптарын пәлсафалық тұрғыдан қарастырып, яғни сенім негіздерін ақылға жүгіне отырып дәлелдеуге тырысты. Өкінішке қарай, мұндай әдістердің көпшілігі Құран мен хадиске қайшы келіп отырды. Пәлсафашылардың мұндай әрекеттері ислам ғалымдарының оларға қарсы шығуына, керек болса кейбіреуін кәпір деуге дейін алып барды. Бір жағынан ақылды бірінші негіз етіп алған Муғтазила мен ислам пәлсафашыларының ғылыми әрекеттері әһли-сүннет ғалымдарының жүйелі жұмыс істеуіне септігін тигізді.

Әйгілі ғұлама Имам Ғазали (өл.1111 ж.) ислам әлеміндегі пәлсафаның 20 мәселеде дінге қайшы келетіндігін «Тахафутул фәләсифа» атты еңбегінде дөп басып көрсетті. Имам Ғазали бұл мәселелерді жан-жақты зерттеп барып, қорытынды жасай келе дінге қайшы келетін 20 мәселенің үшеуінде ислам пәлсафашылары үлкен қателікке ұрынғандығын айтады. Осы қателіктерінінің маңыздылық деңгейіне байланысты оларды кәпір деп айыптауға дейін барады. Қалған 17 мәселе бұл үш мәселеге қарағанда айтарлықтай қауіпті емес. Бірақ, түптеп келгенде осы 17 мәселенің өзі адам санасын адасушылыққа жетелейтіндігіне тоқталады.

Ғалымның пікірінше пәлсафашыларды күпірлікке апаратын төмендегідей үш мәселе бар:

1. Әлем Аллаһ сияқты әзәли, яғни әуелден бері бар. Пәлсафашылардың айтуынша әлем заттық тұрғыдан хадис (кейіннен жаратылған), заман тұрғысынан ғана әзәли, яғни әуелден бері бар. Бұлай болғанда, мұның мағынасы Аллаһ заман және уақыт тұрғысынан емес, заттық, материалдық тұрғыдан әлемнен бұрын болған дегенге саяды.

2. Аллаһ жузи (кішкентай, бөлшектер) нәрселерді білмейді. Өйткені, оқиғалар мен жағдайлар сәт-сайын өзгеріс үстінде. Оқиғалар өзгерген кезде оған байланысты мәліметтің де, білушінің де өзгеруі тиіс. Егер, Аллаһ жүзиятты біледі дейтін болсақ, Аллаһтың болмысы да өзгеруі тиіс. Алайда Аллаһтың болмысында өзгеріс болмайды. Себебі оның заты, болмысы әртүрлі өзгерістерден пәк дейді.

3. Ақыретте өлгеннен кейінқайта тірілу кезінде адамдардың махшар алаңына жиналуы рухани тұрғыдан болады. Яғни, пәлсафашылар ақыретте өмірдің болатындығын қабыл етеді, бірақ ондағы өмірдің тәнмен емес, тек рухани тұрғыдан болатындығын айтады.