Тақырып Кеңес дәуіріндегі Қазақстан мектебі мен педагогикасы

Дәріс жоспары

1. ХХ ғ басында Қазақстандағы қоғамдық –педагогикалық қозғалыс

2. Ұлттық мәдениет және ана тілде оқытатын мектептер ашу туралы ойлар

3. Этнопедагогика және этнопсихология мәселелерін қарастыру

4. А.Байтұрсыновтың қоғамдық,ұйымдастырушылық және ғылыми педагогикалық қызметі

5. М.Жұмабаевтің педагогикалық көзқарастары. Жүсіпбек Аймауытовтың педагогикалық іс әрекеті. С.Көбеевтің педагогикалық мұрасы. Нәзипа Құлжанованың педагогикалық көзқарастары

6. Р.Лембергтің ғылыми мұрасындағы педагогикалық мәселелер. А.Н.Сембаевтың, Т.Тәжібаевтің, Қ.Бержановтың педагогикалық мұрасы.

 

1920-1930 ж.ж. еліміздің экономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірінде болған ұлы өзгерістер мен ілгерілеулер ғылым мен мәдениеттің, оқу-ағарту ісінің өркен жаюына мүмкіндік туғызды. Көптеген арнаулы орта және жоғары оқу орындары ашылып, ғылым мен мәдениеттің әр саласынан білікті маман кадрлар көбейді. Ғылымның сан-саласын қамтитын ғылыми-зерттеу институттары ашылып, оларға басшылық жасайтын орталық – Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы құрылды. Республикада соңғы 70 жыл ішінде педагогика ғылымының дамып, қалыптасуына ондаған баспа орындарының, ғылыми-әдістемелік арнаулы журналдар (“Абай” (1918), “Мұғалім” (1919), “Ауыл мұғалімі” т.б. (1925) мен газеттердің ашылуы, жыл сайын жүздеген оқулықтар мен ондаған ғылыми-педагогикалық зерттеу еңбектерінің шығуы да игі әсерін тигізді. Бұл іске 1920 ж. ҚАССР оқу халық комиссариаты жанынан құрылған Академцентр (Академиялық орталық) мұрындық болды. Академцентрдің жұмысын қазақтың көрнекті педагогі Ахмет Байтұрсынов басқарады. Олар жаңа құрылған Кеңестік мектептерге оқу-әдістемелік құралдары мен пән бағдарламаларын жасау ісімен айналысты. Бұл іске Қ.Жұбанов, Т.Шонанов, С.Аманжолов сияқты тілшілер, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин сияқты әдебиетшілер, С.Аспендияров сияқты тарихшылар, Ғ.Қарашев, Ш.Әлжанов, Ә.Сыдықов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова сияқты педагог ғалымдар тартылды. 1933 ж. Академцентрдің негізінде ҚСРО Халық ағарту комиссариаты жанынан педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның тұңғыш директоры болып ҚазПИ-дің профессоры Ш.Әлжанов тағайындалды. Институтта алғаш 3 сектор жұмыс істеді. Ол политехникалық пәндер мен гуманитарлық пәндер секторы және оқу-ағарту, баспа ісін басқару секторы. Сектордың жұмысына Қ.Жұбанов, С.Логинов, Ә.Сыдықов, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Кәрібаев, М.Хамутов, Ш.Қоқымбаев, С.Жиенбаев сияқты методист-ғалымдар тартылды. Олар жеке пәндердің бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдарын жасау ісімен айналысты. Педагогика, психология ғылымдарының терминдерін қалыптастырып, арнайы зерттеу еңбектері мен оқулықтарын, сөздіктерін жасауда, сөйтіп бұл ғылым салаларын қалыптастыруда 1920-1935 жылдары Ә.Диваев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, С.Садуақасов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, С.Сейфуллин, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов, Н.Құлжанова, М.Жолдыбаев, Ш.Әлжанов сияқты біртуар зиялы азаматтар орасан зор еңбек сіңірді.

Әсіресе тіл ғылымының терминдік, грамматикалық негізін салудағы А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбанов, Т.Шонановтардың, жаратылыстану ғылымы саласындағы Х.Досмұхамедовтың, тарих ғылымы саласындағы С.Асфендияровтың, Ана тілі және есеп пәндері бойынша М.Дулатов пен С.Жомартбаевтардың, мектепке дейінгі тәрбие саласындағы Н.Құлжанованың, педагогика саласындағы М.Жұмабаев, Ш.Қоқымбаев, Ш.Әлжановтардың, психология ғылымы саласындағы Ж.Аймауытов, Ә.Сыдықовтардың, әдебиет саласындағы М.Әуезов, С.Сейфуллин т.б. еңбектерін ерекше атауға тура келеді.

Өкінішке орай педагогика және психология, жеке пәндерді оқытудың әдістеме ғылымдары саласындағы жоғарыда аттары аталған қайраткерлер 1935-37 жылдардағы жеке басқа табынудың құрбаны болып жазықсыз атылып, асылып кетсе, ал еңбектері отқа жағылып жоқ болды.

Біраз жылдық тоқыраудан кейін 1950-80 жылдар аралығында Ә.Сыдықов, Р.Г.Лемберг, А.П.Нечаев, Т.Тәжібаев, Е.Бекмаханов, Ә.Сембаев, Ә.Қоңыратбаев, Ш.Кәрібаев, С.Қожахметов, М.Ғабдуллин, Б.Мадин, Т.Сабиров, М.Мұқанов, Е.Суфиев, С.Балаубаев, А.Темірбеков, Қ.Жарықбаев т.б. ондаған көрнекті педагог ғалымдар педагогика, психология саласында қомақты еңбектер жазып қалдырды. Сөйтіп, қазақстандық төл педагогика, психология ғылымдары қалыптасты.

Солардың ішінде тұңғыш педагогика, психология және әдістеме ғылымдарына сүбелі үлес қосқан А.Байтұрсынов, Н.Құлжанова, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов еңбектеріне арнайы тоқталуға тура келеді.

Ахмет Байтұрсыновтың (1873-1937) педагогикалық көзқарастары мен ағартушылық қызметі.Ахмет Байтұрсынов бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында өзіндік өшпес ізін қалдыра білді. “Әліпби”, “Тіл құралы”, “Әдебиет танытқыш” т.б. оқу құралдарын жазып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелерін зерттеу ісімен айналысты. Қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб алфавитін жетілдіру, терминдер туралы ғылыми өресі биік еңбектер жазды. Оның 1926 жылы Баку қаласында өткен түркологтардың Бүкілодақтық І съезіне қатысып, араб, түркі тілдері мен сол тілдерде қолданылатын әліпбилер туралы баяндама жасауы, бірнеше комиссияның жұмысын басқаруы, Қазақстан Оқу-ағарту халық комиссариатындағы, баспа ісін басқарудағы жұмыстары оның қоғамдық, мәдени-ағартушылық, ғалымдық қызметінің алуан арналы қомақтылығын танытады.

А.Байтұрсынов өзінің ұстазы ұлы Абай салған жолмен орыс әдебиетінің мысалшыл классигі И.А.Крыловтың туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петерборда бастырып шығарып, оқулық ретінде ұсынды.

Ахмет Крылов мысалдарын аударуда да белгілі ағартушылық мақсат көздеді. Ол қазақ халқының әлеуметтік өміріне, тұрмыс-тіршілігіне сай келетін, надандығын, жалқаулығын, алтыбақан алауыздығын әшкерелейтін мысалдарды таңдап, талғап аударды.

Патша өкіметінің отарлау саясатының қазақ халқының хал-ахуалын әбден төмендетіп, шымбайына батқанын көре білген Ахмет Байтұрсынов 1913 ж. “Жиған-терген” атты өлеңінде:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып,

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың! –

деп қалың елі қазағының хал-ахуалын тебірене жыр етті.

А.Байтұрсыновтың ағартушылық ой-пікірлері 1911-1915 жылдары шыққан “Айқап” журналы мен 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан “Қазақ” газетінде (ол 5 жыл бойы осы газеттің жауапты редакторы болған) жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастады. Ол өзінің 1911ж. “Айқап” журналына жазған “Қазақтың өкпесі” атты мақаласында “Өзге жұрттар өнер-білім қуғанда, қазақтың хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекет жанында өз алдына хандық құрып тұра алмайтын болғандықтан... хандарымыз халқыменен Ресейге қосылған” деп тарихи шындықтың бетін ашады. Қалың елі қазағына ұлы ақын Абайша өсиет айтып, “Шаруаңды түзет. Жалқаулықтан арыл, адал еңбек ет, кәсіп үйрен, тер төк... Дүниеде елге теңдік, кемге кеңдік беретін, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді үйренейік ағайын!” – деп көпке жар салды.

Ал 1913 ж. “Қазақ” газетінде жарияланған “Оқу жайы” атты мақаласында мәдениетті елдермен мәдениетсіз, оқу-білімсіз елдерді салыстыра келіп, “Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Адам баласын көкке құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген ғылым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған да ғылым. Отарба, откемелерді жүргізген ғылым” деп өнер мен ғылымның жасампаздық күшін паш ете келеді де, қазақтың басқа жұртқа жем болуының, теңдіктен құр алақан қалуының басты себебін А.Байтұрсынов оқусыз надан қалуынан деп санайды.

Сондай-ақ, өзінің 1913 жылы “Қазақ” газетінде жарияланған “Қазақша оқу жайынан” атты мақаласында “Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктердің көбі түзелгенде оқу-біліммен түзеледі” – дейді. Оқудың қоғамды өзгертуші күш екенін, жауыздық пен надандық атаулының бәрі білімсіздіктен, надандықтан туындап отырғанын тап басып тура айтты.

А.Байтұрсынов туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. “Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек”, – деп жазды ол. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі хал-күйі оның қабырғасына қатты батты. Бұл жөнінде: “Осы күнгі ауыл мектебінде оқуға керекті құрал жоқ. Оқыта білетін мұғалім аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары... Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі...” деп ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, “орыс школдарында тәртіп те бар, құрал да сай, мөлшер, жоспар – бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікірі (орыстану саясатын айтып отыр. – С.Қ.) бүлдіріп отыр”– деп қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлау саясатының қалай іске асырылып жатқанын әшкерелейді.

Ол патша әкімдерінің оқу-ағарту ісіндегі бұл саясатының түпкі мақсатын одан әрі айқындай түсіп, “Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, әр халыққа керегі өз дінін, тілін, жазуын сақтау. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек... Қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік. Қазақты дінінен аударуға болмаса, жазуынан да аударуға болмайтын жұмыс” деп, өз пікірін батыл білдірді. А.Байтұрсынов “Қазақ” газетінің 1914 жылғы 62-санында “Мектеп керектері” деген мақаласында “...Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім. Екінші – оқыту ісіне керек құралдардың қолайлы, һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші – мектепке керегі белгіленген программа” – деп оқытуға қажетті мәселелерді ғылыми тұрғыда талдап береді.

Автор қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге де арнайы тоқталып, ол пәндерді: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, қолөнері, жағрафия, жаратылыс болуы керек деп саралап көрсетеді. А.Байтұрсынов осы пәндердің оқулықтарын шығаруды қолға алынғанын, алайда арнайы баспахана болмағандықтан, кейбір оқулықтарды шығару ісіндегі қиындықтарды қынжыла баяндайды.

“Қазақтың өмірі орыс халқымен тығыз байланысты” деп келешекке көрегендікпен қарап, “орысша оқу орыс қол астында тұрған жұртқа керек. Жаңа жолдың көшбасшысы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа – ниетті, жұртына қызмет ету...” екенін атап көрсетеді. Қазақ арасына білім нұрын шашуға нағыз қолайлы деп ауыл мұғалімдеріне үлкен үміт артады.

А.Байтұрсынов Қазан төңкерісіне дейінгі ауыл мектебінің кемшіліктерін де дұрыс көрсете білді. “Бұлардың кемшілігі сол – деді ол – бала оқыту ғылымын (методикасын) меңгергендер, оқығандар ішінде кем болуы. Дыбысты жақсы білмей тұрып, усул төте (жаңаша буындап оқыту) жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік-тәжірибесіздік” деп оқытудың әдістемелік мәселесін қазақ топырағында тұңғыш рет сөз еткен де Байтұрсынов болды.

Ол осы пікірін әрі қарай жалғастырып, “Оқыту жайынан” атты мақаласында “... оқу жұмысы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаңдамайды, ауытқымайды, түзу жүреді...” дегенді айтты. Ол осы пікірін іске асыру жолында нақтылы еңбек етті. А.Байтұрсынов 1912 жылы тұңғыш қазақша сауаттандыратын “Оқу құралын” жазды. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі “Тіл құралы” деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығып, 1928 жылға дейін әлденеше рет қайта басылып, пайдаланылып келді.

Ол осы оқулықтарда қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынды. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, үстеу, шылау, одағай, бастауыш, баяндауыш т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А.Байтұрсыновтікі.

Оқулықтың тағы бір құндылығы – қазақ тілі грамматикасының басты салалары – фонетика – дыбыс туралы ғылым, морфология – сөз құрамын зерттейтін ғылым, ал синтаксис – сөйлем құрылысын зерттейтін ғылым деп, тұңғыш рет қазақ тіл білімін ғылыми зердемен саралап берді. Ол қолданбалы грамматиканы да жазып, “Тіл жұмсар” деген атпен екі бөлімді кітап етіп ұсынып, 1928 ж. Қызылордада бастырып шығарды.

Бұрынғы қадім жазуы бойынша әр әріптің таңбасы сөз басында біртүрлі, сөз ортасында біртүрлі, сөз аяғында біртүрлі болып белгіленетін. Және бас әріп, кіші әріп таңбасы болатын, сөйтіп 28 әріптің 145-150 таңбасы бар еді. Ал ол баланың тез сауаттануына үлкен кедергі келтірді. А.Байтұрсынов осы әріп таңбаларын 56-ға түсіріп және жаңартып, мүлде жеңілдетті. Бұдан балалар тез сауаттанып, жылдам оқи, жаза алатын болды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов 1926 ж. “Әліпбидің” жаңа суретті түрін кітап етіп қайта бастырып шығарды. Бұл “Әліпбидің” мазмұны қазақ жағдайына қарай, мемлекеттік білім кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шықты. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық болды.

Жаңа “әліпбидің” тағы бір ерекшелігі қазақтың ежелгі ауыз әдебиеті үлгілері, төрт түлік туралы өлең-жыр, жұмбақ, мақал-мәтел, аңыз, әңгімелер үзінділерін әр әріпті өтуге байланысты орынды пайдалануы және олардың тәлімдік те, танымдық та маңызын ескере отырып іріктелуі еді.

А.Байтұрсынов қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін қарастырумен бірге, ол пәндерді оқыту әдістемесінің де іргетасын қалаушы болды. А.Байтұрсынов 1928 ж. “Жаңа мектеп” журналының 8-санында жарияланған “Қай әдіс жақсы” деген көлемді мақаласында орыстың ұлы педагогі Л.Н.Толстойдың “Үйрету әдістері туралы” деген еңбегіне талдау жасай отырып, “Әдіс деген қатып-семіп қалған догма емес. Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу” деп тұжырымдайды.

Ол балаларға жылдам хат таныту үшін дыбысты ажырататын жаттықтыру әдіс-тәсілдерін терең қарастырды. Сауаттылықтың негізі жазуға жаттықтыру деп қарады. Көркем жазу мен мәнерлеп оқу дегендер жазу ісі мен оқу ісінің жетілдірілген түрі деген қорытынды жасайды.

А.Байтұрсынов методикалық бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 ж. қазанда “Баяншы” деген атпен тілді оқытудың методикасына арналған әдістемелік құрал шығарды. Онда автор мұғалімдерге “Әліппені” оқытудың, сауат ашудың әдістерін ғылыми тұрғыда көрсетіп берді.

А.Байтұрсынов оқытудың білімдік-танымдық жағымен бірге, тәлімгерлік жағына да баса көңіл бөлді. Оның жазған “Әдебиет танытқыш” атты оқулығы көркемсөз өнерінің қисыны әдебиет теориясының негізін тыңнан тұңғыш салған, жүздеген әдеби білімдік терминдерді тұңғыш тілімізге енгізген аса құнды ғылыми еңбек болды. “Өнер дүниесі ғылым арқылы да жасалады. Ол адам еңбегін жетілдіруге, жаңалық табуға, табиғатты меңгеруге, адамдардың әлеуметтік-өмірлік қажетін өтеуге қызмет етеді... Мұнан басқа адамның рухани қажетін өтеу үшін қызмет ететін түрлері бар. Ол көркемөнері (искусство), ол беске бөлінеді: біріншісі – сәулет өнері, екіншісі – сымбат өнері, үшіншісі – кескін өнері, төртіншісі – әуез (музыка) өнері, бесінші және ең бастысы сөз өнері (“өнер алды қызыл тіл”)” – дей келіп, бұлардың бәрі адамды әсемдікке бөлеуге, табиғаттың тамаша сырларын танып білуге тәрбиелейтіндігіне тоқталады.

Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ ауылында мектеп ашу, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету, мұғалім кадрларын даярлау істері шешуін таппаған аса күрделі мәселелердің бірі болатын. А.Байтұрсынов бұл мәселелерге де ерекше көңіл бөліп, оны шешудің жолын көрсетіп берді.

А.Байтұрсынов мұғалімдерге педучилищелерді ашып, арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келеді де, ондай оқу орындарының әзірге қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерін, не қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын таңдап алып, мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Олардың білімін жетілдіру мақсатында жаз айларында бір-екі айлық қысқа мерзімді курстар ашуды ұсынады.

Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында ауылда сауат ашу, оқыту үлкен қиыншылықтарға кездесті. Мектеп салуға, мұғалімдер кадрларын даярлауға қаржы жетпеді. Оқу құралдары тапшы болды. А.Байтұрсынов 1923ж. “Еңбекші қазақ” газетіне “қазақ арасында оқу жұмысын қалай жүргізу керек” деген мақала жазып, бұл проблеманы шешуге де үн қосты. Школдың расходынан қашпай, школ ашу керек... школдың жанынан балалар жатып оқитын үй жатахана, не болмаса интернат ашылуы қажет” деді.

А.Байтұрсыновтың елінің көне мәдениетін жанындай сүйенетін қайраткерлігі, әсіресе 1918-1928 ж.ж. арасында, араб әрпінен латынға көшіруге байланысты шыққан дау-дамай, айтыста ерекше байқалды. Ахаң бұл мәселе жөнінде бірнеше мақала жазып, ақыры түркологтардың 1926 ж. Бакуде өткен Бүкілодақтық І съезінде жасаған баяндамасында өзінің табандылығын көрсетіп бақты. Онда ол араб алфавиті мен латын алфавитінің мәдени-экономикалық тұрғыдан қайсысы тиімді дегенді жан-жақты сөз ете келіп, “тұтынып отырған әліпбиді тастап, бөтен әліпбиге көшкенде, қанша сауатты адамдар сауатсызға айналмақшы, қанша мұғалімдер қайтадан хат үйренбекші, қанша баспаханалардың қаріптері жаңадан жасалып, жаңадан құйылмақшы, қанша қаржы шықпақшы, қанша еңбекті сарп етпекші. Ең сорақысы – халықтың ғасырлар бойы араб әрпімен жазылып, жиналған бай мәдени мұрасынан кейінгі ұрпақ “қол үзіп мақұрым қалмақшы” деп дәйекті дәлелдер келтірді. Кейін Ахаңның осы пікірлері өзіне кесел болып жабысып, “халық жауы”, “панисламист” деп айыпталып, атылуына себеп болды.

А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениетіне, оның ішінде ұлттық педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген өлшеусіз мол еңбегін М.Әуезовше бағаласақ, “Ахаң түрлеген ана тілі”, Ахаң салған әдебиеттегі орны”, “Қырық мысал”, “Маса”, “Қазақ” газетінің 1916 ж. қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, оқу-ағарту, саясат жолындағы қажымас қайраты... тарих ұмытпас істер болмақ”.

Ұзақ жылдар бойы “ұлтшылдық” әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуымен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға.

Ж.Аймауытов бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Ол Павлодардағы орыс-қазақ мектебін, одан соң Семейдегі мұғалімдер семинариясын (1918) бітірген. 1917-19 жылдары алашорда ұйымына кіреді. 1911-14 жылдар арасында Баянауылда бала оқытады, кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарады. 1920 жылы РК (б) П қатарына кіреді. Қазақстан Советтерінің съезінде делегат болып сайланады. КАССР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, “Қазақ тілі”, “Ақ жол” газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-29 жылдары Шымкенттегі педтехникумның директоры болып қызмет істейді. 1929 жылы тұтқынға алынып, 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.

Ж.Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық “Абай” атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: “…қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді” – деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды.

Абай журналының 1918 жылғы 1,2 сандарында Аймауытовтың “Тәрбие” атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.

Ж.Аймауытов “адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен” дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.

Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды.

Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. “Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. “Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірік– шілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. “Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді” деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…” – деп автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып берді. Ол отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.

Ж.Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.

Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.

Ж.Аймауытов “Тәрбиенің негізгі мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу” деген қағиданы қуаттай келіп, “Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек” – дейді.

Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған “Тәрбиеші жетекші” атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Аймауытов “Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды” – деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.

Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.

Ж.Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: “Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі” – деп оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.

Автор адамның жан қуаттарының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орнын былайша сипаттайды: “Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен тікелей байланыста жатыр. Тұрмыс жүйесі, әлеумет заңы, заң, пәлсапа, әдебиет, мәдениет, өнер – бәрі тарихтан қозғайды. Әр ғылымның тарихы бар. Осы тарихтың бәрі – жалпы азамат тарихымен байланысты”. “Тарихты оқып білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз”, – дейді.

Ж.Аймауытов “тарихты оқытуды қай кластардан бастау керек?” деген мәселеге талдау жасап, тарихи мағлұматтар балалар әр тарауда білім алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болсын дейді. Осы пәнді тарихи әңгімелер есебінде 4-кластан бастап оқыту дұрыс деген тұжырымды қуаттайды.

Автор мектепте “Бірден жалпы тарихты немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігімен байланысты тарихын оқудан бастаған жөн” – деп тұжырымдайды. Ж.Аймауытов осы еңбегінде туған өлкенің жағрафиясын оның тарихынан бөлек қарауға болмайтынын айта келіп, оны қазақ халқының ертедегі тарихымен байланыстыра жүргізуді меңзейді.

Көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін 4-класта әдебиетті, тарихты және жағрафияны біріктіріп, яғни интеграциялап “Біздің Отан” деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады.

Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.

Әрбір мұғалім, сабақ беру процесінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардың ынта-ықыласын, зейін-зердесін білімді меңгеруге бағыштауы керек дей келіп, жекелеме оқу әдістерінің тиімділігін нақтылы мысалдар келтіре отырып сөз етеді.

Ол психология саласында да өндіре еңбек етіп, артына көп мұра қалдырып кетті. Оның екі кітабы: “Психология” (376-бет, 1926 ж.), “Жан жүйесі және өнер таңдау” (80-бет, 1926 ж.) осы ғылым саласынан жазылған тұңғыш төл туындылар. Ж.Аймауытов “Тәрбиеге жетекші” (1924), “Комплексті оқыту жолдары” (1929), “Жаңа ауыл” (1930) дейтін еңбектерінде де психологиялық мәселелерге ерекше мән берген.

Ж.Аймауытовтың психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның “Психология” атты төл оқу құралы толығырақ сөз етуді қажет етеді.

Жүсіпбек “Психология нені сөйлейді?” дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Бұл жерде рационалистік (ақыл-ой), эксперименттік (тәжірибе) психологияның жай-жапсарын баяндайтын беттері өте тартымды. Кітаптың екінші тарауында адамның жандүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қайтып ұйымдастыруға болатындығын айта келіп, (бақылау, анкета, әңгімелесу, тәжірибе әдістерінің мән-жайын) тәптіштеп түсіндіреді. Ол – жан дүниесінің заңдылықтарын зерттеуде математиканы, оның вариациялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығын қазақ топырағында алғаш рет сөз етеді. Кітаптың үшінші тарауы “Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу” (қазіргі терминде “Психика және сана”) деп аталады. Мұнда психофизикалық және психофизиологиялық құбылыстар, атап айтқанда, организмнің, тітіркенушілік пен сезгіштік қасиеттерінің ерекшеліктері, жануар мен адамның дағды, инстинктері (соқыр сезімдері), бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары, өсімдіктер дүниесіндегі тіршілік белгісі (тропизмдер) ғылыми талдауға алынады…

Ал Ж.Аймауытов “Жан жүйесі мен өнер таңдау” (Мәскеу, 1926) атты еңбегінде ғылыми психологияда кең тараған анкета, байқау әдістері арқылы мамандық таңдау жолындағы талпыныстарын тәжірибе арқылы анықтағысы келген. Зерттеудің басты мақсаты: Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа заманның кезінде жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге жәрдемдесу…

Аймауытов еңбектерінің ерекше назар аударатын басты ерекшелігі – бұлар төл тілімізде туындаған тұңғыш психологиялық дүние болуымен қатар еліміздегі отызға жуық түркі тектес халықтар тілдерінде алғаш жарық көрген, ғылыми туындылар екендігінде…

Нәзипа Құлжанованың педагогикалық көзқарастары (1887-1934).Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан әлеумет өмірінде алғаш көзге көрінген кісінің бірі – Нәзипа Құлжанова болды. Ол журналист-публицист, педагог-тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы. Шығыс еңбекші әйелдерінің І съезін ұйымдастырушылардың бірі, орыс жағрафия қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді.

Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң Торғайдағы қыз балалар училищесіне мұғалімдікке тағайындалады. Н.Құлжанова 1904 жылдары Семей мұғалімдер семинариясына орналасып, сонда 1919 жылдарға дейін оқытушы болып істейді, 1920-22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборға шақырылып, 1923-25 жылдары “Қызыл Қазақстан” журналының хатшысы, ал 1925-29 жылдары республикалық “Еңбекші қазақ” газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, “Әйел теңдігі” журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады.

Н.Құлжанованың белсене араласуымен 1924 жылы Орынборда “Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу” атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен “Әйел теңдігі” журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ бала бақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болып көрмеген бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды. (Қазақ Совет энциклопедиясы”, 7-том. Алматы, 1975, 586-бет). Нәзипаның тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Автордың “Бала күтімі”, “Баланың өміріне күннің сәулесі, таза ауа аса қажет”, “Баланың аурулары” т.б. мақалаларында тәрбиені бала жөргегінен бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі етіп: “Тәні саудың – жаны сау” дейтін халық даналығын алады.

Н.Құлжанованың ұстаздық тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның алғашқысы 1923 жылы Орынборда шыққан “Мектептен бұрынғы тәрбие” атты еңбегі еді, оның алғы сөзін халқымыздың көрнекті лингвист-ғалымы, түрколог, ақын, публицист, ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов жазған болатын. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз ете келіп, қоғамдық ортадан тәрбие алатын жас жеткіншектердің ерекшелігіне орай, қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді де кеңінен баяндайды. Мәселен, бұл жөнінде автор былай дейді: “Ойын – оның шын тіршілігі… Төңіректегі нәрседен өзіне қызықтысы ғана көзіне түсіп, ықылас тартады. Және бір мінезі – сөйлеуге жалықпайды. Тынымсыз қимылының бәрі сөзімен жалғасып жүреді. Көрген нәрсесіне ықыласы жеңіл, тұрақсыз… Көрген нәрсесін айтқанда ұмытқан жерлерін ойдан толықтырады”… дей келіп үш пен жеті жастың арасындағы балдырғандар бойында кездесетін физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді сөз етеді.

Ол ересектер мен сәби, бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де ерекше көңіл бөледі: “Балаға сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Түрлі білімнің түбірі, негізі – баланың сөйлеуі, білуге құмарлығы. Сұрағына жауап бермей “мазамды алма” деп, үнемі баланың бетін қайтару арқылы білуге құмарлығының негізін жоғалтып жіберуге болады”, – дей келе, автор бала ойынының айналаны тани-білу құмарлығымен ұштасып жататындығын ескертеді. Н.Құлжанова баланы жас кезінде көбінде табиғат аясында бағып-қағудың тиімділігін айтады. Ол осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: “Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл және дене тазалығының машықтары бала әдетіне кіріп, сіңіп қалады, төңіректегінің бәріне еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік келеді”, – деп автор ойын баласының мектеп жасына дейінгі бүкіл тыныс-тіршілігі оның мектепте алар тәлімінің әзірлік сатысы болып табылатындықтан осы кезеңдегі тәлім-тәрбиеге ерекше мұқият қараудың маңыздылығына тоқталады.

Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын “Тән саулығы”, “Баланың сырт сезімдерінің дамуы”, “Нәрсенің түр-түсін тану”, “Дененің қимылын түзету”, “Шеберлігін көтеру”, “Баланың білімін арттыру”, “Бала тілінің шеберленуі”, “Еңбекке машықтандыру”, “Көпшілдік және еңбек”, – деп бұлардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берді.

Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады.

Соғыстан кейінгі жылдарда дидактиканың әр түрлі бағытында зеріттеу жүргізді.40 жылдары “Сабақтың құрылысы проблемасы ””Білімді бекіту және сабақтағы біліктілік ” тб сабақ өтудегі мұғалім білімі мен оның шеберлігіне үлен мән берді,оың дидактикалық негізін қалады.

Ал,50-60 жылдары “Оқыту әдістемесі ”Дидактикалық очерктер ”т б мақалаларында Р.Лемберг оқу процесін психологиялық негізде талдайды деп сипаттайды.Оның оқу құралы ,оқыту жолдарын айқындайды,оқыту әдістемесінің творчестволық жолын белгілеп берді.Лемберк Р елімізде бірінші болып психология-педагогикалық тоқыраудың салдарын жою., жаңадан оның тиімді жолын іздестірудің жаршысы болды.

Оқудың тұрпайылығын жою,сабақты көрнекілікпен өту проблемаларын бірінші кезекке қойды .Оның ғылыми мектебінің шәкірттері –Г.А Уманов пен Н.Д Хмель Лембергтің ілімін жалғастырып , өздері оның білімін таратты.

1 . 1905 ж Жезқазған облысы, Шет ауданында қарабұлақ ауылында туылған . 1931 жылы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік Педагогика институтының химия факультетін бітірді.Педагогикалық жұмысты 1925 ж мектепте мұғалімдіктен бастады.

1966 ж Ғылым докторы ,дәрежесін ,1967 жылы професор атағын алды.Ол ССР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүше –корреспонденті болып сайланды.

Сембаев А Қазақ совет мектебінің қалыптасуын зеріттеуге үлкен еңбек сіңірген ғалым.Оның 30-дан астам ғылыми еңбегі жарық көрді.Ол үлкен қайраткерлері бола жүріп ,Қазақстандағы педагогика ғылымының өркендеп өсуіне қазақ-ұйғыр ,орыс –қазақ мектептеріне байланысты К.Д Ушинскийдің ,Н.К.Крупскаяның педаогикалық мұраларын жан –жақты зеріттеген ғалым.

 

2.1910 ж Оңтүстік Қазақстан облысы ,Арыс ауданы ,9-ауылда туылған.

1928 жылы Шымкенттегі Педагогикалық техникумды ,1935 ж Москвада Н.К Крупская атындағы Комунистік тәрбие мектебін бітірді.

1957 ж Үндістандағы СССР елшілілігінің кеңесті өкіләі болды.Ал,1961 ж Әл-Фарби атындағы ұлттық университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры және меңгерушісі қызметін атқарды.

Т.Тәжібаев жауапты қоғамдық ,мемлекеттік қызметтер атқарумен бірге , зор ғылыми жұмыстар жүргізді. Оның К.Н Ушинскийдің психологиялық көзқарастары туралы зеріттеулерінің зор ғылыми маңызы болды.

 

3.Бержанов Қартбай –“Педаогика тарихы”оқулығын қазақ тілінде тұңғыш жазған ғалым .( 1924-1976)

Қ.Бержанов бірнеше оқулықпен монографиялық еңбектің ,200-ге тарта мақаланың авторы.Оның бірі “Қазақстан мұғалімдерінің (1917-1941)қоғамдық және мәдени ағартушылық ісі тарихынан “атты монографиясы Қазақстандағы тұңғыш жазылған еңбектердің қатарынан орын алады.

Ғалым туындыларының өзегі педагогика тарихының мәселелері болып саналады.Ол ағарту және жалпы мәдениет саласындағы халықтар ынтымағы мен достығы өз еңбегінде ұдайы арқау етіп отырған.