Шайтан және оның кейбір өзіндік ерекшеліктері хақында

 

Шайтан негізінен жындардың арасынан шыққан. Ол да оттан жаратылған. Және құлшылық тұрғысынан да жоғары тақуалық сатысына жетіп, періштелердің деңгейімен бірдей дәрежеге қол жеткізген. Ал енді осы періште мен жынның екі арасын мына аят айырып береді: «Сол уақытта періштелерге: Адамға сәжде қылыңдар деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періштелер сәжде етті. Жыннан болған Ібіліс Раббыңның әмірінен бас тартты» (18.Кәһф – 50).

Шайтанның оттан жаратылғандығын жөнінде де аятта анық белгілер бар: (Аллаһ Ібіліске) Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?, - деді. Ол: мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың, - деді» (7.Ағраф-12). Шайтан біріншіден періште деңгейіне жетіп, әрі оттан жаратылғандығын алға тарта отырып, Адамға (а.с.) сәжде етуден бас тартып, Аллаһ Тағаланың құзырынан қуылды және қияметке дейін лағнетке ұшырады. Осыған байланысты Құранда бірқатар аяттар бар. Олардың бәріне жеке-жеке тоқталып жатпастан, тек мына төмендегі аятқа назар салсақ: «(Аллаһ Ібіліске) Саған, Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?, - деді. Ол: Мен одан артықпын. Мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың, - деді. Сонда Аллаһ Ібіліске: «Сен бұл жерден (жұмақтан) шығып кет. Бұл жерде сен өзіңді астам ұстауыңа болмайды.. Дереу шық, қор болушылардансың»,- деді» (Ағраф, 12,13).

Негізінде, шайтан Адамның (а.с.) өзінен екі саты (Біріншіден, Аллаһтың адам жер бетіндегі халифасы болса, екіншіден, адам Аллаһ тарапынан берілген рух иесі) жоғары екендігін місе тұтпай, тәкаппарлыққа бой алдырды. Осыдан келіп, ол Адам атаны (а.с.) тануда өрескел қателік жасап, нәпсісіне ерді. Шайтанның бұл қателігі оның тағдырының түбегейлі өзгеруіне әкеп соқтырғаны белгілі. Қайтар жолдың жоқ екендігін түсінген шайтанның, өзінің қуылуына себеп болған адам баласына деген өкпесі қара қазандай еді. Оған төмендегі аят жолдары ап-айқын дәлел бола алады: «Қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер деді. (Аллаһ): Шынында мұрсат берілгендерденсің деді. (Ібіліс): Ендеше мені қаңғыртқаның үшін әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңа көлденең тұрамын деді. Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келемін де олардың көбін, шүкір ететіндерден емес екенін көзіңмен көресің деді» (7.Ағраф, 14-17).

Ә дегеннен‑ақ шайтан Аллаһтың құзырында берген уәдесін орындауға кірісті. Және бәрімізге белгілі ол сол арам пиғылын Адам ата мен Хауа ананы жәннәттан шығару амалымен бастады. Бұл мәселе аятта былай келтіріледі: «(Аллаһ): Әй, Адам! Сен және жұбайың жәннәтқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда шайтан, ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды да: Раббыларың сендерді осы ағаштан екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп қана тыйған деді. Шынында да мен екеуіңді үгіттеушілерденмін деп ант ішті. Сөйтіп екеуін алдап түсірді. Сонда екеуі ағаштан татқан сәтте, ұятты жерлері ашылып кетеді. Екеуі жәннәт жапырақтарынан үстеріне жапыстыра бастады. Раббылары екеуіне: Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім? Расында шайтан сендерге ашық дұшпан демеп пе едім?, – деп үн қатады» (7.Ағраф, 20-22).

Шайтан жаратылыс пайда болғаннан бері адамдарға түрлі жамандықтарды, күпірлікке бастар һәрекеттер мен түрлі деңгейдегі күнәларды барынша сүйкімді етіп көрсетті. Соларды жүзеге асыру қамымен адамды алдап-арбап, дұрыс жолдан тайдыруды көздеді және дегеніне үнемі жетіп отырды. Аятта бұл мәселені: «Аллаһқа серт! (Мұхаммед (с.а.у.)) Расында сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын әдемі етіп көрсетті. Сондықтан бүгін де ол олардың досы. Оларға күйзелтуші азап бар» (16.Нахыл-63) деп келтіріледі.

Адамдар арасында өшпенділік пен дұшпандық отын жағу, бауыр мен бауырды, ері мен зайыбын, қоғам мен тұлғаның арасына іріткі салу – мұның бәрі шайтанның ұлық мақсаттарына кіретін істер. Шайтан қаншалық жамандықты молынан жасаса, соншалық аталары Ібілістің құзырында мәртебелері арта түседі. Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Ібіліс тағын судың бетіне құрады. Содан кейін әскерін топ-топ етіп жолдайды. Әскерлерінің дәреже мен шеніне қарап, ең жақынын қасына алады. Әскерлері бір-бірлеп келіп: «Былай, былай жасадым»,- дейді. Ол да: «Сен ешнәрсе істемедің»,- деп жауап береді. Содан кейін өзгесі келеді және ол: «Адамды зайыбынан ажыратқанша кетпедім»,- дейді. Бұны естіген Ібіліс әскерін өзіне жақындатып, «Сен қандай жақсысың» деп мақтайды» (Муслим, Мунафиқун – 16).

Пенденің Аллаһтың хақ жолынан тайқып, тыйым салынған әрекеттерге бой алдыруы оның шайтанның қармағына іліккенінің бірден‑бір дәлелі. Шайтан ондай пенденің қимас досына айналып, досын кәпірлердің тобырына үкілеп қосады. Бұл жайында Құранда да кеңінен баян етілген: «Аллаһты еске алудан (яғни Құраннан) кімде кім бас тартса, Біз оның соңына шайтанды салып қоямыз, шайтан оны (азғырып), мәңгі бірге жүреді. Шайтанның оны тура жолдан адастыратыны анық. Бірақ олар өздерін тура жолдамыз деп ойлайды. Кәпір болған адам Біздің алдымызға келген шақта (қияметте): Әттең сенімен менің арамда шығыс пен батыстай алшақтық неге болмады екен? Сен қандай ғана жаман жолдас едің! (Менің бақытсыздығыма себеп болған сенсің ғой)», - дейді» (43.Зухруф, 36-38).

Құранда мүминдерді шайтанның азғыруынан арнайы сақтандыратын аяттар бар. Бүтін адамзаттың ата‑анасын жәннәттан шығарған шайтанның қулығына құрық бойламайтыны жайлы Аллаһ Тағала Құранда бірнеше жерде ескертіп өтеді. Иә, асылында жалған, дүниелік һәрекеттерге бой алдырмасақ, шайтанның да азғыруынан аулақ боларымыз хақ. Енді осы мағынада айтылған аяттардың бірнешеуін келтіре кетсек:

«Еш күмәнсіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады» (35.Фатыр – 6).

«Әй, адам баласы! Жер бетіндегі халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол сендерге ашық дұшпан. Шайтан сендерді жамандық жасауға, сұмдық қылмысқа, зейіндерің жетпейтін нәрселерді Аллаһқа қарсы айтқызуға бұйырады» (2.Бақара, 168-169).

«Шайтан оларға уәде беріп, оларды босқа үміттендіреді. Шайтанның оларға уәдесі алдау ғана» (4.Ниса-120).

«Әй, адам баласы! Шайтан ата-аналарыңның ұятты жерлерін көрсету үшін киімдерін шешіп, жәннәттан шығарғандай сендерге де сұмдық жасамасын. Өйткені, ол және оның сыбайластары, олар сендерді көрмеген жерден көреді. Шайтандарды иман келтірмейтіндерге дос қылдық» (7.Ағраф-27).

Шайтан адамды дұрыс жолдан тайдыруымен қоймай, ақыреттегі есеп-қисап кезінде пенделердің істеген өз амалдарымен өздерін кінәлі етіп және осы үшін өзін айыптамауды бұйырады екен. Аятта осы тұс айқын бейнеленген: «Іс біткен заман шайтан: «Расында Аллаһ сендерге шындықты уәде етті. Сондай-ақ мен де сендерге уәде етіп, опасыздық еттім. Негізінде сендерді шақырғаннан басқа өктемшілігім жоқ еді. Сонда да шақыруымды қабыл алдыңдар. Ендеше мені сөкпеңдер де, өздеріңді сөгіңдер. Мен сендерді құтқара алмаймын. Расында бұрыннан да мені Аллаһқа ортақ қосуларыңа қарсы едім», деді. Сөз жоқ залымдарға жан түршігерлік азап бар» (14.Ибраһим – 22).

Әрбір адамды алдап-арбап, азғырып, хақиқи жолдан шығару үшін бір-бір шайтаннан болады. «Періштеге иман мәселесінде» әрбір адамды қорғап жүретін 384 немесе 360 періште бар екенін еске салған болатынбыз. Ал енді ойланып көрейікші, бізді 384 немесе 360 періште қорғап, біз үшін Аллаһтан кешірім тілеп жүрсе де, жалғыз ғана шайтанның азғыруына неліктен жеңілеміз? Демек, шайтан жалғыз болғанымен өзінің іс-әрекеттерін бізге сүйдіре біліп, нәпсімізге толықтай билік жүргізе білген.

ü Бір күні түнде Расулуллаһ (с.а.у.) Хазіреті Айша анамыздың қасынан кетіп қалады. Хазіреті Айша анамыз Пайғамбардың шығып кеткенін әр қалай жорып, аздап қызғана бастайды. Пайғамбарымыз сәлден соң анамыздың жанына қайта келіп:

- Не болды, Айша, көңіліңе қызғаныш ұялады ма?, - деп сұрайды. Хазіреті Айша анамыз:

- Маған не болар дейсіз? Мен секілді бір жан, сіз секілді асыл жанды қалайша қызғанбасын?, – дейді. Пайғамбарымыз:

- Саған шайтан келді ме?, - дегенде, ол: