О дүниелік өмірдің маңыздылығы мен қажеттілігі

АҚЫРЕТ КҮНІНЕ ИМАН

«Ақырет» сөзі - соңғы деген ұғымды білдіріп, дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны білдіріледі. Мысалы, қиямет - дүние тіршілігінің бітуі, яки бітуіне жақын қалуын білдірсе, ақырзаман қияметтің жақындауы деген сөз. Дүние тіршілігі тоқтаған кезде қиямет қайым Исрафилдің (а.с.) бірінші рет Сурға үрлеуімен басталып, екінші Сурға үріліп, Аллаһтың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет қайымның қалай болатындығын баян еткен аят пен хадистер өте көп. Бірақ қашан болатындығы беймәлім, оны тек Аллаһ біледі. Ақырет күні болса, Исрафилдің (а.с.) екінші рет Сурға үрлеуімен басталған қайта тірілу, Аллаһтың құзырында есеп беру, жәннәт пен жәһәннамдағы орындарына бару мен ондағы өмірдің басталуына дейінгі кезең екендігі ислами танымға байланысты еңбектерде келтіріледі.  
Ақырет күніне иман ету иман негіздерінің бірі. Оған сену - парыз. Құранда Аллаһқа иман етумен байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне (яумил ахир) иман ету де бірге айтылады. Ақырет күніне иман етуімізді бұйырған аят пен хадистер саны көп болғандықтан, бірнешеуіне ғана тоқталып өтейік: «(Мұхаммед (с.а.у.) Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады» (2.Бақара-4).  
Хазіреті Пайғамбарымыздың да бұл жайында айтқан хадистерінің жеткілікті екені белгілі. Сол хадистерден бір екеуін келтіретін болсақ: «Қиямет күні Аллаһ Тағала арада аудармашысыз сіздердің әрбіреуіңізбен міндетті түрде сөйлеседі. Сол кезде адам оңына қарайды, сонда дүниеде жасаған амалының пайдасын көреді. Сол жағына қарайды ол кезде де жасаған амалынан басқасын көре алмайды. Алдына қарағанда дәл алдында жәһәннамнан басқасын көре алмайды. Олай болса бір құрманың жартысын болса да, садақа ету арқылы өздеріңді тозақтан сақтаңыздар» (Бухари, Муслим, Тирмизи риуаяттары).

Кімде-кім ақыретке сенбесе, иман етпеген болып саналады. Діннің жіберілу мақсаты - әрбір адамның ақыретте Жаратушы алдында бұл дүниеде жасаған амалы үшін жеке-жеке есеп беретіндігін ескерту. Сол үшін аятта: «Кімде-кім Аллаһқа періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сенбесе, сонда тым ұзақ адасты» (4.Ниса-136) деп келтіреді.

Сондай-ақ қиямет жағдайлары турасында Құран мен Хадис аясында шектелеміз. Ақыреттегі ахуалдың қалай болатындығын анық түрде баян етіп, түрлі мысалдармен келтіреді. Мұндағы мақсат пенденің о дүниелік өмірге бұ дүниеден дайындап, жауапкершілік сезімді санасына құю. Құран аяттарына зер салып қараған кезде ақырет күнін түрлі атаулармен атап, оның соншалықты маңызды екендігін нақыштап келтіреді. Мысалы: Яумул ахир (ақырғы күн), Яумул бағс (қайта тірілу күні), Яумул қияма (қиямет күні), Саат (қиямет уақыты), Яумуддин (дін мен жаза күні), Яумул хисаб (есеп күні), Яумут-тәлақ (қауышу күні), Яумул – хулуд (мәңгілік күн), Яумул хуруж (шығатын күн), Яумут-тәнад (бақырып шақыратын күн) тәрізді т.б. бірнеше атаулармен аталады.

О дүниелік өмірдің маңыздылығы мен қажеттілігі

Күнделікті тіршіліктің пәни екендігін бәріміз мойындаймыз. Осы өмірде адам баласы не ексе, ақыретте соның жемісін, яки жазасын көреді. Өмірдегі сынақтан өту үшін Аллаһ адамға ақыл мен таңдау еркін беріп, дұрысты бұрыстан айырсын деп пайғамбар мен шариғат жіберді. «Расында Біз сендерді босқа жаратпадық. Тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма? Шынайы патша Аллаһ өте жоғары. Одан басқа Тәңір жоқ. Ол ардақты ғаршының Раббы» (23.Муминун, 115-116). Дүние тіршілігіндегі өлім мен өмірдің мақсұты пенденің сынақтан өтуі екендігін Аллаһ мына бір аятымен ашық түрде ескертеді: «Ол сондай Аллаһ, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол тым үстем, аса жарылқаушы» (67.Мулк-2). Аллаһ – Әділ (العدل) сипаты!

Пенде бұл дүниеде ішіп-жеген, жиған-терген бүкіл рызық-несібесі үшін о дүниеде міндетті түрде есеп беретіндігі де басы ашық мәселе: (102.Тәкәссур-8).

ثُمَّ لَتُسْأَلُنَّ يَوْمَئِذٍ عَنِ النَّعِيمِ

Осыған орай әділдердің әділі Аллаһ Тағала әркімнің жасаған амалына қарай сыйы мен жазасын береді. Демек, Аллаһтың әділдігіне күмән жоқ, пендеге жасаған амалына қарай әділ бағасын беретіні хақ. Аятта бұл анық айтылады: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз» (21.Әнбия-47).

Хазіреті Пайғамбарымыз да бұл мәселеде көптеген хадис айтып кеткен. «Ант етемін қиямет күні бүкіл хақтар міндетті түрде иесіне қайтарылады. Тіпті мүйізсіз бір қой үшін мүйізді бір қойдан қысас жасалып өш алынады» (Сахих Муслим риуаяты). «Кімнің қолында дін бауырының намысына яки малына қандай да бір жолмен жасалған жәбірлік, зұлымдық және ақысы өткен болса, динар мен дирхам (алтын мен күміс ақша) болмайтын күн келместен алдын кешірім алсын. Егер залым адам кешірім алмастан өлсе, оның жақсы амалы болса жасаған зұлымдығы мөлшерінде жақсы амалы алынып жәбірленушіге беріледі. Егер оның жақсы амалы болмаса, жәбірленушінің күнәларын алып, залымның мойнына іледі» (Сахих Бухари риуаяты).

Бұл дүние пәни, о дүние бақи. Бақилық өмірге сенген адамда ұлы жауапкершілік болады. Мысалы, бастықтың алдына есеп беруге дайындалған қызметкер мен көшедегі бір адамның сол кездегі ішкі сезімін салыстыру мүмкін емес. Бірі аласұрып не айтып, не қоям, қалай болады екен деген сезіммен алып-ұшып тұрса, екіншісі ештеңеден хабарсыз, түк болмағандай жайбарақат күйінде тұрады. Міне, сол сияқты ақыретке иман еткен адам о дүниеде істеген ісі үшін Аллаһ Тағала алдында есеп беретіндігін білгендіктен, бұл өмірде ойына келгенін істемесі анық. «Бұл өмірден өткен соң, екінші өмір жоқ, бәрі бітті, шіріп жоқ боламыз», - деген өзін алдайтын жылтыр қағиданы ұстана алмайды. Ал Құран аяттары әлгіндей бос қағидалардың бірден тамырын шауып тастайды: «Олар: Тіршілігіміз дүниедегі ғана. Өлеміз, өмір сүреміз. Бізді заман ғана өлтіреді дейді. Негізінде олардың бұған байланысты мәліметі жоқ. Олар тек болжам жасайды. Оларға аяттарымыз ашықша оқылған кезде, егер сөздерің шын болса, аталарымызды тірілтіп, келтіріңдер деулерінен басқа дәлелдері болмады. (Мұхаммед (с.а.у.)) айт: Сендерді Аллаһ тірілтеді, сосын өлтіреді. Сосын сендерді қиямет күнінде шәксіз жинайды. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді». Көктер мен жердің иелігі Аллаһқа тән. Қиямет–қайым болған күні я сол күні бұзық құмарлар зиянға ұшырайды» (45.Жасия, 24-27).

АБІР ӨМІРІ

Аллаһ Тағала алдымен топырақтан пішін жасап адамды бейнелеп, артынан оған жан бергендіктен, пенде жан мен тәннен тұрады. Адам өмірі төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - рухтар әлеміндегі өмір, яғни тәніміз жаратылмастан бұрын жанымыздың бар болуы. Аллаһ Тағала рухтарды жаратып алып, оларға алғашқы тәблиғды жасағанын аятта былай деп келтіреді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» - дегенде, олар: «Әрине, куәміз», - деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ, - демеңдер» (7.Ағраф-172). Екінші кезең - осы өмірдегі тіршілігіміз. Бұл өмірдегі тіршілік өмірге келумен басталып, бұл пәнимен қош айтысумен аяқталады. Дүние өмірінің ең ұлы мақсаты - әркімнің ақырет үшін не істей алғандығы, сынақтан қалай өткендігі, нәтижесі қалай болатындығымен өлшенеді. Үшінші кезең - өлгеннен кейінгі қиямет күніне дейінгі аралық, яғни бұл кезең қабір өмірінен тұрады. Төртінші кезең - қиямет қайымның басталуынан мәңгілікке дейін созылған ақырет өмірін қамтиды.

Қабір өмірі - ақырет өмірінің есігі, ақыреттің бастамасы не баспалдағы іспетті. Қайтыс болған кісі мейлі көмілсін, мейлі көмілмесін, мейлі хайуанаттарға жем болсын яки суға батып, отқа жанып күл болсын, қандай жағдайда жан берсе де ол кісі үшін қабір өмірі басталған болып саналады.

Екі түрлі қиямет бар. Біріншісі, қабір өмірінен бастау алатын кіші қиямет. Екіншісі, Исрафил періштенің Сурға үрлеуімен басталатын нағыз қиямет қайымның басталуы. Адам жан беріп, қабірге қойылған соң Жаратушысына есеп беруге көшеді де Мункәр, Нәкир атты екі періштенің сұрақ-жауабы басталады. Сұрақтың біріншісі, «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Қай дінді ұстандың?» деп, одан әрі рет‑ретімен жалғаса түседі. Дүниеде иманды, салихалы ғұмыр кешкен кісі бұл сұрақтарға мүдірмей дұрыс жауап береді. Мұндай жандарға жәннәт есіктері ашылып, жәннәттің кереметтері көрсетіледі. Егер марқұм болған кісі имансыз яки мунафиқ болып дүниеден өткен болса, екі періштенің сұрақтарынан тосылады (Тирмизи, Қияма – 26). Ондай пенделерге тозақ есіктері ашылып, ондағы азаптың белгілері көрсетіледі. Сондықтан қабірде имансыз жан азап шегеді де, иман еткен мумин сыйға бөленеді.

Әһли сүннет сенімі бойынша, иман етпеген кәпірлер мен кейбір күнәһар муминдер қабір азабын тартады. Имам Ағзам Әбу Ханифа[1] және өзге де Матуридия мектебінің ғалымдары да аят пен хадиске сүйене отырып, бұл мәселені бір ауыздан қабыл еткен[2].

Ғалымдар қабір азабының хақтығына қатысты дәлел ретінде төмендегідей тұжырымдарды келтіреді:

1. Құранда Ферғауын және оның адамдары қиямет қайымға дейін қабірде азап шегетіндігі туралы айтылады: «Олар ертелі-кеш отқа тасталады. Қиямет-қайым болған күні: Ферғауындықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер» (40.Ғафыр-46).

Ал, Хазіреті Пайғамбарымыздың төмендегі хадистері қабір азабының болатындығын ашық, әрі анық түрде баян етеді.

1. Абдуллаһ ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыз бір зираттың қасынан өтіп бара жатып екі қабірді көрсетіп, сол қабірде жатқан екі мәйіттің азап шегіп жатқандығын сахабаларына айтады. Пайғамбарымыз: «Мына қабірдегі екі мәйіт не үшін азап шегіп жатқанын білесіңдер ме?» - деп сұрағанда сахабалары: «Аллаһ және Оның Елшісі біледі», - десті. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз: «Бұл екеуі де үлкен күнәнің азабын шегіп жатқан жоқ. Бірі кіші дәреттен сақтанбайтын, екіншісі өсек таситын. Бұлардың қиналып жатқандары әлгі екі әдеттің азабы», - деп үн қатты да, бір жас шыбықты алып, екіге бөліп, екеуінің қабірінің басына егіп қойды. Соңынан: «Осы екі шыбық қурағанға дейін бұл екі адамның қабірдегі азабын жеңілдетеді» (Бухари, Жанайз 82; Муслим, Иман 34; Әбу Дәуіт Тахара 26) деді.

2. «Қабір жәннәт бақшаларынан бір бақша яки жәһәннам шұңқырларынан бір шұңқыр» (Тирмизи, Қиямет 26).

3. Келесі бір хадисте: «Мәйіт қабірге көмілгеннен кейін біреуі - Мункәр, екіншісі - Нәкир деп аталатын қара көк түсті екі періште келеді де, қабірдегі кісіге: «Анау Мұхаммед (с.а.у.) деген кісі жайында не айтасың?» - деп сұрайды. Ол: «Ол Аллаһтың құлы және Елшісі. Аллаһтан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның құлы және Елшісі екендігіне куәлік етемін» деп жауап береді. Бұдан кейін екі періште: «Біз сенің осылай айтатындығыңды білген едік», - дейді. Содан кейін олар оның қабірін жетпіс құлаш кеңейтеді. Кейінірек ол мәйіттің қабірін жарық қылады. Ең соңында періштелер мәйітке: «Жат, ұйықта», - дейді. Періштелер оған: «Сен төсектес болған (әйелің) және ең көп жақсы көрген кісі жағынан ояндырылатын махшар күніне дейін ұйықтай бер», - дейді. Егер өлген кісі мунафиқ болса, періштелерге былай деп жауап береді: «Елдің Мұхаммед жайында бір нәрселер айтқанын естідім. Мен де солар сияқты айттым. Одан басқа ештеңе білмеймін». Періштелер оған: «Осылай дейтініңді білген едік», - деседі. Содан кейін қара жерге: «Мына адамды сыға алғаныңша сық», - дейді. Қара жер оны сыққан сайын сыға түседі. Сыққандығы соншалық, сүйектері сырқырап кетеді. Әлгі бейбақ махшар күніне дейін қабірде осылай азап шегеді» (Тирмизи, Жәнәиз – 70).

4. Бірде Хазіреті Осман бір қабірдің қасында тұрып, сақалы су болғанша жылайды. Қасында тұрған кісілер оған:

- Сен жәннәт пен тозақты айтқан кезде жыламайсың да, қабірді көріп мұншалықты неге көп жылайсың? – деп сұрайды. Сонда Хазіреті Осман:

- Расулуллаһ былай деген еді: «Шындығында қабір ақырет қонақтарының алғашқысы. Егер өлген кісі одан сәтті өтсе, одан кейінгі кедергілер оған жеңіл болады. Ал егер пенде одан құтыла алмаса, яғни қабір азабын шексе, кейінгі сатылар одан да бетер ауыр болады», - деді. Хазіреті Осман сөзін ары қарай жалғастырып былай дейді:

- Расулуллаһ бұған қоса: «Мен дүниеде қабірден бетер сүйкімсіз және қорқынышты ешбір нәрсе көрмедім» (Ибн Мажа риуаяты) деді.

Хазіреті Осман қабірге көміліп жатқан мәйітті көрген сәтте мына бір өлең жолдарын еске алатын:

«Егер сен қабір азабынан құтылсаң, үлкен бір пәлекеттен құтылғаның.

Егер одан құтылмасаң, тіпті құтылуың жөнінде ойлай да алмаймын»[3].

5. Фатима бинти Әсәд Пайғамбарымыздың көкесі Әбу Тәлібтің жары, Хазіреті Әлидің анасы еді. Ол алғаш иман еткен мұсылмандардың бірі болып, Мадинаға көшкен болатын. Пайғамбарымызға бала жасында көп қызмет жасаған бұл әйел оны өз балаларынан артық жанына жақын көретін. Сондықтан Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) те оны ерекше сыйлап, құрмет көрсететін. Фатима ханым хижреттің төртінші жылы (626) Мадинада қайтыс болады. Ол қайтыс болғанда Хазіреті Пайғамбарымыз оған деген ілтипатын: «Бүгін анам қайтыс болды» деген сөздерімен білдірген.

Фатима ханым қайтыс болғанда, Пайғамбарымыз үстіндегі көйлегін (жейдесін) шешіп оған кебін қылды және жаназасын да өзі шығарды. Сонан соң Пайғамбарымыз оның қабіріне өзі түсіп біраз уақыт жатып көреді де, жылап тұрып мәйітті жайғастырады. Сахабалар мұны көріп: «Уа, Расулуллаһ! Сенің бұрын-соңды бұлай жасағаныңды көрмеп едік», - деп таңырқайды. Аллаһ Елшісі оларға:

«Әбу Тәлібтен кейін осы әйелдей маған жақсылық жасаған ешкім болған емес. Жұмақтың жібегін жамылсын деп өз көйлегіммен кебіндедім. Қабірде өткізетін сәттері оңай болсын деп көріне өзім жатып тұрдым» ‑ деп жауап береді.

Қабір азабы тек кәпір мен күнәһар мұсылмандар үшін ғана дегенімізбен мұның негізгі ақиқатын бір Аллаһ қана біледі. Дегенмен о дүниелік болған әрбір пенде қабірде сан‑алуан сұраққа тартылып, тиісті жазасына, не болмаса лайықты сыйына қауышатыны сөзсіз. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз Сағд ибн Муаз есімді сахабасы қайтыс болғанда былай дейді: «Әлбетте, қабір қысымы бар. Егер одан біреу құтылар болса, Сағд ибн Муаз құтылар еді» (Ахмад ибн Ханбал, 6/55).

Имам Ағзам Әбу Ханифа айтуы бойынша, қабірде пайғамбарлардан, содан соң сәбилер мен шейіттерден сұрақ сұралмайды[4].  

 

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына үнемі мына дұғаны үйрететін. Аллаһтың қалауымен біз де осы дұғаны айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді:

«Аллаһым, расында да мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дәжжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәларынан Саған сиынамын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажа риуаяты).