Дәріс тақырыбы №4. АЛЫС ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚТАР ДИНАМИКАСЫ.

1. Қытайдағы қазақтар.

2. Түркиядағы қазақтар.

3. Монғолиядағы қазақтар.

4. Ирандағы қазақтар.

Қытайдағы қазақтар. Қытайдағы қазақтар алыс шет елдердегі Қазақ диаспорасыныңның арасындағы ең көп сандыларының бірі. 1949 ж. Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылған кезде онда 420 мыңнан астам қазақтар болса, олардың 418 мыңы Шыңжаң хал­қының 9%-ын құрайтын. 3 мыңдай қазақтар Шыңжаңмен шекаралас Ганьсу және Синхай провинцияларында өмір сүріп жатты. Ал 1999 жылғы ресми қытай деректері бойынша, Қазақ диаспорасының 1,3 млн адамға жетіп, жалпы халық санының 7,4%-ын құраған. Қытайдағы қазақтар негізінен найман, албан, уақ, керей руларына жатады. Қазақтардың басым көпшілігі (82,6%) егін, мал, балық аулау, орман шаруашылықтарында еңбек етеді. Кәсіби мамандықтарына орай, тағы мынадай сипаттарды бөліп көрсетуге болады (90-жылдардың соңындағы деректер бойынша): әр түрлі мекемелердегі техникалық қызметкерлер — 13%, көлікте — 2,5%, мемлекеттік органдар, партиялық және қоғамдық ұйымдар қызметкерлері — 2%. Қазақтардың кәсіби бөлінісі олардың жалпы білім деңгейінің нашар екендігін айғақтайды. Дегенмен Шыңжаңда, көп ұлтты аймақ ретінде қазақ, ұйғыр, дүнген, т.б. ұлт­тық мектептері жұмыс істейді. Кеңес өкіметі кезінде Шыңжаңдағы аз ұлттар өкілдері балаларын оқыту үшін КСРО-дан оқулықтар беріліп тұрған. 1952 ж. бастап мұнда ұйғыр, қазақ, монғол тіліндегі оқулықтар шығарыла бастады. 70—80 жж. ресми Қытай үкіметі азшылық ұлт өкілдері арасынан жоғары білімді мамандарды көптеп даярлау мүддесін көтермелеген ниет танытты. Мысалы, университетке қабылдаған кезде оларға қытайлық­тардан төмен балл белгіленді. Алайда Қытайдағы ауыл қазақтарының білім деңгейінің төмендігі, мектептер мен мұғалім-қазақтардың азшылығы жағдайында жоғары білім қол жетпейтін дәреже болып қала берді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан (БАҚ) 1986 ж. ҚХР-да қазақ тілінде 20-дан астам журнал мен 10 газет жарық көріп тұрды. Жергілікті теле­көрсетілім қазақша бағдарламалар беріп тұрады, жергілікті радиостанциялар қазақша хабар таратады. Сөйтіп, Қазақ диаспорасыныңның өмір жағдайында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Тек жергілікті қазақтардың көпшілігі кейбір ескі әдет-ғұрыптан арыла алмай отыр. Мысалы, тұңғыш баланы атасы мен әжесі әке-шешесінің бауырынан ажыратып алуы, тіпті қалың малға сатып алу салттары да кездесіп қалады. Қытайдың аз ұлттарға ұстанып отырған мына саясаты да қазақ үшін қауіпті:

1) 25 жасқа толмай үйленуге рұқсат етілмейді, тыңдамағандарға айып салынады;

2) Үйленгеннен кейін 5 жылдан соң ғана балалы болуға құқылы. Екінші балалы болғысы келсе, тағы 5 жыл күтуге тиіс.

Түркиядағы қазақтар. ҚР Сыртқы істер министрлігі елшілік қызмет департаменті басқармасының деректері бойынша, 2000 ж. басында Түркияда 20 мыңдай қазақтар тұрған. 1952—58-жылдары келген алғашқы қазақтар тобы Стамбұл түбіне шоғырландырылып, азаматтық берілгеннен кейін ғана Батыс Анадолы аумағына орналастырылды. 1960 жылдары ауылдық жерлерден қалаға қоныс аудару жаппай сипат алған кезде, қазақтар да Ізмір, Анкара қалаларына көше бастайды. Қазақтардың еңбегіне орай осы жылдары түрік экономикасында тері бұйымдары саласы өркендей бастады, өйткені көшпелі өмір салты және мал шаруашылығымен айналысудан қазақтар тері өңдеу дәстүрін мықтап игерген болатын. Біртіндеп қазақтар өзге де өндіріс түрлері және сауда бизнесімен айналыса бастады. Бірқатары егін шаруашылығында қала берді.

Түркиядағы қазақтардың әлеуметтік өмірінде де олардың белгілі бір руға жататындығы басты рөл атқарады. Түркияға көшіп келген соң қазақ отбасылары 1934 ж. есім реформасына байланысты түрік фамилияларын қабылдауға тиіс болады. Алайда мұнда фамилия әкімшілік мақсатта бірыңғайлау үшін пайдаланылады да, қазақтардың өздерін руына қарай анықтайды. Қалың мал беру салты кездеседі, қалың малдың мөлшері әр түрлі, әлеуметтік жағдайына қарай өзгеріп тұрады. Аға ұрпақтың алдынан кесіп өтпеу, келіндік міндетті мінсіз атқару, “кіндік шеше”, “өкіл әке”, туыстарына бала беру сияқты қазақтың салт-дәстүр әдебіне баса мән беріледі. Дегенмен, түркиялық қазақтардың өмір салтында бірқатар өзгешеліктер де бар. Күнделікті өмірде қазақ тілі мен түрік тілі аралас қолданылады. Жастар барған сайын салт-дәстүрді сақтаудан бас тартуда, мысалы болашақ жар таңдауды өз еркімен шешуге тырысады. Үйлену тойында қазіргі түрік және қазақ дәстүрлерінің элементтері аралас жүреді. Ортақ түркілік тегі және мұсылман діні қазақтардың түрік қоғамына тез бейімделіп кетуіне мүмкіндік берген.

Халифа Алтай, Қожан Абдулла Даваш, Дәлелхан Жаналтай, Құранбай Нәдір, Тоқтаубай Топлы, Елей Иүксел сынды ақсақалдар бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарға танымал есімдерге жатады.

1986 ж. “Қазақ” атты қоғам құрылып, Тоқтаубай Топлы оның төрағалығына сайланды. 6 жылдан кейін ол қоғамның төрағалығы Омардың қолына өтеді. Бұл қоғамды құрудағы мақсат — ұлттық салт- дәстүрді жастар санасында қалыптастыру, жоқ-жітіктерге әлеуметтік тұрғыдан көмектесу, жергілікті халыққа қазақшылықты таныту болды.

Монғолиядағы қазақтар. Монғолияда 2000 ж. басында 83 мың қазақтар болды. Мон­ғолиялық қазақтардың басым көпшілігі ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысады. Тығыз топтасып орналасуы олардың монғол қоғамынан ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Монғолиялық қазақтардың басым көпшілігі таза ана тілінде сөйлейді.1940 ж. Баян Өлгий аймағында қазақ ұлттық клубы жұмыс істей бастады. Алғашқы басшысы әрі ұйымдастырушысы ақын, драматург, жазушы, Монғолия көркемөнеріне еңбек сіңірген қайраткер Бабиұлы Ақтан болды.

Сахнада Б.Ақтанның басшылығымен “Ермалай”, “Қалқаман-Мамыр”, “Ақ Айша” пьесалары қойылды.

Бұл клуб 1946 ж. өнер ошағы, 1956 ж. Қазақ музыкалық драма театры болып өзгерді. Осы кезде Ұланбатырдан және Қазақстаннан маман режиссерлер мен оқытушылар келіп атсалысты. Хор, драма, балет, музыка сыныптары ашылды. Осы кезде Ж.Арғынбайдың “Таланттылар мен табынушылар”, М.Нұрмаханның “Кезең үстінде” пьесалары қойылды.

Театр 1976 ж. мемлекеттің ең жоғары ордендерінің бірі — “Алтын гадас” (Алтын жұлдыз) орденімен марапатталды.

1993 ж. Қазақстан Республикасының демеушілігімен театрдың жаңа ғимараты салынды. Бұл театр ұжымынан Монғолияның халық артистері Ж.Қибатдолда, А.Хабылаш, А.Моңғолхан, Ә.Ахметбек, Монғолияның еңбек сіңірген артистері Д.Құсайын, Т.Дүйсенбі, Ж.Төлеухан, Б.Қайжамал, А.Қабыкей, Ж.Қаду сынды өнер саңлақтары өсіп шықты.

М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, Ш.Айтма­товтың “Ана жер — ана” спектакльдері сахнада көрсетілді. Қазақстанда Монғолияның Өлгий қаласындағы “Қазақ тілі” қоғамымен, Түркияның Стамбұл қазақ орталығымен, Кельн қаласының Қазақ диаспорасының орталығымен, Өзбекстандағы қазақтармен байланыс жасау қолға алынды. Өмір сүру деңгейінің нашарлығынан монғолиялық қазақтар тарихи атамекеніне қоныс аударуға ынталы.

Ирандағы қазақтар. Иранда (Иран Ислам Республикасы) 2000 ж. басында 3450 қазақ бары анықталған. ХХ ғ. 30-жылдары көшіп барған қазақтар тек 60-жылдар ортасында ғана уақытша тұруға рұқсат алып, кейін азаматтыққа да қол жеткізген. Бірен-саран өзге де қазақ руларының өкілдері болғанымен, ондағылар негізінен адайлар. Олардың көпшілігі Горган, Бәндар, Түркімен, Аққала, Күмбеш қалаларына қоныстанған.

Көпшілігі сауда ісімен айналысады. Балалары парсы тілінде оқығанымен, қазақы тәрбие үрдісі қатаң сақталған.

Иран қазақтарының бір ерекшелігі — олар өздерінің ұлттық киімін әлі күнге қолда­ныстан қалдырмай келеді. Қазіргі Иран қазақтарындағы әйел киімі — көне дәстүрдің сарқытын танытады.

Иран қазақтарының үй тұрмысында да ескілікті бұйымдар көптеп қолданылады. Соның бірі — қазақтың текеметі. Олар текеметті жайнамаз ретінде кіші өлшемде де, кілем көлемінде де пайдалана береді.

Дәстүрмен біте қайнасқан қазақы махаллада үйлену, үй болу жайы да аталар салған сара жолдан ауытқымаған екен. Атастыру, құда түсу тойы, қыз ұзату, келін түсіру тойлары бүкіл махаллалық мейрам ретінде тойланады. Ойын-тойда парсыша, қазақша әндер айтылады. Домбыра қолдану азайған. Иран қазақтарының тілдері таза сақталған десек те, кейінгі жастар арасында парсы сөзі аралас қазақ тілімен сөйлеу заңды құбылысқа айналған. Иран қазақтарының мамандықтары — жүргізуші, механик, техникалық қызметші, бақташы. Негізінен бұл елдегі қазақтардың тұрмыс деңгейі орташа, сондықтан кейбір әлеуметтік және мәдени қысымдарға қарамастан, бұл елден көшіп келуші оралмандар саны да аз.

2000 ж. басындағы мәлімет бойынша Германияда-700 адам, Бельгияда-28 адам, Норвегияда-20 адам, Францияда-172 отбасы, Швецияда-51, Австрияда-18, АҚШ-та-23, Швейцарияда-4, Данияда-4 отбасы, Австралияда-40 адам қазақтар тұрады.

Бұл дамыған елдердегі қазақ иммигранттарының аға ұрпағы негізінен ауыр және жабайы еңбекпен айналысып, балаларына жоғары білім әперуге жетерлік ақша жинауға тырысады. Қазір бұл елдердегі қазақтардың көпшілігі айтарлықтай ауқатты тұрады: бизнеспен айналысады, екі-үш шетел тілдерінде сөйлей алады. Бұл қазақтардың этностық тегі үй-ішілік деңгейде қазақ тілін сақтап қалуға тырысуынан байқалады, дегенмен, жергілікті ортаның өте күшті әсері және тіл иелерінің азшылығынан, оның өзінде қазақ тілі жергілікті тілмен шұбарланып кеткен. Көпшілік қазақтар, әсіресе, аға ұрпақ үнтаспа, бейнетаспаға жазылған қазақ ән-күйлерін тыңдағанды ұнатады. Еуропа мен АҚШ елдерінде Қазақ диаспорасыныңның аздығынан және бос уақыттарының жоқтығынан олар көбінесе мейрамдар мен мешіттерде ғана кездеседі. Бұл Қазақ диаспорасыныңның өкілдері қазіргі заман ағымымен өмір сүреді және басқа аймақтарға қарағанда ұлттық салт-дәстүрлерін ұмыта бастаған.

Қорыта айтқанда, алыс және жақын шетелдердегі Қазақ диаспорасыныңның өкілдерін қазақ халқының тегіне жататындығы, ортақ тіл, ұлттық тағамдары мен мәдениеті біріктіреді.

Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 3, 6, 7, 8, 9, 11, 12, 14, 15.

Қосымша әдебиеттер: 1, 3, 5, 6, 7, 12,13, 15, 17, 21, 23, 25, 29, 30, 31.