Кіріспе. Пәннің мақсаты мен міндеттері.

1. Кіріспе.

2. Пәннің мақсаты мен міндеттері.

Оқытуды демократияландыру, ізгілендіру арқылы экономикалық, әлеуметтік өзгерістерге бейімделе отырып, әлемдік өркениетке ұмтылған қоғамда танымдық қызығушылығы, біліктілігі жоғары, белсенді азамат тәрбиелеу талабы бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіне үлкен міндет жүктеуде. Жеке тұлғаны қалыптастыру мақсаты тәрбиелік процестің тұтастығын тұрақтандыруға назар аударады. Осыған орай, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің ортақ мақсатқа жетуге бағытталған өзара тиімді әрекеті, яғни ынтымақтастығы деуге болады. Тәрбиенің мақсаты – қоғамды ізгілендіру мен декмократияландыру үрдістеріне, нарықтық қатынастарға, жалпыадамзаттық құндылықтарға және тәрбиенің осы заманғы теориясына сүйенумен, Қазақстанның ұлттық және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін есепке алумен, өзінің ішкі мүмкіндігін өздігінен толық пайдалануға даяр, белсенді, іскер, қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін мойындайтын, белсенді, сонымен бірге қайырымды және тапқыр, қоғамдық талаптарға икем, жеке басының мүдделерін қоғамдық мүддемен ұштастыруға қабілетті, жеке басының құнын бағалай білуші, жоғары ойлы, адал, ұлттық санасы оянған, басқа да ізгі қасиеттері жетілген, мәдениетті азамат тәрбиелеу. Осыған орай Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында әлеуметтік педагогика пәні оқу бағдарламасына енгізілген және ол базалық пән болып табылады. Ол «педагогика және психология» мамандығы бойынша бакалаврлардың жалпы кәсіби даярлығының елеулі бөлігі. Себебі, әлеуметтік-педагогикалық элемент болашақ педагог-психологтардың кәсіби іс-әрекеті элементтерінің бірі. Бұл пәнді оқыту – студенттердің өзінің кәсіби іс-әрекетінің әлеуметтік-педагогикалық құрамасын жүзеге асыру үшін қоғамның әлеуметтік проблемаларының педагогикалық аспектілерін игеру мақсатын көздейді. Әлеуметтік педагогика пәнін оқып үйрену барысында студент төмендегі біліктер мен дағдыларды меңгеруі керек:

- әлеуметтік – педагогикалық тәжірибенің теориялық қолданбалы проблемаларын ұғыну және аналитикалық баға беру;

- ағымдағы басылымдардың және бастаулардың материялдарын өз-бетімен талдауды жүзеге асыруды;

- әлеуметтік педагогикалық іс-әрекеттің міндеттерін семья, әр жастағы балалар сияқты түрлі категориялармен жүзеге асырудың тиімді жолдарын негіздеуі;

- сәйкес технологияны таңдап алу үшін семьяны, мектепті, қиын балаларды, жас өспірімдерді, формальді емес бірлестіктерін әлеуметтік педагогикалық зерттеудің әдістемесін жасауды және қолдануды;

- өзінің тәрбиелік, диагностикалық, алдын алу, ұйымдастыру, коммуникативтік дағдыларымен біліктерін жетілдіру үшін игерілген теориялық білімдерді тәжірибеде пайдалануы.

«Әлеуметтік педагогикадан» бұрын «Педагогикалық мамандыққа кіріспе», «Педагогика» пәндері оқытылады. Бұл пәндер студенттер бойында түрлі жастағы балаларды дамытудың, тәрбиелеудің, оқытудың теориялық әдіснамалық негіздерін қалайды, студенттерде кәсіби бағытталған және дағдыларын жетілдіруге қажеттігін қалыптастырады. «Этнопедагогика» және «Педагогика тарихы» іргелес пәндер болып табылады. Әлеуметтік педагогикалық іс-әрекетте оқыту, тәрбиелеу, тұлғаны әлеметтендірудің ұлттық ерекшеліктерін есепке алу қажет. Бұл білімдерді студенттер «Этнопедагогика» пәнін оқу барысында игереді. Нақты қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдениеттік жағдайларын есепке ала отырып түрлі кезеңдерде педагогиканың, соның ішінде әлеуметтік педагогиканың ғылым және тәрбие ретінде шығуы мен дамуының тарихын студенттер «Педагогика тарихы» курсында оқиды. Студенттердің негізгі тәрбиелік тәжірибе біліктері мен дағдылары «Тәрбие жұмысының әдістемесі » курсын меңгеру процесінде қалыптасады. Студенттердің ұйымдастырушылық, коммуникативтік, аналитикалық, рефлексивтік, перцептивтік білімдері мен дағдылары «Педагогикалық шеберлік» курсын өтуде бекиді.

Дәрісбаян

І Негізгі бөлім

Әлеуметтік педагогиканың методолгиялық негіздері.

1. Әлеуметтік педагогика – білім саласы.

2. Әлеуметтік педагогика пәні, ғылым ретінде пайда болуы мен дамуы

3. Әлеуметтік педагогика пәнінің міндеті, негізгі түсініктері

4.Әлеуметтік педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы, құрамдас бөліктері

Әлеуметтік педагогиканың методолгиялық негіздері.

1. Әлеуметтік педагогика – білім саласы.

Әлеуметтік педагогика пәні - әлеуметтік қажеттілікке, емдеуге, әлеуметтендіруге байланысты біріккен жеке адамды, топты оқыту мен тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі. «Әлеуметтік педагогика» терминін ХІХ ғасырдың ортасында неміс педагогы Карл Магер енгізді, бірақ бұл термин ХХ ғасырдың басында ғана жаппай қолданыла бастады. Педагогика оқу-тәрбие мекемелеріндегі тәрбие теориясы мен әдістемесі ретінде пайда болып, дамыды. ХVІІІ ғасырдың аяғында жеке тұлғаның дамуының бір кезеңі ретінде ерте жеткіншектік шақ бөлініп қарастырылып, жеткіншек ұл балалар мен қыздар педагогиканың зерттеу объектісіне айналды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қоғамдық тәрбие жүйесі мен педагогиканың мазмұндық ауқымы кеңейе түсті.

- біріншіден жастар мен ересек жастағы адамдардың тәрбиесі;

- екіншіден әр түрлі жастағы (барлық жас қамтылған) адамдарды қайта тәрбиелеу және бейімдеу;

Бұл тапсырыс Европа мен Америкадағы социомәдениет үрдісіне байланысты болды. Осы кезеңде жаңадан пайда болған вакумды толтыру қажеттігі туындап, кейбір педагогтар әлеуметтік педагогика сұрақтарымен айналысыпты. Бұл жерде неліктен педагогика ғылымының жаңа бөлімі қажет болды? Деген сұрақ туындауы мүмкін. Енді бұл сұраққа жауап беріп көрейік: біріншіден үлкендер педагогикасы – андрогогика әлі күнге дейін үлкендерге білім беру мәселесімен айналысады. Кейінгі онжылдықтары андрогогикадан қарттарға білім беру мәселесінің түрлерімен айналысатын герогогика (қарттар педагогикасы) бөлініп шықты. Екіншіден қиын балалар мен үлкендердің мәселесімен айналысқан, ХІХ ғасырдың аяғында балаларды және жас жеткіншектерді қайта тәрбиелеу, сол сияқты түзету педагогикасы пайда болып, ХХ ғасыр бойына қалыптасты. Дегенмен дәстүрлі педагогика әлеуметтік тапсырысты қанағаттандыра алмады, себебі, педагогиканың әрбір санасының өз зерттеу объектісі бар. Неміс ғалымы Пауль Наторп әлеуметтік педагогика халықтың мәдени деңгейін көтеру мақсатында қоғамның тәрбие күшінің бірлігі мәселесін зерттейді деп есептейді. Ресейде әлеуметтік педагогика ХІХ ғасырдың аяғында пайда болып, ХХ ғасырдың 20 жылдары мектеп пен өмірді және әлеуметтік ортамен байланыстыру негізінде жүзеге асырылып отырады. Бұл идеяны Ресей педагогы С.Т.Шацкий теориялық тұрғыдан негіздеп, практикалық тұрғыдан жүзеге асырды. Дегенмен жалпылай тәжірибеде қарапайым түрде қарастырылады. Әлеуметтік педагогика педагогика ғылымдарының бір саласы ретінде адамдар, топтар, ұжымдар арасындағы әлеуметтік қарым қатынас заңдылықтары мен іс - әрекет барысындағы мінез-құлық ерекшеліктерін зерттеумен де айналысады. Кеңес дәуірінде «әлеуметтік педагогика» деген ұғым болған жоқ. Ал, педагогикалық энциклопедияда (1968) «әлеуметтік педагогика буржуазиялық педагогиканың бір бағыты ретінде әлеуметтік – педагогикалық мәселелердің шегін зерттеумен айналысады», - делінген. Дегенмен, жеке адамға білім беру мен оны тәрбиелеу қоғаммен, қоғам заңдылықтарымен тығыз байланысты. Әлеуметтік – педагогикалық ойлар мен тәжірибе өз дамуында әр түрлі кезеңдерден өтті. Ерте Шығыстағы (Месопотомия, Египет, Индия, Қытай) тәрбие мен білім беру саласының дамуы б.э.д. ІІІ мыңжылдығында Шумер, Вавилон, Ассирия сияқты мемлекеттердің қалалары пайда болып, онда патриархалды – отбасы тәрбиесі дәстүрлі дамыды. Вавилондық царь Хаммурапидің (б.э.д. 1792-1750) заңы бойынша тәрбие ата – ананың міндеті болып есептелініп, ұлын өмірге даярлап, кәсіпке үйретуге әкесі жауап беретін болды. Кейінірек тәрбие қоғамның әлеуметтік қызметі ретінде бөлек бөлініп шықты. Египетте тәрбие мемлекеттің қажеттілігіне сай дамыды, ал білім елдің саяси жүйесін көрсету құралы ретінде болды. Ертедегі Египетте дәстүрлі отбасы тәрбиесінің негізінде чиновниктерді даярлау тәжірибесі алынды. Тәжірибелі әкімшілік қызметкер өзіне «ұл» қылып бірнеше жас жеткіншектерді алып, басқару технологиясына, құжаттарды толтыруға үйретіп, адамгершілік және діни танымдармен таныстырды. Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі, бай адамдардың балалары тақ мұрагерімен бірге хан сарайында тәрбиеленді. Балаларға көбіне дене тәрбиесі және әскери жаттығулар және сарай тәртібі мен мінез – құлық ережелері үйретілді. Б.э.д. ХVІ ғасырдың орта хандық дәуірінде Египетте жаңа мемлекеттер пайда болды. Онда оқушылар білім деңгейі мен жас кезеңіне қарай топтарға бөлінді. Осы кезеңнен бастап Египетте білім берудің негізгі мақсаты: әлеуметтік жоғары деңгейге жету болды. Ертедегі Египетте мектептегі білім беру жүйесі екі деңгейлі болды. Оның біріншісіне балалар оқу және жазу дағдысын меңгеретін қарапайым мектеп жатса, екіншісін жеткіншектердің мұғалімдерге «көмекші» болуы құрады. Ерте египеттік білім беру оқушылық және отбасылық тәрбие дәстүрін сақтап, мұғалімдерді «әке» деп, оқушыларды «ұлым» деп атады. Мектепте оқушыларды мәдениеттілікке, шешендікке, басқаларды тыңдай білуге үйретті. Ертедегі үнді тарихы негізгі екі кезеңге бөлініп, олар дравидтік-арийстік және буддийстік деп аталынды. Тәрбиелеу мен білім берудің бірінші кезеңі отбасылық сословиялық сипатта болды. Мектептік білім б.э.д. ІІ-ші мыңжылдықтары пайда болды. Тәрбие мен білім дамуының негізгі факторы брахманизмнің діни саясаты индуизм болды. Индуизм – бұл тек дін ғана емес,өмірге деген көзқарас, этникалық ереже мен әлеуметтік жүйе, мерекелер мен салт –дәстүрлердің бірлігі болды.

Ертедегі үнді тарихының екінші кезеңіндегі тәрбиеге діни-философиялық ілім-буддизм әсер етті. Буддиялық мораль адамдардың туғаннан бірдей болуын және өтірік, ұрлық, зорлық зомбылық, ішімдіктен аулақ болуын қалады. Ертедегі Қытайда білім беру мен тәрбиелеу жөнінде құнды тәжірибе жинақталып, педагогикалық ойдың дамуына ерекше әсер етті. Мұнда б.э.д. VІ ғасырда бірінші философиялық бағыттар қалыптасты. Соның ішінде негізінен белгілі болған конфуцианизм және даосизмді атауға болады. Осы уақытқа дейін Қытайда жинақталған педагогикалық бай тәжірибенің ары қарай дамуына б.э.д. 419-551 жылдары өмір сүрген Қытай ойшылы Конфуцияның қосқан үлесі зор болды. Ол табиғатынан қоғамдағы адамдардың мүмкіндіктері бірдей емес деп есептеп, қоғамдағы адамдардың 4 категориясын бөліп қарастырды. 1 категорияға тәңір берген жетілген ақылдылық иесін (совершенномудрее)

жатқызса, 2 категорияға – оқу арқылы білім алатын адамдарды жатқызады. 3 категорияға қиындыққа қарамастан оқитын, білім алатын адамдар жатады деп есептеді. 4 категорияға білімді қабылдай алмайтын қарапайым халық жатқызылады. Конфуций тәрбиешіге білімін үнемі жетілдіру, оқуға ынтасы бар адамдарды оқыту, қиындыққа кездескендерге көмек көрсету сияқты талаптар қойды. Сонымен қатар оқушылармен жеке жұмыс жүргізу оқушы мен мұғалім арасында тығыз байланыстың болуын талап етті. Қорыта келе ертедегі Қытайда педагогикалық ойдың дамуына үлес қосқан педагогтардың бірі болғанын атап кеткен жөн. Антикалық әлемде Батыстағы әлеуметтік тәрбиеге байланысты кезең «мәдени төңкеріс» деп аталды. Шығыстағы әлеуметтік мәдени қозғалыстан айырмашылығы, Батыста діни – философиялық сипат болмады. Мұндай өзгерістер ертедегі грек мемлекеттерінде байқалды. Онда тәрбие дәстүрі негізгі екі: спартандық тәрбие жүйесі және афиналық тәрбие жүйесіне сүйеніп жүргізілді. Спартада тәрбие міндетті жалпыға бірдей, жоғары нәтижелі, мемлекеттің саяси әлеуметтік өмірімен тығыз байланыста болды. Спартандық тәрбие жүйесі адамдарды әлеуметтік топтың қажеттілігіне бағындыру мақсатында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында жүргізілді. Балаларды 7 жастан бастап әскери орындар мен жаттығуларды орындауға, дене дайындығына үйретті. Оларды суыққа, ыссыға, аштыққа, ауруға шыдамды болуға тәрбиеледі. Спартандықтардың интелектуалдық тәрбиесі тар көлемде жүргізіліп, оқуға жазуға үйрету өте кеш жүргізілді. Спарталық тәрбиеге қарама қарсы Афиныда демократиялық қоғамдық құрылыс болды. Онда ақыл – ой, дене тәрбиесі, көркемдік және адамгершілік тәрбиелі кешенді жүргізілді. Бостандық сұлулық, жан жақты тәрбиелік сияқты сапалар Афиныда қалыптастырылды. Өзінің азаматтық міндетін абыроймен атқаратын, қоғамдық, жеке бастық, ұжымдық талаптарды ұштастыра алатын адам Афиналық тәрбиенің идеалы болып табылады. Ертедегі Римдегі тәрбие бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең– анық белгіленген тәжірибелік сипатта болды. Бұл үрдісте отбасы маңызды әлеуметтік институт ретінде ерекше роль атқарды. Отбасы тәрбиесінің басты мақсаты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру болды. Отбасындағы үстемдік әкеге берілді. Ол баланың моральдық тәрбиесі мен дене дамуына жауапты болды. Отбасында ата- баба мұраларын, ұлттық батырларды сыйлап, қадір тұтуға тәрбиеленеді. Ата ананы сыйлауға, үлкендерді құрметтеуге отанын сүюге тәрбиелеу қатал қадағаланды. Екінші кезең– Римнің Грецияны жаулап алуымен байланысты афиналық мәдениет ерекшеленіп көзге түсіп, философияны әдебиетті меңгеру қабылданды. Элминдік дәстүр әсері негізінде педагогикалық ойлар дамып жетілді. Мәселен, Сенеке өзінің «Моральдық тақырыптардағы хаттар» (Письма на моральные темы), «Луцилияға адамгершілік хаттар» (Нравственные письмо к луцилию) атты еңбектерінде адамгершілік тәрбиесінің маңызын ашты. Квинтилиянның 12 трактаттарының ішіндегі «Ұл баланы үйде тәрбиелеу» және «Риторикалық білім беру туралы» атты еңбектері тәрбиеге байланысты пікірлерді жетілдіруде құнды деп атауға болды. Ертехристиандық қоғамдардың пайда болуы үшінші кезеңніңдамуына әкеліп соқты. Бұл кезеңдегі тәрбие дінге негізделіп, христрияндық мектептің жетекшісі Климент Александрийский болды. Ол кейінгі уақытқа дейінгі жеткен «педагог» кітабының авторы. Ол адам білімді болумен қатар, діни сезімді меңгеру керек деп есептеді. Ертехристиандық ойшылдардың ішінен ерекше көзге түскен Иоанн Златоуст пен Августин Аврелийді атауға болады. Жалпы антикалық кезеңде әр жас кезеңіндегі адамдарға қоғам және мемлекет тарапынан әлеуметтік тәрбиелі тұрғыдан әсер ету бағыты болды. Орта ғасырдағы әлеуметтік тәрбие мәселесі Византиямен байланысты. Византия өзінің географиялық орналасуына байланысты Шығыс пен Батысты байланыстырушы дәнекер болды. Византиядағы мәдениет пен ағарту жұмысының дамуын бірнеше кезеңге бөлді. ІV – ІХ ғасыр аралығындағы бірінші кезеңде адамгершіліктік және дүниетанымдық негізі қаланды. ІХ-ХІІ ғасыр аралығындағы екінші кезеңде ағарту жұмыстары мен мәдениет саласында өзгерістер енгенімен, оның барлығы грек тілінде жүзеге асырылып отырды. ХІІІ-ХV ғасыр аралығында үшінші кезең Византияда батыстың әсерінің күшеюімен сипатталады. Бірақ бұл кезеңде де мәдениет пен тәрбие грек тілінде жүргізілді. Византия империясында отбасы тәрбиесіне ерекше көңіл аударылып, әкесі баласын кәсіпке баулыса, шешесі қызын үй шаруашылығына баулыды. Византия мектептеріндегі білімге әлеуметтік шектеу қойылмады. Орта ғасырдағы Шығыстағы тәрбие жүйесі отбасы тәрбиесіне негізделді. Бала тәрбиесімен әкесі айналысты. Осы кезеңдегі Ислам тәрбиесі қыз бала мен ұл балаға тәрбиені бөлек берумен ерекшеленді. Қайта өрлеу дәуіріндегі әлеуметтік педагогикалық идея гуманистік көзқарасқа бағытталды. Жер бетіндегі негізгі құндылыққа адамды жатқызып, адам тәрбиесін қоғамдағы өзгерістермен, оның дамуымен байланыстырды. Бұл кезеңдегі педагогикалық ойдың негізгі түйіні баланы жан жақты дамыту, яғни ақыл ой, адамгершілік, дене тәрбиесін кешенді ұйымдастыру болды. Сонымен қатар тәрбие барысында баланың жеке және табиғи ерекшеліктерін ескерту қарастырылды. ХІХ ғасырда Батыс Европа елдерінде орта білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болып, ол шынайы, практикалық бағыттағы білім берудегі ой-пікірлердің таралуында, әсіресе, ХІХ ғасырдың ортасында герман мемлекеттерінде филонтропистердің педагогикалық идеяларында (И.Б.Базедов т.б.) көрініс тапты. Олардың пікірінше мектептің басты міндеті – жағымды және жоғары адамгершілікті қоғам мүшелерін тәрбиелеу болу керек және олар өмірдің әр түрлі сферасында практикалық іс-әрекетке дайын болуы қажет. Осы кезеңде педагогиканың дамуына «Класссикалық неміс философиясының өкілдері» елеулі үлес қосты. Э.Канттың пікірінше «адамның адам болуы тәрбиеден». Ол жоғарыда аталып отырған еңбегінде баланы жабайы жануарлардың жағдайынан бөліп қарастыратын тәрбиенің әлеуметтік қажеттілігін баса көрсетті. И.Б.Базедовтың филонтропиялық пікірінің әлеуметтік маңыздылығына алғашқылардың бірі болып Э.Кант баға берді. Э.Кант «Антропология с прагматической точки зрения» атты еңбегінде әлеуметтік педагогиканың маңызды мәселелеріне тоқтала отырып, «...тәрбиенің негізгі міндеті -әлеуметтік тәртіпке тәрбиелеу, дағдыны игеру, мәдениетке баулу, моральдық тәрбие беру»,- деп есептеді. Ф. Шлейермахер тәрбиені ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты жалғастырушы ретінде қарастыра отырып, тәрбиенің әлеуметтік маңыздылығына үлкен мән берсе, Г.Гегель «Адамның адамдығы тәрбиеге байланысты, себебі тұлға қоршаған ортамен өзара әрекеттескенде қалыптасады, ал тәрбие арқылы ол мәдениетке, социумға белсенді араласады»,- деп есептеді. Сондай-ақ, Г.Гегель: «...тәрбие мен білім беру индивидті қоғамда және мемлекетте субъективті сферадан объективті сфераға шығаруға бағытталуы керек, сондай-ақ тәрбиенің басты міндеттерінің бірі баланың өзіндік құндылығын сезінуді қалыптастыру»,-деп пайымдады. Дегенмен ол, қажет болса, оқушыларды жазалауға да болады деп есептеді. Г.Гегель отбасы мен мемлекетті балалар бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың әлеуметтік формасы ретінде қарастыра отырып, тәрбиені мемлекеттік етуді жақтап, оны бастауыш мектеп, гимназия, университет жүзеге асыруы тиіс деп есептеді. Ал шіркеуді әлеуметтік институт ретінде қарастыра отырып, балаға тәрбие мен білім беруде оның маңызды орын екенін атап өтті. Баланың дамуында басты рольді ортамен тәрбие алатындығын социал – утопистер де мойындады. Жеке тұлғаның жарасымды дамуы мен қалыптасуында өндірістік еңбек пен қоғамдық жұмысқа балаларды үйретудің маңыздылығына үлкен мән берді. Социал – утопистер қоғамдық тәрбиенің мемлекеттік экономикалық даму жағдайына байланысты екендігі жөніндегі пікірлерін жүйелі түрде білдіріп отырып, негізгі әлеуметтік міндет ретінде бала бойында мораль негіздері мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруды қойды. Мәселен Ш.Фурье баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік тәрбиелілігінің, яғни, жолдастық, достық, мейірімділік, қайырымдылық сияқты сезімдері мен әділетті болу, қоғамға қалтқысыз еңбек ету т.б. қасиеттері ұжымда дамиды деп есептеді. Шынайы адамгершілікті адам болып қалыптасудағы дұрыс ұйымдастырылған ақыл-ой, эстетикалық және дене тәрбиесінің маңызына ерекше тоқталды. К.Маркс, Ф.Энгельс тәрбие мен білім беруді таптық күреске қажетті байланыс ретінде қарастырды. Олар сондай – ақ адам тек орта мен жағдайдың тәрбие өнімі емес, барлық қоғамдық қатынастардың өнімі деп есептеді. 19 ғасырдың ортасындағы О.Конт, Дж.Милль, Г.Спенсер сияқты ағартушылар қоғам дамуына байланысты әлеуметтік фактор ретінде тәрбие жоғары мәнге ие болады деп есепетеді. Педагогикалық ой пікірдің дамуына үлес қосқандардың бірі И.Г.Песталоции. И.Г.Песталоции тәрбиені әлеуметтік үрдіс ретінде түсіне білді. Бірақ ол еңбекшілердің тұрмысын оларға білім берумен, тәрбие берумен жақсы жолға қоюға болады деп қате түсінді. Адамдардың әлеуметтік және праволық теңсіздігінің себебі сол қоғамдағы қоғамдық қатынастың нәтижесі екенін ол түсінбеді. Халықтың кедейлігінің себебін экономикалық жағдайдан емес, оның қараңғылығынан көрді. Ф.Фребель өзінің әйгілі «Адамды тәрбиелеу» атты педагогикалық еңбегінде адамның ішкі әлемінің диалектикалық түрде сыртқа айналатынына ерекше көңіл бөлді. Тәрбие мен білім беру жұмысы барлық жастағылар үшін педагогикалық мекемелерде жүйелі іске асырылуы керектігін қарастырды. 19 ғасырда әлеуметтік педагогика ғылым ретінде қалыптасты. «Әлеуметтік педагогика» терминін алғаш А.Дистерверг енгізген болып саналады, дегенмен кейбір зерттеушілер әлеуметтік педагогиканың қалыптасуына неміс философы П.Наторп зор үлес қосып, алғаш «Әлеуметтік педагогика» терминін енгізген деген пікір айтуда. П.Наторптың негізгі педагогикалық еңбегі «Әлеуметтік педагогика» 1898 жылы жарық көрді. Алғашқы 2 бөлімі автордыңдүниетанымдық көзқарасын неоканттық көзқараста философиялық пайымдаудан тұрады. Алғашқы 2 бөлімі - бұл этика жүйесі яғни мұны бір уақытта әлеуметтік философия ретінде қарастыруға болады, себебі Наторп мұнда әлеуметтік даму заңын, техникамен өзара байланысты, құқық, шаруашылық қоғамдық идеал және т.б мәселерді қарастырады. Үшінші бөлімді Наторп отбасы тәрбиесі теориясына, мектеп теориясы және «еркін өзін - өзі тәрбиелеу» теориясына арнады. Оның дәлелдеуінше: адам мен қоғам тұтас алғанда бір заңмен дамиды. Сондықтан П.Наторптың «Әлеуметтік педагогикаға» берген анықтамалары халықтың мәдени деңгейін көтеру мақсатында қоғамның тәрбие күштерін интеграциялау мәселеріне арналды. Әлеуметтік өмірдің басты компоненттері ретінде ол еңбекті пен саяси құқықты ұйымдастыруды және білім беруді ұйымдастыруды қарастырды. Прогрестің басты факторы П.Наторп бойынша жекелеген адамдар мен барлық «қоғамның» тұтастай «сана прогресі» болып табылады. Ерікті тәрбиелеу Наторп пікірінше педагогтың басты міндеттерінің бірі болуы керек. Наторп адам ерік – жігерінің даму сатыларын және сол сатыларға сәйкес тәрбиенің үш типін: отбасы тәрбиесі, мектеп тәрбиесі, өзін - өзі тәрбиелеу типтерін көрсетеді. Жалпы алғанда ХІХ ғасыр педагогтары мектеп пен тәрбиенің функцияларының өскендігін атап өтумен қатар, мемлекеттік білім беру жүйесін қолдады. Сонымен, ғасырдың аяғына таман педагогиканың бір саласы ретінде барлық жастағы және әлеуметтік жағдайдағы адамдардың әлеуметтік тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік педагогика қалыптасты.