Оғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың нақты түрлері

Мемлекет қоғамдық тәртіпті сақтауға, адамдардың тыныштығын, олардың занды мүдделері мен құқықтарының бұзылмауына ерекше мән береді. Осыған орай Қылмыстық кодекстің жекелеген тарауы мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздігімен бірге қоғамдык тәртіпті реттеуге, қорғауға арналған. Қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың жекелеген түрлері жаппай тәртіпсіздіктер (241-бап), бұзақылық (257-бап), тағылық (258-бап) болып табылады. Осы қылмыстардың топтық объектісі — қоғамдық тәртіп. Өйткені көрсетілген қылмыстардың кез келгенін істеу аркылы объект ең алдымен қоғамда қалыптасқан тәртіпке қол сұғады. Қоғамдық тәртіпке көрсетілген осы қылмыс құрамдарының тікелей объектісі де болады. Осы құрамдардың қосымша тікелей объектісі — адамдардың денсаулығы, ар-намысы, адамгершілігі, меншігі болуы да мүмкін. Енді осы құрамдардың әрқайсысына жеке-жеке талдау жасайық.

Жаппай тәртіпсіздіктер (241-бап)

Қоғамдық тәртіпке қарсы қауіпті қылмыстардың бірі жаппай тәртіпсіздіктер болып табылады. Арандатушылар мен ұйымдастырушылардың от жағуына еліккен тәртіпсіз элементтер ең сорақы әрекеттерді жүзеге асыруы мүмкін, жаппай тәртіпсіздік объектілерді қиратумен, өртеумен, көлік, коммуникация, байланыс жүйелерінің бірқалыпты қызметін бұзумен, мүлікті жоюмен ұласып, мұның арты жаппай адам шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Кез келген мемлекеттің Қылмыстық кодексінде бұл тұрғыдағы қылмыс үшін қатаң жаза белгіленген. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жаппай тәртіпсіздіктің тікелей объектісі — қоғамдық тәртіп, ал қосымша тікелей объектісі — адамдардың өмірі, денсаулығы, мемлекеттік, қоғамдық, жеке меншік болады. Объективтік жағынан бұл қылмыс жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру арқылы сипатталады. Жаппай тәртіпсіздік деп қоғамға қауіпті әрекеттердің күш колданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ олардың өкімет өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан әрекеттерін айтамыз. Күш қолдану деп құқық тәртібін корғайтын өкімет өкіліне, лауазым адамдарына, басқа да азаматтарға қарсылық көрсетіп, оларды күшпен заңсыз әрекеттер істеуге мәжбүрлеуді, өкімет билігінің заңды талаптарына күш қолданып, қарсылық білдірулері жатады.

Қирату деп — мүлікті, объектілерді жойып, тонап, күл-талқан ету әрекеттерін айтамыз.

Өртеуге мүліктерді, кұрылыстарды, автокөліктерді, өсімдіктерді, қондырғыларды, басқа да заттарды отқа жандырып, құрту әрекеттері жатады.

Мүлікті жоюға — әр түрлі тәсілдермен оларды мүлдем жарамсыз күйге келтірулер жатады.

Соғыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс қондыр ғыларын қолдану деп — осыларды адам өлтіруге, жарақаттау үшін, мүлікті бүлдіру немесе қорқыныш сезімін тудыру үшін
мақсатты пайдалануды айтамыз.

Өкімет өкіліне қарулы қарсылық көрсетуге қоғамдық қауіпсіздікті, тәртіпті қамтамасыз еткен өкіметтің заңды өкілдеріне тікелей қиянат жасап, олардың өздеріне жүктелген функцияларын атқаруға кедергі келтіру, оларды қуғынға ұшырату сияқты әрекеттер жатады.

Жаппай тәртіпсіздіктер — формальдық қылмыс құрамына жатады. Қылмыс Кодекстің 241-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Егер жаппай тәртіпсіздік кезінде кісі өлсе, денеге ауыр жарақат келтірілсе, онда кінәлінің әрекеті қылмыстардың жиынтығы (КК-тің 96, 103-баптары) бойынша сараланады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлі адам жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыратынын, оның занды көрсетілген әрекеттермен жалғасатынын сезеді және соны істеуді тілейді.

Қылмыс субъектісі - 16-ға толған, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған немесе басқарған адам. Қылмыстық кодекстің 241-бабының 2-тармағында жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін жауаптылық көзделген, яғни бұл жерде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан қатардағы адамның белсенді түрде қирату, өртеу, бүлдіру, жою, сондай-ақ 241-баптың 1-тармағында көрсетілген басқа да әрекеттерді істеуге қатысуы туралы сөз болып отыр. Қылмыстық кодекстің 241-бабының 3-тармағында өкімет өкілдерінің заңды талаптарына белсене бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке шақыру, сондай-ақ азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шакыру үшін жауаптылық белгіленген.

Бұзақылық (257-бап)

Бұзақылықтың қоғамдық тәртіпке, азаматтардың тыныштығына зардабын тигізетін, қайсыбір жағдайларда, одан гөрі ауыр қылмысқа итермелейтін қауіпті құқық бүзушылық екеніне дау жоқ. Бұзақылық жасаған адам қоғамдық тәртіпті, адамгершілік салтты өрескел бұзатын, көбінесе себепсіз немесе болар-болмас себепті пайдаланып қоғамды мейлінше сыйламаушылықтан көрінетін, қоғамдық тәртіпке ашық қарсыласуымен, өзін айналасындағыларға қарсы қоюымен, оларға немқұрайды қарым-қатынасымен әдейі жасалған әрекеттері арқылы көрініс табады. Бұзақылык, — тұрмыс салты мен қоғамдық тәртіптің бірден-бір жауы.

Қылмыстың тікелей объектісі — қоғамдық тәртіп, ал косымша объектісі — адамның денсаулығы, ар-намысы немесе меншігі болып табылады.

Осы қылмыстың жәбірленушісі кез келген адам болуы мумкін. Қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-тармағының "а" тармақшасында бұзақылықтан жәбір көретіндердің тізімі: өкімет өкілі, қоғамдық тәртіпті бүзуға тыйым салушы өзге де адамдар деп тура көрсетілген. Өкімет өкіліне қоғамдық тәртіпті бұзушылықты тыюға құзыретті барлық лауазым адамдары жатады.

Қоғамдық тәртіпті бұзуға тыйым салушы өзге адамдар деп — өкімет өкіліне немесе ұйымдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндетті атқаруға жатпайтын басқа адамдардың азаматтық борышын өтеп қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысушыларды айтамыз.

Қоғамдық тәртіп дегеніміз қоғамдық тыныштықтың, азаматтардың, қоғамдық орындардағы лайықты мінез-құлқының, ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың, қоғамдық немесе жеке келік құралдарының бір қалыпты жұмысының, азаматтардың жеке басына қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады.

Бұзақылық іс-әрекет бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен байланысты болса, онда бөтеннің мүлкі оның заты болып табылады.

Объективтік жағынан бұзақылық қоғамды анық құрметтемеуін білдіретін, азаматтарға қарсы күш колданумен не оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз іс-әрекет жасаумен ұштасқан қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылык әрекеттер арқылы сипатталады.

Қылмыстық кодекстің 257-бабында көрсетілген әрекеттерді істеу барысында азаматтардың мазасы кетіп, қорқыныш, үрей, өздерінің қауіпсіздігіне сенімсіздік пайда болады, олардың бірқалыпты еңбек ету, тынығу салттары бұзылады, мемлекеттік немесе басқадай мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорындардың жұмысына кедергілер келтіріледі, бөтеннің мүлкі жойылады немесе бүлінеді. Бұзақылық үшін занда көрсетілгендей коғамдық тәртіпті тым өрескел бұзушылық орын алуы керек. Осы белгі арқылы қылмыстық жолмен жасалынатын бұзақылык ұсақ бұзақылықтан ерекшеленеді.

Кінәлінің күш колданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен, сол сияқты бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен не ерекше арсыздықпен ерекшеленген әдепсіз іс-әрекеттер жасауымен ұштасқан әрекеттері қоғамдық тәртіпті тым өрескел бұзған бұзақылық деп саналады.

Күш қолдануға денсаулықтың қысқа мерзімді бұзылуына немесе еңбек ету қабілетінің болмашы ғана жоғалуына ұласқан денеге жеңіл жарақат салу жатады. Денеге орта және ауыр жарақат келтірілген жағдайда кінәлінің әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша (257-баптың 1-тармағы, 103 немесе 104-баптар) сараланады.

Қорқытуға жәбірленушінің сана-сезімі мен еркіне әсер ететін түрде күш қолданамын деген әрекеттер жатады.

Қорқытудың мазмұны сан алуан, ол сабаймын, өлтіремін, өртеймін деген айбат жасаулар арқылы көрініс табуы мүмкін.

Бұзақылықта бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру арқылы материалдық залал келтірілуі мүмкін. Залалдың мөлшерін анықтау нақты фактілерге байланысты болады. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру едәуір мөлшердегі зиян келтірумен ұштасса, онда кінәлінің әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша (ҚК-тің 187 және 257-баптары) сараланады.

Ерекше арсыздықпен жасалған бұзақылық деп — адамгершіліктің жалпы қабылданған қалыптарын көпе-көрінеу жоққа шығару; мысалы, ұятсыздық, ауру адамды, өзін-өзі қорғай алмайтын жағдайдағы адамдарды, т.б. қорлау арқылы көрінетін бұзақылық әрекет (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1995 жылғы 21 шілдедегі №5 "Бұзақылық істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" қаулысының 3-тармағы).

Бұл қылмыс құрамының объективтік жағының тағы бір кажетті белгісі істелген іс-әрекеттерде қоғамды анық, көрінеу құрметтемеуін білдіретін белгілер болуы керек.

Қоғамды көрінеу, анық құрметтемеу деп кінәлінің көпе-көрінеу, көпшілікті, қоғамдық тәртіпті құрметтемейтін, өзін қоғамға және оның мүдделеріне ашық қарсы қоятын мінез-кұлықтарын айтамыз. Бұзақылықта қоғамды анық құрметтемеушілік көпшіліктің көзінше жүзеге асырылады. Демек қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу және қоғамды анық құрметтемеушіліктің жиынтығы басқа да белгілермен бірге бұзақылықтың объективтік жағының қажетті белгілері болып табылады.

Бұзақылық формальдық-материалдық қылмыс құрамына жатады. Ол қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу және қоғамды анық, көрінеу құрметтемеушілік әрекеттерін істеген уакыттан бастап аяқталған деп танылады. Егер бұзақылық әрекеттерімен бөтеннің мүлкі жойылса, бүлдірілсе онда қылмыс материалдық құрамға жатады. Мұндай ретте іс-әрекет пен одан туындаған зардаптың арасындағы себепті байланысты анықтау қажет.

Бұзақылық қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, әдетте, қоғамдық орындардан (көшеде, мекемелерде, көліктерде, қоғамдық тамақтандыру немесе көпшілік орындарында) басқа, бейтаныс адамдарға, жас балаларға, келіп-кетушілерге карсы жария түрде жасалады.

Қылмыстық кодекстің 257-бабында көрсетілген қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өз әрекеттері арқылы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамды көрінеу құрметтемегендігін біледі және осы әрекеттерді істеуді тілейді.

Бұзақылықтағы қылмыстың ниетіне қоғамды көрінеу сыйламаушылықтан туындаған эгоистік көзқарастар, бостандықты теріс түсінушіліктен болған жағдаяттар жатады. Бұзақылық ниетке — қоғамды көрінеу кұрметтемеушілікті білдіретін әр түрлі дөрекіліктер, өктемдіктер, қатыгездіктер, тентектік пен арсыздық, ұятсыздық көріністері жатады.

Бұзақылықтың мақсаты қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, жәбірленушіге күш көрсету, қорқыту, оның бойына қорқыныш туғызу, мүлкін жою, бүлдіру болып табылады.

Отбасында, пәтерде туған-туысқандарын, таныстарын балағаттау, ұру, денесіне жарақат түсіру және жеке бастың араздығынан, жәбірленушінің теріс қылығынан болған осыған ұқсас әрекеттер жеке адамға қарсы қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік көрсетілген Қылмыстық кодекстің баптарымен саралануы тиіс. Егер мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен ұласса және қоғамды көрінеу құрметтемеушілікті білдірсе, онда кінәлінің әрекеті бұзақылық ретінде сараланады.

Қылмыстың субъектісі — жалпы, 16-ға (257-баптың 1-тармағы) және 14-ке (257-баптың 2,3-тармақтары) толған есі дұрыс адам.

Қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-тармағында бұзақылықтың ауырлататын (кәнігі) түрі үшін жауаптылық белгіленген. Олар: а) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаған (ҚК-тің 31-бабын қараңыз); б) өкімет өкіліне не қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндетті атқарушы немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға тыйым салушы өзге де адамға қарсылық көрсетумен байланысты болса; в) бұзақылық үшін бұрын сотталған адам жасаса (ҚК-тің 13-бабын қараңыз).

ҚК-тің 257-бабының 3-тармағында бұзақылықтың аса қауіпті түрі — атыс қаруын, газ қаруын, пышақты, кастеттерді және өзге де суық қаруды не денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа да заттарды қолданып немесе қолдану әрекеті үшін жасалған бұзақылық үшін жауаптылықты белгілейді. Атыс қаруы, газ қаруы, суық қарудың түсініктеріне Қылмыстық кодекстің 251—255-баптарына талдау жасағанда тоқталғанбыз.

Денсаулыққа арнайы бейімделген басқа да заттарға кінәлінің осы мақсат үшін алдын ала немесе бұзақылық жасау кезінде жабдықтаған нәрселерін, ягни алдын ала немесе белгілі бір өңдеуден өткізілген: арнайы және сол мақсатпен өзімен бірге алып жүрген нәрселерін (балта, балға, таяк, темір және т.б.) айтамыз.

Қылмыс болған жерден алынған дене жарақатын салуға арнайы жабдықталмаған нәрселерді, оның ішінде шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы заттарды қолдану немесе қолдануға тырысушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 207-бабының 3-тармағымен саралау үшін негіз бола алмайды (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1995 жылғы 21 шілдедегі №5 қаулысының 8-тармағы).

Тағылық (258-бап)

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-бабында тағылық үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Осы бапта: «тағылық, яғни үйлерді немесе өзге де ғимараттарды жазулармен немесе суреттермен, немесе қоғамдық адамгершілікті қорлайтын өзге де іс-әрекеттермен қорлау, сол сиякты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру" деп оған анықтама берілген. Бұрынғы Қылмыстық кодекс бойынша мұндай әрекеттер бұзакылық деп бағаланатын. Тағылықтың бұзақылықтан өзгешелігі сол, тағылықты құрайтын қылмыс құрамының әрекеттері қоғамдық адамгершілік және эстетикалық нормаларды бұзу арқылы жүзеге асырылады, тағылық қоғамдық тәртіпті бұзумен ұштасады.

Бұзақылықтың заты — бөтеннің мүлкі болса, тағылықтың заты — үйлер, өзге де ғимараттар, қоғамдық орындардағы мұлік болып табылады.

Тағылықтың объектісі — қоғамдық тәртіп, қосымша тікелей объектісі адамгершілік нормалары болады.

Объективтік жағынан бұзақылық қоғамдық тәртіпті өрескел бұзумен, қоғамды көрінеу қадірлемейтін әрекеттермен ұштасса, ал тағылықтың объективтік жағы үйлерді немесе өзге де ғимараттарды жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық адамгершілікті қорлайтын іс-әрекеттермен, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру арқылы сипатталады.

Үйлерді, өзге де ғимараттарды (кітапхана, музей, кинотеатр, театр және т.б.) қорлау олардың қабырғаларына қоғамдық адамгершілікке жат жазуларды жазумен, суреттерді салумен жүзеге асырылады. Әдетте бұлар порнографиялық суреттер салу, әдепсіз, ұятсыз сөздер жазу арқылы жасалады. Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді, құлпы-тас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе оларды еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу әрекеттері ұшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 275-бабында арнайы көзделген.

Көлікте немесе өзге де қоғамдық орындардағы заттарды — жарық беру құралдарын, орындықтарды, төсеніш құралдарын, олардың жамылғыларын, сондай-ақ таксофон аппараттарын, әр түрлі қоршаулар мен есік-терезе құрылғыларына едәуір емес мөлшерде залал келтіруді мүлікті қасақана бүлдіру деп айтамыз. Егер келтірілген зиян мөлшері едәуір болса, онда кінәлі Қылмыстық кодекстің 187-бабы бойынша жауапқа тартылады. Тағылық қылмысы формальдық-материалдық құрамға жатады. Қылмыс кейбір реттерде занда көрсетілген әрекетгерді жүзеге асырған уақыттан бастап, ал басқа жағдайларда істелген іс-әрекеттерден материалдық залал келтірілген уақыттан бастап аяқталған деп табылады.

Субъективтік жағынан тағылық қылмысы тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам үйлерді, ғимараттарды қорлағанын, мүлікті бүлдіргенін сезеді және солай әрекет жасауды тілейді. Қылмыстың субъектісі жалпы — 14-ке толған, есі дұрыс кез келген адам.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың топтық обьектісі не?

2. Тағылық дегеніміз не?

3. Бандитизм қылмысының субьективтік жағына не жатады?

4. Бұзақылық қылмысының обьектісін көрсет.