ЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР

Салт-дәстүр дегеніміз ұрпақ тәрбиесі деген сөз, келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Қазақтың салт-дәстүрі ол қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Қай халықтың дәстүрін алып қарайтын болсақ, мәдениетпен тығыз байланысты болады. Ұлттық салт-дәстүр арқылы болашақ жастарды ізгілікке, инабаттылық пен мейірбандыққа тәрбиелейміз.

Сүйінші қуанышты, шат-шадыман, көңіл-күйді білдіретін салттың бірі. Ол ана толғатып, жас нәресте дүниеге келгенде немесе жеңіске, бақытқа қол жеткенде, жоғалғаны табылғанда, табысқа, олжаға кенелгенде, сағынысып кездескенде, тағы сондай жүрекжарды қуанышты хабарлап, жұрт бірінен-бірі сүйінші сұрап жатады.

Шілдехана жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той. Шілдеханаға көбінесе жастар жағы жиналады. Оған шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Қазақ салт-дәстүрінде бір қазақтың баласының туылғаны үлкен қуаныш, мерей болмақ. Баланың туғаны тек сол үй ата-анасы ғана емес, ауыл-аймақтың қуанышы болады. Содан да бала алғаш туылған күні «шілдехана», «шілде күзет» белгіленіп өтеді. Шілдеханада жаңа туылған сәбиге арнап, ақ тілек, ақ баталар айтылады.

Нәресте дүние есігін ашты жаңа,

Шаттығы, базары да үйдің бала.

«Бауы берік болсын»- деп қуанды ел,

Тойыңыз құтты болсын шілдехана.

Тойбастар қазақ халқының сан-салалы тұрмыс салтында көп кездесетін лирикалық жыр түрі. «Тойбастардың» жиын-той, мереке күндері жырланатыны белгілі. Қайсыбір халықтың болмасын әрбір қуанышты, жеңісті, табысты күндері той-мейрамсыз өтпеген. Жас нәрестенің шыр етіп жарық дүниеге келгенде өткізілетін «шілдеханадан» бастап, мүшелдік жасқа толғанына дейінгі аралықта өткізілетін той- мерекелер көп. Осы қуанышты, көңілді тойлардың бәрі де «тойбастар» жырымен басталады.

Шашу біздің ұлттық дәстүріміздегі ертеден бері жалғасып келе жатқан жақсылықтың жаршыларының бірі. Жақсы тілеу мен жақсы көңілдің символы. Бұл ырым көбінде ақ түйенің қарны жарылған ақ жарылқап күндерде істеледі. Той және қуаныш үстінде төбе көрсетеді. Қыз ұзатып, келін түсіргенде, құда келіп, құйрық бауыр жегенде, келін бала оң аяғымен ақ босағаны аттағанда, алыстан көп жыл көрмеген жанашыр - жақындары келгенде, сардарлар мен сарбаздар соғысқа кетіп, шайқастан оралғанда шашылады. Ал осы шашуды сол қуаныштың басы - қасында болғандар «біздің басымызға да осындай қуанышты күндер келсе екен» деген ниетпен таласа-тармаса теріп жейді. Әйелдер мен қариялар сол шашудан қалталарына салып немесе орамал-шыттарына түйіп алып, «балаларым да осындай шашуға кез болса екен» дейтін ізгі тілекпен үйлерінде қалған балаларына сол шашудан ауыз тигізіп жатады.

 

Тапсырма. Ұлттық салт-дәстүр дегеніміз не?

Тапсырма. Сүйінші, шілдехана, тойбастар, шашу туралы мәтіндерді оқып, әңгімелеңіз