Радиотехникалық объектілерді, радиоэлектрондық құралдарды орналастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Радиотехникалық объектілерге қойылатын

санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»

Санитариялық қағидалары

 

 

Жалпы ережелер

 

1. «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) радиотехникалық объектілерді күтіп-ұстауға және пайдалануға, оларды орналастыруға, жұмыс жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды айқындайды және қызметі радиотехникалық объектілерді орналастырумен және пайдаланумен байланысты жеке және заңды тұлғаларға арналған.

2. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар радиотехникалық объектілер мен радиоэлектрондық құралдар тудыратын электромагниттік өрістердің адамдарға зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған.

3. Осы Санитариялық қағидалардың талаптары құрлықтағы жылжымалы радиобайланыс құралдарына, теңіз, өзен, әуе және басқа да жылжымалы көліктегі радиобайланыс құралдарына қолданылмайды.

4. Осы санитариялық қағидада мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:

1) антенналық-фидер тракті (бұдан әрі - АФТ) - радиосигналды таратқыштан (қабылдағыштан) антеннаның сәуле бөлетін (қабылдайтын) бөлігіне беруге арналған аралық құрылғылар (кабельдер, толқын тасымалдаушылар, қосылыстар);

2) биологиялық қауіпті аймақ (бұдан әрі - БҚА) - шекарасындағы электромагниттік энергияның деңгейлері рұқсат етілетін шекті деңгейге (бұдан әрі - РШД) тең, сәуле бағытының айналасында пайда болатын аймақ;

3) жиынтық электромагниттік сәуле - бұл РТО-де орналасқан барлық РЭҚ антенналарының электронмагнитті толқындары, энергиялары сәулелерінің жиынтығы

4) қайталама сәулелену - ЭМӨ-нің әсер ету аумағында орналасқан әртүрлі өткізетін заттармен және конструкциялармен электромагниттік энергия сәулесін шығару;

5) радиотехникалық объектілер үшін құрылысты шектеу аймағы (бұдан әрі - ҚША) – жер бетінен 2 метрден астам биіктікте РШД жоғарылайтын аумақ. ҚША-ның сыртқы шекарасы болашақтағы құрылыс тұрғын үйлерінің барынша биіктігі бойынша электрлі магнитті өріс деңгейі РШД-ден аспайтын жоғарғы қабаттың деңгейінде айқындалады;

6) радиотехникалық объект (бұдан әрі - РТО) – қоршаған ортаға 30 кГц-тен 300 ГГц-ке дейінгі радиожиілік ауқымында электромагниттік тербелістер шығаратын объект;

7) радиоэлектрондық құралдар (бұдан әрі - РЭҚ) – радиотолқындарды беруге және (немесе) қабылдауға арналған және бір немесе бірнеше таратқыш және (немесе) қабылдағыш құрылғыдан не көмекші жабдықты қоса алғанда олардың комбинацияларынан тұратын техникалық құралдар;

8) санитариялық-қорғаныш аймағы (бұдан әрі - СҚА) – арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ елді мекендегі өнеркәсіп ұйымдары мен басқа да өн­дірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы жайлар мен ғимарат­тардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;

9) секторлық (панельдік) антенналар – белгілі бір секторда радиотолқындардың сәулеленуіне арналған антенналар;

10) селитебті аумақ – тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ оларды орналастыру және қызметі қажет етілетін арнайы санитариялық-қорғаныш аймақтарына әсер етпейтін инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың жекелеген бөліктерін орналастыруға арналған елді мекеннің аумағының бір бөлігі;

11) таратқыш антеннаның жиынтық қуаты – бір объектіде орнатылған таратқыштардың паспорттық қуаты мен санына байланысты РЭҚ бір таратқыш антеннасына берілетін электромагниттік энергияның қуаты;

12) таратқыштың ең жоғары жұмыс қуаты – таратқыштың АФТ-дағы шығынды есепке алмастан осы жабдықта техникалық қол жетерлік немесе қандай да бір себептерге байланысты шектелген максималды дамитын қуаты;

13) таратқыштың паспорттық қуаты – техникалық құжаттамада таратушы жабдыққа көрсетілген максималды ықтимал қуат;

14) электромагниттік өріс (бұдан әрі - ЭМӨ) – электромагниттік тербелістердің көзіне жақын жерде және олардың таралу жолының бойында туындайтын өріс;

15) электромагниттік сәулелену (бұдан әрі - ЭМС) – табиғи немесе жасанды көздерден туындайтын электромагниттік тербелістер;

16) энергетикалық жүктеме (доза, экспозиция) – электромагниттік энергияның әсер ету уақытындағы (ауысымдағы) оның жиынтық қарқындылығы.

 

Радиотехникалық объектілерді, радиоэлектрондық құралдарды орналастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

5. РТО-ді орналастыруға жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптама негізінде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беріледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қортындыны алу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның талаптарына сәйкес қажетті мәліметтер мен құжаттар тізбесі ұсынылады.

Осы тармақтың талаптары мачталық немесе мұнаралық позициялардағы жаңадан тұрғызылған, жеке радиотехникалық объектіні орналастыруға қолданылады. Ішінара антенналарды (спутник байланысының жер станциялары, радиорелелі тораптарды), сондай-ақ тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарда орналастырылған ұялы байланыс операторларының РЭҚ антенналарын орнату кезінде осы тармақтың талаптары қолданылмайды.

6. Радиотехникалық жабдықты орналастыру бойынша антенналардың техникалық сипаттамасы осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.

7. Ішінара антенналарды және бағытталған сәулелену антенналарын орнату кезінде СҚА-ның, ҚША-ның шекараларын, БҚА-тың өлшемін есептеуді РЭҚ кімнің қарамағында болса соның заңды немесе жеке тұлғасы береді.

8. Радиотехникалық бейіндегі объекті болып табылмайтын объектіде шеңберлік және секторлық сәулеленудің бірнеше РЭҚ антенналары орналасқан жағдайда, СҚА мен ҚША шекараларын есептеулер осы уақытта объектіде орналасқан барлық РЭҚ-тың жиынтық электромагниттік сәулеленуін ескере отырып, жүргізіледі. Бұл ретте РЭҚ иелері осындай есептеулер жүргізуге қажетті деректермен өзара алмасуды қамтамасыз етеді.

9. Таратқыштарының жиынтық қуаты 1000 Ваттан (бұдан әрі - Вт) астам болатын көлденең жазықтықтағы шеңберлік және секторлық сәулеленудің РЭҚ таратушы антенналарын орналастыру (басты күлтесі тиісті бағытқа бағытталғанда) тұрғын үй құрылысы, балалардың, оқу және емдеу-профилактикалық ұйымдардың аумағына дейін, СҚА мен ҚША көлемдерін есептеу нәтижесі бойынша анықталған қашықтықта, бірақ кемінде:

1) антеннаны жерден 100 метрден жоғары биіктікте орналастырған кезде - 100 метр;

2) антеннаны 50-ден 100 метрге дейінгі биіктікте орналастырған кезде - 200 метр;

3) антеннаны кемінде 50 метр биіктікте орналастырған кезде - 300 метр қашықтықта радиомачталарда жүргізіледі.

10. Жиынтық қуаты 100 Вт және одан жоғары, ауқымы 30 МегаГерцтен (бұдан әрі - МГц) асатын РЭҚ таратушы антенналарын тұрғын үйлердің, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың шатырларына орналастыруға жол берілмейді.

11. Ауқымы 1,8-30 МГц радио әуесқой радиостанциялардың, тиімді сәулелену қуаты 100 Вт астам 26,5-27,5 МГц жиіліктерінің азаматтық ауқым радиостанцияларының антенналарын орналастыру кезінде антенналарды орнату аймағына оның кез келген нүктесінен кемінде 5 м қашықтықта адамдардың кіруінің мүмкін болмауы қамтамасыз етіледі. Таратқыштарының қуаты 1 килоВаттан (бұдан әрі - кВт) астам болатын ауқымы 3-30 МГц таратушы антенналарды тұрғын үйлердің, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың шатырларында орналастыруға жол берілмейді.

12. Тұрғын үйлердің, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың шатырларында орналастырылған көлденең жазықтықтағы шеңберлік сәулеленудің РЭҚ антенналары, сондай-ақ қуаты 25 Вт-тан артық максималды сәулелену орнының бұрышы теріс көлденең жазықтықтағы секторлық сәулелену антенналары шатыр деңгейінен кемінде 5 м биіктікте орнатылады.

13. Көлденең жазықтықтағы шеңберлік және секторлық сәулелену РЭҚ антенналарын, сондай-ақ спутниктік байланыс станцияларының антенналарын адамдар болуға арналған ғимараттардың (өндірістік, тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар) шатырында, мынадай шарттар сақталған жағдайда, орналастыруға жол беріледі:

1) жоғарғы қабаттың темір-бетон жабынының болуы;

2) металл шатырдың болуы;

3) техникалық қабаттың болуы.

14. Көлденең жазықтықтағы шеңберлік сәулеленудің РЭҚ антенналары терезелері, балкондары, лоджиялары бар тұрғын және қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына СҚА, ҚША және БҚА есептеу нәтижелеріне қарамастан орнатылмайды.

15. Таратқыштың қуаты 10 Вт-тан аспайтын секторлық және бағытталған сәулелену антенналарын ғимараттардың негізгі қабырғаларына (кірпіштен, темір бетоннан орындалған) немесе адамдар болатын үй-жайлармен шектеспейтін негізгі емес қабырғаларға орналастыруға жол беріледі. Антеннадан терезеге, балкондарға, лоджияға дейінгі қашықтық кемінде 3 метрді құрайды.

16. Таратқыштарының қуаттылығы 25 Вт аспайтын бағытталған сәулеленудің РЭҚ антенналарын ғимараттардың ең жоғарғы қабатының негізгі қабырғаларына (кірпіштен, темірбетоннан орындалған) ғана орналастыруға жол беріледі.

17. Көлденең жазықтықтағы бағытталған сәулеленудің РЭҚ антенналарын техникалық қабаттардың қабырғаларында орналастыруды қоспағанда, тротуарларға жақын жарнама қалқандарына, билбордтарға орналастыруға жол берілмейді.

18. Ғимараттар мен құрылыстардың ішіне осыған арналған арнайы ішкі антенналарды тиісті аумақтағы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының келісімі бойынша орнатуға жол беріледі.

19. СҚА шекаралары жер бетінен 2 м биіктікте белгіленеді. СҚА-ның көлемі РТО-ның перспективалық дамуын ескере отырып, антеннаның негізінен есептеледі.

20. ҚША-ның сыртқы шекараларында жұмыс істеп тұрған құрылыс салудың биіктігіндегі ЭМӨ деңгейі РШД-ден артуына жол берілмейді. ҚША-ның сыртқы шекарасы қалыптасқан және болашақтағы құрылыс ғимаратының ең жоғары биіктігі бойынша, жер деңгейінен РЭҚ антенналарын орнату биіктігінде болашақтағы құрылыс туралы мәліметтер жоқ болғанда белгіленеді.

21. Объектіні пайдалануға қабылдау кезінде СҚА, ҚША және БҚА шекаралары электромагниттік өріс деңгейлерін құрал-саймандық өлшеулер жүргізілгеннен кейін нақтыланады.

22. Көлденең жазықтықтағы бағытталмаған сәулелену антенналарымен жабдықталған таратушы радиостанциялар, телевизиялық станциялар, сондай-ақ айналма шолу радиолокациялық станциялар үшін СҚА және ҚША РТО-ның айналасына орналастырылады.

23. Бағытталған әрекеттегі антенналармен жабдықталған таратушы станциялар үшін, сондай-ақ антенналары белгілі бір секторда сканерлейтін немесе бір бағытта тіркелген радиолокациялық станциялар үшін СҚА және ҚША электромагниттік энергияның сәулелену бағытында, бүйірлік және артқы күлтелерді, антенналардың сәулелену бағытталуының тік және көлденең диаграммалары ескеріле отырып орнатылады.

24. Антенналары белгілі бір бұрышпен көкжиекке электромагниттік энергияны сәулелейтін және ЭМӨ деңгейі биіктікке байланысты өзгеретін таратушы станциялар үшін ҚША іргелес тұрғын үй құрылысы ғимаратының биіктігі шегінде тігінен сәуленің төменгі көлбеуі бойынша дифференциалды орнатылады.

25. БҚА шекаралары тек айналма сәулеленудің жеке антенналары немесе бағытталған антенналары үшін ғана есептелінеді. Бір алаңда (мачтада, тіректе) айналма сәулеленудің көптеген антенналарын орнату кезінде немесе жеке антеннаға жақын жерге болашақта басқа антенналарды орнату кезінде СҚА және ҚША шекаралары белгіленуі тиіс.

26. СҚА, ҚША-ны селитебті аумақ ретінде, тұраққа арналған алаңдарды және көліктің барлық түрлерінің аялдамаларын, автомобильге қызмет көрсететін объектілерді, май құю станцияларын, мұнай және мұнай өнімдерінің қоймаларын орналастыру үшін, өнеркәсіптік алаңды кеңейту үшін, ұжымдық немесе жеке саяжай және бау-бақша учаскелеріне пайдалануға жол берілмейді.