Темірхан Медетбек поэзиясындағы көне түркілік сарын

Сөз құдіретін қадірлейтін көпшілікке туыс боп кеткен, әдебиеттегі қайсар ақын - Темірхан Медетбек.
Қазіргі таңда парасат әлемі деген тіркесті біз жиі қолданамыз. Парасат негізі - ақыл деп мойындаймыз. Дегенмен, таза ақылдың парасаттылыққа бастамайтыны анық. Ақылға сабыр қосылса ғана парасаттылыққа жол ашылмақ. Таза ақыл ұстараның жүзі сияқты, жақсы-жаманды талғап жатпайды. Тым өткір. Ұстараның қасиеті де оның өткірлігінде. Сондықтан ақылға сабыр қосылмаса, іс насырға шаппақ. Т. Медетбектің "Көк түріктер сарыны" кітабын оқығанда осы тәріздес ойлар ойымызға оралады.

Бұл еңбек Темірханның көк түрік рухының күшін асқақтатқан туындысы. Халқымыздың әбден көмескі тартқан көне тарихын жалынды рухпен оқырманына жеткізуді мақсат қылған жырлар топтамасы. Онсыз да о бастағы табиғаты түркілік рух пен сарынға жақын ақын, бұл бағытқа енді түбегейлі бет бұрғанын айқындайды. Бұл пікірімізді Темірханның : "Мен өзім мазмұн болмаса, формаға аса құмар емеспін. Өлең кеудеңнен шықты ма, оның қандай формамен қағазға түсуі - екінші нәрсе. Бірақ, мен форманың адамға осынша күш беретінін көк түріктер сарынынан аңғардым. Не деген ірілік?! Не деген кеңдік?! Форма деген Құлтегін мен Тоныкөктің өз ішінде тұр",- деген таңғалысы бекіте түседі /2.14/.
Бүгінде көмескі тартқан тарихымыздың арғы тегі Түріктен, бергі белгісі (тасқа түскен жазуы бар) сол көк түріктің ұрпақтары: Құтлығ, Тоныкөк, Күлтегін және Иоллығ тегін тарихын танып, зерттеп жүрген, ежелгі тегімен сабақтас, тамырлас ақын Т. Медетбек шығармашылығынан ерлік пен елдікті танимыз. Мәселен, Күлтегіннен (үлкен жазу) бір шумақ өлеңді оқып көрелік :

Биікте көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Үстемі қаған отырған.
Отырып, түркі халқының ел-жұртын
Қалыптастырған, иелік еткен.

Дәл осы жауынгерлік пен ержүректік мінез Темірханның "Көк түріктер сарыны" кітабында келесідей берілген :

Ұлдарымыз
Алшаң-алшаң жүретін,
Балпаң-балпаң басатын.
Қаншалардың шымылдығын
Найзасының ұшымен ашатын,
Жолбарыстарды алып ұрып
Сүтін ішетін,
Сөйтіп шөлін басатын,-
Арда болсын /1.26/.

Осы екі өлең жолдарын салыстырсақ, екі түрлі заман туындыларының арасындағы ұқсастықты, үндестікті байқаймыз. Біздіңше, осы ата-баба сарыны Темірхан поэзиясын жаңа биікке көтеріп отыр.
Біз шынымызды айтар болсақ, тарихи тамырымыздан қол үзіп, адасып қалған халықпыз. Ол тамыр - соңғы үш ғасырдың арғы жағындағы үш мың жылдың тарихи қойнауында жатыр. Ендеше, Темірхан ақынның "Көк түріктер сарыны" да бізге осыншама алыстан талып жеткен сарын. Соған қарамастан ақын бүгін де Күлтегінді түсінде көретін дәрежеге жеткен.

"Көк түріктер сарыны" біз үшін бір жағынан таныс әуен сияқты болса, екінші жағынан ұлттық поэзиямызда бұрын-соңды болмаған тың тақырып, поэтикалық әдіс.
Бұл сарын Темірханға қайдан келді? Мұнда жыраулық сарын бар ма, Махамбеттің айтқандарын өзгеше тәсілде айту бар ма, әлде тұп-тура Күлтегін, Тоныкөк жырларын Ренессанстық арнаға түсіру бар ма?! Осы сауалдың жауабын ақын шығармашылығынан іздестіріп көрсек. "Көк түріктер сарыны" кітабының беташары "Қуат жырынан" :

Еңкейгенге еңкейдім
Шалқайғанға шалқайдым.
Асқанның орманын
Отындай өртедім.
Тасқанның көлдерін
Астаудай төңкердім
Қысқанда
Қу ағаштан бу шығардым.
Сыққанда
Қара тастан су шығардым.
Атанды асықпай аттым.
Қарсы келгенді
Қазықтай қақтым
Алшайып жүрдім.
Талтайып тұрдым /1.6/.

Заманында Көк түріктер осылай болды. Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген қуатты идея сақталды. "Күлтегін" жырында империялық сана көрініс тапқан. Империя атану - зор саяси қуатқа ие болу деген сөз. Темірхан сол империялық ахуалды негізге алып, оны бүгінгі тәуелсіз қазақ, егеменді ел жағдайында екі аяғымызды нық басып, анық сөйлеуімізге қажет екендігін жырлап келеді. Бағзы заманда бір жыраудың : "Балпаң-балпаң барарсың, басуға табан шыдаса" - дегеніндей, бұл да ұлтымыздың өз жерінде, өз елінде баянды өмір сүруі үшін дем берер, ой салар туынды.
Тарих тек өткен оқиғалар тізбегі емес, ол біздің бүгінгі санамыз. Онда да "әттең" дейтін тұстар бар. Кезінде алшайып жүріп, талтайып тұрған Көк Түріктер келе-келе қуаттарын рәсуә етіп шашып алды. Бұл жайында ақын:

Басымды жерге тигізді
Үстіне кебін кигізді- дейді /1.9/.

 

"Көк түріктер сарынын" оқып отырып, Ж.Молдағалиевтың "Мен қазақпын" поэмасы еске түседі. Сондағы ұлттың ұлылығын дәріптейтін ойлар Темірхан өлеңдерінде өріс алады. Жұбанның жырлаған мың өліп, мың тірілген қазағы - Көк Түріктердің бел баласы. Біздің зерттеуіміздің басты нысаны болып отырған ақын шығармашылығында осы ұрпақтың тегі көне заманның айбаты, ержүрек рухы қайта тіріліп, ірі сомдалады.
Негізінде "сарын" сөзінің мәнісінде өмірге түңілу немесе барға көңіл толмау, өткенге өкініш деген сияқты мотивтер бар. Алайда, Темірханның "Көк түріктер сарынында" әлдеқайдан құйылып жатқан қуат көздерін сезінесің, жаның сүйсінетін жайға тап боласың. Ақынның Көк түріктері - өзіміз. Демек, мәселе тек тарихта емес, өзімізде. Адам өзін-өзі аршып-тазалап алмаса, оған кінәлі кім? Әрине, адамның өзі. Осы мәселе туралы ақын не дейді. Ол ойланып жатпай-ақ бәрімізді адамшылыққа, рухани тазалыққа шақырады. Бірақ жаратылысынан кей адамдарды Жаратушы жалған өмірге сынау үшін тұқымынан обыр, озбыр, мешкей, надан, залым етіп жібереді. Бұл мәселерді ақын мейлінше түбегейлі зерттей келе, адам табиғатындағы періштелікке жатпайтын мінез, пиғыл, әдет түрлерін барынша шырайын-бояуын айшықтай суреттейді. Осындай істерді баян ете отыра, ол өзін-өзі қиынға сала береді. "Көк түріктер сарыны"- әр қазақтың жанын тазарта алатын катарсистік мәндегі кітап. Оның авторы ойшылдық әлемінде өзінше нық басып бара жатқан ақын -Т. Медетбек.
Т. Медетбек поэзиясының ерекшелігі тарихи негіздегі көне жыр үлгілерін жаңаша көзқараста толғап жырлауында. "Еңкейгенге еңкейдім, Шалқайғанға шалқайдым" дейді ақын "Қуат жырында". Бұл да кеудесі жерге тиіп көрмеген, жаудан беті қайтпаған, Тәңірден өзгеден аяқ тартпаған түркі баласының сөзі. Мұндай жырлардың көбіне өткен шақта келуі тарихи дамудың шынайы көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Бүгінгі күнде "мен осындай асқақ елмін" деп жырлау шындыққа жанаспас еді. Бір кезде атағы бүкіл әлемге жайылған түркі жұртының аспандаған даңқын жырлау арқылы ұрпағын сол деңгейге жетуге шақырып, тарихтан сабақ алуға үндейді.
Енді бірде ақын "Табытты қайық, кебінді желкен еттім" дейді. Қайық пен желкен етіп тәлкектемек түгілі атын ауызға алуға тіксінетін табыт пен кебін жайында бұлайша асқақ сөйлеу тек түркі баласының қолынан келмек. Ал "Мадақ жырындағы" балпаңдап басқанда қара жердің қайысып кетуі мен алшаңдап аттағанда тастың шыдас бермей майысуы әсірелеп, үлкейтіп айтудың айқын көрінісі. Бүгінгі күннің келелі мәселелерін көтеруде ақын өткеннің жазу мәнерін қолдана отырып, маңайда болып жатқан келеңсіздікке күңірене үн қосады. Заманның зарын кешегінің сарынымен басқалардан ерекшелеп жеткізеді. Ел тәуелсіздігін тақырып етсе де, не болмаса қазақ тілі жөнінде толғаса да, жеріміздің жасанды жарылыстан тұншыққанын жырға қосса да, көк түріктердің қажырлы мінезі мен қаһарын қару етіп, оқырманына жалынды дем беріп отырады.
Темірхан ақынның түркі әлемін аспандатқан туындысын Ә.Кекілбайұлы : "Көк түріктер сарыны"- елдік мұрат пен ерлік намыс жыры. Шын азаматтың шырқыраған жан дауысы. Дегдар ақыл-ой мен елдар сана -сезімді енжар қалдыра алмайтын әділ де әсерлі шығарма..." - десе , Э. Төреханов : "Табиғат дарынға сараң. Содан болар өлең көп-ақ, ақын аз. Сілкісең, ішінен топан сөз сау ете қалатын өлең жинақтары қаншама. Темірханның кітаптарына тозаң қонбайды, іші құйма ой. Қайсысын алсаң да бес батпан", - деп, тіл орамы, ой толғамы, ділі мен діні жағынан тегіне тартып туған Темірхан поэзиясының өміршеңдігін ерекше атап көрсетеді /2.3/.
Түбі бір түркі тілдес халықтардың ауызекі әдебиетінде түбірі, мағынасы бір сөздер көптеп кездеседі. Біреуі өзінің мәнін жоғалтып пайдаланудан шықса, енді бірі уақыт өте бейімделіп, тұрмыс - тіршілікте қолданылып келе жатыр. Сол сөздердің ішінде "Көк бөрі" сөзі бір қарағанда жай ғана бөрі, арлан қасқырдың түсін білдіретін сөз тізбек сияқты болып көрінгенмен, түбірінде кең мағына жатқанын түсіндіріп көрейік. "Көк бөрі" сөзінің мағынасын түсіну барысында "көк" сөзіне тоқтала кеткен де жөн болар. Мына төмендегідей мағыналарды сөздіктен табамыз :

а) түпсіз тұңғиық аспан әлемі, әуе.
ә) Көк аспан - көк жүзі, аспан күмбезі
б) Заттың көгілдір аспан тәрізді түсі
в) Көк бөрі - азулы, адуынды деген мағынаны білдіреді

 

Көк бөрі - түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. Көк бөріге қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және монғол аңыздарында кездеседі. Көк бөрі туралы аңыздардың қытай тіліндегі жылнамаларында сақталып қалған деректерде былай суреттеледі.
Бір халық жаугершілік заманда қырылған екен. Бетпақ дала ішінде аяқ-қолы шабылып жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады.
Бала есейгенше сол қасқырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып, өлтіргенше буаз қасқыр Гауачан тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала босанады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналыпты-мыс. Он ұлының ең күштісінің Ашшина есімі олардың жалпы атына айналыпты. Кейін халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашшинаның ұрпағы Асянь - Шад деген елбасы халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайды қоныс еткен.
Түрік тайпалары ежелден өз туына бөрінің бейнесін тоқып салатын, соғысқа шыққанда атының басына бөрінің бас терісін қаптап салатын болған. Қасқырдың тотемдік ролінің түркі халықтарының танымындағы орны ерекше.
"Оғыз қаған" дастанында діни-мифологиялық көріністер едәуір орын алған. Ежелгі түркі аңыз-әфсаналарында бақытты болатын адамның төбесінен нұр-шұғыла жауып тұратыны жайлы көп айтылады. Бұл туралы "Оғыз қаған" дастанында:

Қараңғылық түсіп,
Көктен бір көк жарық түсті
-деген сияқты жыр жолдары жиі ұшырайды.

Дастанда батырдың қалың қолына көкжал бөрі ұдайы жол сілтеп, бастап жүреді. Ал, "Манас" эпосында болашақ батыр Манас та жолына нұр төгілген, ал өзін көкжал бөрі қоршап, қорғап жүрген қаһарман болып келеді:

Манастың қырқ чоросу
Көсөө куйрук көк бөру
Көкжал эрдин жөөкөру
Көкөр болсоң көк жалаң.

Барлық түркі халықтары сияқты көк бөріні киелі санап, оны тотем тұтыну қазақ қауымы арасында да бар екені белгілі. Қазақтың батырлық жырларында бұл айқын көрініс тапқан:

Келген қалмақ жолықты
Тарғын сынды бөріге.
"Бөрі басы" - ұраным,
Бөрілі менің байрағым!
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен
Бөрідей жортып жүргенде
Бөлініп қалған жан емен ,- деп келетін Сүйінбай ақын жыры осының куәсі. Бұл жыр жалғыз Сүйінбай ақынның сөзі емес, тарихтың сөзі. Қазақ халқы қазіргі күнге дейін ержүрек, батыл жігіттерді "Көк бөріге" теңеп, көркем шығармаларда бөріні батылдық пен батырлықтың символы ретінде бейнелейді.
Бұл дәстүр өзінің жалғасын бүгінгі күні де тапты. Үзілген жіпті жалғастырушы, кешегі өткен көне тарихымыз бен бүгінгі күнді сабақтастыра жырлаушы ақын Т.Медетбек болды. Темірхан поэзиясында да "Көк бөрі" сөзінің маңызы зор, орны орасан.
Ақын өлеңдеріндегі Көк бөрі - өткенге қарап, елі мен жерін білектің күші , найзаның ұшымен қасықтай қаны қалғанша қорғаған ата-баба рухын асқақтататын бейне. "Көк бөрі" сөзін қолдануының өзі тарихын, шежіресін жаттап өскен қазақ қауымы үшін күш берері анық.

Қара жыныс бөктері
жота, қырға шығып бір -
ай астында Көк бөрі
айға қарап ұлып тұр.
Жан - жүректі кетеді үн!
Қалың ойға батасың ...
Тереңіне кешенің
Сіңіп бара жатасың / 3; 132/.

Көк бөрі айға қарап ұлып тұр. Ол неліктен ұлиды? Бет алысы неге ай болды? Енді осы сұрақтарға жауап беріп көрсек. "Ұлу" сөзінің өзі өткенді ойлап - аңсау, сағыну, еске алу сияқты сөздердің мағынасына жақын келеді. Яғни Көк бөрі осы ұлы далада болып жатқан жайлардың, сан мыңдаған ғасырлардың бірден-бір куәсі - Айға қарап, одан өткеннің ізін, ата-баба ерлігі мен өрлігін көреді.
Содан кейін талайлы тарих көз алдыңнан өтеді. Құлақ тұндыра шапқан аттың дүбірі мен "көк түріктің қиқуы" естілгендей болады.
Бір кездері көк түріктердің басып жүрген жерінің әрбір тау-тасынан ақын тарихты , көк түріктердің өзін көреді:

Тау, шыңдарым - қорғандар
Қоршап жатқан шетімді.
Қаптап тұрған ормандар
Көк түріктер секілді

Жасын ойнар қанында
Құлақ салшы , байқашы;
Жүріп жатыр жанында
Жекпе-жектің шайқасы / 3;132 /.

М. Мағауин : "Т.Медетбектің ежелгі ата-баба рухын қайта көтерген, бүгіннен озып, ертеңге бағытталған, терең де сырлы толғаулардан тұратын, әуені де, лепесі де соны серпінге толы "Көк түріктер сарыны" соңғы жыл санақтан келгенде, кесімі бір-ақ мүшел уақыт үшін аз олжа емес", - дейді /4.9/. Әділ де әсерлі ой. Шындығында да Т.Медетбек - ата-баба дәстүрін көк түріктер сарынында жырлап жүрген бірден-бір ақын.
"Көк бөрі", "Көк"- сөздері. Біз үшін киелі, қадірлі, қасиетті. Дәл осы сөз алпыс екі тамырында қазақтың қаны ойнаған, бойындағы ар-намыс пен қазақтың қамын ойлаған, мынау алып даланың төсін емген, осы бір құт мекенде өсіп-өнген "көшпелілер" деп аталған бабалар көшіне енген бар қазақтың қан-жүрегінде сақталатын, құранның аятындай жатталатын сөз болса керек. Арқадағы Ақорданың төрінен көкке өрлеген көк байрақпен көгімізге арғы тегі Көкбөрі деп саналған қайсар мінез қазақтың тәуелсіздік қыраны қалықтаған күні туды. Қанша ғасыр өтсе-дағы көнермеген, тозбаған, айтқан сайын рухыңды қозғаған, тыңдағанда көкірегіңде намыс оты маздаған дәл осындай құдіретті сөз халқымыздың бүгіні мен ертеңінде талай-талай жас оттарды маздатып, өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды іздеуге себеп болары хақ.
Қалай болса да, ақын шығармаларындағы "Көк түріктер сарыны" - ешқашан айтылып таусылмайтын, алып тақырыптың тамаша кіріспесі сияқты . Біздің пікірімізше, кез-келген тақырыпты әрі қарай тарам-тарам, том-томдап өрбітіп, түбегейлі саралап, ой толғайтын Темірхан ақынның ізбасарлары болатынына кәміл сенімдіміз. Себебі, ХХI ғасырда Көк түріктер Ренессансының өркениеттік арнаға түсіп қалыптасуының бүгінгі күнде алғышарттары бар. Сол алғышарттарының бірі - "Көк түріктер сарыны" атты жыр кітабы екені сөзсіз. Бүгінгі таңдағы поэзиядағы жаңалықтың иесі - өлеңнің көкбөрісі, ақын Т.Медетбек.

20. ИРАНҒАЙЫП (Оразбаев Иранбек)

1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында туған. Қазақ политехникалық институтының таукен факультетін (1970), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген (1980). Әр жылдары Қызылорда облысы «Білім» қоғамында референт, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында поэзия бөлімінің меңгерушісі, ҚР Білім, мәдениет комитетінің редакциялықрепертуарлық коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1998 жылдан Қазақтың мемлекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының әдебиет бөлімін басқарды.
Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы 1974 жылы жарық көрді. Кейін «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан–Абылай–Сабалақ», «Жәбекшаған», «ГүлНәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандарын жазды. «Глаза ночи» (1983), «Царь слова»(1984), «Наследник» (1988) атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалысы оқырмандар қолына тиді.
2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш өткен жазба ақындар жырмүшәйрасының бас жүлдегері.
Шығармалары: Жүрек жырлайды. Өлеңдер. 1974; Жеті қазына. Балладалар мен поэма. 1977; Түннің көзі. Өлеңдер. А., 1980; Өмірөлең. Жыр кітабы. А., 1982; Молодые поэты Средней Азии и Казахстана. М., «Молодая гвардия», 1982; Глаза ночи. Стихи. А., 1983; Царь слова. Стихи, поэма. М., «Советский писатель», 1984; Сұлулық сарасы. Өлеңдер, поэмалар. А., 1985; Дүниежарық. Жыр кітабы. 1987; Наследник. Поэма. 1988; Батқан кеменің бейбақтары. Дастандар. 1990; Мұнар, мұнар, мұнарым… Қасірет кітабы. 1992; Иран бағы. Таңдамалы. 1995; Сөз патша. Таңдамалы. 1996; Жыр әлемі. Жыр кітабы. 1996.

 

«Мен ішпеген у бар ма?» -ақын И.Оразбаевтың Абай өмірінен жазылған 2 белімді драмасы. Алғаш рет режиссер А. Әшімов 1987 ж. 14 қарашада Қазақ драма театрында сахнаға шығарды. Драмаға күрескер - ақын өмірінің соңғы кезеңі арқау болған. Реж. тұрмыс-салттық және шарттылық тәсілдерді тоғыстырып ақынның қоғамдық өмірдегі белсенділігін көрсетуге кеңіл белген. Абай бейнесі нарт. Т. Аралбаев мусіндеді. Қойылымда Құнанбай (О. Кенебаев), Оразбай (Г. Сүлейменов), Әйгерім (Ж. Мейрамова) бейнөлері сәтті керініс тапты. Суретші Е.Тұяқов Абай заманының әлеуметтік шындығын бүгінгі керермен көзқарасы түрғысынан тап басып, мазмұнды бөзендірді. Драма 1987 ж. Москва қаласында керсетілді.

« Мен ішпеген у бар ма?» драмасының жаңа қойылымы Абай мен Құнанбай, әке мен бала, ұрпақ пен ұрпақ арасындағы күрделі қарым-қатынастарды интерпретациялау арқылы осы күрделі мәселе төңірегінде ой қозғайды.

 

Құдіретше осы аралықта, яғни Иран-Ғайып өмір кешкен Кеңестік дәуірде де текті оқырмандар мен көше өнершілері тай­таласқан сәттер өтіп жатты. Бір абыз­дың мыңға тең келетін өз шырағы болаты­нындай оның өлеңдеріне элиталық дең­гейдегі қапері тәуір оқырмандар да, тіптен, орташалар мен ең төменгі деңгейдегі тобырлар да жуық жүргені белгілі. Алайда, нақты сараптау қоғамдық пікір туындату секілді кіді тұстарда ол «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?»/Реквием/, «Бөшке», «Керкеткен»/Шер-Ше­мен/, «Мауглидің оралуы» /Шер-Нама/ ат­ты әйгілі туындыларын ұсынды:
«...Түпкі ойыңды түсіндім,
Қайтып тұра қашайын.
Оң бетімді ісірдің,
Сол бетімді тосайын.

Түйсігіңді күс қаптап,
Топастанған кезің ғой:
Білгеніңді істеп бақ –
Тілімді кес,
Көзімді ой!»
(Иран-Ғайып. «Он үш томдық таңда­ма­лы». 3-том, 376-б. А., 2006).
«...Ығымды есіп,
Жел өтінде ұстадың –
Қайғы жамап,
Қасіретпен тыстадың:
Отқа күймес,
Суға батпас боп алдым,
Соның үшін –
Алғыс саған, Дұшпаным».
Адамзаттың санасы қарапайым бұ­рын­ғы нысанадан қаншама жылдам­дық­пен алға кетіп қалғанын немен, қалай өл­шеу керек? Біздіңше, әсіре қырағылық пен әсіре танымның деңгейі қажет. Адамзат әсіре қараңғылықтан біркелкі айқын жарыққа қарай, хаостық ыдыраудан бір­текті ынталы ортаға қарай жылжып ке­леді.
Иран-Ғайыпты бүгінге дейін өте аз зерт­тегені қызықты әрі қиянат. Оның пасквиль (рasquil) бағытындағы өлеңге сің­ген жанайқайы да бір кезеңдегі ерек­шелікті ескертеді:
«...Өлең емес –
Өлеңім,
Ащы айқайы жанымның...».
Немесе:
«Мәңгіліктің Өлеңі:
Жерде де – Абай,
Көкте – Абай!
Қоя салғым келеді –
Құр бекерге оттамай!

Бұдан арғым ұят-ты,
Болмаған соң айырма:
Түк қалмаған сияқты –
Иран-Ғайып шайырға...».
Мүмкін мұндай стиль әлемдік әде­биет­те онша көп кездеспеуі де мүмкін. Егер әдебиет жанды ағза ретінде өз ке­шенділігімен орын алатындығы рас болса, ақынның шығармаларын нақты саралау оның ішкі иіріміне, көзқарасына да дұ­рыс үңілу қажет болып табылады. Иран-Ғайып өз қалтарысында дараланатын өте күрделі құбылыс (һәм феномен – Р.С.) типтік тұлға:
«...Күн батады қылымсып
Көктен арбай,
Ай-Ашына
Тұтылып кеп қалардай...
...Құнанбай – жоқ,
Абай – жоқ...
Аза тұтам,
Аздан кейін:
Қазақ та –
Жоқ болардай...».
Мысалы, А.Камюдегідей бірдің маша­қа­ты немесе бірдің қисыны (жалқы теория – Р.С) осы сәтте еске оралады:
«...Көздің жасы –
Қорғасын түскен еріп...»
Немесе:
«...Күн именіп,
Ай бұғып айбатынан,
Гомер – Әлем» –
деген аса кіді кідірістері Иран-Ғайыптың бөтен бір жағы – (В.Г.Белинский) айталық бір қыры.
Ендеше, өзінің тарам-тарам ай­шық­тарындағы «ағымдары» үшін, айқайларына негіздеп Иран-Ғайып әлемін орынсыз мақ­тауға да, әсіре даттауға да болмайды:
«...Қабады әлі... талайды,
Алады оқыс тамақтан...
Қорынып, қаным қарайды!
Қолдай гөр өзің, Жаратқан!» –
Латын Америкасының даңқты қалам­гері Хорхе Луис Борхес: «...Көпшіл едім, енді жалғызбын, тек өзім боп қалдым. Еш­теңеге түп-тұтқа болмаған Шекспирше «өз әлемімді» көздедім...» дегендей беу, бі­регей бей қисын:
«...Жаныма жоқ тыным,
Той-Думаным тәмәм:
Моладағы күнім –
Абайдан да жаман...».
Үр дүниедегі – «жалқылық теориясы» осылай ашылып-жабылып, тіптен, кейде аянышты күйді ескертеді. Болмашы аһ ұру емес, шын үһілеу!
Жәнібек Кәрменов қазасына деген қысқа өлеңінде оқыс жолдар бар:
«...Алтын шамы өшті Дүние-Сарай­дың,
Жан жыртығын енді немен жамаймын...».
Мұнда екіұдай таластың туындауы мүм­кін. Біріншісі – Мур Джордж Эдуард- дың «...негіздемелер өмірге жақын және қарапайым болуы шарт...» деген қағидасы. Екіншісі – осы заманауи тылсымдық, ізденіс майданындағы тосын үлгілердің ішкі шайқасы. Біздіңше, Иран-Ғайып әле­мі осы екі қисынға да иек сүйей алады-ау? Адамзаттық әдебиет тек ұлы Шекс­пир­­ді зерттеумен бастап, оны зер­­делеумен аяқталатын бірсыдырғы ке­зеңнен өтіп барады. Ендігі кезекте ой­шылдар әдебиет әлемін бөліп-жармай тү­гел дүние ретінде қарай бастайды.
Көне Гректердегі дифирамба үлгі­сін­дегі топ драмалар көрінісі Иран-Ғайып әле­мінде біршама мөрленген:
«...Халқымның қасірет-мұңынан,
Шалдықтым, шаршап сан рет!
Турасын айтқын,
Уильям?!
Төтесін көрсет,
Гамлет?!» –
Мінеки, Иран-Ғайып осылай оқшау­ла­нады. Ақынның шын қасіреті – шын­дықтың бетін тырнау. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Ташкент түрмесінде өткен заһарлы оқиғаның ізі бойынша «Киелі Күнә» трагедиясы жазылды. Бұл жерде әз жа­ны әмір таппаған ақын әр уақытқы ғұ­мы­рын әруақты рухқа арнаған. Кей сәт­терде, «соңында іздеушісі бар жә­бір­ленуші де бақытты екен-ау» деп өзіңді- өзің жұбатасың. Соңғы бір әлетте туған «Жолайырық» драмасы да әлемдік ек­шеулі туындылардың қатарына баруға әбден лайық шығарма секілді. Мұндағы аруақтың дауысы біртүрлі бояумен бе­рілген. Қап-қара бояу әппақ, о дүниеден тұрып келе жатады. ХVІІ ғасырдағы Шай­бақ қаһан үстемдігінің тұсындағы ілкінді ғұмырдың бір сәті іріктеліп беріледі. Мә­тіндегі Жалаңтөс пен Қарлығаштың образы тамаша!
Сондай-ақ, Иран-Ғайыптың сом дү­ние­лерінің бірі – «Хайуандық Комедия» тақырыбындағы трагедиялық еңбегі. Хан Хайрхан жотасындағы Шыңғыс қағанның ақ ордасындағы оқиғадан өрбіген ойлар тізбегі. Көрініс басы Шыңғыс ханның көр­ген түсін жорытудан басталады. Өте шебер өрімдер:
«...Шығысымнан Ай туды,
Батысымнан Күн шықты.
Жерге сауып ақ сүтін,
Өлүн шешем еңіреп,
Көз жасыма тұншықты.
Құлан шатыс жабымды,
Текті алмауыт шайнады.
Ақ Ордамның кең төрін
Кілең сұсты жайлады.
Боз бедеудің құйрығын,
Ақ туымнан аластап,
Аяқ-қолымды байлады...» –
деп басталады. Кетбұға түс жориды. Мұн­дағы мәтіндегі кесек ойлардың жүйесі сонша бір ерекше, кірпияздықты көр­сетеді:
«...Бастан бағың тайғаны,
Жатқа есеңнің кеткені!
Қайғың қанат жайғаны –
Атақ-даңқың өтпелі,
Ақырыңның жеткені...»
Кетбұғыға айтылған Шыңғыс ханның әмірі:
«Көңілін көм! Көзің ой!
Ауыртпаңдар жанын,
Ағызбаңдар қанын!».
Иран-Ғайыптың бұл туындысынан әй­гілі Қоңырат аймағының Ергене Көңнің аңы­зының аңысы, Нұқұз бен Қиян тағ­ды­рына қатысты бейнелі әпсаналық ма­ғы­налар желісі көрінеді. Аңыздың түбі – ақи­қат. Ақын ішкі жан-дүниесі арқылы пар­сылық ғұлама Рашид-ад-Диннің туындыларымен терең танысқан сыңайда.
«Хайуандық Комедия»-дағы Мұқылай мен Бұқа бейнесін Х.Пэрлээ сонау 1962 жылы «Цог» журналының 5-санында, содан соңы жуыр шептегі Қытайда Бейжіңде тұратын әйгілі жазушы Әкбар Мәжит 2012 жылы таңбалап тасқа бастырған-ды. Сондай-ақ, трагедиялық көріністің бір ірі кейіпкерлері Бәсүд Көкұшы (Бэсүд Хөхөчү), Меркіт Құшы (Мэргэд Гүчү), Татар Шігіқұтық (Татар Шихихэн Хутуху), Ұрат Жор­шыдай (Урууд Жоршдай), Жұрқын Борақұл (Жүрхин Борахул)-дар бейнелері халықтық ауыз әдебиеттегі аңыздарда өте ұтымды сомдалғанын айта кету тура. Құдайдың құдіреті дейік, осы құнды­лық­тардың барлығын Иран-Ғайып әлемі өзі­не қарай тура тартып алғанға ұқсайды. «Хай­уандық Комедия»-дағы Шыңғыс ханның бейнесін толықтыратын қобызшы-жырау Кетбұғаның көрінісі – көп жағ­дай­да модернистік жүлгедегі тосын тәсіл­дер­мен көмкеріледі.
Осы замандық «түрдің» өзгеше гүл­денуі һәм оның дамуы, сол бір «түрдің» соңы­­нан ерген «мазмұнның» ерекшелігі осы бір күрделі туындыдан анық көрінері сөзсіз. «Хайуандық Комедия»-ның аяқ­та­лар тұсында Шыңғыс хан:
«...Шыңғыс болсам:
Саған Шыңғыс! –
Оған Шыңғыс –
Шыңғыс болдым Әлемге!
Құдайдан да жимайтұғын айылын,
Бірақ
Шыңғыс бола алмадым Әйелге!
Осы –
Жалғыз айыбым!..
Ағызды, қар, қанымды!
Ауыртты, қар, жанымды!».
Бұл, әрине, ұлы хағанның Хэрэйд (Керейт) қызы Бектумышқа қарата айтқаны-мыс. Аңыз бойынша әр түрлі болжамдар қа­ғаз бетіне мөрленгені бар. Демек, «Шың­ғысхан аңыздары» атты туындының ара­сынан біз «Сав шимийн ахуй ёсон ба хаа­дын язгуурын түүх оршвой» атты қол­тумадан бір аңызды кездестіреміз. Аңыз аса мағыналы. Қазақтың шығу тегіне қа­тысты. Мұнда Шыңғыс ханның 100 әйелі тура­лы айтылады. Әдетте ханның әйел­дерін әтектелген сидақтар қорғауға ала­ды. Бірақ ханның ең кіші тоқалына бі­реу­дің түн сайын келетіндігі сезіледі де, хан­ның құлағына жетеді. Хан түнде тоқа­лына келген еркектің арқасына теңбіл белгі салуды күзетшіге тапсырады. Күн өте­ді, түн өтеді. Жас тоқалға келген ер хан­ның өз баласы болып шығады. Өз ұлы­ның басын ала алмаған хан оны ай­далаға апарып тастайды. Далада ұйықтап жатқан жігітке бір керемет үр сұлу ғайып­тан тап болады. Қысқасы, екеуі бас қосып жай табады. Сол сәттен бастап Қазақ ұлты пайда болған дейді. Аңыз бойынша қа­зақтар төбесін көкке көрсетпей төң­керілген тақия киеді екен. Бұл дәстүрді атал­мыш аңыз жазылған деректе – «Қа­зақ­тар – Тәңір Текті» деп атайды.
Ал «Хайуандық Комедия» болса Өгөдэй ханның әмірімен:
«...Ағызбаңдар қанын!
Ауыртпаңдар жанын!» –
деп тәмамдалады. Аңыз желісіне бай­лан­ған Иран-Ғайып әлемінің «түпнұсқасы» бей бір ғайыптан осыны меңзейді. Тура тұң­ғиық әпсанамен үндесу дегеніміз осы шы­ғар, сірә!
Иран-Ғайып әлем таңғалдырған жау­һарларды да қазақшалауға біраз жүгірді, жүгінді. Жүгінгені де, жүгіргені де мөп-мөл­дір қалпында тас бетіне мөрдей жабысты. Виктор Гюгоның «Аласталғандары» (пьеса-дилогия), Никита Вороновтың сыз­ған желісі бойынша орыс тілінен қазақ­шаланған. Бұл дүние ағылшын, испан тіл­деріне де тәржімаланған. Алайда, Иран-Ғайыптың өткір ойымен, аса сауатты пайымымен біздегі қазақы саналы оқырмандарға жеткен бе дейміз. Ұлы еңбектің соңында мынадай бір жолдар бар: «Ол тас астына түскен адамның қай­та тұра алмасы жайлы тылсым дүниеге сыр шерте ме, кім білсін?!». Мүмкін Виктор Гюгоның «тірі бәдіздері» арқылы Иран-Ғайып та бір ғайыпи дүниені күңі­ренте әкеле жатқандай. Кім білсін?!
«Мен ішпеген у бар ма?» (реквием). Ақын­ның өз сөзімен айтсақ: «Құлшынып құр аттай, кеудесі аршылып...» тұрған ке­зінде жазылған қуатты шығарма. Мә­тін­дегі Абай және Құнанбай бейнесі тың, зер­лі. Ал Оразбай атты кейіпкердің сәтті ке­лісімі Иран-Ғайыптың тағы бір қырын көрсетеді.
Ең бастысы – жұрт білетін жырынды да сұңғыла, жұлдызды Құнанбай қандай?! Саналы қазақтың кірпияз санасына «те­ріс ұялаған» Құнанбай бейнесі – тек бір ғана пайыммен аса биіктен көрінеді екен. Құнанбайдың Оразбайға айтқан тө­мендегі ұлағаты ұзақ уақыт бойы жал­ғаса беретініне сендіреді.
Құнанбай:
«Ей, Оразбай!..
Қарға баласын «аппағым»,
Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.
Болар ел болмас ерінің
Бұзақы қылығын да қылмас айып,
Бас жарылса – бөрік ішінде,
Қол сынса – жең ішінде.
Жүрегі – жалын, сөзі – мұз
Абай сынды да бір арыс
Жүре бермеуші ме еді ел ішінде?!».
Құнанбай да, Абай да тарихи оқиғаның нақты құбылысы һәм фабульдік кейіп­кер­лер. Абайдың архиотипі өте нәзік. Шы­ғар­мадағы Абай кейпі – positive role болса, Ораз­бай – A negative role есебінде. Абай мен Құнанбайдың өзара қиюласуы мен то­ғысуы басқа бір әңгіменің арқауы болу­ға тиіс. Өте қуатты пайымнан туған аса тәт­ті ұлағат! Абай әлемінің дәурендеген тұ­сындағы Құнанбай биігі! Әлемдік «кітап сөресіндегі» ең қасиетті орын осы бір рек­виемге берілуі әбден мүмкін. Келешекте...
Біз мұнда ұшы-қиырсыз уақыт аласа­пы­ра­нындағы өлшемді елестетеміз. Дү­ниеуи ұғымдағы – ideas of work... Әдеби қи­сынның кіреберісіндегі кеңістік туралы сөз. Бұл жерде шығарманың өлместігі һәм мәңгіленуі туралы лебіз айтылуы тиіс. Ал қарапайым оқырмандар үшін өз­­­дерінің өлшемі «қай сыныпта» екен­дігіне қатысты шығарма ауанымен тілдесе алады деген ұғым. Иран-Ғайыптың өлең­дері көбінесе мұң мен зарға қарай құры­лады десек артық та болуы мүмкін. Демек, оның өлеңдеріндегі әрқилы са­­­рын­дар тек шерге негізделеді десек қия­нат болады. Алайда, айтпай кету одан да бетер қиянат-ты:
«...Қуаң тартты –
Қыр-Гүлім,
Ай –
Саңырау,
Түн –
Керең:
Жүдеу сынды:
Тірлігім...».
Егер осы өлеңді басқа тілге аударса қандай болар еді?! Мүмкін тағы бір жаңа­лық есебінде біраз сөз қозғары даусыз. Дүниеде дау-дамайсыз, ың-жыңсыз өлең-жыр тууы мүмкін емес кезең еді – осы тұс.
«...Шолпан келеді –
Туып...
...Таң ататын шақта:
Сосын...
Сөнеді –
Суып,
О, Құдайым,
...Сақта!» –
Жапонияның Ямагути Сейс, Эномото Фуютирио, Хасимото Такако, Сабаки Киньити және Като поэзиясына ұқсас жа­зыл­ған өлең – құтты құстың ізі секілді ай­шықты шиыр. Тағы бірде алуан түрлі ыр­ғақтардың үстінен түсетіндей өзіңнен-өзің шөліркеп, құныға бересің, құмыға бересің...
«...Ұлар құстың
Ұясы –
Шаттың
Құзар қиясы:
Жазымышым
Жазғанның –
Кеппей қойды
Сиясы...» –
Аңдауытта оқыстан сала салған бір ке­ремет суреттей жолдар... Табиғатпен үйлесу һәм ақынның ішкі арпалысын бей­нелейтін серпін, ой, тағы да сол бір се­зім­талдық...
«...Түн болып
Шақырам,
Күнімдей
Мылқау боп –
Жоғалған Үнімдей
Соқыр боп –
Шақырған Жанарым» –
Иран-Ғайыптың осынау алай-дүлей дауысы – сонау ХVІІ ғасырдың ІІ жарты­сын­­­дағы француз ақындарының кейбі­рі­мен үндес шығып жататыны бар. Мем­ле­кет­тік әсіре күптену, төбел топтың қи­ғы­лығы, өлшеусіз билікті ту еткендердің арасында өмір кешкен Никола Буало-Депро (1636-1711) мен Иран-Ғайып үні бір-біріне өте жақын. Никола Буалоның жаулары өте көп еді. Буало бірде өлшеусіз билікпен дәмдес болса, бірде өз көзқа­ра­сымен бөлектеніп әпербақандармен тіресіп өткендігі байқалады. Француз ақы­нының билікке деген «өкпесі қара қа­зандай» айқайы сол тұстағы рухани жұрт­шылықтың назарын тартқаны бар. Айт­п­ақшы, Никола Буало өзінің «Поэзия өнері» (Lart poetique) (1674 ж.) атты әйгілі шы­ғармасын ұсынған. Әлемдік траги­комедияның теориясының атасы саналатын осы бір тұлға өз тұсында қандай бір пай­да көздеу үшін өлең жазғыштарды өл­тіре сынап мінегені бар. Мұндай сынау­лар мен шенеулер Иран-Ғайып шығар­ма­ларында өте мол кездеседі.
Біз бірде Иранбек Оразбаев деген ат­пен 1998 жылы «Қазақ әдебиетіне» жа­рия етілген «Бір тойда екі жар бола ма?» атты ашық хатын Әбділда Тәжібаевқа ар­нағанын білеміз. Сол хат мәтіні Иран-Ғайыптың 13 томдық таңдамалы шығар­маларына да енген болуы мүмкін. Егер, құр­метті оқырмандардың мүмкіндігі болса, осы хатты қайталап оқып шығуын өті­нер едім...
Рас, Иран-Ғайып тастүйін ақын. Оның өлең­дерінде Сырдың суының ағысындай бедерлі, арынды тұстары көп. «Абайға»:
«...«Мыңмен жалғыз алыстың!» – кінә қойман!
Мұңың – бар, арманың – жоқ, мұны да ойлан?!
Шарқ ұрды шыбын жанын шырқыратып,
Ұрпағың күні – майдан, түні – майдан!

Шаң қаптым көшіңе ұлы ілесем деп,
Түтіктім түрленсем деп, түлесем деп.
Қалам тартқан қазақтың бәрі мықты,
Майрылдым мықтылармен тіресем деп!

Жанға сая іздеген, ая – басқа,
Епшіл еге көбейді даяр асқа.
Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,
Ақынды ақын айналды аямасқа!

Үнім өшті, жағым да қарысып жүр,
Жүдеді, жүлде алмады жарысып жыр.
«Мыңмен – Жалғыз алыссаң» – арманың не,
Менімен – Күллі Қазақ алысып жүр!..».
Ақын шарқ ұрады, кешікпей жерге түседі, тіпті оңбай құлайды. Жылайды, күңіренеді:
«...Алдым –
Артым –
Жар,
Қос бүйірімде –
Оқ:
Оразбайым – бар,
Құнанбайым – жоқ...»
Осы тақілеттес түрендер. Иран-Ға­йып­тың өз сөзімен айтсақ: «...Аңдағанға, Абай­дың пайғамбар болмасқа әддісі жоқтай: Әкесі – Құнанбай – Құдайға бер­гісіз Құдірет; Туған жері – Жидебай – Жұмақтан бетер жан саясы, көңіл хошы; Жұрты – Қазақ – Хайуаннан өткен қараң­ғы...». Қайран ақын Ирекең «айтпайтын сөз­­ді айтпайтын жерде айтып жібере­тін­дігімен» ерекше. Сол тұрғыда біз француз­дар әлемінің көк мәрмәр тасындай Никола Буаломен біздің Иран-Ғайып үндес-ау, үндес деп айта бергіміз келеді.
Тасқа қашалған тамаша жыр-ғұмыр­дың тағы бір іздері – «Бөшке» драмасында көрінеді. Б.з.б. 404-323 жылдар шама­сында Македония патшалығындағы қи­сын. Мұндағы кейіпкер қаһан Ескендір Зұлқарнайын, қайыршы – Диоген ара­сындағы пайымды тартыс. Диогеннің бір сө­зі:
«...Белгісіздік –
Туындайды
Білмеуден».
«Ескендір»:
«Көрік болмасын –
Сезіндім
Күпінгеннен –
Құр кеудем».
«Бөшкені» сахнаға қоюшылар әлі де талай қызықты шешімдерге тап бола­тын­дығы белгілі. Әсіресе, болашақтағы сахна өнеріне лайықтап сомдау үлкен шебер­лікті қажет ететіндей. Мүмкін, «әттеген-ай»-ға да соғуы бар:
«...Сайрар еді бұлбұлым,
Есімді де жияр ем:
Менің Ақын-Тірлігім –
«Бөшкедегі Диоген»!
Әйгілі ақындардың көбісі өз тұсында драма жанрын таңдап табысқа жеткен­дері бар. Ирландиялық Уильям Батлер Йейтс (1865-1939) ХХ ғасыр басында ең таң­даулы драмаларын жазған еді. Мысалы, оның «Қаршыға бұлақ басында» (1916 ж.), «Өткен күндер елесі» (1917 ж.), «Голго­фа» (1920 ж.), т.с.с керемет драмалары ұсынылған. Біздің Иран-Ғайып та дәл осындай қырықтан астам таңдамалы драмаларын шығарып үлгерді. Театр сахнасында да қойылғаны – жетерлік... Сондай-ақ, франциялық жазушы Альбер Камю (1913-1960) өз тұсында театрда актер, режиссерлік қызметтерді атқар­ғаны бар. Камю де, Йейтс те өз тұсында бағаланған-ды. «Нобель сыйлығы» атты ең үлкен мәртебеге қолы жеткендер деп осыларды айт. Ендеше, Иран-Ғайыптың өзге тілге тәржімаланған «Звериада» («Хайуандық Комедия») трагедиясы, т.с.с драмалық шығармалары ағылшын тіліне аударылса, өз бағасын алады деген үміт­теміз. Ақын айтады:
«...Далада – Аяз,
Үйде – Аптап,
Өртіме –
Өңің күйді әппақ:
Жалын –
Ішті жандырып,
Түтін –
Тыста будақтап...».
Өз тұсында өзін-өзі өртке итеріп, ит­кеш­ті кезеңде қарғылы өмірін қапыл сүр­ген Ақын: Ол – Иран-Ғайып! Сойына – өзі, өзіне – сойы тең келетін шайыр әлі де жазып жүрген болуы мүмкін. Біз мұнда ақынның бір пара қырын ғана ашуға ты­рыстық. Сан түрлі қалтарысы бар күрделі тұл­ғаның асау бейнесімен алысу, әрине, қиын. Болашақта, кейінгілер һәм зейін­ді­лер оны зерттейді деп үміттенеміз. Иран-Ғайып дәл қазір зерттелуге мүдделі емес болуы ықтимал. Бірақ келешекте оны іздейтіндер табылады:
«...Тамам итке таланған бөрідейін,
Төмен жақтан таппассың мені кейін:
Бүгінімді – жоқтадым,
Ертең үшін –
Қыр көрпесін жамылып еңірейін...».
Бір Ғайып, күрделі тұлға Иран-Ғайып­тың күрмеулі түйініне осылайша біраз айналдық. Иран-Ғайыптың басына қан­шама рет қатты-қатты соққының тигенін ептеп білетін секілдіміз. Ендеше, соққы көр­ген басты жұмсақ алақанмен си­пау­дың өзі де – артық әрекет.