Дәріс. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру.

Жоспар:

1. «Сынып сағаты» сыныптан тыс тәрбие сабағы ретінде: мәні, міндеттері, қызметі, компоненттері, құрылымы

2.Сынып сағатын даярлау және өткізу әдістемесі. Жоғарғы сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие берудің мәні міндеттері.

 

Қоғамның даму жағдайында эстетикалық тәрбие жеке тұлғаның үйлесімді дамуын қалыптастыруда адамгершілік тәрбиесінен кейін маңызды орын алады.

Эстетика адамның өмірі, іс–әрекеті, тіжірибесімен органикалық байланыста болып келеді. Сондықтан тұлғаның жан–жақты үйлесімді дамуында әрбір адамның өз өмірін “әдемілік заңы” бойынша құруға тырысуы қажет.

Эстетика грек сөзі. Сезім, түйсік деген мағынаны білдіреді. Олай болса эстетика– өмірді сезім арқылы танып, білудің негізгі жолы. Эстетикалық талғамы биік, сезімтал адам еңбектегі әдемілікті, табиғаттағы, өнердегі сұлулықты танып, оны сүйе, қастерлей білетін болады.

В.Г. Белинский: “Сезімнің әсемділігі адамгершіліктің құнды жағы... Онсыз, бұл сезімсіз, данышпан да, талант та, ой да жоқ.

Эстетикалық сезім – ізгілік негізі адамгершілік негізі” – деп түсіндіреді /1,5/.

М. Горький эстетика дегеніміз – болашақтың этикасы деген тұжырым жасайды.

Эстетика ұғымын тұңғыш рет ғылымға енгізген неміс философы (рационалист) Александр Баумгертен (1714–1762 ж) болды. Ол өзінің “Эстетика” атты еңбегін 1750 жылы басып шығарады. Осы кезден бастап “Эстетика” ұғымы жаңа ғылым атауы ретінде қалыптасты.

Эстетика ғылым ретінде құлдық қоғам дәуірінде Египет, Вавилон, Индия, Қытай жерлерінде бастау алды.

А.В.Луначарский эстетикалық тәрбиенің мәнін аша келе, эстетика саласынан қайсыбір өнерді қарапайым түрде оқыту деп түсінуге болмайтындығын, керісінше, олардың сезім мүшелері мен шығармашылық қабілеттеріне жүйелі түрде әсер ететін оқуды, одан оқушылардың ләззат алып, оны өздері жасай білу мүмкіншіліктерін дамыту деп түсіну керектігін айтқан. Еңбек пен ғылым саласынан берілген білімде эстетика қамтылмаса, онда сол білімнің жансыздығы (сыңаржақтылығы) деп есептеген.

Кезінде Л.Н.Толстой әрбір адамның бойында көркемдік шығармашылығына қатысты әртүрлі қажеттіліктің болатындығына, соны міндетті түрде дамытып, тәрбие мақсатына қолдану туралы ойын айтса, К.Д. Ушинский – “барлық балалар бірі қалмастан әуесқой – суретші” – десе, В.А.Сухомлинский “әрбір бала – ақын” деп жазған.

Эстетикалық тәрбие теориясы мен практикасын талдауға халық ағарту ісінің көрнекті қайраткерлері А.В. Луначарский, Н.К. Крупская, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский, П.П.Блонский, С.Т.Щацкий, В.Н.Щацкая, А.И.Буров секілді өкілдері қатысты.

Қазақтың ағартушысы – демократтары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев және т.б. ақын–жырау, жазушыларымыз халқымыздың рухани дамуына өлшеусіз үлес қоса отыра, этетикалық тәлім–тәрбиенің маңызына ерекше мән берген.

В.Н. Щацкая “Эстетикалық тәрбиенің негізі, мақсаты мен мәні” атты мақаласында эстетикалық тәрбие дегеніміз – айналадағы болмыста, табиғатта, қоғамдық өмірде, еңбекте, көркемөнер құбылыстарындағы әсемдікті сезініп, мақсатты қабылдау қабілетін тәрбиелеу, – деп сипаттама берсе, А. И. Буров эстетикалық тәрбиеге “ әсемдік заңы бойынша” адамның әрекетке және көркемөнерге эстетикалық көзқарасын, эстетикалық қажеті мен творчестволық әрекетін қалыптастыру”, – деген тұжырым жасайды.

“Эстетикалық тәрбиенің міндеті – жас ұрпақты өмірдің барлық салаларындағы: адамның өмірі мен тұрмысындағы, еңбектегі, көркемөнердегі және табиғаттағы сұлулық пен әсемдікті көре білетін, ұға білетін, бақылай алатын және оларды өзі де жасай алатын азамат етіп тәрбиелеу” (2,3). Ол үшін жас–жеткіншектер сауатты, терең білімді болуы керек. Әдебиетті, музыканы, сәулет өнерін, кескіндеме, кино мен театрды түсініп, олардан жанға рухани азық, ләззат ала білу үшін де сезім түйсігі ұшқыр, ақыл–ойы алғыр, білімді адам болуы тиіс.

Эстетикалық тәрбие тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланысты. Ол еңбек, ақыл–ой, адамгершілік, дене шынықтыру, т.б. тәрбие түрлерімен қоян қолтық ұштасып жатады. Оқушыға оқылатын құбылыстың әсемдік сырын ашпай тұрып, оған ақыл–ой тәрбиесін беру, еңбек процесі мен мазмұнының игі жақтарын танытпай еңбек тәрбиесін беру, адам дене құрылыс мүшелерін танытып алмай дене тәрбиесін беру мүмкін емес.

Олай болса, эстетикалық тәрбие жеке тұлғаның адамгершілік сезіміне, рухани дамуына ықпал етеді. Оның жаман әдеттен бойын аулақ ұстауына, көркем әдебиет оқуын, музыкалық шығармаларды түсіне білуіне негіз блоады. Сондықтан, эстетикалық тәрбие адам баласына өмірдегі, табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, адамдар арасындағы қарым–қатынаста бар жақсылықты, әдемілік пен әсемдікті түсіне білуге, көре білуге, қабылдай білуге, тіпті соны өзі адам игілігіне жасай білуге үйретуді, жаттықтыруды және соған қабілеті болу дағдыларын меңгертуді көздейді.

Эстетикалық тәрбие берудің мазмұны көркемдік талғамды жетілдірумен, оқушыларды өнерге тартып–таныстырумен ғана шектелмейді. Ол ақиқатқа эстетикалық көзқарасты, өмірдегі әсемдікті дұрыс қабылдауды, табиғатты эстетикалық тұрғыда қабылдауды қарастырады.

Өмірдегі, өнердегі және табиғаттағы әсемдікті көре білу, сезіну және ұғыну сәбилік шақтан пайда болады. Мектепте мұның бәрі одан әрі дамиды, онда болмысқа деген эстетикалық көзқарастың негідері қаланады. Мектеп оқушыларды табиғаттағы, өнердегі, адамдардағы қарым–қатынастағы әсемдікті ұғынуға және бағалауға дағдыландырады. Яғни, олар “әсемдік заңы бойынша” өмір сүруге үйренеді, шығармашылық қабілеттерін дамытуға дағдыланады.

 

Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру жүйесі.

Адам сезімін тәрбиелеу мәселесі көпжақты факторлармен шешімін табады, соның ішінде өнер басты роль атқарады. Өнер арқылы адам өзінің шынайы көңіл –күйін білдіреді, өнердің өзінен үйрене отырып, оның қиын күрделі тілін түсіне білуге ұмтылады, рухани жан дүниесін эстетикалық талап тұрғысынан тәрбиелейді. Өнердің құндылығы сонда, ол адамның адамгершілік дамуына бағытталған. Нағыз әсем өнер ғана адам жанына рухани азық болады, адамның адамгершілік сезімін молайтады.

Өнедрдің бастау бұлағы – сурет салу өнері. Тамыры терңге кеткен өнер атаулы өзінің нәрін сурет өнерінен алады. Сондықтан сурет салуды үйрену – жас ұрпақтың танымдық ой–өрісінің кеңеюіне, өнер әлемін тануына апарар жол боп табылады.

Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа қазақ қолөнер кәсіпшілігі де эстетикалық тәрбие беруде тиісті құралы болып отыр. Тұрмыстық заттар мен құралдарын әшекейлеуде қол өнер кәсібі, зергерлік өнер дамып, эстетикалық мәні бар өнер шығармаларына айналып отыр. Қазақтардың қолданбалы өнері негзінен тұрмысты әшекейлеу үшін пайдаланылғаны белгілі. Оның ішінде ең көп тарағаны – ою–өрнек өнері. Ою–өрнек ісі тым ерте заманнан бастап–ақ қолөнердің барлық түріне ортақ әсемдеп, әшекейлеудің негізі болып келеді.

К.Маркс: “Көне заман өнерлерінің шығармашылығы бізге әлі де болса көрермендер ләззатын беріп келеді және белгілі бір мағынада алғанда қол жетпес үлгі өнеге болу маңызын да сақтап отыр” – дейді. Қол өнердегі көңілге қонымды мәнерлер мен ондағы қолданылған әдістер сәулет өнерінде кеңінен орын алып келеді.

Өнер арқылы тәрбие беру жүйесінде музыка мен театр ерекше маңызға ие. Әсем ән әуені, тамаша музыка сазы адамдардың жан дүниесін жадыратып, көңіл–күйін сергітеді, ой–өрісін байыта түседі. Жалпы музыка әуені адамдарға алғаш дүниеге келген күндерінен бастап–ақ зор әсер етеді. Өйткені, ло жан дүниесінің азығы іспеттес, сондықтан ол эстетикалық тәрбиенің негізгі бір басты саласы болып саналады.

Музыка тілмен жеткізе алмайтын адамның тереңде жатқан нәзік сезімінің құралы. Атамыз Абай “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй” – десе, Л.Н. Толстой, “Жақсы музыка – көңіл–күйдің, жан сезімінің шежіресі” – деген екен.

Адамға рухани ықпал жасаудың тағы бір құралы – театр өнері. Жас ұрпаққа тәрбие беруде театрдың ролі ерекше, себебі оның эмоциялық ықпал ету күші бір мезгілде жүздеген көрермендерді өзіне тартады. Театр өнерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол – әдебиет, сөз өнері, музыка, бейнелеуөнерлерінің амал–тәсілдерін бойына жинақтаған синтездік өнер. Мұндай жиынтық сахна мен көрермендердің, олардың ойлары мен сезім–күйлерінің өзара байланысын, ортақтастығын орнатады. Жалпы сахна аясында адамның эстетикалық талғамының дамуына ықпал жасамайтын ұсақ–түйек нәрсе жоқ. Әртістің сахнаға шығуынан бастап, оның киген киімі, сөйлеген сөзі, өзін ұстай білуі, сөйлеу мәнері – бәрі көрермендерді сұлулық ләззатына бөлеп, талғамдарын қалыптастыруға, адамгершілік қасиеттерін шыңдауға үлкен әсер етеді. Тіпті концерт залдары мен театрдың, мәдениет сарайларының сахналары көрермендерге тек ізгілік пен әсемдіктің жарқын үлгілерін ұсынады.

Келесі кезекте жас ұрпақтың көркемдік танымын қалыптастыруда, арман–қиялын дамытуда көркем әдебиет шығармаларын оқудың да игі әсері мол. Проза, поеззия арқылы бар жақсылықты сезініп, әдемілік пен жақсы істің әсерінен эстетикалық санасы, талғамы артады, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік туғызады. Қазіргі әртүрлі ақпарат тасқынының мол шағында жастардың көркемдік– эстетикалық бағдарын айқындауда, талғам түсінігін дамытуда әдеби–көркем шығармаларының тигізер пайдасы зор.

Эстетикалық тәрбие үрдісінде көрме залдары мен мұражайлардың да атқаратын ролі ерекше. Бұл бағыттағы жұмыс біздің елімізде жан–жақты дамытылған. Мұражайда немесе көркемсурет галереясында болған жастардың жоғары адамгершілік қасиеттері қалыптасады, рухани жан–жүйесі дамиды, тек жақсылыққа деген құштарлығы артады.

Өнер арқылы тәрбиелеуде оқушылардың қолымен жасалған бұйымдары негізінде арнайы көрмелер ұйымдастырудың да маңызы зор. Бұл оқушы жастарды үлкен өнерге тәрбиелеумен қатар, олардың ізгі адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға да ықпалын тигізеді.

Тұлғаның эстетикалық көзқарасын, дүниетанымы мен мұратын бірлікте қамтамасыз ету жүйесінде баспасөз, радио, кино, көгілдір экранжәне кітапхана саласындағы жұмыстардың атқарып отырған қызметінің орны айрықша. Мәдениет ошақтарының бұл түрлері бүгінгі таңда жастардың жан–жақты жетілуінде айырықша мәнге ие болуда. Сондықтан өскелең ұрпаққа тәлім–тәрбие беруде, соның ішінде эстетикалық тәрбиедеоның құндылығына айрықша мән беріп, оларды тиімді пайдалану, ұлттық ерекшелікке сай ондағы жұмыстардың бағыттары мен мазмұнын жаңартып отыру қоғамның, мемлекеттік саясаттың маңызды бір саласына айналып отыруы қажет.

Әсемдіктің тапсырмас бұлағының бірі – табиғат. Ол адам баласының эстетикалық санасын қалыптастыруда оның беташары, қайнар көзі боп табылады. Табиғат құбылыстары мен оның сұлулығын, әсемдік жаратылысын танып білуде, тағиғатпен бірге оған саяхат жасауда бала көңілінде қуаныш сезім орнайды, көңіл қуанышы шарықтайды, ерекше бір сезімге бой ұрады, жан–дүниесі рахатқа батады. Соның негізінде балада рухани серпіліс пайда болып, туған еліне, жеріне, табиғатына деген сүйіспеншілік артады.

Демек, бұның бәрі адам жанын байыту, рухани дүниесін ізгіліктендіру, оның өмірін мәнді де сәнді етіп тәрбиелеуде үлкен қазына.