Азақстан Республикасының Конституциясы — мемлекеттің Ата Заңы
1993 жылы 28 қаңтарда егеменді тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бірінші Конституциясы қабылданды. Ол құқықтық мемлекет құру, оның мемлекеттілігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болып табылатын тарихи орын алатын ҚР Конституциясы болды. Алайда, қоғам дамуының қажеттілігі негізінде жаңа Конституция жобасы жасалды.
1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. Осы Конституцияға конституциялық реформалар нәтижесінде екі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Алғашқысы 7 қазан 1998 жылы болса, екіншісі 21 мамыр 2007 жылы болды.
Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік билiктiң қайнар көзі — өзiнiң егемендік құқығын баянды етті. Ата Заң қабылданған күн демалыс — мемлекеттік мереке — ҚР Конституциясының күні деп жарияланды.
Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртiншi Ата заңы (1937, 1978, 1993, 1995). Оның құрылымы кiрiспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.
Конституцияның ең жоғарғы заңдық күші бар және ол ҚР-ның бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мұның өзі Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтік-құқықтық актiлердiң нормаларынан үстем екендiгiн көрсетеді. Кейiнгi екі Конституцияның алдыңғы екеуінен елеулі айырмашылығы сол — бұлар тұңғыш рет мемлекетіміздің тәуелсiздiктi, егемендiктi және Қазақстан халқының толық билiгiн бекiтiп, одан әрі орнықтырды.
Жаңа Ата Заңда құқықтық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның iшiнде жеке адамның жан-жақты еркiндiгi, идеологиялық және саяси әралуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бiрлестiгiн құру еркiндiгi), халық билiгiн жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуі әлемдік талаптарға сәйкестендiрiлген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейiмделiп тұжырымдалған.
ҚР Конституциясы барлық заң салаларының негiзi болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшін басты қағида болып есептеледі.
ҚР Конституциясының кiрiспесiнде Ата Заңды қабылдаудың себептері мен мақсаттары былай түсiндiрiлген: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүние жүзі қоғамдастықта лайықты орын алуды көздей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершiлiгiмiздi сезіне отырып, өзiмiздiң егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Ата Заңның бұл бөлiгi саяси және идеология тұрғысынан алғанда аса маңызды. Өйткені, бұл Ата Заң ҚР-нда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негiзiн қалады.
Осыдан келіп, ҚР-ның мынадай негiзгi мақсаты туындайды: өзiнiң ең қымбат қазынасы ретінде адамды және оның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын айқындап, бекіту; өз елінде және мемлекеттер арасында азаматтық бейбiтшiлiктi, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасау әдiстерiн орнықтыру; байырғы қазақ жерінде мемлекеттік бiрлiктi сақтау; республиканың тәуелсiздiгiн сақтап, ұстап тұру; ҚР-ның демократиялық негiздерiнiң мызғымастығын бекіту.
Осыған орай республика қызметiнiң түбегейлі қағидалары айқындалады, олар:
• қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;
• бүкіл халықтың игiлiгiн көздейтін экономикалық даму;
• қазақстандық патриотизм;
• мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламенттік дауыс беру арқылы шешу (1-бап, 2-тармақ).
Ата Заңның негiзгi бөлiгiнде (I—VIII бөлімдер) азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен мiндеттерi туралы, конституциялық құрылыс жайлы, мемлекеттік нысандар жөнінде, мемлекеттік буындардың жүйесі мен мәртебесі туралы (Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық Кеңес, соттар, және сот төрелiгi, жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару туралы) нормалар тұжырымдалған.
Қорытынды және өтпелі ережелер мазмұндалған соңғы IХ бөлімде Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртiбi, конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдау рәсiмi сөз болады. Ата Заң құрылымына жасалатын талдау оған негіз болған конституциялық идеялардың айқын көрiнiсiн береді.
«Жалпы ережелер» деп аталатын 1 бөлімде жаңа конституциялық құрылысқа сапалық сипаттама берілген, яғни Конституция бойынша республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бөлімде осыған орай конституциялық құрылысты айқындайтын, мемлекет пен жеке адамдардың және азаматтық қоғамның қарым-қатынастарынан туындайтын негiзгi қағидалар тұжырымдалған, олар:
• Қазақстан халқының толық билiгi (егемендiгi);
• Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы;
• мемлекеттік билiктi жүзеге асыру барысындағы пiкiр еркiндiгi;
• Конституцияның үстемдiгi (жоғары тұратындығы);
• мемлекет билiгiнiң бөлiнiсi;
• адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүдделерінен басымдығы;
• мемлекеттік тіл саясатының кепiлдiгi, т.б.
Азаматтық қоғамда мемлекет адам мүддесі үшін жұмыс iстейдi, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi тармақтарына бөлiнiп, олардың тежемелік, тепе-теңдік жүйесі пайдаланылады.
ҚР конституциялық құрылысының мазмұны саяси, экономикалық негіздерден, әлеуметтік саясат негiздерiнен, iшкi саясат негiздерiнен құралады. Олар ҚР Конституциясының 1, 2, 3, 4, 6, 7, 8, 12, 14, 26-баптарында тұжырымдалған.
Конституцияның 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады»,— деп жарияланған. Мұның өзі Конституцияның 2-бабының 1-тармағында көрсетiлгенiндей, «Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» екендiгiнен туындайды. Мұның мәнiсi мынада: бiрiншiден, Президент мемлекеттік билiк тармағының бiр де бiрiне жатқызылмайды; екiншiден, Президенттi халық сайлайды және ол Парламентке тәуелсіз; үшiншiден, Президентке кең өкiлеттiктер берiледi және ол Конституцияға сәйкес мемлекеттік билiктiң барлық тармақтарына, олардың өз өкiлеттiктерiн тиiмдi жүргiзуiне көмектеседі, олардың өзара қарым-қатынастарына сындарлы ықпал ете алады; төртiншiден, ұлан-байтақ қазақ жерi ұлттық-аумақтық бөлiнiстерге бөлінбей, тек әкiмшілікаумақтық бөлiнiстерге — облыстарға, қалаларға, аудандарға, ауылдарға ғана бөлiнедi және олар жоғарыдағы бір орталыққа бағынады. Демек, мемлекеттің басында заңды түрде сайланған Президент тұрып, басшылық етеді.
Президенттік басқару нысаны елдегі саяси тұрақтылықты және қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етедi. Ал «Республиканың егемендiгi оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етеді» (2-бап, 2-тармақ).
Қазақстандағы саяси құрылыс демократиялық болып жариялануына орай Ата Заңның 3-бабы халық егемендiгiнiң конституциялық қағидасына арналған. Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы — халық екендiгi былай баяндалған: «Халық билiктi тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденіп кете алмайды. Билiктi иемденіп кетушiлiк заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегінде Парламенттің құқығы бар» (3-бап, 2, 3-тармақтар).
Сонымен қатар ҚР-нда идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады. Қоғамдық және мемлекеттік институттардың бiрiгiп кетуіне, мемлекеттік органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
«Адам және азамат» деп аталатын II-бөлiмде адам мәртебесі, жеке бастың құндылығы ашып көрсетілген. Онда жеке адамның құқықтары мен бостандықтары халықаралық құқықтың мойындалған қағидалары мен қалыптарына тікелей байланыстырылған. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесінен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылады.
«Президент» деп аталатын III-бөлiм мемлекет басшысы ретінде Президенттің жаңа мәртебесін толық бейнелейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңы негізінде ҚР Президенті 5 жылға сайланады делінген. Сонымен қатар, бір адам қатарынан екі реттен артық Республика
Президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды, делінген.
Басқа мемлекеттік органдардың құрылуы мен қызметі IV—VIII бөлімдерде көрсетілген. ҚР Конституциясының құрылымында әр бөлім өз қисынымен ретті орналасқан әрі баршаға түсiнiктi.
«Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын IХ бөлімде жаңа Ата Заңды күшіне енгізу нормалары бекiтiлген, бұрынғы Конституцияның қолданылу күші қай кезден бастап жойылғаны нақтыланған. 1995 жылғы Конституция күшіне енгенге дейін қолданылып келген заңдардың одан әрi қолданыста болу тәртiбi көрсетілген. Ата Заңның мемлекеттік және қоғамдық органдардың өзге актiлерiне де, соның iшiнде басқа заңдарға да қатысты ең жоғары заңдық күші бар. Мемлекеттік органдардың өзге актiлерi, барлық заңдар ҚР Конституциясы негiзiнде және соған сәйкес, сол белгілеген рәсім бойынша қабылданады.
Мемлекет жасасатын халықаралық келiсiмдер мен шарттар да ҚР Констиуциясына сәйкес болуға тиіс. Қолданыстағы нормалар конституциялық қалыптармен сай келмеген жағдайда соңғысы қолданылады, өйткені, басқа нормалар осыған сай келтiрiлуге тиіс. Конституцияның қағидаларына қайшы келетін заңдар мен өзге актiлердiң заңдық күшi болмайды. Яғни, кез келген демократиялық құқықтық мемлекеттiң ағымдағы заңдары құқықтың базалық көзi болып табылатын Конституцияға негiзделедi және оның рухына сай келуге тиiс. Конституцияның нормалары ағымдағы заңдармен ұштастырылуы мүмкін. Алайда, ағымдағы заңдар Конституцияның шеңберінен шығып кетпеуге тиіс және конституциялық нұсқаулар мазмұнын өзгертпеуге тиіс.
Кез келген құқықтық актiнiң Конституцияға сай келмеуі немесе оған қайшы келуі бұл құқықтық актiнi заңды күшінен айырып, жарамсыз етеді. Бұл Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құрудың аса маңызды шарты.
ҚР Конституциясының жоғары тұрғандығын арнайы мемлекеттік орган — ҚР Конституциялық Кеңесі қамтамасыз етеді.
ҚР Конституциясының 74-бабына сәйкес, ҚР Конституциясына кереғар деп танылған заңдар мен халықаралық шарттар қол қойылуға жатпайды немесе тиiсiнше бекiтiлуге және күшіне енгiзiлуге тиіс емес.
Заңдарды Конституцияға сай келеді деп тану оларға қол қою мерзiмiнiң басталғандығын бiлдiредi. Конституцияда баянды етілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейді деп танылған заңдар немесе өзге нормативтік-құқықтық актiлер күшiн жояды және қолданыстан шығарылады. Сондай-ақ, соттар мен өзге де құқық қорғаушы органдардың осындай заңға немесе өзге нормалық-құқықтық актіге негізделген шешiмдерi де орындалуға жатпайды.
ҚР Конституциясы тұрақтылық нышанымен ерекшеленеді.
Негiзгi заң ретінде оған өзгерістер енгізу тәртiбi де ерекше сипатта болады, бұл тәртіп Конституцияның өзінде белгіленген.
Мәселен, 91-баптың 1-тармағына сәйкес ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Республика Президентiнiң бастамасымен, Парламенттің немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешім бойынша өткiзiлетiн республикалық референдумда жүзеге асырылуы мүмкін.
Егер Президент өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi Парламенттiң қарауына беруді ұйғарса, онда өзгерістер мен толықтырулардың жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Бұл ретте Парламенттің шешiмi Конституцияда белгіленген тәртіппен, яғни әр Палата депутаттары жалпы санының 3/4 дауысымен қабылданады (62-бап, 3-тармақ). Егер Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда қос Палата депутаттарының жалпы санының кемінде бестен төртiнiң көпшiлiк дауысымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Президент осы заңға қол қояды немесе референдумға шығарады. Егер референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, референдум өткiзiлдi деп есептеледі, егер олардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, заң қабылданды деп саналады.