Тақырып 13. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЭКОНОМИКАСЫ.

Мақсаты:Студенттер денсаулық сақтау экономикасы аспектілерінің негіздерін білулері тиіс.

Денсаулық сақтау экономикасы –Денсаулық сақтау жүйенің қоғамдағы орны мен мәнін, денсалық сақтаудың қоғамдық өндіріске әсерін, сонымен қатар денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін зерттейтін салалық экономикалық ғылым.

Қоғамның экономикалық құрылымында денсаулық сақтау қоғамдық өндірістің «өндірістік емес аясы деп аталатын» бөлігіне жатады. Денсаулық сақтау туралы бұл ұғым медицинаның қоғамдық пайдасын терістемейді, себебі денсаулық сақтаудың өнімі ретінде халық денсаулығы алынады. Денсаулық сақтау өндірістік сала болмағанымен еңбек қорларының қайта қалпына келтіріліп, еңбек өнімділігін арттыру, ұлттық табысты ұлғайту үшін күрделі үлес қосады.

Кез-келген қоғамдық-экономикалық құрылым өндірістік күштердің тұрақты түрде өсуін қарастырады. Оның себебі біріншіден еңбек ресурстарына деген қажеттіліктің артуы, екіншіден жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Халық денсаулығына мемлекеттік саясат ақылы қамқорлық, әлеуметтік басым шаралардың бірі болып табылады. Сондықтан денсаулық сақтау экономикалық және әлеуметтік дамудың және қоғамдық өндіріс тиімділігінің қарқынын арттыратын тікелей және шешуші факторлардың бірі болып табылады.

Денсаулық сақтаудың қоғамдық өндіріс тиімділігіне әсер етуінің келесі жолдарын анықтауға болады: емдеу-профилактикалық шараларды жүргізу нәтижесіндегі тікелей әсері; тікелей емес әсері (қоршаған ортаны, жеке тұлғаларды, еңбек және демалыс жағдайларын сауықтыру және т.б.).

Әрбір науқас адам қоғамға экономикалық зиян келтіреді. Аурушылдыққа байланысты қоғамға келетін экономикалық шығындар тікелей және тікелей емес болып бөлінеді.

Тікелей экономикалық шығындарға медициналық көмекке, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсетуге кететін қаражат, дәрі-дәрмектерге, құрылғыларға, жұмсақ және қатты құрал-жабдықтарға, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету және т.б. шығындар жатады. Тікелей емес экономикалық шығындарға өндірілген өніммен, еңбек өнімділігін төмендеуі, өндірілген еңбек көлемінің төмендеуі, құрылғылардың ескіруімен және т.б. байланысты шығындар жатады.

Денсаулық сақтау экономикасын екі аспектіде қарастырады:

1) ішкі тиімділік (немесе денсаулық сақтаудағы шаруашылық тиімділігі) – медициналық қызмет көрсетудің ұйымдастырушылық формаларын, медициналық қызметкерлер еңбегін ұйымдастырудың ұтымды түрлерін, медициналық көмекке қажеттілік нормативтерін экономикалық негіздеу, қормен жабдықталу, қорды жабдықтау, қормен қамтамасыз етілу, материалдық-техникалық базаларды пайдалануға беру, қаржылық және маман қорларын пайдалану, медициналық көмек шығыны және т.б.

2) сыртқы тімділік – денсаулық сақтау жүйесінің қоғамдық өндіріске әсері: жұмыс күшінің, қоғамдық өнімнің, қоғамдық қатынастардың қайта өндірілуі.

Денсаулық сақтау тиімділігі: медициналық, әлеуметтік және экономикалық тиімділік.

Медициналық тиімділік дегеніміз сапа, тиімділік және нәтижелілік критерилерін ескере отырып аурулардың алдын алу, диагностика және емдеу аймағындағы қойылған міндеттердің орындалу дәрежесі. Стационарға түскендегі және шыққандағы немесе амбулаторлық ем қабылдаудағы науқастың денсаулық жағдайындағы өзгерістермен бағаланады. Әлеуметтік тиімділік - халық арасында аурушылдықтың алдын алу, мүгедек болып қалу және ерте кезігетін өлім-жітім, сонымен қатар медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен мәдениетінің өсуімен айқындалады. Алдын алған әлеуметтік шығынның көлемін есептеу жолдарымен және қоғамдық денсаулық көрсеткіштерінің динамикасымен өлшенеді: өлімді, аурушылдықты, мүгедектікті төмендету. Экономикалық тиімділік қоғамның материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын қойылған мақсаттарға жету үшін дұрыс пайдалану. Денсаулық сақтаудың экономикалық тиімділігін жоғарылату қорларды анағұрлым ұтымды пайдалану арқылы (үнемділік) нәтижелерді жақсартуды қарастырады.

Қазіргі жағдайда денсаулық сақтау экономикасының кезгелген негізгі мақсаты медициналық қызметті өндіру және тұтыну арасында туындайтын экономикалық қатынастар кешенін зерттеу. Денсаулық сақтау экономикасында қолданатын жаңа қадамдар: қаражат жұмсауды ұтымды ету және азайту, тиімділікті жоғарылату; қорларды бөлу; екі жақтың арақатынастарын реттеу, денсаулықты қорғауға қатысты әр тараптың мәні мен орнын анықтау; қаржыландыру көздерін түрлендіру.

Экономикалық талдауда қолданылатын әдістер:

- құны (cost analysis) – денсаулық сақтау өнімі мен қызметін көрсету үрдісінде нақтылы түрде жұмсалған қаражат.

- ауру құны (cost of illness) – белгілі бір аурудың түрін анықтау мен емін жүргізудегі медициналық мекеменің шығынын тіркеу.

- құн - пайда (cost – benefit analysis) – ақшамен көрсетілген шығын мен пайда арақатынасын басқа нарық шешімдер бойынша тиімділігін бағалау әдісі.

- құн - тиімділік (cost – effectiviness analysis) – ақша түріндегі шығын мен ақшалай емес сандық денсаулықтағы өзгерістердің нәтижелерінің арақатынасы бойынша альтернативті шешімдер тиімділігін бағалау әдісі (мысалы, сақталынған өмірлер санындағы немесе ауру-сырқаусыз күндер санындағы).

- құн – пайдалық (cost – utility analysis) – ақша түріндегі шығын мен халыққа оның әлауқаты бірлігінде пайдаға асуын салыстыру негізінде альтернативті шешімдер тиімділігін салыстырмалы бағалау әдісі ( мысалы QALY).

- шығынды - азайту (cost – minimization analysis) – алдын-ала ұқсас нәтижелерге әкелуі мүмкін деп болжанған, айырмашылық факторы тек экономикалық қаражат көлемінде болатын екі және одан көп ем түрлеріне талдау жүргізілгенде шығындарды салыстырмалы зерттеу әдісі.

Үйлестіру материалы: «Рower Point» бағдарламасында жасалған 10 слайд.

Әдебиет:

1. Вялков А.И., Райзберг Б.А., Шиленко Ю.В. Управление и экономика здравоохранения. – М.: Издательский Дом «ГЭОТАР-МЕД», 2002. – 328 с.

2. Тасмагамбетов И.Н., Мухамеджанов У.Б., Аканов А.А. и др. Введение в медицинскую экономику. – Алматы, 1996. - 115 с.

3. Хайдарова Т.С. Финансирование и организация здравоохранения. – Шымкент, 2001. – 212 с.

4. Экономика здравоохранения: Курс лекций. – Бишкек-Алматы, 2001.– 272 с.

5. Экономика здравоохранения: Учебное пособие / Под общ. ред. А.В. Решетникова.- 2-е изд., исп. и доп.– М., 2004.– 272 с.

Бақылау сұрақтары:

1. Денсаулық сақтау экономикасының анықтамасы.

2. Денсаулық сақтау экономикасының міндеттері.

3. Денсаулық сақтаудың қоғамдық өндіріске әсері.

4. Денсаулық сақтаудағы тиімділіктің түрлері.

5. Денсаулық сақтаудағы экономикалық шығынның анқтамасы.