Жомарттық шапағаты 5 страница

309. Қазақ көкек құсына тиіспейді. Аңыз бойынша көкек адам екен. Бір ауылға күйеу келіп жатады. Аяқ астынан аты жоғалады. Қалыңдықтың сіңілісі жездесінің атын тауып әкелуге шығады. Бір аяғына өзінің етігін, бір аяғына асығып жүріп жездесінің етігін киіп алады. Сол күз айдалада көкек құсқа айналып кетеді. Көкектің бір аяғы қызыл, бір аяғы көк болатыны содан екен. Ат іздеп шығын, жоғалған қыздан пайда болған көкек те аты жоқ құс аталады. Киелі құс санатына жатады. Көкек қонған ағаштың бұтағын сындырып алып, майы мол болады деген ұғыммен іркітке салады.

310. «Айналмақ» деген өзін-өзі садақа етіп, құрбандыққа қиятын ырым екен. Өзін біреудің жолына құрбан еткісі келген кісі ауырып жатқан науқасты үш айналып шығуы керек. Қазақтың жақсы көрген адамын «айналайын» деп айтатыны осыдан шыққан.

311. Торга түсіп немесе үйге бекіліп қалған құсты ұстаған соң, басынан үш мәрте айналдырып, босатып жіберу керек. Бұл пәлекет сол құспен бірге ұшын кетсін деген ниетті білдіреді.

312. Қазақта жанып тұрған отқа май тастап, соның лапылына қарап болашақты болжайтын ырым бар. Май тасталған оттың жалыны ашық түсте болса — жақсылықтың нышаны. Оттың жалыны қара қошқыл болса — жамандықтың белгісі.

313. Қазақ ішінде жауырынға қарап болашақты, тұрмыс-тіршілік ағысын, жақсылық пен жамандық нышанын болжайтын да ырым бар. Жауырынды тіс тигізбей тақырлап, таза мүжу керек. Тіс тиген жауырын сөйлемейді деп иланады.

314. Ұлыстың ұлы күнінде, торқалы тойда, қаралы қазада жеті казынаның бірі қара қазанда ас пісіріледі. Қара қазанда пісірілген ас ел бірлігін сақтайды деп ырымдайды.

315. Бейуақытта үйге шам жағып қою керек. Себебі, бұл кезде де караңғыны жамылып жүретін шайтан оттан, жарықтан сескенеді, үйге кіре алмайды деп жориды.

316. Көкпарға тарту үшін қазақта тек қана ешкі түлігі беріледі. Қара ешкі — қыс бейнесі есептелінеді. Бата жасап сойылып, додаға салуға тапсырылады. Осы қимыл арқылы тіршілік қимылы басталатын көктемге құрмет көрсетіледі, жаңа күн құттықталады.

317. Емшектегі баланың аузынан қалған тамақты әкесіне жегізбейді. Себебі, бұл асқа емшек сүті араласады. Баланың әкесі әйелінің сүтін емгендей болады деп жориды.

318. Екі кісі қатар тұрып бір жерге дәрет сындырмайды. Онда нәсіп, тұқым бұзылады, қан сескенеді деп ырымдалады.

319. Өлген кісінің иман киізі қырқына дейін таза жерде сақталуы керек. Өйткені, қырқы берілгенше, әруақ дәметіп, өзінің үйінс келіп жүреді, лас киізді көріп, ренжімесін деп жориды.

320. Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туылады, ондай бала суайт болады деп ырымдалады.

321. Бозбала төрге шығып алып етпегінен жатпайды. Бұлай істеген балаға «Әкең өліп, бауырыңды жерге төсеп жатырсың ба?» деп, қатал ескерту жасайды үлксн кісілер.

322. Таңертеңгі асты төкпей, шайқалтпай, аса жайдары кейіпте, ашық-жарқын ішу керек. Бұл таңғы рызық, шашылмауы керек деген сенімді білдіреді.

323. Адамның қызыл меңі көп болса қызы, қара меңі көп болса ұлы көп болады деп жориды.

324. Үйге түйе сүйкенсе — көші-қон болады. Үй жығылып, жүк тенделеді деп жорылады.

325. Малдың мезгілсіз қашқаннан кейін туған төлін қазақта малдың иесі малданбайды, басқа бір күйі нашар кісіге садақа ретінде береді.

326. Ордалы жыланның маңына жақындап барып, жұғысуға болмайды. Өйткені, қазақтар перілер жылан бейнесіне еніп, топтасып жүреді деп нанады.

327. Жараланған жыртқыш аңға жуысуға болмайды. Жолбарыс, аю, қасқыр жараланған кезде бүкіл дүниені талқандағысы келіп, кектеніп, каһарланады. Қазақ қаһарлануды ең үлкен қырсық санайды.

328. Күн батып, ымырт үйірілгенде, жалғыз қалып төбе басын сақтамайды. Бұлай істесе — төбе басында жалғыз қалады деп жорылады.

329. Ит шөп жесе — жақсылыққа жорылады. «Ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық жасайды» деп ұйғарады қазақ баласы.

330. Пышақты пышаққа жанымайды. Бұл қылық жаман әрекеттің нышаны. Елдің берекесін қашыратын соғыс болады деп жориды.

331. Ешкінің құйыршығын, сирағын, қойдың құйымшағын ойнау үшін балаға бермейді. Бұл заттармен ойнаған бала тұштақай, тұрақсыз болады деп жорылады.

332. Итті үйге кіргізіп, төрге шығармайды. Ас ішіп отырғанда есіктен сығалатпайды. Иттің демі лас, асты былғайды деп есептейді.

333. Меңсіз қап-қара малды аса сыйлы қонаққа соймайды. Тұнжыр түс тұңғиыққа бастайды деп ырымдайды. Союға тура келген жағдайда, мүйізіне, мойнына ен байлап барып сояды. Бұл ақ тілек қабыл болсын деген ниет белгісі.

334. Көші-қон жүк артылып жатқанда, жұмыс үстінде жүк артушылар көп сөйлеуге болмайды. Бұлай істесе, қимылдың арты керіске айналып кетеді деп ырымдайды.

335. Жүк артылып болып, көш жылжыған кезде көшті аталар мен әжелер бастайды. Жастар мен орта жастағылар соларға ілеседі. Үлкен кісілер тай-құнанға мініп шапқылап жүрген балаларға ұзағынан сүйіндірсін деп тілейді.

336. Көш бастауға тиісті кісілердің он екі мүшесі бүтін болуы керек. Кемтар адамдарға бұл міндет жүктелмейді. Дені сау адам бастаған елдің жолы деп ырымдалады.

337. Мешітке имам сайлаған кезде де он екі мүшесі бүтін, дені сау, ақыл-есі дұрыс адам таңдалады. Ақылды, иманжүзді адам оқиған дұғаның сауабы мол деп жориды.

338. Ел жайлауға шыққан соң желі тартып, алғаш бие байлаған кезде үйірдің бастаушысы – айғырдың сауырына май жағылады. Бұл үйірдің төлі көбейсін деген тілеудің ырымы.

339. Ұзақ ауырып, айықпаған кісінің дертін ешкінің серкесіне көшіретін де ырым бар. Дұға оқып, ауруды серкеге көшірерде, науқас адамды үш рет айналдырып шыққан соң, мал ішіне қоя береді.

350. Ішкісі келмеген жағдайда «асыңа разымын» деп ықылас білдіреді. «Ас — адамның арқауы» саналады. Асты жамандаған аштан өледі деп жориды.

351. Жана туған нәрестені құттықтап, шашу алып барғанда шикі етті қоспау керек. Шикі ет өлімнің нышаны, жаман ырым.

352. Көшкен кезде жұртқа бір құшақ отын тастап кетеді. Жұрт, қоныс құры қалмағанына қуанады деп жориды. Жұрт қуармай жатады деп сенеді.

353. Бір үйде қонақ болып отырған кісі сол үйдің қазан-ошағына араласпауы тиіс. Өйткені, бөтен, үйренбеген кісіден үйдің берекесі үркеді деп жорылады.

354. Қазақ баласы үйдің ішінде төрге қарап тұрып керілмейді. Төсек кермейді. Шаңырақка, керегеге асылмайды. Бұлай істесе үйдің киесі атып, дертке шалдығады деп ырымдайды.

355. Дастарханға нанды теріс қаратып, төңкеріп қоймайды. Оң қояды. Нанды жалғыз қолмен жерге басып тұрып сындырмау керек. Оң қолмен алып, сол қолмен ұстап тұрып сындырып жейді. Саусағы тиген бір жапырақ нанды тауысуы керек. Өйтпесе, несібе шала қалады деп жорылады.

356. Алдыға қойылған асты қастерлеу керек. Табақпен ас келгенде өзінің алдынан ғана алуға тиіс. Басқалардың алдына қол созбайды. Бұлай істеу — ырыздыққа таласқандық болады. Адамнын өзіне бұйырған ас — құдайдың берген ырыздығы саналады.

357. Есінегенде ауызды аңқайтып ашпай, оң қолдың сыртымен қалқалап жабу керек. Аңқайган ашық ауызға сайтан түкіреді деп жориды. Бұл қылық әдепсіздік саналады.

358. Бейтаныс екі кісі жол үстінде кездесіп, бірімен-бірі тез шүйіркелесіп кетсе, жұлдыздары жарасқан деп саналады. Біріне-бірі жұғыса алмай, мәміледе болса, жұлдызы қарсы тұр деп ұйғарылады.

359. Ақ болып ауырған малды қасқырдың бас сүйегімен қағып ұшықтайды. Бұнымен қасқырдың киесі дертті қуады деп сенеді.

360. Қазақ ұл баланы тұқым жалғайтын, үйдің отын сөндірмейтін мұрагер санайды. Сондықған бұған ерекше мән береді. Бір үйде ылғи қыз бала туыла берсе, соңғы туылған қызға «Ұлбосын», «Жаңылсын» деген сияқты ат қояды. Бұл — енді бала ұл болсын деген үмітпен ырымдалады.

361. Мал төлдеп жатқанда, балалардың асық ойнауына тыйым салынады. Өйткені, асық ойнағанда сақп мен кенейлерді соғыстырып, шықылдаған дыбыс шығарады. Міне, осы дыбыс мал киесін ызаландырады, төл шығын болады деп ырымдалады.

362. Асқа пісірілген жауырынды мұжып болған соң, соған қарап жол ашатын салт бар. Бұл салтты әйел кісінің жасауына болмайды.

363. Қазақ ырымдағанда да, баласына жаман ат қоймайды. Өссін, көбейсін деген мағынадағы атауларды таңдайды да, Тоқтасын. Өскенбай, Көпбосын деп қояды.

364. Балаға ат қою қазақта кілең тілекпен, үмітпен астасып жатады, «Нұрсұлтан» атаса, жүзіңде нұры жайнасын, дархан сұлтан болады. «Дінмұхамед» десе, дін қолдаған иман жүзді адам болады деп ырымдайды.

365. Балаға қойылған кейбір атты өте ауыр деп сезінетін жай да бар. Мысалы: «Мұхамет» аталған бала балиғатқа толғанша «Ахмет», «Мұқан», «Мұқаш» деген секілді жанама аттарды қолданады. Бұл баланың өмір-жасы ұзақ болсын дегені.

366. Қазақ баласына сұлу, ажарлы болсын деген тілекпен ырым етіп: Айнұр, Айгүл, Күннұр, Жұлдыз, Шолпан деп ат қояды.

367. Қазақ асқан еттің көбігін екі рет алады. Алдыңғысы — қанды көбік, екіншісі — ашты көбік деп аталады. Көбігін алмай жеген ет мәкүрік болады. ауру жабысады деп жориды.

368. Қазақ алыстан келген жолаушыны, қонақты, ағайындарын, қандас бауырларын «Қырықтың бірі Қыдыр, Мыңның бірі Уәлі» деп ырымдап, төрге отырғызады. Дастарханға бата жасатады.

369. Қазақта: «Көсені үйге кіргізбе, бөксесін жерге тигізбе» деген сөз бар. «Көседен көсеу де қалмайды» деп ырымдайды да, көсе отырған жерден бір шым-шым топырақты алып, далаға «Тфу-тфу» деп шашып жібереді.

370. «Алапесті үйге кіргізбе, құйрығын жерге тигізбе» дейді. Алапес, қазақ ұғымында, ем қонбайтын дерт. Ниеті бұзық, пиғылы тар адамдарды да алапес деп жек көреді.

371. Қазақ «Құлғанаға жолама, құлғанаға жоласаң, қу жаның одан қала ма» деп, осы бір қатерлі дерттен сақтандырады. Дерттің жұқпауын ырым етеді.

372. Құмалақ салғанда, құмалақ басын (ырымдап бергенді) қолға алмайды. Онысы құмалақ ақ сөйлесін дегені.

373. Қазақ «Сүйелдің козылы қойлық жаны бар» дейді. Қара сүйел елеусіз сырқат, өздігінен ұшып кетеді. Ал ақ сүйелді елеусіз қалдыруға болмайды. Садақасы - қозылы қойлық. Адам жанына, мал басының шығынына көрінеді деп секемденеді.

374. Қазақ Тәуетті ұстап алып, алғашқы шыққан сүйелді тістетіп, қайта қоя береді. Сонда сүйел толық жазылады деп біледі.

375. Күйеу жігіттің «есік ашар» дәстүрі орындалған соң, қыз ағасының үйінде өлі-тіріге арнап күйеу жігіт алып келген серке не еркек қой сойылады да, әруақтарға арналады. Ауыл ақсақалдары шақырылып, табақ тартылады. Бата сұралады. Өлі-тіріге сойылган малдың етінен қалыңдық дәм татпауға тиіс. Халық сенімі бойынша: дәм татса, қыз ауруға шалдығады.

376. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз кыз болмайды» дейді. Ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған күйеу жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымдайды.

377. Отау үйдің тұс киізін үйдің тек оң жағына ғана құрады. Сол жағына құрса неке баянсыз болады деп жориды.

378. Шөп тістеп жүруге болмайды. Шимен тіс шұқымайды. Бұлай істесе тіс қақсайды. Ауыз ойылады. Езуге ауыздық түседі.

379. Жылқыны «талағың түскір», сиырды «қарасан болғыр», қойды «топалаң келгір», ешкіні «кебенек келгір» деп зілмен қарғауға болмайды. Бұлай істесе мал иесі шамданады. Мал ішіне жылауық қаптайды.

380. Тіліне теріскен шыққан адамға әртүрлі жан-жануарларды атап, бұл дерттің солардың артынан кетсін десе, теріскен шамданып, ұшып кетеді деп жориды.

381. Құмырсқалар күндіз илеуіне асығыс кіріп жатса, ауа райы бұзылады деп ұйғарады.

382. Баланың төбесіндегі орайы екеу болса, ұл балаға — екі рет үйленеді немесе қыз балаға — екі рет тұрмысқа шығады деп жориды.

383. Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады деп ырымдайды.

384. Сәби өзінің нәжісін өзі жесе, жоғалған нәрсені тапқыш болады деп нанады.

385. Бала көк жөтелмен ауырса, көк ат мінген жолаушының жолын тосып «Көлденең көк атты, көкжөтелдің емі не» деп сұрайды. Ол қандай ем айтса, соны ауру балаға қолданса шипа болады дейді.

386 Күйеуге шықпаған қыздар жігіттің қолынан шәй, ас құйдырып ішпейді. Күйеуге шықпай қаламыз деп ырымдайды.

387. Қой қотыр шыққан балаға сойған малдың көзінің суын жақса, жазылады деп есептейді.

388 Сәби бала ішегін тартса — жаманшылық болады деп ырымдайды

389 Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса нағашысының үйіне апарып, қой сойдырып, соның тоқ ішегін мойнына байлап береді. Сонда баланың тілі шығады деп жориды.

390 Сәби алақанын шапалақтаса — қуанышты хабар келеді деп ырымдайды.

391 Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі қолының алақанын, екі аяғының табанын жуса көз сұғы қайтады деп жориды.

392 Қыз-келіншектер қара орамалды басына салмайды. Қара киім — қайғының белгісі деп ырымдалады.

393. Үйге кісі сыртын қаратып кірмейді Ырыс шашылады деп есептейді.

394. Құмыраның, торсықтың аузынан су ішпейді. Қалған суға дем тиеді. Егер ауру адамның демі тисе, кейінгі су ішкен адам ауру болады деп жориды.

395. Өзен суын төніп, етбетінен жатып су ішпейді. Суға кетесің, не су мақұлығы жұғады, не асқазан ауруына, өңеш қабынуына жолығады деп жориды.

396. Үйге келген қонаққа үйдей өкпеңді айтпа дейді. Бұлай істесе құт қашады, қонақ шамданады Ырзық ашынады, береке-бірлік бұзылады деп ұйғарылады.

397. Ыстық асты, шәйді, тағамды үрлеуге болмайды. Суығанша, ыстығы басылғанша шыдау керек. Үрлеп ішкен ас мәкүрік саналады. Ол асқазанға дерт болып, байланады деп есептеледі.

398. Бүркіт бағылатын үйге жын-шайтан жоламайды. Қыранның ісі теріс пиғылдылардың делебесін басады.

399 Еліңнің патшасын, өз балаңды, өз жұбайыңды қарғасаң тіліңе күйе жағып қарға. Қарғысың күйеде қалсын. Патшаға, балаға, жұбайыңа жуымасын деп те ырымдалады.

400. Қандай үйге кіргенде де, мейлі адам болсын, болмасын сәлем беріп кіру керек. Себебі, үйдің төрінде Қызыр Пайғамбар отыруы мүмкін. Сол риза болады. Үйге береке кіреді. Амандық сақталады. Жамандық болмайды деп ырымдалады.

401. Жылқыны басқа бір алыс жерге апарғанда бұрынғы тұрған қорасындағы тезегінен ала жүріп, шым-шымдап жемге қосып береді. Сонда жылқы жат жерге тез үйренеді. Және бұрынғы жерді аңсап, қашпайды деп есептейді.

402. Адам кіндік қаны тамған ата жұртынан басқа жаққа қоныс аударып барғанда сол жерге бірден үйрене алмайды. Жат жердің суы, ауасы жақпайды деп кіндік қаны тамған жерден топырақ ала кетеді де, барған жерінде суға шомылдырып ішіседі. Сонда жат жерге тез бауыр басып кетеді деп ұйғарады.

403. Пұшпағы қанамаған бедеу әйел қоныс аударып, жат жердің суын ішсе, екі қабат болып, бала көтереді деп те жориды.

404. Жаңа түскен келін бірер жыл бала көтермесе, нағашы жұртының баласын қойнына алып жатады. Сонда бала көтереді деп ырымдайды.

405. Жас шопан қайын жұртының ауылына барғанда қойды мойнынан ұстап, жетелеп барса, ит үрмейді. «Сағындым қыздың қойнын, жетелеген қойдың мойнын» деген өлең осындай ырымға орай айтылған.

406. Ұзатылып бара жатқан қыз өзінің сіңлісіне немесе құрбы қызына басына киіп жүрген бөркін береді. Онысы артта қалған қыздардың жолы ашылсын, жолы ақ әрі оң болсын, отырып қалмасын дегені.

407. Ит жонынан түлесе, қыс жақсы болады деп жориды. Бауырынан түлесе, қыс аяғы ұзаққа созылады деп нанады.

408. Ит жатып үрсе, өлім-жітім көп болады, апат туылады, ханды қара басады, жол ауыр болады деп жорып, ақсарыбас сойып, алладан мейір-шапағат тілейді.

409. Ойнап жүрген балалар екі тымақты үсті-үстіне қабаттап кисе, екі қатын алады деп жориды.

410. Сапарда кетіп бара жатқанда жолды кес-кестеп жылан өтсе, оны қуып жүріп өлтіреді. Өлтіре алмай адасып қалса, саусағының біреуіне ине шаншып, қан шығарады да, жолдың жағасына тамызып кетеді. Онысы құрбандық бергені. Жылан сол қанды жалайды да, адамға қастығынан қайтады.

411. Жолаушылар алыс сапарға беттегенде атына мінген сәтінде аты күрсінсе немесе есінесе жол болмайды деп ырымдап, сол күні жолға шықпай, атты босатып қоя береді. Одан кейін басқа ат мінеді.

412. Аттарының жалын оң жағына қарай жығылып жатса, оны мінген кісінің жолы болады деп жориды.

413. Ат жер тарпып тұрса, жақсы жолды көксегені. Алыс сапар басталады. Мұны жылқы жер көксеп тұр деп жақсылықка жориды.

414. Қазақта бала туғанда да жасалатын ырым көп. Біреу балаға құлын атап, «Бәсіре» берсе, құлынды қастерлеп, бала аман болсын, жасқа толсын деп соймайды және сатпайды. Біреуге бермейді. Өйткені, ол баланың дүние есігін аша салып алған өз несібесі, құт деп нанады. Оны біреуге берсе, бала есейгенде қолына құт қонбай кедей болады деп жориды.

415. Көктемде көк мойын ұзақ қарға алдымен келсе, қыс аяғы құсқа болады. Сары ала қаз келсе, қыс аяғы ұзақ болады деп есептейді.

416. Біреудің тамақ ішкен ыдысының сарқытын балаға бергізбейді. Өтірікші, өсекші болады. Ауру жабысады деп сенеді.

417. Қазақ салтында ерлі-зайыпты адамдардың ортасына есі кеткен отырады деп жұбайларды бөліп отырғызбайды.

418. Жыңғылмен атты қамшыламайды, Малды не адамды ұрмайды. Жыңғыл — тікенді бұға. Онымен ұрса мал да, адам да ұшынады деп ұйғарады.

419. Қазақ жазғытұрым алғаш жауған жаңбырды «Алланың нұры» деп басын тосады. Онысы ала жаздай басы ауырмайды, басына бақ қонады дегені.

420. Жаңа тұскен келін күйеуі бір жаққа кеткенде орын ауыстырып жатуға тура келсе, өзінін некелі төсегін құр тастамайды. Жастық астына балта, пышақ секілді заттарды қойып қояды. Онысы — иен қалған төсекте жын-шайтан ойнамасын дегені.

421. Бейіт топырағын сәндемейді. Табиғи калпында жатқанын, көгеріп өсімдік өсіп тұрғанын ұнатады. Бейіттен бір шым-шым топырақ алып, тастайды. Бейітті айналмайды.

422. Атпен келе жатқан адам бейіттің қасынан шауып өтпейді. Қайта іштей дұға оқып, әруаққа сыйынады. Оң аяғын үзеңгіден шығарып, «Қиямет жақын, қиямет жақын» деп тәубә етеді, әйтпесе әруақ атады деп нанады.

423. Қазақ қарттары екі кабат әйелге қай аяғын алдымен басар екен деп қарайды. Егер оң аяғымен табалдырықтан бұрын аттап кірсе — ұл туады. Сол аяғымен кірсе - қыз туады деп жориды.

424. Қазақ құдалыққа барғанда немесе сапарға, жолға шыққанда шұнақ түйеге жүк артпайды. Жол болмайды, пәле ұшырайды деп жориды.

425. Қазақта ер азаматтар босанған әйелге сойылған қалжаның етін жемейді. Онда әйелі ылғи қыз табады. Шашы түсіп қалады деп ұйғарады.

426. Кешке жақын жайылған кірлер жиналады. Далаға түнетіп қалдырмайды. Себебі, киім иесіне бұйырмай қалады. Түнде жаңбыр жауса не боран соқса, былғанады.

427. Қазақ жолаушылап жолға шығар алдында үйіндегі кішкене балаға аяғыңды көтерші дейді. Егер бала оң аяғын көтерсе, жол болады екен деп қуанады. Сол аяғын көтерсе, жол теріс деп жолга шықпайды.

428. Қазақ от шашпайды. Ыстық күлді төкпейді. От шашса өрт шығады, күл төксе, бұрқырап көзді қармайды. Сөйтіп, ойды адастырады деп жориды.

429. Қазақ торғайдың және басқа құстардың жұмыртқасын шақпайды. Бұлай істесе бетке секпіл түседі деп ырымдайды. Құстар қарғайды деп те нанады. Мәселен, торғай аузынан былайша қарғайды екен:

Торғай деген атым бар,

Бір жапырақ етім бар.

Жұмыртқамды шаққандар

Әкең жауға кетсін де,

Шешең өліп жетім қал!..

430. Қазақ ай толып, дөп-дөңгелек болып туғанда да сәлем береді. Айға қарап тілек айтып, бет сипайды. Онысы көңіл айдай жарық болсын, сөзім айдай толсын дегені.

431. Қазақ үйде, дастархан басында сасық жел шығармайды. Қақырып, түкірмейді. Олай етсе бақ қашады, ас айниды деп сескенеді.

432. Қазақта шалбардың бауын кісіге қарап тұрып байламайды. Жүріп бара жатып та олай істеуге тыйым салады. Бұл қылық әдепсіздік, жөн білмегендік саналады.

433. Қазақта басқа кісілерге қаратып аяк киім шешпейді. Әйелдерге көбінесе тасаланып тұрып шешінеді.

434. Үйіне келген жауды «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп құдасындай күтеді. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деп сый көрсетеді.

435. Науқастанған адам әбден әлсіреп, өлім қаліне жеткенде, ағайын-туыстарын жинап, арыздасады. Бірінен-бірі кешірім сұрасады. Алым-берім қарыздары болса, қайтаруды тапсырады. Ұрық-жұрағаты бұл істерді өсиет деп біледі. Өлетін адамның әрқандай тілегі, «Ақтық дем» есептеліп, ол бұлжытпай орындалады.

436. Өлген адамның қасында күзетіп ақсақал қариялар оған иман тілейді. Бетін жабады. Көзін жұмғызады. Үйдің оң жағына салып қояды. Басын солтүстікке, бетін құбылаға қаратып, шалқасынан жатқызады. Үстіндегі киімдерін шешіп алады да, денесін ақ шүберекпен жауып қояды. Олай етпесе әруақ разы болмайды деп нанады.