Еңбек құқығының субъектілері түсінігі және оларды топтастыру

ЖОСПАР

Кіріспе

Еңбек құқығының субъектілері

1. Еңбек құқығының субъектілері түсінігі және оларды топтастыру

2. Азаматтар еңбек құқығының субъектілері ретінде

3. Жұмыс берушінің құқықтық мәртебесі

4. Кәсіпшілік одақтар еңбек құқығының субъектісі ретінде

5. Мемлекеттік органдар еңбек құқығының субъектілері ретінде

Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер тізімі

 

Кіріспе

 

Еңбек құқығы, құқықтың дербес саласы ретінде өз субъектілерінің ауқымымен сипатталады. Еңбек қатынастарына қатысушылардың сипаттамасы еңбек құқығының пәнімен, әдісімен және қағидаттарымен бірлесе отырып бұл саланың Қазақстан Республикасы ұлттық құқығының жалпы жүйесіндегі өзіндік ерекшелігін ашады. Қазіргі күшіндегі заңдарға сәйкес қоғамдық еңбекті ұйымдастыруға, оның құқықтық регламентациясына, еңбекті қорғауға және еңбек заңдарының сақталуына қадағалау және бақылау жүргізуге қатысушы жеке және заңдық тұлға еңбек құқығының субъектісі болып табылады.

Еңбек құқығының субъектілеріне заң ерекше қасиет - құқықтық мәртебе береді, ол оның нақты құқықтық қатынастарға қатысуына, мүмкіндік тудырады. Құқықтық мәртебенің мазмұны мен сипаттамасы, бұл жағдай да, тараптардың еңбектегі құқықтық субъектілігін, олардың субъективтік құқықтары мен заңдық міндеттерін жүзеге асыру кепілдігін, сондай-ақ міндеттемені орындау жауаптьыығын қамтиды. Бұл элементтердің жиынтығы еңбек құқығының субъектісі ұғымы туралы бүтіндей түсінік береді.

Еңбектегі құқықтық субъектілік дегеніміз еңбек құқығы субъектілерінің заңдық міндеттемелер құқылы болу және оларды көтеру қабілеттігі, яғни еңбекті қоғамдық ұйымдастыру саласында нақты құқықтық қатынастарға қатысушы болу мүмкіндігін (қабілетін) иемдену (еңбектегі құқық қабілеті). Сонымен қатар еңбектегі құқықтық субъектілік дегеніміз еңбек құқығы субъектілерінің өз әрекеттерімен субъективтік құқық иемдену және заңдық міндеттерді көтеру қабілеті (еңбек әрекеттілігі). Ал еңбек құқығының субъектілері үшін оларда еңбектік құқық қабілеттілігі мен әрекеттілігінің екеуінің де бірдей болуы тән. Басқаша айтқанда, еңбектік құқық әрекеттілігі ерекше қасиет, ол тек еңбек құқығының субъектілерінде ғана болады.

 

 

Еңбек құқығының субъектілері

Еңбек құқығының субъектілері түсінігі және оларды топтастыру

 

Еңбек құқығы субъектілерінің субъективтік құқықтары мен заңдық міндеттерінің көлемі мен сипатына байланысты жалпы және арнайы құқықтық мәртебелер болады. Жалпы құқықтық мәртебе Қазақстан Республикасының Конституциясынан және еңбек туралы заң актілерінен тікелей туындайтын және еңбек құқығы субъектілерінің әрбір түрі үшін бірдей болып табылатын субъективтік құқықтар мен міндеттерді қамтиды.

Заңнан туындайтын субъективтік құқықтар мен міндеттерді мәртебелілік деп атау қабылданған (нақты еңбектік құқық қатынастарының мазмұнынан туындайтын субъективтік құқықтар мен міндеттерден өзгеше), себебі олар еңбек құқығы субъектісінің құқықтық статусының негізін құрайды.

Арнайы құқықтық статус еңбек құқығы субъектілерінің кейбір түрлерінің ерекшеліктерін сипаттайды. Статустық деңгейдегі жалпы субъективтік құқықтар мен міндеттер азаматтардың, кәсіпорындардың, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және еңбек құқығының басқа субъектілерінің арнайы құқықтық мәртебесінде көрініс тауып нақтыланады. Еңбек туралы арнайы заңнамада бекітілген субъективтік құқықтар мен міндеттер еңбек құқығы субъектілерінің еңбекті қоғамдық ұйымдастыру саласында туындаған нақты құқықтық қатынастарға қатысуы үшін алғышарт болып табылады. Жалпы және арнайы құқықтық мәртебенің тұтастығы мен ара қатынасы еңбек құқығының тұтастық және бөлшектік принципінің көрініс тапқаны.

Еңбек құқықтары субъектілерінің құқықтық мәртебесі оны жүзеге асыру тетігімен толықтырылады. Еңбектің құқық субъектілігі, статустық және арнайы құқықтар мен міндеттерден басқа құқық мәртебесінің мазмұнына осы құқықтар мен міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін заңдық кепілдемелер мен міндеттемелерді орындауға жауаптылық кіреді. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес (13 бап) әркімнің өзін құқық субъектісі деп танытуға құқығы бар және өз құқықтары мен міндеттерін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы.

Заңдық кепілдіктер өздерінің мақсаты, мазмұны және субъектік құқықтар мен міндеттерді қамтамасыз ету тәсілдері бойынша бөлектенеді. Заңдық кепілдік сипаттамасының маңызды жақтарының бірі — жұмыскерлер өкілдерінің (оның ішінде кәсіподақтың) еңбек жағдайларын белгілеуге, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға тікелей қатысуы. Мысалы, азаматтар құқықтарын жүзеге асыру кепілдіктерінің қатарына олардың жұмыс түрін таңдаудағы бостандығын, олардың еңбек құқығын қорғауды ("Халықтың жұмыс пен қамтылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 бабы); еңбек құқығын жүзеге асырудағы тең мүмкінділікті, ешкімнің еңбек құқығының шектелмейтіндігін не­месе оларды жүзеге асыруда жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік және лауазымдық жағдайына, тұрған жеріне, діни сеніміне, азаматтылығына, қай қоғамға кіретіндігіне, сондай-ақ жұмыскердің іскерлік сапасымен және оның еңбегінің нәтижесімен байланысты емес басқа да мән-жайлар арқылы қандай да бір артықшылық алмауын жатқызуға болады. Бұл жұмыскердің теңдей еңбек үшін қандай да бір кемсітушілік болмай бірдей еңбек ақы алу құқығына да жатады. Әңгіме қазақстандық жұмыскер мен шет елдік жұмыскерлерге бірдей еңбек ақы төлеу жайында. Кемсітуге ұшыраған адамдардың еңбек құқығының сот арқылы қорғалатыны заңда көрсетілген (Еңбек туралы Заңның 4 бабы).

Субъективтік құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кепілдемелері және міндеттемелерді орындауға жауаптылық еңбек құқығы субъектілерінің құқықтық мәртебесіне, егер еңбекті қолдану саласында нақты құқық қатынастары орнап, ары қарай сақталса, қандай да бір тұрақтылық береді. Мұны, еңбек туралы заңнамада көзделген кепілдеменің, бір жағынан - еңбек құқығы субъектілерінің өз құқықтарын және өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындауға итермелейтіндігі, екінші жағынан — өз міндеттерін орындамағандығы немесе дұрыс орындамағандық үшін санкция белгілейтіндігі ескерілген. Мысалы, қызметкерді өз тұрғысынан жұмыстан заңсыз босату, соттың жұмысқа қайта қабылдау туралы шешімін орындамау, сол сияқты азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келуіне әкеп соқтырған еңбек туралы заңдарды басқаша да бұзған лауазымды адамға сот арқылы айыппұл салуға немесе бес жылға дейінгі мерзімге басқа бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға дейін жазалауды көзделген. (ҚР ҚК-нің 148 бабы)

Аталып өткендей, еңбек құқығының нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастарға әртүрлі субъектілер қатысуы мүмкін. Құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерін ескере отырып, оларды мынадай негізгі топтарға болуге болады: 1) азаматтар; 2) жұмыс берушілер; 3) кәсіпкерлер одағы; 4) мемлекеттік органдар. Бұл топтардың әрқайсы, өз кезегінде, түрлерге болінеді. Мысалы, азаматтар, еңбек құқығының субъектісі ретінде жұмыскер (жалданба еңбек адамы) және кәсіпкер бола алады. Шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар еңбек қатынастарыңда ерекше жағдайда тұрады.

Жұмыс берушілер — заңды тұлғалар меншік түріне қарай мемлекеттік және жеке, қызметінің ұйымдық-құқықтық формасы бойынша - коммерциялық ұйымдар (мемлекеттік кәсіпорындар, шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер) және коммерциялық емес ұйымдар (мекемелер, қоғамдық бірлестіктер, акционерлік қоғамдар, діни ұйымдар және заң актілерінде көзделген басқа формалар түріндегі) болуы мүмкін. Бұл ұйымдардың еңбектік құқық субъектілігі олардың жарғылық құжаттарымен анықталады.