Азіргі кезде бар ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жер пайдаланулары мен жер иеліктерінің кемшіліктерін түзету

Жер пайдаланудың кемшіліктері дегеніміз ауылшаруашылық мекемелерінің жер пайдалануындағы өндірістің экономикасына, ұйымдастыруына және жерді пайдалануда кері әсерін тигізетін қолайсыздықтар. Бұл қолайсыздықтарға жер пайдаланудың өте үлкен немесе өте кіші мөлшерлері, ыңғайсыз орналасуы және шекарасындағы кемшіліктер жатады. Осы кемшіліктерді жоюға бағытталған жерге орналастыру жұмыстары жер пайдалануды жетілдіру деп аталады.

Кемшіліктер:

1. Жер пайдаланудың тиімсіз мөлшері – оның ауылшаруашылық мекемесінің мамандығына, аймақтық тиімді мөлшерлерге сәйкес келмеуі. Мысалы, солтүстік аудандарда: қой шаруашылықтарының мөлшері өте үлкен болуы мүмкін, ол шаруашылық экономикасына, немесе ұйымдастыруына кері әсерін тигізбейді. Ал егер оңтүстік аудандарда орналасқан жеміс-жидек немесе көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың мөлшері жоғарыда айтылған солтүстік ауданда орналасқан қой шаруашылығының мөлшеріндей болса, бұл өте қолайсыз және тиімсіз мөлшер болады. Өйткені бұл шаруашылықтарда жұмыс күші өте көп пайдаланылады. Сондықтан, осыншама көлемдегі жерді игеру үшін өте көп адам керек болады. Екіншіден, бұл өнімдер өте тез бұзылатын, алыс жерге тасымалдауға келмейтін болғандықтан олардан алынатын түсімдер шығындардан асып кетуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда жер пайдаланудың ықшам ауданы және қалаға немесе басқа үлкен елді мекенге, яғни, сол өнімдерді сату мүмкіншілігі жоғары, елді мекендерге жақын орналасқаны тиімді.

Сонымен, ауылшаруашылық мекемесінің тиімді мөлшері деп, шаруашылықтың маманданғандығына, оның орналасқан аймағына сәйкес көлемді шаруашылық мөлшерін атайды. Мысалы, мал шаруашылығы бойынша шаруашылықтар жерлерінің тиімді мөлшері бірдей болуы мүмкін емес. Қойды алысқа айдауға болады, ал сиырды оның ішінде – сүтті сиырды өте алыс айдауға болмайды. Мысалы, шошқа бір орында тұрып өсіріледі және бордақыланады. Сондықтан қой шаруашылығының мөлшері 20-50 мың га., ІҚМ шаруашылығының мөлшері –16-18 мың га., шошқа шаруашылығы 1-5-7 мың га. ауылшаруашылық алқаптарына сәйкес болулары керек. Бұл шаруашылық мөлшерлері салыстыру үшін берілген. Қазіргі кезде, ауылшаруашылық құрылымдарының мөлшерлерінің айырмашылықтары өте үлкен болғандықтан олардың оптимал мөлшерлерін атау қиын.

2. Жер пайдаланудың кемшіліктерінің бірі - жер пайдаланудағы ауыл шаруашылық пайдаланулардың тиімсіз құрамы мен үлесі. Яғни, ауылшаруашылық алқаптарының құрамы мен үлесінің ауылшаруашылық кәсіпорнының маманданғандығына және оның құрамындағы салаларға сәйкес келмеуі. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысқан кәсіпорынның жер пайдалануының үлесінде шабындық пен жайылым көп болуы керек, ал егістік пен шошқа шаруашылықтарының үлесінде егістік алқаптары көбірек болу керек.

3. Жер пайдаланудың әр учаскесінің басқа жер пайдаланулармен жолақ тана орналасуы. Мысалы, шаруа қожалығына берілген жер пайдалану бірнеше учаскеден тұрады: шабындық бір жерде, жайылым бір жерде. Бұл жағдайда транспорттық шығын көбейеді; басқару қиындайды, басқа жер пайдалануды басып өту қажеттілігі туады.

4. Бір жер пайдалануда екінші жер пайдаланудың жер учаскесінің орналасуы. Бұл жағдайда транспорттық шығын ұлғаяды, қолайсыздық туады.

5. Алыс жерлік - жер пайдаланудың кейбір учаскелері елді мекеннен алыс орналасқан. Бұл жағдай экономикалық және шаруашылықтық кері әсерін тигізеді. Транспорттық шығын ұлғаяды, ұйымдастыру күрделіленеді.

6. Жер пайдалану шекарасының ирек болуы. Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстарын күрделендіреді және жер пайдаланудың конфигурациясын қолайсыз етеді.

7. Топографиялық жолақтана орналасуы. Жер пайдаланудың бір бөлігінің томардың, өзеннің, көлдің басқа бетінде қалуы.

Жер пайдаланудың кемшіліктері олардың көп жылдар бойы күрделі қалыптасу жолында пайда болған. Кемшіліктерді анықтау және оларды жою белгісі ретінде жер пайдаланудың сыртқы пішіні емес, оның шаруашылықтың экономикасына, оны ұйымдастыруына тиетін кері әсері қаралады. Кейбір жағдайларда бұл кемшіліктері жою мүмкіндігі болмайды.

Кемшіліктерді жою жобасы бірнеше қатар орналасқан жер пайдалануларды қамтиды. Кемшіліктерді жою жобасы шаруашылықтардың экономикалық, шаруашылық, жер пайдалану жағдайларына өте үлкен өзгерістер енгізеді, кей жағдайда шаруашылықтың маманданғандығын өзгертуде алынатын жалпы өнімінің мөлшері өзгеруі мүмкін. Сондықтан, кемшіліктерді түзетуге арналған жерге орналастыру жобасы ғылыми және экономикалық негізделуі тиіс. Жерді пайдалану тиімді, алынатын өнімнің нәтижесі жоғары болуы керек.

Кемшіліктерді жою жобасы келесі кезеңдерде орындалады:

- аудан, немесе, бірнеше шаруашылықты қамтитын территорияда орналасқан шаруашылықтардың жер пайдаланулары зерттеліп, олардың кемшіліктері мен оларға байланысты жер пайдалануды ұйымдастыру жұмыстарында болатын кедергі және кемшіліктерді жою жолдары анықталады;

- жобаны құру;

- жобаны негіздеу (экономикалық есептеулер арқылы жер пайдалануда болған өзгерістердің, олардың үлкеюуіне немесе кішіреюіне байланысты өзгерістер қандай экономикалық кіріс әкелді);

- жобаны қарау, бекіту, жер бетіне шығару.

Кемшіліктерді жою келесі жолдармен шешіледі:

- шаруашылықтардың арасында мөлшерлері және сапасы біркелкі жер бөліктерін өзара айырбастау арқылы (кейде республикалар арасында да кездесетін жағдай);

- сапасы мен мөлшері біркелкі емес жер бөліктерімен айырбастау арқылы;

- жер пайдалануды қайтадан ұйымдастыру арқылы.

Әр жағдайда жер пайдаланушылар мен мүдделі мекемелер мен шаруашылықтардың тілегі есепке алынады.

Жер пайдаланулардың сапалары әртүрлі болған жағдайда жер бөліктерін айырбастау келесі жолмен орындалады: мысалы бір шаруашылық екінші шаруашылыққа 130 га егіс (Е1) береді, оның б.б. (Б1) 70, сол жер үшін екінші шаруашылық біріншіге бонитет баллы (Б2) 65 жер учаскесін береді.

Бұл учаскенің ауданы келесідей анықталады:

 

, (4.11)

 

яғни, 10 га жер көбірек беру керек.

Қазіргі нарық кезінде осы проблемаларды жер бөліктерін айырбастамай, сату-сатып алу арқылы да шешуге болады. (Орналасқан аймағындағы жердің құны бойынша).

Жоғарыда айтылған, кемшіліктерді жою тәсілдері әрі қарай ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстарында жалғастыруға болады: (ауылшаруашылық алқаптарды трансформациялау, кәсіпорынның маманданғандығын өзгерту арқылы тиімділігі жоғары ауыспалы егіс енгізу арқылы).

Жер пайдалануды өндіріске енгізгенде келесі ережелер орындалуы тиіс:

- қалыптасқан жер пайдалануда, өндірісті ұйымдастыруда, жерді пайдалануда өзгерістер неғұрлым аз болуы керек;

- бір жер пайдалануды жақсарту екінші жер пайдаланудың кемшілігін туғызбауы тиіс;

- кейбір жер бөлшегін басқа пайдаланушыға тегін бергенде жер пайдалануды ұйымдастыру және жерді пайдалану жағдайы қиындалмауы керек;

- бір жер пайдаланудан екінші жер пайдалануға жер бергенде тұтас бір массивтер немесе тұтас бөлімшелер берілуі керек.

Жобаның экономикалық тиімділігі мына көрсеткіштермен есептелінеді:

- транспорттық шығын;

- учаскелердің өнімділігінің жоғарылауы және төмендеуі;

- техниканы тиімсіз пайдалануға шығатын шығындар. (ішкі шаруашылық ұйымдастыру жақсарғанға байланысты);

Бұл экономикалық көрсеткіште жердің жобаға дейінгі және жоба бойынша жағдайлары салыстырыла отырылып тарылады.