Параграф 5. Кәсіпкерлік туралы заңдардың қолданылуын қадағалау
74. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, соның ішінде мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген өлшемдеріне сай тексерулерді тағайындау заңдылығы, міндетті ведомстволық статистикалық есептілік нысандары мен тексеру парақтарының шүбәсіз толтырылу мәселелері бойынша тексерістер тұрақты жүргізілсін. Тексерулер барысында құқық қорғау органдарының жеке кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратты прокурордың санкциясынсыз талап ету фактілеріне назар аударылсын.
Бұл қадағалау саласындағы жұмыс нәтижелері жарты жылда бір рет жинақтап қорытылсын. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірмей Бас прокуратураға кәсіпкерлер құқықтарының бұзылу себептері мен жағдайлары туралы ақпарат бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша нақты ұсыныстармен бірге ақпарат жолдасын.
Қорытындыда әрекет ететін кәсіпкерлік субъектілерінің шағын, орта және ірі бизнеске бөлінген саны туралы, сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғау бойынша жүргізілген іс-шаралар және мобильді топтардың жұмысы туралы мәліметтер көрсетілсін.
75.Бақылау және қадағалау органдарының атына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде тексеру жүргізу туралы талаптарды тек облыс, Астана және Алматы қалаларының және оған теңестірілген прокурорлардың, олардың орынбасарларының, қала, аудан, мамандандырылған прокуратураның прокурорының және олардың міндетін атқарушылардың қолымен жолдансын.
Мұндай талаптар міндетті түрде тігілген, нөмірленген, мөрмен бекітілген арнайы журналға тіркелсін, сондай-ақ олардың жолданған күні туралы, бақылау және қадағалау органының, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы, талап ету негіздемесі, тексеру мәселесі туралы мәліметтерден тұрады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарымен тоқсан сайын салыстыру жүргізу арқылы бақылау және қадағалау органдарының құқық қорғау органдары бастамасы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексеру тағайындау заңдылығын әрдайым талдансын.
76.Мемлекеттік органдардың өкілеттігі жоқ ұйымдарға бақылау және қадағалау функцияларын беруге, жеке шаруашылық субъектілеріне қолайлы немесе нұқсан келтіретін жағдайлар туғызуға бағытталған іс-әрекеттері мен актілерін анықтап, наразылық келтіру шаралары қолданылсын.
77.Тиісті тіркеуге алынбай жүргізілген шаруашылық субъектілеріндегі тексерістерді анықтау мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның мәліметтері бақылау және қадағалау органдарындағы мәліметтермен салыстырылып, деректерге талдау жасалсын.
Параграф 6. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда заңдардың қолданылуын қадағалау
78. Әскери прокурорлар заңдардың қолданылуына қадағалауды Бас Прокурордың бұйрықтарымен белгіленген құзірет шегінде жүзеге асырсын.
Бұл саладағы құқықтық қатынастардың ерекшелігін ескере отырып, қадағалаудың негізгі мақсаттары ретінде:
1)қауіпсіздік пен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің (бұдан әрі - Қарулы Күштер) жауынгерлік әзірлігін, әскери тәртіп пен әскери қызметті өткерудің белгіленген тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету;
2)әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, Қарулы Күштердің азаматтық персоналының құқықтары (соның ішінде әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша) мен бостандықтарының сақталуы;
3)Мемлекеттік шекара туралы заңнаманың қолданылуына қадағалауды қамтамасыз ету;
4)әскери мүлік, соның ішінде қарулар мен оқ-дәрінің сақталуына бағытталған заңнаманың қолданылуына қадағалауды қамтамасыз ету есептелсін.
Қадағалауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Әскери доктринасының жүзеге асырылу, қару-жарақты, әскери техниканы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау, әзірлеу, сату мен кәдеге жарату саласындағы заңнаманың сақталу және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мен нығайтуға бағытталған бюджеттік қаражаттардың мақсаттық жұмсалымы мәселелеріне де назар аударылсын.
79.Әскери прокурорлар жарты жылда кемінде бір рет мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылық, қару-жарақ пен оқ-дәрінің сақталуын қамтамасыз ету, Мемлекеттік шекара туралы және діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың қолданылу жай-күйін жинақтап қорытсын. Жинақтап қорыту нәтижелері бойынша ақпарат Бас прокуратураға жарты жылдықтан кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей жолдансын.
80.Әлеуметтік-экономикалық саладағы және қадағалауындағы объектілер мен аумақтарды қамтитын мәселелер бойынша қадағалау осы Нұсқаулықтың талаптарын ескере отырып жүргізілсін.