Бастауыш сыныпта шетел тілін енгізу мәселелері

Белсенді түрде қолданылып жүрген әлемдік тілді қамтыған көптілділік Қазақстан халықтарын рухани дамытумен қатар еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін ішкі саясаттың жекелеген бағыты ретінде ерекшеленді. Жаппай көптілділіктің негізгі іргетасы мектепте қаланатыны сөзсіз. Бұл білім беру жүйесіне түрлі объективті факторларды ескере отырып, көптеген шұғыл орындалатын міндеттерді шешуді алға қояды.

Мектепте көптілді тұлғаның қалыптасуы, оқу процесінің айқын ұйымдастырылуы мазмұн мен оқыту принциптерін арнайы таңдау, оқыту және нәтижені тексеру, сәйкесінше жоспарлауды қадағалайтын арнайы технологияларды қолдану барысында мүмкін болады.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің оқу сағаттарының қажетті санын оқу жоспарына нормативті енгізу, тілдік емес пәндерді ерекше технология бойынша екі және үш тілде оқытуды ұйымдастыру, мазмұны тақырыптық тілдік негізді сипаттайтын қосымша элективті курстарды енгізу - мектепте көптілділікті дамытудың сыртқы шарттары болып табылады.

Мектепте көптілділікті жоспарлы түрде дамыту процесі ұйымдастырушылық және әдістемелік сипаттағы қайшылықтардың дұрыс шешіміне байланысты. Бір жағынан, мектепте қазақ тілін, одан кейін қарым-қатынас құралы ретінде орыс және ағылшын тілдерін меңгерген көптілді тұлғаны қалыптастырудың қажеттілігін, екінші жағынан, ағылшын тілді табиғи ортаның болмауын, бастауыш кезеңінен бастап мектеп оқушысын жалпы жан-жақты дамыту керектігін, ағылшын тілі пәнінің сағат сандарының кері әсері тимейтіндей ғылыми негізде бөліну мәселесінің шешілмеуін және бастауыш мектепке арналған қазақстандық ағылшын тілі оқулықтарының болмауын сыртқы қарама-қайшылықтар деп есептейміз.

Ішкі қайшылықтар ретінде саналатын әдістемелік сипаттағы мәселелерді қарастырайық. Мектепте тіл пәндерінің сағаттарын тиімді пайдалану мақсатында сөйлеу тақырыптарының бірдей болу негізінде екінші тілдерді кіріктіру маңызды болып табылады. Оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру стратегиялық мақсатына сәйкес тілдік құралдардың дұрыс іріктелмеуі де шешілмеген мәселе. Яғни, әлі күнге дейін абстрактілі тілдік жүйеге сүйенудеміз. Ал функционалды, қарым-қатынас құралы ретінде тілді меңгерту оқу бағдарламасы, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен авторларының құзыретіне байланысты болып отыр.

Әлі де XIX ғасырдың 60-70 жылдарында қалыптасқан дәстүр бойынша мұғалім тілді оқытудың соңғы нәтижесін оқушылардың фонетикалық, лексикалық, фразеологиялық, сөзжасам, морфология және синтаксистік деңгейлердегі біліктер жиынтығымен шектейді. Сонда тілдің коммуникативтік қызметі не оқулықта, не мұғалімнің сабақ жоспарында жүйелі көрініс таппайды. Қазақ тілін мемлекеттік, орыс тілін екінші тіл ретінде және шетел тілін оқыту барысында тілдік құралдарды функционалды түрде игерту мәселесін шешуге мүмкіндік беретін тілдік пәндер мазмұнының лингвистикадан тыс, шындық-болмыс компоненттерін ескеру маңызды. Сонымен қатар, Қазақстан мектептерінде көптілділікті дамытуда тілдерді оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік беретін функционалдық тұрғыдан жасалған екі және үш тілді оқу сөздіктерінің рөлі зор. Қазіргі таңда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында орта білім беру саласындағы лингводидактикалық мәселелерді шешу бойынша жүйелі жұмыс басталды және Қазақстанның оқу ұйымдарында көптілділікті дамытудың ғылыми тұжырымдамасы әзірленуде.

Мектепте ағылшын тілін ерте жастан меңгертудің көп жақты ғылыми негіздемесі осы аспектідегі жұмыстардың ерекше бағыты болып табылады. 2011 жылы сәуірдің 17 күні Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мектептерінде оқушыларға 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту мәселесі бойынша тапсырма берді.

Бұл мәселенің нақты шешілуі қазақстандық оқу орындарында келесі қиындықтармен ұштасып отыр:

- қоршаған ортаның әлемдік тілді меңгеруге ықпалының жоқтығы;

- мамандығы тіл және әдебиет емес мұғалімдердің тілді оқыту әдістемесін білмеуі;

- тілдік емес пәндер мұғалімдерінің мемлекеттік тіл мен/немесе ағылшын тілін білмеуі;

- оқулықтардың екі тілде (қосымша жағдай болса-үшінші тілде) оқыту жағдайына икемделмегені;

- ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың керекті деңгейде қолданылмауы.

Осыған байланысты ҚР БҒМ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бастауыш мектептерге ағылшын тілін енгізу механизмін әзірлеу және теориялық негіздемесі бойынша жұмыс барысының нәтижесінде Кезеңдік жоспар әзірленді, мұнда төмендегілер қамтылды:

- Қазақстан Республикасының бастауыш мектептерінде ағылшын тілін меңгертудің психологиялық-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік негіздемесін әзірлеу;

- бастауыш сыныптарда ағылшын тілін меңгерту бойынша оқу бағдарламаларын дайындау және МЖБС-на өзгерістер енгізу;

- бастауыш мектеп оқушыларына арналған ағылшын тілі пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен дайындау;

- лингафонды мультимедиялық кабинеттер мен интерактивті тақталармен жабдықталған кабинеттер жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануын талап ететін әдістемелік құралдардарды әзірлеу.

Бүгінгі таңда ағылшын тілін ерте жастан оқыту ғылымда педагогикалық жаңалықтарды жасау, қабылдау, бағалау, меңгеру және қолдануды басқару процесімен түсіндірілетін инновациялық үдеріс болып қабылданады. Сондықтан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында инновациялық-педагогикалық іс-әрекетті ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз етудің арнайы жүйесін әзірлеу мақсатында шығармашылық топ құрылды.

Ағылшын тілі бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың әдіснамалық негізі ана тілін меңгеру және тұлғаның әлеуметтену үдерістерін қайталау болып табылады. Балалар өз ана тілінде жазуды меңгергенге дейін, бір жастан бастап қоршаған ортамен қарым-қатынас барысында табиғи қажеттіліктерін білдіретін қарапайым түрде өз ойларын жеткізе бастайды. Мектеп алды жасындағы балалар нақты түсініктерге сүйенеді, өйткені олар абстрактілі ойлау элементтерін ғана меңгере бастайды. Осы факторлар бірінші сыныпта ағылшын тілінде жаздырмауға, сондай-ақ ағылшын алфавитімен таныстырмауға негіз болады.

Өз ойларын білдіру қажеттіліктерін тудыратын қоршаған орта жағдайы ағылшын тілін меңгертудің алғашқы сатысы болуы тиіс. Қазақстанда мұндай табиғи қалыптасқан жағдай жоқ. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру үдерісін қарым-қатынастың шынайы жағдайына жақындастыру мақсатында қоршаған болмысты әдіснамалық тұрғыдан ықшамдау жүргізу қажет. Экстралингвистикалық материал белгілі бір сатылы ұйымдастырылған жүйені білдіреді, ол мынадай тізбе арқылы көрініс табады: тақырыптық өріс – шағын тақырыптар және оларға сәйкес тақырыптық сөздер тобы – сөйлеу интенциялары және оларға қызмет атқаратын грамматикалық құрылымдар – тілдік жағдаяттар – диалогтік бірліктер – диалог құрылымдық-мазмұндық сызба-нұсқалары.

Осы орайда оқытудың келесі дидактикалық ұстанымдарды басшылыққа алу қажет: тәрбиелеп оқыту, белсенділік, көрнекілік, жүйелілік және бірізділік, меңгеруді бекіту, қолжетімділік, дараландыру принциптері.

Бастауыш мектепте ағылшын тілін оқытудың жоспарланған нәтижесіне жету үшін жалпы дидактикалық ұстанымдармен қатар жеке әдістемелік немесе лингводидактикалық принциптерді басшылыққа алған жөн, олар декларативті түрде қалмауы тиіс, оқу материалын ықшамдау (минимизациялау) барысы секілді оқу үдерісін жоспарлауда да жүзеге асырылуы қажет.

1-ші сыныпта ағылшын тілінде жазғызуға болмайтындығына байланысты пәннің алдын ала өткізілетін ауызша мазмұны болады. Мұнда оқытудың басты принципі – коммуникативтілік болып табылады. Бұл оқу үдерісін бастауыш мектеп оқушыларының тұрмыстық және оқу жағдайындағы қарым-қатынас барысында тыңдалым, айтылым (оқу мен жазу 2-сыныптан бастап енгізіледі) секілді тілдік қызметтерін нақты қарым-қатынас жағдайына барынша жақындатуды қамтамасыз етеді.

Бастауыш мектеп оқушыларына ағылшын тілін оқытуда функционалдық принципке баса назар аудару қажет. Тілдік жүйе абстрактілі түрде емес, нақты тақырыптарға, жағдаяттарға қызмет ететін ағылшын тілінің түрлі деңгейіндегі, яғни лексикалық және синтаксистік (фонетикалық, сөзжасамдық, морфологиялық) құралдарының микрожүйесі ретінде көрініс табады.

Тіл үш аспектіде қызмет етеді: а) тілдік-құрылымдық, мұнда төменгі деңгей бірліктері жоғары деңгей бірліктерін құрайды (дыбыстар – буындар, морфемалар – сөздер, сөздер – сөз тіркестері мен сөйлемдер, сөз тіркестері мен сөздердің тіркесуі – сөйлем, сөйлем – күрделі синтаксистік тұтастық, күрделі синтаксистік тұтастық және жекелеген сөйлемдер – мәтін); б) сөйлеу тілінің құрылымы, мұнда қандай да бір ойды білдіру үшін сөздер мен сөз тіркестері, предикативтік қолданылады; в) тілдік емес, мұнда тілдік жүйе тілдік құрылым емес, яғни ол материалдық-заттық әлем, қоғам, санаға қатысты қызмет етеді.

Бастауыш мектеп оқушылары үшін тілдік минимумды анықтауда тілдік емес қызметтерді ескеру 1-сыныптың оқу үдерісін ұйымдастыруда сыртқы әлемнің «бейнесін» пайдалану тәрізді нәтижелі болып табылады.

Тілдің көптүрлі қызметінде таным, ұлттық-мәдени және аккумулятивті қызметтер басым болып табылады, олар өз бірлігінде когнитивті қызмет атқарады.

Орта білім және одан кейінгі кәсіптік білім деңгейлерінде көптілділіктің қалыптасуы бастауыш сыныптарда ағылшын тілін оқытуды дұрыс ұйымдастыру әдістемесіне байланысты болады.

Көптілділікті дамыту мәселесінің туындаған себебі мемлекет дамуымен тікелей байланысты. Осы тұрғыда ең маңызды істің бірі – жалпыға міндетті білім беру стандартын оқушылар мен студенттерге меңгерте отыра, оларды көптілді тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл кезде «оқыту технологиясы» ұғымына сүйенеміз. Оның мағынасы: қысқа уақыт ішінде күш-қуат пенен құралдарды аз жұмсай отырып, алға қойылған оқыту мақсатына жетуді қамтамасыз ететін ғылыми ұйымдастырылған еңбектің неғұрлым тиімді тәсілдерінің жиынтығы. Технология қолданбаса, стандартта берілген сағатты пәннің мазмұнымен қосымша мемлекеттік немесе ағылшын тілді меңгеру мүмкін емес: немесе стандарт оқыту тілінде ғана меңгеріледі, немесе екінші тілмен шұғылданып, стандарт мазмұны толық меңгерілмей қалуы мүмкін.

Бүгінгі күні Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында көпмәдениетті тұлға үш тілді күнделікті қарым-қатынас пен болашақ мамандығына бейімделген шеңберде меңгерген және кәсіби саладағы әлемдік жетістіктерге ұмтылып, өз еліндегі өнімнің сапасын әлемдік деңгейге көтеруге және одан әрі асыруға үлесін қоса алатын тұлға деп анықталды. Ал олай болса, көптілдік дегеніміз көпмәдениетті тұлға тәрбиелеудің негізгі шарты болып саналады. Көптілдік жеке адамға ғана емес, қазақстандық қоғамға пайда әкелетін фактор деп санауымыз қажет. Көптілдікті дамыту барысында патриоттық тәрбиені күшейту мәселесі туындайды. Басқа тілдерді үйренумен, басқа мәдениетті білумен қатар, жас ұрпақтың өз елінің құндылықтарын биік ұстауына бүгінгі мектеп пен жоғары оқу орындары жауапты. Ол үшін жүйелі түрде тәрбие жұмысының концепциясын Академияның тұлғаны тәрбиелеу мен дамыту зертханасы жасауда. Тағы бір өзекті мәселе – көптілділікті дамыту барысында оқушылардың жүктемесін нормадан тыс асырмау. Тілдік пәндердің мазмұнының кіріктірілуі мен сабақтастығы осы бағытта атқарылатын істердің бірі болып саналады.