Бақылау сұрақтары
1.Саяси үрдістің мәні мен құрылымын атаңыз?
2.Тұрақты және тұрақсыз саяси үрдістер дегеніміз не?
3.“Саяси дау-жанжал” дегеніміз не?
4.Саяси дау-жанжалдардың қоғам өміріндегі алатын ролі қандай?
12 Дәріс. Әлемдік саясат және халықаралық қатынастар.
Саясат – бүкіләлемдік құбылыс. Ол дүние жүзіндегі барлық адамдардың, ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың, ұйымдар мен мемлекеттердің өмір тіршілігінің ажырамас саласы, қоғамдық болмыстың айқындаушы факторларының бірі Бұл заманда әлемдік саяси үрдістің ағымдарынан тысқары оқшау қалып отырған ешқандай мемлекет те, халық та жоқ.
Әлемдік саяси үрдіс дегеніміз - дүние жүзі қауымдастығының өміріне қатысты саяси шешімдерді қабылдап, оларды іске асыру жолындағы мемлекеттік саяси институттардың, қоғамдық және саяси қозғалыстардың, халықаралық ұйымдардың , жеке адамдардың іс-әрекеті. Әлемдік саяси үрдістің нақты тарихи дәуірге байланысты өзіндік мазмұны, ерекшеліктері мен заңдылықтары бар.
Осы тұрғыдан алғанда ең әуелі назар аударатын нәрсе – осы заманғы әлем өте күрделі, сан алуандылыққа толы, сөйте тұра – біртұтас. Бүгінгі дүние шынында да сан алуан. Әлемде 200-дей мемлекет, 2000 – нан астам этникалық топтар бар. Олардың әрқайсысының тарихта жүріп өткен өзіндік жолы, қалыптасқан дәстүрі, тілі, ділі және діни нанымы, ұлттық сипаты бар. Әр халықтың, мемлекеттіңғ экономикалық, әлеуметтік және рухани даму деңгейі де әр басқа, олар тарихи дамудың әр сатысында тұр. Соған сәкес өмір салты, мақсат-мүдделері де алуан түрлі. Мұның бәрі олардағы саяси жүйенің сипатының, мемлекеттік құрылыстың көптүрлілігін, демократиялық нышандардың деңгейін анықтайтыны сөзсіз. Осыдан келіп саяси құбылыстардың күрделілігі мен қайшылықты түрде өрбуі туындайды.
Осындай сан алуандылыққа қарамастан бүгінгі әлем, адамзат қоғамы біртұтас дейтін себебіміз не? Біріншіден, дүние жүзінің түпкір-түкпіріндегі барлық адамдарға ортақ адами қасиеттер бар. Кез келген адам бақытты өмір сүріп, өз қабілетінше еңбек еткісі, бала сүйіп, қызығын көргісі келеді, қадір-қасиетін сақтап, қоғамдағы өзіндік орнын табуға ұмтылады. Соған орай әрбір адам жалпы адамзаттық құндылықтарға мойын ұсынып, өз бойына сіңіруге талаптанады. Демек, барлық адамдарға ортақ арман-мүдде, іс-әрекет, құндылық қасиеттер оларды жақындастырады. Екіншіден, дүние жүзіндегі барлық адамдардың, барлық халықтар мен мемлекеттердің өмір тіршілігіне қауып төндіретін қару-жарақ әлі жойылған жоқ. Бұл да елдердің ортақ мүддесін қалыптастырады. Үшіншіден, осы заманғы ғылыми-техникалық революция бүкіл әлемді біртұтас қамтып, бір арнаға тоғыстыруда. Өндіргіш күштердің интеграциясы, дүниежүзілік біртұтас нарықтың қалыптасу үрдістері екпінді түрде жүріп жатыр. Төртіншіден, дүние жүзі халықтарының, мемлекеттердің арасындағы өзара қарым-қатынас, алыс-беріс байланыс аса жоғары сапалы қарқынға ие болды. Әлемдік байланыс біртұтастыққа ие болады. Ешқандай да халық немесе мемлекет басқалардан тысқары, олармен байланыссыз, өзара әсерсіз өмір сүріп, ілгері дами алмайтын жағдай қалыптасты. Әр елдің тағдыры әлемдік қауымдастық тағдырымен ұштасты. Ең бастысы елдер мен халықтар өзара байланысты, өзара тәуелді екендіктерін терең сезінетін ахуал орнақты. Осы ахуал бүгінгі замандағы жаңаша саяси ойлаудың өзегі болып табылады. Бесіншіден, біздің дәуірімізде дүние жүзіндегі барлық халықтар мен елдердің тағдырына тікелей қатысы бар адамзат алдында тұрған бүкіләлемдік (глобальды) проблемалар пайда болды.
Бүкіл әлемдік проблемаларды төрт топқа бөлеміз:
· әлеуметтік-саяси сипаттағы проблемалар: яролық соғыстың өртін өшіріп, қарулану процесін ауыздықтау, мемлекетаралық, ұлтаралық және аймақтық шиеленістерді бейбіт жолмен шешу, халықтар арасында өзара сенім мен сыйласым дәстүрін орнықтырып, қауіпсіздік жүйесін нығайту, ақпараттық ағымдарды игілікті пайдалану;
· әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалар: артта қалуды, кедейшілікті жою, энергетикалық, шикізаттық, ішіп-жемдік, демографиялық дағдарыстарды реттеп, олардан шығу жолдарын бірлесіп іздеу;
· әлеуметтік-экологиялық проблемалар; қоршаған ортаны, табиғатты күтімге алып, ұқыпты пайдалану;
· адам проблемасы. әлеуметтік, экономикалық, саяси құқықтар мен бостандықтарға өміршеңдік сипат беру, надандықтың жолын кесіп, рухани дамуға жол ашу, қасіретті аурулармен тізе қосып күресу.
Бүгінгі таңда дүниенің өзара жауласқан, антагонистік саяси – экономикалық екі жүйеге бөлінуі ыдырады. Екі полюстік текетірес көп полюсті қарым – қатынасқа негізделген адамзат – қоғамының қауымдастығына ығысып орын берді. Әлемдік маңызы бар саяси мәселелерді шешуге барлық мемлекеттер өз үлестерін қосатын болды. Жер шарының бір түкпірінде бой көрсеткен шиеленіс болса, оған бүкіл дүние жүзі елең етіп, жауапкершілікпен қарайтын болды. Бұл ретте халықаралық ұйымдардың, әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы мен арнаулы мекемелерінің (ЮНЕСКО , МАГАТЭ, т.б.) атқарып отырған игілікті әрі ықпалды іс - әрекеттерін ерекше атаған жөн.
Қазіргі заманғы әлемдік саяси үрдістердегі ағымдар:
· Нарықтық қатынастардың әлемді тұтас қамтып, қанат жаюда;
· Мемлекеттердің басым көпшілігінде демократиялық қатынастар орнауда;
· Авторитарлық – тоталитарлық саяси режимдердің ыдырауы;
· Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің өскелең сипат алуы;
· Халық бұқарасының саяси оянуы және ұлттық сана-сезімнің арта түсуі;
· Қалың көпшіліктің саяси үрдіске қатысуға ұмтылуы;
· Жалпы адамзаттық құндылықтардың алдыға шығып, қоғам дамуының, оның қауымдастық есебіндегі бір тұтастығының өзегіне айналуы.
Халықаралық қатынас дегеніміз - әлемдік қауымдастықтықтың негізгі субъектілерінің арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, дипломатиялық, құқықтық, әскери және гуманитарлық байланыстар мен қатынастардың жүйеленген жиынтығы. Әлемдік қауымдастықтың субъектілеріне халықтар, мемлекеттер, қоғамдық күштер, қозғалыстар мен ұйымдар жатады.
Осы заманғы халықаралық қатынастардың ерекшеліктері мыналар:
· Біріншіден, ол бүкіләлемдік сипатқа ие, яғни аймақтық ауқыммен немесе нақты бір салалармен шектелмейді;
· Екіншіден , оған кешендік, жүйелік сипат тән.
Осы заманғы халықаралық қатынастардың, соған орай халықаралық саясаттың негізгі принциптері мыналар болып табылады:
· Демократизация – мемлекеттердің ішкі саясатында және өзара қарым – қатынастарда демократия принциптерін басшылыққа алу;
· Демилитаризация – халықаралық қауіпсіздік жүйесін құру, елдер мен халықтар арасындағы өзара сенім мен сыйласым орнатып, қарусыздану процесін пәрменді жүргізу;
· Деидеологизация – халықаралық қарым – қатынастарды реттеуге идеологиялық тіресуден, қасаңдықтан бас тартып, жалпы адамзат мүддесін жоғары ұстау;
· Гуманизация – халықаралық қатынастарға ізгілік, адамгершілік, имандылық сипат беру, адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саясат адамға қызмет ететінін, адамның бостандығы мен құқығы ең жоғары құндылық екенін үнемі басшылыққа алу.
Халықаралық саяси қарым – қатынас әр мемлекеттің сыртқы саясатынан нақты көрініс табады.
Сыртқы саясат - мемлекеттің халықаралық қарым-қатынаста ұстанған бағыты. Ол осы мемлекеттің өз қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес басқа мемлекеттермен жасайтын қарым-қатынастарын реттейді. Сыртқы саясаттың негізгі өзегі – ұлттық мүдде. Ол ұлттың еркін және тәуелсіз мемлекет есебінде сақталуын, өмір сүруін, сыртқы қауіптен қорғануын, ұлттық әл – ауқаттың өсуін, халықаралық аренада мемлекеттің экономикалық және саяси позициясын қорғауды қамтиды. Ұлттық мүдде сыртқы саясаттың бағыт – бағдарларынан көрініс табады.
Сыртқы саясат мемлекеттің ішкі саясатымен тығыз байланысты. Мемлекеттің саяси жүйесі, билік тұтқасының бағыт – бағдары, алға қойған мақсаты, саяси құрылымы, даму деңгейі – бәрі сыртқы саясатпен ұштасып жатады. Сондай-ақ, мемлекеттің географиялық жағдайы, оның стратегиялық маңызы, этнодемографиялық құрылымы, тарихи қалыптасқан дәстүрлері, жер қойнауының байлығы сияқты факторлар да оның халықаралық қауымдастықтағы беделі мен мәртебесін, сыртқы саясаттың өзекті принциптерін анықтауда шешуші роль атқарады.
Дегенмен де осы заманғы мемлекеттердің сыртқы саяси іс - әрекеттерінің негізіне жататын ортақ принциптер бар екеніне назар аударған жөн:
· Бейбіт қатар өмір сүру – бұл принцип мемлекетаралық қарым – қатынастарда жалпыдемократиялық нормаларды басшылыққа алуға негізделген: күш қолданбау, басқа мемлекеттің ішкі ісіне араласпау, дербестігін, территориялық тұтастығын, адам бостандығы мен құқығын құрметтеу, екі жақты тиімді қарым – қатынас жасау, т.б.;
· Мүдделер тепе – теңдігі – мемлекеттердің мәселелерді бірігіп шешуге ұмтылысы, екі жақты тиімді қарым – қатынастар орнатуға құлшынысы;
· Жалпы адамзаттық мүдделердің маңыздылығын, жоғарылығын мойындау, жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық мүддені үйлестіре білу;
· Халықаралық қауіпсіздік жүйесін қамтамасыз етуге ат салысу;
· Мемлекетаралық қарым – қатынастарда идеологиялық шеңберде тұйықталуды аластау.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жолына түсіп, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға бағыт алғаннан бергі уақытта дүниежүзілік қоғамастықта ылайықты орын алуға барынша қызмет істеп келеді. Бүгін таңда әлемнің 150 – ге жуық мемлекеті оның тәуелсіздігін танып, 100 – ден астам елмен дипломатиялық қарым – қатынас орнатты. Біріккен Ұлттар Ұйымына және көптеген елдер мен дүниежүзілік қауымдастықтарға мүше болды. әлемнің көптеген елдерімен терезесі тең қарым – қатынасқа түсіп, экономикалық, ғылыми – техникалық, мәдени байланыстарын дамытуда. Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне ұлы державалардың тарапынан кепілдік берілді. Оның Еуропа мен Азияның түйілісіне орналасуы, табиғи тұрған байлығы, ұлан – асыр аумағы, көп ұлтты этнодемографиялық құрылымы – сыртқы саясатты анықтаудың түйінді негіздері болып табылады. Ресей, Белоруссия және Қырғызстан мемлекеттерімен экономикалық және гуманитарлық интеграция процесін тереңдету жолындағы қадамы, шығыс көрші Қытаймен, мұсылман елдерімен түркі мемлекеттерімен қарым – қатынасының арналы жүйеге түсуі құптарлық.
Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттік құрылыстың ажырамаы бөлігі бола отырып елдің ішкі ахуалымен , жүргізіліп отырған рформаларының барысымен тығыз байланысты.
Негізгі әдебиеттер:27 [170-175], 33 [68,72]
Қосымша әдебиеттер:1 [113-123], 13 ч.2[201-223], 7 [313-343], 8 [215-219], 28 [ст.40,44]