Ылмыстардың жиынтығының түсінігі және түрлері, және квалификациялау тәртібі.

Егер адам ҚК-тің әртүрлі баптарында немесе бір бабының әртүрлі бөліктерінде көзделген екі немесе одан көп қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танылып, олардың ешқайсысы бойынша сотталмаған болса, сот әр қылмыс үшін негізгі, ал керек жағдайда қосымша жаза тағайындап, олардың жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен белгілейді (ҚК-тің 58-бабының 1 бөлігі). Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау процесі екі кезеңнен тұрады:

1) жиынтыққа кіретін қылмыстардың әрқайсына бөлек жаза тағайындау;

2) сол қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза белгілеу.

Жиынтықты құрайтын қылмыстардың әрқайсына бөлек жаза тағайындау ҚК-тің 58-бабының маңызды талабы, одан ауытқуға жол берілмейді. Жаза тағайындаудың мұндай тәртібі сотталғаннан кейін айыпкерге қылмыстың әрбір нақты түрі бойынша рахымшылық немесе кешірім жасауды қолдануға мүмкіндік береді. Қылмыстық істі кассациялық немесе қоғамдық тәртіпте қараған жағдайда әрбір бөлек қылмыс үшін тағайындалған жазаны, егер негіз болса, жеңілдетуге немесе үкімнен тіптен алып тастауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар кейбір қылмыс үшін жаза тағайындай отырып заң оның құқыктық салдарын қарастырған. Мысалы, қылмыстың қайталанғандығының орын алғандығын анықтау (ҚК-тің 13-бабы), бас бостандығынан айырғанда колонияның нысанын белгілеу (ҚК-тің 48-бабы), т.б.

Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындау әрбір қылмыс бойынша тағайындалған жазаларды жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу принципі бойынша жүргізіледі.

ҚК-тің 58-бабының 2 бөлігінде белгіленген жағдайларда ғана соттың сіңіру немесе қосу принциптерін тандауға кұқы бар, яғни ауырлығы шамалы қылмысты жасағаны үшін жаза тағайындағанда ғана. Басқа жағдайларда (егер жиынтықка тек ауырлығы шағын ғана емес, басқа санаттағы да қылмыстар кірсе) сот тек жазаларды қосу принципін ғана колдануға міндетті.

Сіңіру принципін қолданғанда сот ҚК-тің Ерекше бөлімінің айыпкердің әрекеті сараланатын бабын назарға алмайды, жасалған әрбір қылмыс үшін осы санкциялар шегінде тағайындалған нақты жазаларды назарға алады. Жеңілірек қатаң жаза ауырырақ қатаң жазаға сіңіріледі. Егер сот сотталғанға ҚК-тің 221-бабының 2 бөлігі бойынша үш жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, ал ҚК-тің 341-бабының 1 бөлігі бойынша екі жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, қатаңырақ жаза - үш жыл, жеңілірек жаза екі жылды өзіне сіңіреді, ал жиынтық бойынша түпкілікті жаза — үш жыл бас бостандығынан айыру болады. Жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін әртүрлі жаза тағайындағанда да осы принцип сақталады.

Жекелеген қылмыстар үшін тағайындалған жазаларда қосу толық немесе ішінара болуы мүмкін, бірак барлық жағдайда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жекелеген қылмысқа тағайындалған жазаның кез-келгенінен қатаң болуға тиіс. Жазаларды толық қосқанда олардың жиынтығы жеке жазалардың қосындысына тең болуға тиіс. Жазаларды ішінара қосқанда басқа қылмыс үшін тағайындалған жазаның бір бөлігі қатаңырақ жазаға қосылады.

Жазаларды қосуға белгілі бір шектеу қойылған (ҚК-тің 58-бабы). Егер қылмыстардың жиынтығы тек ауырлығы шамалы қылмыстарды қамтитын болса, онда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жасалған қылмыстардың ең ауыры үшін жауаптылық жөніндегі Ерекше бөлімнің тиісті бабының санкциясында көзделген жазаның ең көп мерзімінен немесе мөлшерінен асуға тиіс. Мысалы, адам ҚК-тің 182-бабының бірінші бөлігі және ҚК-тің 253-бабы бойынша сотталады. Бұл қылмыстың екі түрінің біріншісі ауырырақ болып саналады, ол үшін ең қатаң жаза - екі жылға бас бостандығынан айыру. ҚК-тің осы көрсетілген баптары бойынша бөлек тағайындалған жазаларды қосу принципін қолданып, сот тек 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады. Егер қылмыстар жиынтығы орта ауырлықтағы қылмысты, ауыр және ерекше ауыр қылмыстарды қамтыса, онда түпкілікті жаза тек жазаларды косу принципін қолдану жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолданылған қылмыстық заң нормаларының ауқымымен шектелмейді, тіптен 20 жыл шегінде тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыстар жиынтығы жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза көзделген кемінде бір ерекше ауыр қылмысты қамтыса, бұл жағдайда да түпкілікті жаза тек жазаларды қосу принципі жолымен ғана тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 25 жылға дейінгі мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Сонымен соттың қылмыстар жиынтығы болғанда жаза тағайындау принциптерін, сондай-ақ жазаларды қосу принципін қолданғанда бас бостандығынан айырудың ең көп шегін таңдау мүмкіндігін заң реттейді (ҚК-тің 58-бабы) және ол жиынтық құрайтын қылмыстардың қай санатқа жататындығына және олардың арасында 20 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза карастырылған қылмыстардың бар-жоғына байланысты. Мысалы, егер сот айыпкерге ҚК-тің 288-бабының 1 бөлігі бойынша алты ай мерзімге қамауға алу, ал 101-баптың 1 бөлігі бойынша екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаса, ол толық қосу принципіне сәйкес 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жиынтық бойынша түпкілікті жаза тағайындауға құқылы. Егер сот ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігі бойынша 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, онда тек ішінара қосуды ғана қолдана алады, яғни 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыруға 288-бап бойынша тағайындалған 6 ай қамауға алудың 3 айын ғана қоса алады, себебі ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігінде көзделген мерзімнің ең көп мөлшері 3 жыл, сондықтан түпкілікті жаза одан аспауға тиіс. Сонымен жазаларды қосқанда жазаның ең көп мөлшерін түпкілікті анықтау, егер осы мысалға қатысты алсақ, жиынтыққа кіретін екі қылмыстың да ауырлығы шағын қылмыстар санатына жатқандығына байланысты.

Осы келтірілген мысалда орын алып отырған әртекті жазаларды косу тәртібі ҚК-тің 61-бабымен реттеледі, онда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде бас бостандығынан айырудың бір күніне қамаудың немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстаудың бір күні, бас бостандығын шектеудің екі күні, түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудің үш күні, қоғамдық жұмыстарға тартудың сегіз сағаты сәйкес келеді делінген.