Дәріс. Азаматтық құқықтық қатынастар
1. Азаматтық құқықты реттейтін пәніне және тәсілдеріне байланысты азаматтық-құқықтық қатынастардың түсінігі және ерекшеліктері.
2. Азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері, объектілері және мазмұны.
3. Азаматтық субъективтік құқық және субъективтік міндеттер түсінігі.
4. Азаматтық-құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгеруі және тоқтатылуы.
Негізгі ұғымдар: азаматтық құқықтық қатынас, азаматтық құқықтық қатынастың субъектілері, азаматтық құқықтық қатынастың объектілері, заңды тұлға, жеке тұлға, мемлекет, әкімшілік аумақтық бөліністер, заңдық факті.
1.Азаматтық құқық нормаларының талаптарына сәйкес туындайтын және бұл нормаларға тәуелді болатын жақтар арасындағы қатынастар азаматтық-құқықтық қатынастары деп аталады.
Адамдар өз өмірінде және әрекет үстінде үнемі әрқилы азаматтық-құқықтық қатынастарына араласып жүргенімен, өздерінің әрекеттерінің заң жөніндегі сипатын көбінесе ескере бермейді. Мысалы, қайсыбір затты болсын сатып алуда сатушы мен алушының арасында Азаматтық кодексте көрсетілген сату-сатып алу мәмілесінен туындайтын өте күрделі құқықтық қатынастар пайда болады.
Заңды тұлғалардың барлық істері азаматтық-құқықтық қатынасы ретімен жүзеге асады. өндіріс жабдықтарын тапсыру, өнімдерді сату, банк арқылы есеп айыру – осылардың бәрі де құқықтық қатынасты тудырады, яғни осыладың бәрінің де заң арқылы белгілі салдары болады.
2.Әрбір құқық қатынастарында қатынастың субъектілері деп аталатын қатысушылары болады. Азаматтық-құқықтық қатынастарының субъектілері: жеке тұлға, заңды тұлғалар, әкімшілік-аумақтық бөліністер, сондай-ақ мемлекет болып табылады.
Құқық қатынастарына қатысушыладың арасында белгілі бір байланыс орнайды, сол себепті бұлардың арасындақатынастардың мазмұнын құрайтын белгілі бір құқықтар мен міндеттер пайда болады.
Сол қатынаста құқықтар мен міндеттер не нәрсеге (мүліктік және мүліктік емес игіліктер) бағытталған болса, сол нәрсе оның объектісі деп аталады.
Сөйтіп, құқық қатынастарына төмендегідей элементтер тән болады: субъектілер(қатысушылар), мазмұны (құқықтар мен міндеттер) және объектілер (құқықтар мен міндеттердің қатысы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер)
Құқық қатынастарының элементі ретінде айтқанымызда, біз субъективтік құқық туралы да айтамыз. Бұл «құқық» деген сөзге беретін екінші мағына.
Әрбір құқық қатынасында қатысушының бірінің субъективті құқығына екіншісінің заңдық міндеттілігі сәйкестендіріледі, яғни біреуінің екінші алдыңдағы міндеттілік аясы айқындалады. Мысалы, үйді сатып алу-сату шартына сәйкес сатушы мен сатып алушы арасында екі бірдей құқық қатынасы пайда болады. Оның біріншісіне сатып алушы үйді алуға құқылы да, сатушы оны беруге міндетті.
Азаматтық құқық нормалары өздігінен азаматтық-құқықтық қатынастарын тудырмайды. Қандай да болсын нақтылы азаматтық құқық қатынастары белгілі бір жағдай болғанда ғана пайда болады. Мұның мазмұнының өзгеруі немесе оның қысқартылуы да белгілі бір жағдайға байланысты. Осындай құқық қатынастарының пайда болуына, өзгеруіне немесе оның қысқартылуына себепкер болатын жағдайларды заңдылық фактілер деп атайды. Мысалы, баланың туу, мәміленің бүлінуі т.т. заңдылық фактілер болып табылады.
3.Субъективті құқықтардың сипаты олардың саралуаы арқылы көрінеді. Біріншіден, абсолюттік (шек қойылмаған) және арақатысты құқық болып бөлінеді. Кейбір құқықтар азаматтық айналымға басқа қатысушылардың бәрін де бұл құқықтардың жүзеге асуына бөгет жасамайтын етіп міндеттейді. Бұл құқықтар жөнінде үшінші тараптағылардың бәрі де міндетті субъект болып табылады. Мұндай құқықтар абсолюттік (шексіз) құқық деп аталады. Басқа сөзбен айтқанда – абсолюттік құқықты қандай да біреу болмасын бұзуға болмайды, сондықтан да бұл құқық қандай біреуден болмасын қорғалып отыруға тиіс. Мұндай құқыққа жататындар – меншік құқығы, авторлық және тағы басқалар.
4.Енді тағы бір тәсіл - өзін-өзі қорғауға тоқатала кетелік. Осы сөз тіркесінің өзінен көрініп тұрғандай, азамат пен ұйым өзінің құқығын өзі қорғайды. Бұл орайда өзін-өзі қорғау тек құқық бұзушыға және оның әрекеттерін жоюға ғана бағытталуы тиіс. Тәжірибеде өзін-өзі қорғау жиі кездеседі. Мысалы, телефон станциясы абанетті көрсетілген қызметке төлемді үнемі уақытылы төлемегені үшін байланыс жүйесінен айырып тастайды. Мұндай өзін-өзі қорғау құқығы кепіл, мүлікті қорғау шарасы, қажетті қорғану және т.б. түрлерінде кездеседі.