Мәліметтер қоры және МҚБЖ

Мәліметтер қоры (МҚ) – қандай да пәндік аймақтағы ақиқат өмірдің нақты объектілері туралы мағлұматтардың өзара байланыстағы жиынтығы. МҚ-ның негізгі мақсаты – нақты өмірдің объектілері туралы өте үлкен мәліметтер санын олардың арасындағы байланыстарды ескере отырып өңдеу. МҚ іргелі ұғымдары – объект, атрибут, байланыс.

Объект – бізді қошаған нақты болмыстың (заттың, үрдістің, құбылыстың) белгілі бір бөлігі.

Атрибут – объект қасиеттерінің ақпараттық бейнеленуі, яғни объект белгілерінің бірін (мысалы көлемі, түсі, т.с.с.) немесе жұмыс істеу ерекшеліктерін анықтайтын сол объект элементінің сипаты.

Байланыс – объектілер арасындағы қатынас.

Сонымен қатар келесі негізгі ұғымдар қолданылады.

Жазба - өзара логикалық түрде байланысқан мәліметтер элементтерінің жиынтығы.

Алғашқы кілт – объектінің әрбір данасын (жазбаны) ерекше түрде идентификациялайтын атрибут.

Мәліметтердің МҚ-да сақталу процедурасы принциптерінің ішінде негізгі екеуін көрсетуге болады, олар

- мәліметтердің тұтастығы және қайшылықсыздығы;

- мәліметтердің минималды артықтығы, яғни кез келген мәлімет элементі бір түрде ғана сақталуы.

МҚ-да мәліметтерді ұйымдастырудың иерархиялық, реляциялық және желілік модельдері қолданылады, соларға сәйкес МҚ түрлері анықталады. Реляциялық термині (латынша “relatio” - қатынас) білдіреді, мәліметтерді сақтаудың мұндай моделі оны құраушы бөліктердің өзара қатынасында құрылғанын көрсетеді.

Қарапайым жағдайда ол екі өлшемді массивті немесе кестені бейнелейді, ал күрделі ақпараттық модельдерді құрастырғанда өзара байланысқан кестелердің жиынтығын құрайды.

Мысалы, бір мамандықтың студенттердің тобының мәліметтері жазылған кесте. Кестенің әрбір жолы – жазба деп, ал бағаны - өріс деп аталады.

Мәліметтердің реляциялық моделі өзара кілттер арқылы байланысқан бірнеше кестелерден тұрады. Кілт – сәйкес жазбаны анықтайтын өріс.

МҚ-ның иерархиялық моделі жалпыдан жекеге қарай бағынышты тәртіпте орналасқан төңкерілген ағаш түзетін элементтер жиынтығынан тұрады.

Мұндай модель деңгей, түйіндер, байланыстар сияқты параметрлермен сипатталады.

Түйін – иерархияның аталған деңгейінде орналасқан элементтің ақпараттық моделі.

МҚ-ның иерархиялық моделінің келесі қасиеттерін жаза аламыз:

- төменгі деңгейдің бірнеше түйіндері жоғарғы деңгейдің тек қана бір түйінімен байланысты болады;

- иерархиялық ағаш басқа төбеге бағынышты емес, тек бір ғана төбеден тұрады;

- әрбір түйіннің өз атауы болады (идентификатор).

Желілік модель иерархиялық модельге ұқсас келеді. Оның құрамы да тура сондай, тек қатынасу сипаты өзгеше. Желілік модельде әр түрлі деңгей элементтерінің арасында еркін байланыс қабылданған.

Мәліметтер қорымен әртүрлі операциялар орындау үшін мәліметтер қорын басқару жүйелері (МҚБЖ) құрылады.

МҚБЖ – МҚ басқаруға арналған бағдарламалық құралдардың кешені. Ең жалпы деңгейде

- мамандандырылған немесе өнеркәсіптік МҚБЖ;

- дербес МҚБЖ деп жіктейді. Мамандандырылған немесе өнеркәсіптік МҚБЖ – ірі экономикалық объектілерді басқаруды автоматтандыру жүйелерін құрудың программалық негізі. Олар - Orfcle, DB2, Sybase, Informix, т.б.

Дербес МҚБЖ – жергілікті пайдаланушының немесе қомақты пайдаланушылар тобының есептерін шешуге бағытталған және микроЭЕМ-дерде пайдалануға белгіленген программалық жабдық. Олар – FoxBase/FoxPro, Clipper, Paradox, Access, Approach, т.б.

MS Access – мәліметтердің реляциялық моделін қолданатын дербес типті МҚБЖ. MS Access басқа да Office бағдарламалары сияқты басты менюден іске қосылады немесе Windows ортасында қарастырылған басқа да стандартты тәсілдерді қолдануға болады.

Оның негізгі атқаратын қызметтері:

- негізгі объектілерді, яғни кестелерді жобалау;

- кестелер арасында байланыстар орнату;

- кестелерге мәліметтер енгізу, оларды сақтау, қарау, сұрыптау, сүзгілеу, түрлендіру;

- туынды объектілерді – пішім, сұраныс, есеп беру, макрос, модуль – құру, түрлендіру және қолдану.

MS Access жүктелгеннен кейін келесі нұсқаулардың бірін орындау қажет.

МҚ-ның жаңа файлын – программаны өңдеу объектісін (кез келген атауы бар, .MDB кеңейткіші бар файл) құру қажет (Новая база данных);

Не болмаса бұрыннан бар МҚ файлын ашуды (Открытие базы данных) таңдаймыз.

МҚ файлына Access-тің негізгі объектілері – кестелер, пішіндер, сұраныстар, есептер, модульдер және макростар енеді

Кестелер – МҚ-ның негізі болып табылады және бағандар мен жолдардан тұрады.

Жолдар біртекті объектінің немесе процестің сипатамасын құрайды. Жазба – белгілі бір ереже бойынша ұйымдасқан ақпараттық құрылым. Кестенің әрбір бағаны ақпараттың бір типінен тұрады, ол өріс деп аталынады.

Пішін – бір жазбадағы ақпаратты ыңғайлы бейнелеуге арналған.

Сұраныс – берілген критерий бойынша ақпаратты іріктеп алуға арналған.

Есептер – мәліметтерді баспаға шығаруға арналған.

Макрос – арнайы макрокомандаларды теруден тұрады.

Модуль – Access Basic –те немесе VBA жазылған бағдарлама.

Әрбір объект дербес атына ие және әрқайсысы өз терезесінде, екі режимде – ағымдағы және конструктор жұмыс істейді.

Ағымдағы режимде – ақпарат енгізіліп, қарастырылады;

Конструктор режимінде – объектінің құрылымы өзгертіледі.

Схема данных терезесі. МҚ файлына тағы бір құжат енеді, оның да жеке меншікті терезесі болады. Схема данных терезесінде объектілер арасындағы байланыс құрылады, қарастырылады, өзгертіледі, жойылады.

Мәліметтер қоры файлын құрғаннан кейін келесі амалдарды орындауға болады:

- әр түрлі мәліметтер типі бар кестелерді жобалау;

- кестелер арасында байланыстар орнату;

- кестелерге мәліметтер енгізу, оларды сақтау, қарау, сұрыптау, сүзгілеу, түрлендіру;

- енгізілген мәліметтерді формада қарау;

- әр түрлі кестедегі мәліметтерді байланыстыру;

- есептер құрастыру.

Access МҚБЖ-де мәліметтердің келесі типімен жұмыс істеуге болады:

Мәтіндік - өлшемі ақырлы кәдімгі мәтіндік ақпаратты сақтауға арналған мәліметтер типі (ұзындығы 255 символға дейін).

Мемо өрісі – бірнеше жолдардан тұратын мәтін (ұзындығы 65536 символға дейін).

Сандық–кез келген типтегі сандарды сақтауға арналған.

Күн/уақыт– күнді/уақытты құрайтын өріс.

Ақшалық – ақшалай шаманы сақтауға арналған.

Санағыш– жазбаларды автоматты түрде нөмірлеуге арналған мәліметтер типі.

Логикалық– логикалық мәліметтерді сақтауға арналған тип («иә» немесе «жоқ» мәндерінің бірін қабылдайды).

OLE объектілер өрісі - әр түрлі объектілерді (графикалық, дыбыс, мәтін) сақтауға арналған.

 

«Мәліметтер қоры және Microsoft Office Access МҚБЖ»