Басқарудың мәнi, түрлерi мен әдiстерi

БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI

М. Қозыбаев атындағы

Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетi

 

Мiржан Зеледенұлы ТҰРАЛИН

 

МЕНЕДЖМЕНТ

 

Дәрістер курсы

 

Петропавл


УДК 351.07/08

ББК 65.290.2

Т 86

 

 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқу-әдiстемелiк кеңесiнiң шешiмi бойынша жарияланып отыр (хаттама №1 25.09.2009 ж.)

 

 

Пікір жазғандар:

СҚО бойынша Статистика департаментінің бастығы,

экономика ғылымдарының кандидаты Жакупов Қ.Ө.

Басқару және бухгалтерлік есеп кафедрасының аға оқытушысы,

экономика магистрі Баймульдина Г.Б.

 

 

Т 86 Тұралин Ә.З. Менеджмент: Дәрістер курсы - Петропавл, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, 2009. – 271 б.

 

 

Ұсынылып отырған кітапта оқырмандарға көрнекі түрде менеджменттің негізгі идеялары, шешуші түсініктері баяндалады.

Дәрістер курсы «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Қаржы», «Құқық және экономика негіздері» мамандықтары бойынша мемлекеттік тілде оқитын студенттерге, оқытушылар мен магистранттарға арналған.

 

УДК 351.07/08

ББК 65.290.2

 

© Тұралин Ә.З., 2009

© М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, 2009

 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің сапа менеджменті жүйесі ИСО 9001:2000 талаптарының үйлесімділігіне сертификатталған


АЛҒЫСӨЗ

 

Қазіргі кездегі менеджмент кәдімгі төңкерісті басынан кешіруде. Басқаруға деген дәстүрлі тәсілдемелер ең алдымен адамдарды бақылауға, өндірістің тұрақтылығы мен тиімділігіне қол жеткізуге, ережелер мен рәсімдерді пайдалануға, қызметкерлерді басқарудың тік құрылымын құруға және жоспарланған нәтижелерге (ең алдымен, пайдаға) қол жеткізуге назар аударады. Менеджментке деген жаңа тәсілдеме адамдардың энтузиазмы мен шығармашылық қабілеттерін пайдалануды, ортақ көқарастарды, нормалар мен құндылықтарды іздестіруді, ақпаратқа ашық қол жеткізуді, командалық еңбекті, ынтымақтастық пен әріптестікті көтермелеуді, сыртқы ортаның күрт өзгерістеріне ұйымның бейімделуін және олардың қызметінің ең жоғары тиімділігіне қол жеткізуді ұйғарады.

Аталмыш дәрістер курсында автор дәстүрлі тәсілдеменің барынша құнды идеяларын сақтай отырып, олар оның ережелерін өздерінің практикалық іс-әрекетінде пайдалануы үшін студенттерді қызықтыратындай етіп, ең алдымен басқаруға деген жаңа тәсілдемені көрсетуге тырысты.

Дәрістер курсы «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Қаржы», «Құқық және экономика негіздері» мамандықтары бойынша мемлекеттік тілде оқитын студенттерге, оқытушылар мен магистранттарға арналған.

 


БӨЛІМ

Менеджменттiң теориялық және әдiснамалық негiздерi

 

Тарау

Басқару ғылымының пәні мен әдісі

 

Басқарудың мәнi, түрлерi мен әдiстерi

 

Менеджмент басқарушылық қызметтiң ерекше нысаны болып табылады, сондықтан да ол жайында сөз қозғамас бұрын, басқарумен танысу қажет.

Басқару деп табиғатта, техника мен қоғамда өтiп жатқан процестердi ретке келтiру жөнiндегi қызмет ұғынылады. Басқаша айтқанда, басқару сәйкес жүйенiң реттiлiгiн, оның тұтастығын, қалыпты жұмыс iстеуi мен дамуын қамтамасыз етуi тиiс.

Кез келген басқарушылық қызмет келесi кезеңдерден тұрады:

1) ақпаратты алу және талдау;

2) шешiмдi әзiрлеу және қабылдау;

3) олардың орындалуын ұйымдастыру;

4) бақылау, алынған нәтижелердi бағалау, кейiнгi жұмыс барысына түзету енгiзу;

5) орындаушыларды көтермелеу немесе жазалау.

Басқару табиғи, техникалық және әлеуметтiк болып бөлiнедi.

Табиғи басқарудың объектiсi табиғатта өтiп жатқан процестер (мысалы, өсiмдiктердiң дамуы, су ағындарының қозғалысы және т.б.) болып табылады.

Техникалық басқаруға қолдан жасалған объектiлердi (мысалы, автомобильдi және т.б.) басқару жатады.

Екi жағдайда да олардың ықпалға реакциясы не алдын ала белгiлi екендiгi, не бiршама дәл болжауға болатындығы оларды басқару процесiн әжептәуiр жеңiлдетедi.

Әлеуметтiк басқарудың объектiсi адамдар, олардың қарым-қатынасы, мiнез-құлқы болып табылады. Әрбiр адам дербес мiнез-құлыққа, жеке сипатқа, психологиялық ерекшелiктерге және т.с.с. ие. Сондықтан да оның басқарушылық ықпалға реакциясы субъективтi болады әрi әрдайым болжана бермейдi, демек, әлеуметтiк басқару тым ұтымды бола алмайды. Бұл оның әдiстерiне, олардың алуан түрлiлiгiне, сонылығына, дербестiгiне, ресми және бейресми нормалар мен ережелердiң орынды ұштасуына, адамдарға ықпал етудiң ерекше тетiктерiн пайдалануына айрықша талаптар қояды.

Әлеуметтiк басқаруды келесi негiздер бойынша жiктеуге болады:

1) деңгейi бойынша – адамзатты, аймақтарды, мемлекетті, ұйым топтарын, жекелеген ұйымдарды, ұйым бөлiктерiн (бөлiмшелерiн), адам топтарын, жеке адамды басқару;

2) өрiсi бойынша – мемлекеттiк, саяси, шаруашылық және т.б.;

3) мазмұны бойынша – жалпы басқару, технологиялық процестердi ұйымдастыруды, адамдарды, ақпаратты, нарықтағы фирманың мiнез-құлқын, қаржыны және т.б. басқару;

4) негiзгi шешiмдердiң көзi бойынша – сыртқы, бастамалы және өзiн-өзi басқару;

5) басқарушылық ықпалды жүзеге асыру тәсiлi бойынша – жеке және сенiмдi;

6) басқарушылық шешiмдердi әзiрлеу әдiсi бойынша – ғылыми және эмпирикалық;

7) қабылданатын шешiмдердiң себептелуi бойынша – жағдайлық және стратегиялық;

8) ортамен әрекеттесу тәсiлi бойынша – бейiмделгiш және бәсекелiк;

9) бағытталуы бойынша – процеске, нәтижеге, болашақтағы мәселенiң алдын алуға бағытталған.

Әлеуметтiк басқарудың айрықша нысаны шаруашылық басқару болып табылады. Ол адамдардың шаруашылық қызметiн үйлестiру қажеттiлiгiне байланысты қалыптасты. Тарихта шаруашылық басқарудың бiрнеше тұрпаттары болды.

Дәстүрлi басқару капиталистiкке дейiнгi дәуiрге тән болып, әдеттерге негiзделдi, ережелер және рәсiмдермен нашар реттелiп, құқықтық негiздерi болмады. Басқарушылық функциялар жеке билiк негiзiнде патриархалдық отбасылардың иелерiмен жүзеге асырылатын.

Қолөнершiлiк басқару капитализмнiң туындауы дәуiрiнде пайда болып, жалдамалы қызметкерлерге қатысты меншiк иелерiмен жүзеге асырылатын.

Меншiктен бөлiнген кәсiпкерлiк басқару бүгiнгi күнге тән. Индустриялық дәуiрде ол иерархияны құрайтын арнайы дайындалған және үйретiлген басқарушылар жүзеге асырған менеджерлiк басқару нысанында болды. Индустриядан кейiнгi дәуiрде оны жүйелi басқару алмастырды, оған тек менеджерлер ғана емес, мамандар да, тiптi көмекшi қызметкерлер де қатысты. Ақпараттық дәуiрде жүйелi басқару бiртiндеп өзiн-өзi басқаруға ұласатын болады. Менеджерлiк және жүйелi басқару, ал iшiнара өзiн-өзi басқару институционалдандырылған болуы, яғни қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi, олардың жауапкершiлiктерi және т.б. ресми түрде анықталуы, тиiс.

Шаруашылық басқару екi мiндеттi шешедi:

1) жедел (тактикалық) – фирманың ағымдық қызметiнiң жағдайларын қамтамасыз ету, оның жекелеген элементтерi арасындағы, тұтастай фирма мен сыртқы орта арасындағы әрдайым бұзылатын тепе-теңдiктi қалпына келтiру, қойылған мақсаттарға жету жөнiндегi қызметкерлердiң әрекетiн ұйымдастыру;

2) стратегиялық – фирманың дамуы мен жетiлуiн, оның сандық және сапалық түрдегi өзге күйге көшуiн қамтамасыз ету.

Кез келген ғылым секілді басқару ғылымының өз әдістемесі бар. Әдістеменің міндеті - осы саладағы білімнің өмір құбылыстарын зерделеу мен қорытындылаудың түрлі құралдары мен тәсілдерінің жүйесін жасау болып табылады. Басқару әдістері — бұл ұйымның тиімді дамуын қамтамасыз ету мақсатындағы түрлі басқару міндеттерін шешудің ережелері мен рәсімдерінің жүйесі. Басқару теориясы мен тәжірибесінде көптеген әдістер қолданылады, оған жататындар:

– диалектикалық – қозғалыс пен даму;

– тарихи – өткен тәжiрибенi есепке алу;

– кешенді – зерттелетiн құбылысты өзге құбылыстар және экономикалық процестермен байланыста қарастыру;

– жүйелі – басқаруды жүйелердiң жиынтығы ретiнде қарастыру.