І. ШЫМКЕНТ ТЕМІР ЖОЛ СТАНСИЯСЫ
Қазақстандағы қала, Оңтүстік Қазақстаноблысының орталығы.
Тұрғыны шамамен 683 273 адам (2014 жыл). Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда тұрғыны жөнінен 3-ші орында (Алматы мен Астанадан кейін). Осымен қатар, Шымкент Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі болып табылады. Орасан зор аумақты алып жатқан және қатынас жолдар торабы нашар дамыған Қазақстан үшін көлік қатынастарын дамыту мәселесі айрықша маңызды еді. Республиканың түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібі салаларын құру мәселесі (Қарағанды көмір алабының, Балқаштағы мыс қорыту зауытының, Шымкенттегі қорғасын зауытының, Риддердегі мырыш зауытының және басқа да ірі кәсіпорындар құрылысы мен оларды дамыту, мұнайлы Батыс аудандарды игеру) көлік қатынастарына айтарлықтай тәуелді болды. Бұл пайымдаулар Бүкілқазақстандық VII партия конференциясында (1930 жыл, 30 мамыр - 6 маусым) жасалған баяндамада көрініс тапты. Онда былай делінді: «Егер көлік қатынасы Кеңес Одағында шешуші мәнге ие болып отырған болса, онда негізінен алғанда аралық көлік жолы ретіндегі Ташкент темір жолынан өзге, Түрксібке дейін ештеңе болмаған Қазақстан жағдайында, темір жол құрылысының маңызы айрықша зор болмақ, өйткені ол Одақтың орталық аудандарын Қазақстанның жаңа, мүлде аяқ баспаған, тұмса, бірақ сонымен бірге бай аудандарымен байланыстырады».[1]. VII партия конференциясы бірінші бесжылдықтың негізгі көрсеткіштерін бекітті. Республиканың ауыл шаруашылығын дамытуға (жер суландырусызды қоспағанда) 2 млрд сом, өнеркәсіпке 1223 млн сом, көлік қатынасына 1231 млн сом, байланысқа 64 746 млн сом бөлінді. Осыдан көрініп тұрғанындай, бірінші бесжылдықта көлік қатынасын дамытуға айрықша мән берілді, сондықтан да оған тіпті өнеркәсіпті дамытуға Қарағанда да біршама көбірек қаржы бөлінді.
Қазақстанда бесжылдық ішінде 2633 км кең табанды теміржол магистралін салу белгіленді. Негізгі бағыттар: Бурабай-Ақмола-Қарағанды, Орск-Ақтөбе, Шымкент-Ташкент, Риддер-Рубцовка, Қосқұдық тармағы, Түрксіб. Алайда жаңа теміржол құрылысының бесжылдық жоспары толық орындалған жоқ; кейбір басталған теміржол желілері (Рубцовка-Риддер, Шымкент-Ташкент т.б.) уақытша тоқтатылды. Әйтсе де Қазақ республикасының теміржол көлік қатынасының дамуы бірінші бесжылдықта айтарлықтай табысты болды, бұл жетістік ең бастысы екі теміржол құрылысынан: Түркістан-Сібір магистралі мен Бурабай-Ақмола- Қарағанды желісінен көрініс тапты.
Орталық Қазақстан өңірінің өндірісі үшін 30-шы жылдары салынған Ақмола-Қарағанды, Қарағанды-Балқаш (490 км), ал оңтүстік үшін Шымкент-Ленгір жол телімдері зор маңызға ие болған. Алтай тау кен өндірісінің дамуында 1930 жылы салынған Локоть-Защита (235 км), сосын Лениногорскіден Зыряновскіге дейін созылған жол шешуші рөл атқарды.
1936-1939 жылдары Қазақстанды Орталық Ресеймен байланыстырған, Саратовқа шығатын жол телімі - Орал-Елек салынды.
1936-1944 жылдары соғылған, Ембінің мұнай кәсіпшілігін Оралмен байланыстырған, Ресейдің бірқатар аймақтарының арасындағы қатынасты жақсартқан Гурьев (Атырау)-Қандағаш-Орскі магистралі өзінің стратегиялық маңыздылығын Ұлы Отан соғысы кезінде дәлелдеді.
1939-1943 жылдары салынған Ақмола-Қарталы желісі Қарағандының көмірін Оңтүстік Оралға жеткізуді қамтамасыз еткен маңызды нысан болып табылады. Сол жылдары Көксу-Текелі-Талдықорған және Атасу-Қаражал телімдері іске қосылды. Қазақстандық шойын жолдың ұзындығы 10 мың шақырымға жеткізілді. Ұлы Отан соғысы кезінде теміржолдың бойында жол шаруашылығын және жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі өндірістік база құрылды.
1950 жылға қарай салынған Мойынты-Шу (440 км) жол телімі соғыстан кейінгі жылдардың өзекті оқиғасы болды. Осылай Транссібір магистралі Түркістан-Сібір жолымен бірігіп, еліміздің барлық жерінен өтетін Петропавл-Көкшетау-Ақмола-Қарағанды-Шу трансқазақстандық темір жолдың меридианды желісін құрайды.
Ал 1953 жылы Оңтүстік-Сібір магистралінің негізгі буынының бірі Ақмола (Астана)-Павлодар (546 км) жолы салынды. Оның іске қосылуы Екібастұз көмір бассейнінің және осы жерге жақын аймақтардың тез дамуына жағдайлар жасады. (Тек 1953-1956 жылдардың өзінде Солтүстік Қазақстандағы тасымалдың көлемі 4 есеге артты).
1950 жылдары тың жерлердің игерілуіне байланысты Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде темір жол құрылысы екпінді қарқынмен жүргізіліп жатты. 1955-1961 жылдары Есіл-Арқалық (224 км), 1959 жылға қарай Қостанай-Тобыл, 1960 жылы Тобыл-Жетіқара желілері салынды. 1950 жылдары Қазақстан теміржол жүйесінің тығыздығы екі есеге артты.
1958 жылдың 1 шілдесінде КСРО-дағы ең ірі Қазақ темір жолы құрылды. Ұзындығы 11 мың шақырымнан асатын ол 15 бөлімшелерден құралды және Қазақстанды Сібір, Орал, Волга жағалауы, Қырғызстан және Орта Азиямен қосып, барлық кеңістікті және меридионалды магистральдарды біріктірді.
1960 жылы шөлді өлкенің дамуына себепші болған Мақат-Маңғышлақ және Маңғышлақ- Өзен (жалпы ұзындығы 900 км) телімдері салынды.