Тарау. ҚОРҒАНЫСТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒЫНАН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
12-бап. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз
етудің мақсаттары мен мiндеттері
1. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз ету Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарды бөліп отыру, Қазақстан Республикасының қорғанысын кепiлдi қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде оларды қару-жарақпен, әскери және арнаулы техникамен жарақтандыру болып табылады.
2. Қорғанысты экономикалық жағынан қамтамасыз етудiң негізгі мiндеттерi:
1) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарға қажеттіліктерiн қанағаттандыру;
2) қару-жарақ пен әскери техниканы өндiрудi, жөндеудi және жаңғыртуды жүзеге асыру үшін ғылыми-техникалық және өндiрiстік базаны жетілдiру;
3) экономиканың жұмылдыру даярлығы мен елдің халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құру;
4) әскери қызметшілердi, олардың отбасы мүшелерiн және әскери қызметтен босатылған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру деңгейiн арттыру, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген кепілдiктерiн iске асыру;
5) өзара тиiмдi халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
13-бап. Қорғанысты қаржыландыру
1. Қорғанысты қаржыландыру Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарға қажеттiлiктерiн кепілдi қанағаттандыруға бағытталады.
2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, сондай-ақ қорғанысқа арналған шығыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты және осы Заңның 24-бабында көзделген өзге де қаражаттар есебiнен жүзеге асырылады.
3. Шет мемлекеттермен бiрлесіп пайдаланылатын Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әскери объектілердi және қару-жарақ қысқартуды бақылау мен инспекциялық қызметтi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес жүргізiледi.
4. Бюджет қаражатының қорғанысқа арналған шығыстары бөлiгiнiң атқарылуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
14-бап. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету қару-жарақ пен әскери техниканы қоса алғанда, өндiрiстік-техникалық мақсаттағы өнiмдердi әзiрлеуге, өндiруге, жеткiзуге және қамтамасыз етуге арналған қорғаныс тапсырысына және халықаралық келiсiмдерге сәйкес басымдық тәртібiмен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру тәртiбi, оны материалдық-техникалық және қаржылық жағынан қамтамасыз ету және сатып алу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен айқындалады.
14-1-бап. Қарулы Күштерді мұнай өнімдерімен жабдықтау
ерекшеліктері
Қарулы Күштер мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан сатып алады.
Ескерту. 4-тарау 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-бап. Объектілер мен мүліктi қорғаныс мүдделерiне
орай пайдалану
1. Пайдаланылмайтын әскери мүлiкті қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығында бекітіліп берiлген және қорғаныс мұқтажын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлiк иеліктен шығаруға жатпайды.
2. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар бейбiт уақытта пайдаланбайтын қорғаныс объектiлерi бюджет қаражаты есебiнен консервациялануға тиiс немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мүліктік жалға (жалгерлiкке берiлуi), сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттар негізiнде басқа мемлекеттердің ұйымдарына берiлуi мүмкін.
3. Пайдаланылмайтын әскери мүлiк Қазақстан Республикасының Yкiметі белгілеген тәртіппен iске асырылуы мүмкін.
3-1. Әскери қарсы барлау органдары орналасқан қорғаныс объектілерін күзету мен күтіп-ұстауды аталған объектілер жедел басқаруында болатын Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға осы мақсаттар үшін бөлінетін бюджет қаражаты есебінен олар жүзеге асырады.
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақ 2003.08.01 бастап қолданысқа енгізіледі.
4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы Қазақстан Республикасының Үкiметі белгілеген тәртіппен:
1) соғыс қимылдарын жүргізу кезеңінде жарамсыз күйге түскен немесе Қарулы Күштердiң жеке құрамының өмiрiне қатер төнген кезде жоғалған әскери мүлікті есептен шығарады;
2) өздерiнiң жедел басқаруындағы әскери мүлiктің есебін жүргізедi.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
16-бап. Жердi, ғимараттарды, құрылыстарды,
объектiлердi және басқа да мүлікті
қорғаныс мұқтажы үшiн беру
1. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн берiлген жер учаскелерi олардың иелiгiнде және пайдалануында болады.
2. Жер учаскесін қорғаныс мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және меншік иелері мен жер пайдаланушыларға олардың құнын өтеу Қазақстан Республикасының Жер кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қорғаныс мұқтажы үшiн ғимараттар, құрылыстар, объектiлер мен басқа да мүлiк берiледi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оларды керi қайтарып алу жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Қорғаныс мұқтажы үшін мүлікті реквизициялау соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде және соғыс уақытында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайда және тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Мүлiктi иеленуге және пайдалануға беру тәртiбi, сондай-ақ басқа мемлекеттер әскери құралымдарының жердi уақытша өтеулі пайдалану (жалға алу) тәртiбi Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17-бап. Ғылыми-зерттеу қызметi және кадрлар даярлау
1. Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу ұйымдары қорғаныс қажеттiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында қару-жарақ пен әскери техниканың, әскери мақсаттағы өнiмдердiң жаңа түрлерiн жасау үшін iргелi және қолданбалы зерттеулердi, перспективалық ғылыми-техникалық және технологиялық әзiрлемелерді жүзеге асырады.
2. Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың қорғаныс сипатындағы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды орындауға экономикалық мүдделi болуын арттыру үшiн қаржы-экономикалық реттеуіштер мен тетiктер жүйелерiн енгiзу арқылы оларды мемлекеттiк қолдау жүзеге асырылады.
3. Әскери кадрларды даярлау және қайта даярлау Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша білiм беру ұйымдарында, сондай-ақ халықаралық шарттар негізiнде шетелдерде жүзеге асырылады.