Ызылиектің өсе қабынуы, фиброзды түрі
5-сурет. Қызылиектің өсе қабынуы, фиброзды түрі, ауыр дәрежесі. |
Қарап тексергенде қабынудың жеңіл түрінде қызылиек бүртіктерінің көлемі аздап ұлғайған, түсі қалыптағыдай немесе бозғылттау, тістерге жақсы жанасқан, тығыз консистенциялы, сүңгілегенде қанамайды, «жалған» қалталар аса терең емес және сұйықтықтың мөдшері көп жоғарыламайды. Қабынудың орта және ауыр дәрежесі кезінде қызылиек жиектері білікке ұқсап қалыңдаған, қызылиек бүртіктерінің көлемі әртүрлі биіктікке ұлғайған, тістер сауыттарының тіл және ұрт жақ беттерінің бірдей 1/2 және 2/3 бөліктерін жапқан, консистенциясы тығыз, қанағыштығы байқалмайды, түсі әдеттегідей немесе бозғылттанған, әртүрлі тереңдікте «жалған» қалталар анықталады (5-сурет).
Қызылиектің өсе қабынуының фиброзды түрі көбінесе кейбір дәрілік заттардың (фенитоин, циклоспорин А, нифедипин сияқты) әсерінен дамуы мүмкін. Фенитоин қояншық (эпилепсия) ауруын, нифедипин (Adalat) жүрек-қантамыр ауруларын және гипертония ауруын емдеу үшін, ал циклоспорин А ағзаларды трансплантациялау операциясы кезінде (иммундық агрессияны төмендету үшін) қолданылады.
Қызылиектің өсе қабынуы, жалқықты түоі кезінде тиімді және кешенді емдеу шаралары жүргізілсе жақсы нәтиже береді, жүктілік кезіндегі қабыну үрдісі әйел босанғаннан кейін көбінесе өз бетімен қайтып кетеді.
Қызылиектің өсе қабынуы кезіндегі патогистологиялық өзгерістер: қабынудың домбыққан түрінде қызылиек бүртіктерінің дәнекер тінінде қан тамырлары кеңейген, домбығу нәтижесінде коллаген талшықтары ісінген, лимфоциттер және плазмоциттермен инфильтраттану ошақтары орын алған. Эпителийде паракератоздану және акантолиздену үрдістері байқалады.
Қабынудың фиброзды түрінде қызылиек бүртіктерінің дәнекер тінді құрылымында пролиферациялану үрдісі, коллаген талшықтарының жуандауы және қалыңдауы, эпителийде паракератоздану белгілері орын алады. Домбығу және қабыну инфильтраттану ошақтары аз мөлшерде кездеседі
Қызылиектің жаралана қабынуы
6-сурет.. Қызылиектің жаралана қабынуы |
Қызылиектің жараланақабынуы немесөліеттеніп-жараланақабынуы (язвенный гингивит,язвенно-некротический гингивит Венсана) жасы 18-30 арасындағы жас адамдарда кездеседі. Бұл қабыну үрдісі қызылиек бүртіктерінің некрозднуға ұшырап, эрозиялы-жаралы ошақтардың пайда болуымен сипатталады және организмнің реактивтілігі төмендеген жағдайда қызылиек тіндерінің фузобактериялар мен спирохеталар бірлестігімен (симбиозбен) сенсибилизациялануына гиперергиялық реакция (жауап) ретінде дамиды, таралымы 0,2-6% құрайды.
Қабыну үрдісінің туындауына жағдай туғызатын ықпалдар: жұқпалы вирустық аурулар, дененің суыққа шалдығуы, ұзақ жүйке күйзелістері, витаминдер жетіспеушілігі, ауыз күтімінің нашарлығы. Кейде қозғау салушы себептер (провокаторлар) қатарына қызылиек қалбағайының созылмалы қабынуымен (перикоронарит) жиі асқынатын ақыл тістердің қиындап шығуын жатқызуға болады.
Ағымына байланысты қызылиектің жедел және созылмалы жаралана қабынуын, ауырлығына байланысты жеңіл, орта және ауыр дәрежелерін ажыратады.
Қабынудың жедел ағымды түрінде науқас бойын билеген әлсіздікке, басы ауыратынына, асқа тәбетінің шаппауына, бұлшық еттерінің сыздап, сүйегінің сырқырауына, дене қызуының әртүрлі деңгейге жоғарылауына, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуіне, қызылиек аймақтарының қатты сыздап немесе солқылдап ауырып, ас шайнатпайтынына, аузынан жағымсыз иіс шығып, сілекейі қойылып, түкіре алмайтынына, ауызын ашу да қиындағанына (тризмге байланысты) шағымданады.
Қарап тексергенде: сырқатының ауырлығына қарай науқастың жалпы жағдайы әртүрлі болады. Қызылиектің жаралана қабынуының ауырлық дәрежесі қабыну үрдісінің аумағына ғана байланысты емес, организмнің уыттану белгілерінің дамуына да тәуелді болады.
Қабынудың жеңіл дәрежесінде науқастың жалпы жағдайы өзгеріске ұшырай қоймайды. Шағын аймақта қызылиек бүртіктері мен қызылиек жиегінің бөлігі некроздануға ұшыраған. Сондықтан түстері ақшыл-сұрланған немесе қоңыр-сұр кір түстенген. Өліеттенген тін қабатын аспаппен ақырын қырып алған кезде орнында қанағыш келетін, беті жалаңаш эрозиялы немесе жаралы ошақтар ашылады (6-сурет).
Қабынудың орта дәрежесінде патологиялық үрдіс қызылиек бүртіктерін, жиегін және бекіген қызылиектің біраз бөлігін қамтиды,науқастың жалпы жағдайы да біраз зардап шегеді.
Қабынудың ауыр дәрежесінде науқастың жалпы жағдайы өзгереді; науқас енжар, көңіл-күйі төмен, бет терісі жер түстес, толық жаба алмағандықтан ауызы жартылай ашық және жұтына алмағандықтан сілекей ағады (көбінесе балаларда байқалады). Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайған және ауырғыш келеді, дене қызуы 38-39° С дейін жоғарылайды. Қан құрамында лейкоциттер саны көбейіп, лейкоцитарлық формуланың солға ауытқуы, эритроциттердің шөгу жылдамдығының жоғарылағаны анықталады.
Қызылиегі қатты қызарып ісінген, екі жақ қызылиек бүртіктері өліеттеніп, қоңыр-сұр түсті борпылдақ тінге айналған, аршығышпен немесе ылғалданған мақта анжымен сүрткенде оңай алынады және оңай қанағыш жаралы ошақтар беті ашылып қатты ауырады, өліеттенген тіннен ажыраған кейбір жаралы ошақтар беті кір-сары немесе кір-сұр түсті өліетті-фибринді қақпен жабылған және ол қақ оңай алына қоймайды. Өліеттенген тіндер жойылғаннан кейін тістер мойыны ашылып, тістераралық кеңістіктер үңірейіп қалады. Тілдің үсті қатты өңезденген, тістер көп мөлшерде жұмсақ қақпен кейде қатты шөгінділермен жабылған.
Қызылиектің созылмалы өліеттеніп-жаралана қабынуы жедел қабынудың (ем жүргізілмеген немесе дұрыс емделмеген жағдайда) барысы ретінде дамиды. Бұл кезде науқас қызылиегінің аздап сыздап ауыратынына, толассыз қанайтындығына, ауызынан нашар иіс шығатынына, әлсіздікке шағымданады. Қызылиек домбыққан, іркілген қызыл-қошқыл немесе көкшіл-қызыл түстенген, өліеттенген бүртіктер жойылған, жаралы қызылиек жиегі білікке ұқсап қалыңдаған, тістераралық кеңістіктер ашылып үңірейген.
Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайған, аздаған ауырғыштығы байқалады.
Созылмалы қабыну үрдісі көбінесе жеңіл және орта дәрежеде дамиды.
Альвеола өсіндісінің рентгенсуретінде тістераралық қалқандардың ұшында кеуектену белгілері және периодонт саңылауларының кеңейгені орын алады.
Қызылиектің өліеттеніп-жаралана қабынуы қан аурулары, жүйелі аурулар, организмнің жедел және созылмалы уланулары, жүре дамыған иммунитет тапшылығы синдромы (ЖИТС) кезінде де орын алуы мүмкін.
Патогистологиялық зерттеулер анықтаған өзгерістер: қызылиектің жоғарғы қабатында жаралы ақаулар анықталады. Өліеттенген тінде көптүрлі микроорганизмдер: кокктар, таяқшалар, фузобактериялар, спирохеталар көптеп кездеседі. Эпителий қабатында акантоздану, жартылай атрофиялану үрдістері орын алады. Эпителий астындағы тінде сегменттіядролы лейкоциттермен инфильтраттану ошақтары, дегрануляцияланған толықша жасушлардыңң көбеюі орын алады.
Дәнекертінді құрылымдардың құрылуы баяулаған, инфильтраттар аймағында коллагенді талшықтар бұзылып бөлшектенген (фрагментацияланғн), қан тамырлары кеңейіп, төңірегіндегі тіндер домбыққан.
Қызылиек қабынуының әр түрлерін пародонт қабынуынан, қан ауруларының ауыздағы белгілерінен (нейтропения, лейкоз, агранулоцитоз), аллергиялық аурулардан, ауыр металдар тұздарымен улану және созылмалы уыттану жағдайларынан, ауыздың герпестік қабынуы кезіндегі қызылиек қабынуларынан, адамның иммунитет тапшылық вирусы (ВИЧ) инфекциясы кезіндегі ауыз кілегейлі қабығының жарақаттарынан ажырата білу керек.