Пародонт ауруларын жалпылай емдеу

Жалпылай емдеу пародонты сырқат адамды кешенді емдеу шараларының құрамына кіреді және патогенездік, этиотроптық емдеуге жатады. Төменде жалпылай емдеу үшін қолданылатын дәрілер туралы мәлімет беріледі. Бұдан пародонт қабынуы бар адамға аталған дәрілердің бәрін тағайындау керек деген көзқарас тумау керек. Қажетті дәрілерді аурудың сатысына, белсенділігіне, қосалқы тексеру әдістері анықтаған патогенездік механизміне және организмнің жалпы жағдайына байланысты таңдап тағайындайды.

Ең алдымен витаминдермен емдеуге көңіл бөлу керек. Пародонт қабынуының алғашқы сатысында витаминдер тағайындау өте тиімді, ал қабынудың орташа және ауыр сатыларында маңыздылығы азайғанмен қыс және көктем кезінде емдеу курсын жүргізу керек. Қазіргі кезде құрамында организмге қажетті витаминдердің барлығы, макро және микроэлементтер бар кешенді препараттар шығарылады. Оларды тағайындау өте тиімді және өкілдері: поливит, макровит, триовит, дуовит, витрум, олиговит, гинтон, геримакс.

Витаминдермен емдеу курсын 20-30 күн жүргізуге болады.

Пародонттағы қабыну созылмалы үрдіс болғандықтан көпшілік жағдайда организмнің созылмалы сенсибилизациялануы және уыттануын туындатады. Сондықтан десенсибилизациялаушы және гипосенсибилизациялаушы дәрілер тағайындау қажет. Олар: фенкарол, супрастин, димедрол, пипольфен, диазолин, траксил, кетатифен, алсет, ломилан, кальций глюконаты (10% ертіндісі немесе таблеткасы), натрий тиосульфаты (10-30% ертінділері немесе таблеткасы). Емдеу курсы – 7-15 күн.

Пародонты сырқат науқаста қатты күйзеліс белгілері, емдеу шараларының нәтижелі болуына күмәнділігі анықталған жағдайда седативті дәрілермен және кіші транквилизаторлармен емдеу курсын тағайындайды және олардың уақытында қабылдануын бақылап отырады. Олар: седуксен, триоксазин, тазепам, назепам және шөптерден алынған препараттар («Пассит», «Новопассит», «Персен», шүйгіншөп, валериана, сасық шөп-пустырник, пион, пассифлора тұнбалары). Емдеу курсы – 20-30 күн.

Организмнің жалпы қорғаныс қасиетін көтеру үшін биостимуляторлар тағайындауға болады. Олар: биосед, алоэ экстракты, плазмол, инсадол, шыныға ұқсас дене (стекловидное тело), пиримидин негіздері (метилурацил, метацил, пентоксил). Емдеу курсы – 10-30 күн.

Биостимуляторларды тағайындауға қарсы көрсетілімдерді ұмытпау керек. Олар: қатерлі және қатерсіз ісіктер, гормональдық ауытқулар, екіқабаттық және етеккір келу кезеңі, ағзалар мен жүйелер ауруларының декомпенсациялану сатысы, қан аурулары, пародонттағы қабыну үрдісінің қатты өршуі (көптеген абсцестердің пайда болуы).

Көптеген иммундық зерттеулер пародонт қабынуының орта және ауыр түрлері бар науқастарда иммундық қорғаныстың жетіспеушілігі орын алатынын анықтаған. Сондықтан иммунитетті реттеуші және жоғарылатушы препараттар тағайындаған да тиімді болады. Олар: натрий нуклеинаты, левамизол (декарис), продигиозан және пирогенол (белгілі схемамен), имудон (жергілікті иммунитетті жоғарылатады), иммунал, циклоферон. Қазіргі кезде иммунитетті жоғарылатуға арналған көптеген өсімдіктерден, жануарлардан алынған препараттар (жень-шень, левзея, марал түбірі тұнбалары, пантокрин) қолданыс табуда.

Пародонт қабынуы кезінде альвеола сүйегінде белсенді сорылу үрдісі орын алады (рентгендік тексеру әдісі дәлелдейді). Сондықтан сүйек тінінде минералды тұздардың қорын жинап, сүйектегі қайта құрылу үрдісін жоғарылатудың үлкен маңызы бар. Ол үшін құрамында кальций бар (кальций глюконаты, кальцемин, кальцимакс, кальций-Д3 «Никомед», кальцийвитрум) және фтор бар (натрий фторидінің 1-2% ертіндісін 5 тамшыдан күніне 3 рет, немесе құрамында 1 мг фтор бар таблеткасын 1-2 рет) препараттар тағайындайды. Емдеу курсының ұзақтығы 20 күннен 1-2 айға дейін.

Минералды тұздардың сүйек тінінде жоғары мөлшерде жинақталуы үшін гормондар (кальцитрин, миакальцик, остеогенон) тағайындауға болады.

Кальцитрин (тирокальцитонин) кальций және фосфаттар алмасуына қатысып, сүйек тіндеріндегі табиғи сорылу үрдісін тежейді, кальций мен фосфаттардың қаннан сүйек тініне ауысуын қамтамасыз етеді (Т.В.Никитина, 1982). Сондықтан бұл гормондарды жасы 40 тан асқан адамдарға және альвеола өсіндісінде сүйек тінінің белсенді сорылуы жағдайында (пародонтолизистеуші аурулар кезінде) тағайындауға болады және оларды кальций препараттарымен (кальций глюконаты, кальций глицерофосфаты) қатар енгізген тиімді.

Кальцитринді Т.В.Никитинаның (1982) ұсынысы бойынша 1 ЕД күнсайын немесе күнара тері астына немесе бұлшық етке салады. Емдеу курсы – бір ай. Қайталап емдеу курсын 6-12 айдан кейін жүргізуге болады. Емдеу курсын жүргізер алдында кальцийдің қандағы мөлшерін анықтап, препаратпен аллергиялық сынама жасап көру керек. Гормондарды қолдануға болмайтын жағдайлар: гипокальциемия, екіқабаттық және бала емізу кезеңдері.

Пародонт қабынуларының негізгі себепті факторлары имкроорганизмдер екені толық дәлелденуіне байланысты микробтарға қарсы емдеу курсын жүргізу де тиімді болады (қызыл иектің өліеттеніп – жаралана қабынуы, пародонт қабынуының өршуі және абсцестер пайда болуы, қалталардан іріңді жалқық бөлінуі кезінде, хирургиялық емдеу шараларын жүргізер алдында).

Микробтарға қарсы әсер ететін дәрілердің ішінде антибиотиктер жетекші орын алады. Оларды қолданар алдында олардың микробтарға әсер ету аясын анықтап алған жөн. Ол үшін пародонтальдық қалталардағы микробтардың түрін, олардың антибиотиктерге сезімталдығын анықтап алу керек. Таңдап алынған антибиотиктің әсер етуші мөлшерін, енгізу немесе қабылдау реттілігін және емдеу курсының ұзақтығын анықтауда пародонты сырқат адамның жеке-басының ерекшелік қағидасын сақтаған жөн. Антибиотиктермен емдеген кезде олардың ауызда саңырауқұлақтардың көбеюіне жағдай туғызатынын ескере отырып, саңырауқұлаққа қарсы әсер ететін дәрілер және витаминдер жиынтығын тағайындауды ұмытпау керек. Пародонт қабынуы кезінде кең қолданыс тапқан антибиотиктер төмендегілер: олеандомицин, олететрин, мономицин, рондомицин, пенициллин, эритромицин, линкомицин, азитромицин (сумамед, мидекамицин (макропен), рокситромицин (рулид) және фторхинолондар қатарына жататын антибиотиктер (нолицин, сифлокс, таривид).

Антибиотиктердің ішінен линкомицинді ерекше атауға болады. Себебі, ол стафилококтарға, стрептококтарға, пневмококтарға және біраз анаэробтарға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар ол басқа антибиотиктерге төзімді микроорганизмдерге де әсер етеді және оған деген көнбістік-тұрақтылық (устойчивость) баяу дамиды.

Линкомицинді іштей немесе бұлшық етке енгізу арқылы қабылдағаннан кейін ол қанға тез сіңеді, әртүрлі тіндер мен ағзаларға таралады және сүйек тінінде көбірек қорланады. Сондықтан да оны пародонт қабынуы кезінде қолданған өте тиімді.

Линкомицинді 0,25-0,5г. күніне 3 рет ас қабылдаудан 1-2 сағат бұрын немесе 2-3 сағат кейін қабылдау керек. Сонымен қатар 30-60% ертіндісін бұлшық етке инъекциялық әдіспен енгізуге болады. Емдеу курсы 7-14 күн.

Пародонт ауруларын антибактериальды дәрілермен емдеуде метранидазолдың алатын орны ерекше. Себебі, ол көптеген анаэробты бактерияларға, спирохеталарға, қарапайымдыларға қарсы әсер етеді, антибиотиктермен қатар тағайындауға болады, қосымша кері әсері жоқ. Дәріні 0,25-0,3 грамнан күніне 4 рет ішуге тағайындайды, емдеу курсы 7-10 күн. Имидазолдық басқа дәрілерден нифурталды, орнидазолды, тинидазолды тағайындауға болады (1 таблеткадан күніне 2 рет 5-7 күн).

 

Тіс шөгінділері

Тістердің бетінде құрылған шөгінділерді екі топқа бөлуге болады.

І. Минералданбаған тіс шөгінділері:

· пелликула

· тіс тоғасы (зубная бляшка)

· жұмсақ тіс шөгіндісі немесе тіс қағы

· ас қалдықтары

ІІ. Минералданған тіс шөгінділері:

· қызылиекүсті тіс тасы;

· қызылиекасты тіс тасы.