БАСҚАРУ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ

ЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЭЛЕМЕНТТЕРІ

Басқару мәдениеті мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру үшін аса қажет. Мемлекет қызметінің нәтижесі басқару процесінде жинақталған білім, тәжірибе, экономиканы басқарудың қандай әдістері қалай қолданылатындығына тікелей байланысты. Басқару мәдениеті алдыңғы аға буын өкілдері қалыптастырған материалдық және рухани мәдениет, ұлттық дәстүр негізінде дамиды. Адамзат қоғамының дамуы барысында ол да жинақталып, дами береді. Мысалы ғылыми басқарудың пайда болуы және қалыптасуы басқару мәдениеті деңгейінің өсуін білідіреді, себебі бұл жағдайда басқару жолдарын, әдістерін, тәсілдері мен амалдарын ғылыми бағалау жүргізіледі, әлемдік практикада қолдану үшін олардың ішінен ең таңдаулысы алынады.

Басқару мәдениеті адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылғанымен де, басқа мәдениет түрлері мен нысандарынан ажырататын оның өзіне тән ерекшеліктері бар. Басқару аппаратының әрбір қызметкерінің оны білуі тек қажеттілік емес, сонымен қатар тікелей міндеті болып табылады, өйткені кез келген құрылымның, ұйымның тиімді жұмыс жасауы оның қызметкерлерінің мәдениетінің жоғары болуымен байланысты. Басқау мәдениеті – басқару процесін ұйымдастыру мен жүзеге асырудағы, басқарушылық еңбекті ұйымдастырудағы жетістіктердің, сондай-ақ қоғамдық мораль, этика, эстетика, құқық нормалары мен қағидаларына сай келетін басқару жүйесі мен қызметкерлерге қойылатын талаптардың жиынтығы. Ол жалпы түрде экономиканы басқару жүйесіне қойылатын талаптардың сақталу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Экономиканы басқару жүйесін жалпы жүйелік көрсеткіштермен бағалауға болады, олардың ең негізгілері болып табылатындар:

· мақсаткерлік (жүйенің мақсатқа қол жеткізу қабілеттілігі);

· тұтастығы (жүйенің басқа бөлігінде жоқ қасиеттердің жүйеде болуы мен қолданылуы);

· байланыстылығы (тиімді технологиялық, ақпараттық, өндірістік және басқа байланыстардың болуы);

· ашық сипатта болуы (жүйенің басқалармен өзара іс-әрекеті және сыртқы ақпаратты қабылдауы);

· серпінділік (жүйенің қандай да бір факторлардың әсерінен өзгеру жылдамдығы);

· дамуға ұмтылыс (жүйе құрамының қандай да бір факторлардың әсері негізінде күрделену тенденциясы).

Бірақ тәжірибе жүзінде басқару жүйесі мәдениетін аталған жалпыжүйелік көрсеткіштермен бағалау қиындықтар тудыратындықтан, оның деңгейі жалпы жүйелік емес, жүйенің жеке элементтерінің көрсеткіштері бойынша бағаланады. Оған қызметкерлердің, әсіресе, басқарушылардың мәдениетін, басқару процесі мәдениетін, басқару техникасын, еңбек жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер жатады.

Басқару мәдениеті элементтерінің көп түрлілігі басқару процесінде көптеген, атап айтқанда: моральдық, заңдақ, экономикалық, ұйымдастырушылық, техникалық, эстетикалық нормалардың сақталу қажеттілігін алдын-ала айқындайды.

Моральдық нормалар адамның мінез-құлқын адамгершілік пен мораль тұрғысынан реттейді және олар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Оларға Отанға деген маххаббат, патриоттық сезім, қоғамдық парызды жоғары қою, адамдар арасындағы имандылық қатынас пен өзара силастық, республиканың ұлттары мен халықтары арасындағы достық жатады. Бұл нормалар елдегі барлық қатынастарды, оның ішінде басқару ісіндегі қатынастарды да реттейді. Басқару процесіндегі моральдық нормалардың қатаң сақталуы оның мәдениет деңгейінің көрсеткіші болып табылады.

Заңдық нормалар мемлекеттік-құқықтық және ұйымдастырушылық-құқықтық нормативтік актілерде көрініс табады. Мемлекеттік органдар әрбір дейгейде басқару шегін, қоғамдық өндіріс жүйесіндегі кәсіпорынның алатын орнын, басқарушылық қызмет түрімен айналысатын адамдардың құқығы мен өкілеттіктерін белгілейді. Кәсіпорын туралы заң оны басқарудың бірнеше тұстарын анықтайды, меншік туралы заң бекітілген заңдар шеңберінде әр түрлі қызмет түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Алайда осы заңдық-нормативтік актілер әрбір кәсіпорынның өзіндік ерекшелігін ескере бермейді. Сондықтан да министрліктер мен ведомстволардың заңдарын негізге ала отырып әрбір кәсіпорын өндірістің жеке ерекшеліктері мен өзіне тән қасиеттерін ескеретін өзінің жеке ұйымдастырушылық – нормативтік актілерін әзірлейді, мысалы, жұмысқа уақтылы келіп, мезгілінде кету, қызмет сатысы бойынша жоғарылау және тағы басқалар. Басқару мәдениетінің деңгейі көбінесе басқарудың заңдық нормаларын әзірлеу және оларды басқару процесінде қолдану жағдайына байланысты болады.

Экономикалық нормалар кәсіпорын қызметі барысында қол жеткізуге тиісті экономикалық көрсеткіштерді белгілейді. Оларға жататындар: жеке қорлар көлемін, шетелдік инвестицияларды алу және өтеу тәртібін белгілейтін қаржы-несиелік нормалар және т.б.; тиімділік және бюджетпен қарым-қатынас нормасы, бюджетке төленетін салық тәртібі мен көлемін, табыс көлемін есептеу және бөлу тәртібі. Мемлекеттің, кәсіпорынның экономикасын басқару жүйесінің қызметін реттейтін басқа да экономикалық нормалар баршылық. Бұл нормалардың болуы және басқару процесінде олардың сақталу деңгейі де басқару мәдениетін сипаттайды.

Йымдастырушылық нормалар мемлекетті басқару құрылымын, жекелеген министрліктердің, ведомстволардың, департаменттердің құрамы мен қызмет тәртібін, сондай-ақ олардың өзара қарым-қатынастары мен өзара іс-әрекеттерін белгілейді. Біздің елімізде ел экономикасын басқарудың ұйымдастырушылық құрылымының тиімділігін арттыру және оларды ұстауға қажетті шығындарды азайту мақсатында оны жетілдіру процесі үнемі жүргізілуде. Ұйымдастырушылық нормаларды әзірлеу мен қолдану барысында қызметкерлердің атқаратын міндеттері, ақпараттардың көлемі, мерзімділігі, қалыптасу орны, оларды әзірлеу мен қолдану процесі, мемлекеттік шенеуніктердің жауапкершілігі нақты айқындалып, белгіленуі тиіс.

Техникалық нормалар нақты еңбек пен затқа айналған еңбек арасындағы қатынастарды белгілейді. Басқару жүйесі кәсіпорынның басқарушылық функциясын орындайтын бөлімшелерін техникалық құралдармен жарақтандыру кезінде ғылыми ұсыныстарды негізге ала отырып, тиісті жабдықтау нормаларын қолданады. Басқару процесінде қолданылатын техникалық құралдар мен жабдықтарға да, басқару аппараты қызметкерлерін қоршаған сыртқы ортаға да эстетикалық талаптар мен нормалар қойылып, таратылады.

Басқару мәдениетінің талаптарын ескеру және жүзеге асыру басқарушылық еңбекті ұйымдастыру деңгейін көтеруге, әр түрлі басқару операциялары мен процесін ықшамдауға, басқару қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға, жұмыстарының дұрыс жолға қойылуын қамтамасыз етуге және тиісінше мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Басқару мәдениеті басқару қызметкерлерінің мәдениетінен, басқару процесінің мәдениетінен, еңбек жағдайының мәдениетінен және құжат жүргізу мәдениетінен тұрады. Олар өзара байланысты және өзара тәуелді. Бұлардың ішінде көптеген факторлардан тәуелді болатын және жалпы мәдениет деңгейімен сипатталатын басқару қызметкерлерінің мәдениеті негізгі болып саналады. Ол қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес келетін іскерлік қабілетінің болуымен: басқару ғылымын терең және жан-жақты білуімен, оны қызмет барысынды қолдана алуымен және жұмыс істеу стилімен байланысты. Бұл олардың біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруды, оларды оқытуды және қайта оқытуды қажет етеді. Себебі әрбір жоғары мәдениетті қызметкер өзіне жүктелген тапсырманы сапалы орындайды, басқару мәдениетін жоғары деңгейде ұстайды және өз еңбегін ұйымдастыруды жетілдіруге ұмтылады.

Басқару мәдениеті үшін басқару процесін ұйымдастыру мәдениеті деңгейінің де маңызы зор және ол басқару органдарында басқарудың прогрессивті үрдісі қолданылатынын білдіреді. Прогрессивті үрдісті қолдану басқару аппаратының әрбір қызметкеріне өз жұмысының мақсатын, мазмұнын, ұйымдастыру мен құрамдас элементтерін, оны орындау тәртібі мен әдістерін нақты білуге жағдай жасайды. Басқару процесі шешім қабылдау процесін ақпараттарды жинау мен өңдеу процесінен дұрыс ажырату мақсатында жан-жақты талданғаны жөн.

Сонымен қатар басқару процесінің мәдениеті басқарушылық еңбекті ұтымды ұйымдастырудан тұрады. Ол еңбекті ұтымды бөлуді, белгілі тәртіпке келтіруді, қызметкерлердің қалыпты құрамын, санын белгілеуді, кадр мәселесін дұрыс шешу мен қолдануды, прогрессивті әдістер мен амалдарды пайдалануды білдіреді. Басқарушылық еңбекті ұйымдастырудың маңызы зор, себебі басқару аппаратының қызметкерлері қай жерде ұйымдастырушылық жақсы жолға қойылса, өздерінің дамуына жағдай жасалған болса, сол жерде тиімді жұмыс атқара алады. Бұл ұйымдарда экономикалық көрсеткіштер де жоғары болады.

Келіп-кетушілерді қабылдау, телефон соққан адаммен дұрыс сөйлесе білу, отырыстарды, мәжілістерді өткізу, қызметкерлердің хаттарына жауап беру басқару процесі мәдениетінің негізгі элементтері болып табылады. Осы шаралардың ерекшеліктері олардың аз уақыт аралығында толық және әртүрлі ақпарат алмасуды қамтамасыз ететіндігінде және адамдардың басқаруға қатысуының тиімді формасы болып табылатындығында. Мемлекеттік басқарудың негізгі құралы – жоспарлау, оның ішінде бүгінгі таңда үлкен мән беріліп отырған ұзақмерзімді жоспарлау басқару процесінінің негізгі кезеңдеріне жатады.

Еңбек жағдайы мәдениеті де басқару мәдениетінің негізгі аспектілерінің бірін құрайды. Басқарушылық еңбектің өнімділігі, нәтижелілігі қызметкерлердің жұмыс орнының қаншалықты ыңғайлы болуымен және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келетіндігімен тікелей байланысты. Басқару мәдениеті қызметкерлердің қолайлы еңбек жағдайымен, жұмыс орындарының тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінде көрініс табады.

Басқару мәдениетінің ажырамас элементі-құжат жүргізу мәдениеті. Құжат жүргізу құжаттарда көрініс табатын ақпараттарсыз мүмкін емес, себебі құжаттық ақпарат елдің ішкі және сыртқы қызметін толығымен қамтиды. Барлық басқару операциялары мен процестері құжаттаудан басталып және сонымен аяқталады. Сондықтан басқарушылық еңбектің тиімділігі елеулі дәрежеде құжаттарды дұрыс толтыруға, олардың қозғалысы мен сақталуын ұйымдастыруға және қолдануға ыңғайлы болуына байланысты. Ақпараттарды қолдану барысында көптеген операциялар орындалатыны белгілі, ал құжатпен жұмыс істеу мәдениеті болмаған жағдайда олардың көлемі одан әрі ұлғая түсуі мүмкін, сол үшін құжат жүргізу мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету қорларды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Басқару тиімділігін арттыруда басқару мәдениетінің маңызы зор. Әр түрлі басқарушылық қызметте басқару мәдениетінің аталған элементтерін ескеру басқаруды ұйымдастыруды жақсартуға, басқару процесінің ыңғайлы да жеңіл болуына, аппараттың нақты және келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, еңбек тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді. Басқару мәдениетінің талаптарын ескермейінше басқару ғылымы әзірлеген ұсыныстардың ешқайсысын да тәжірибе жүзінде іске асыру мүмкін емес.

Басқару мәдениетін жетілдіру оның барлық элементтерін жетілдіруді білдіреді. Әрбір нақты жағдайда қандай да бір құрамдас бөліктері басқару тиімділігін арттыру үшін шешуші мәнге ие болуы мүмкін. Сондықтан басқаруды жетілдіру мәселелерін шеше отырып, жоғары тиімділікке қол жеткізетін элементтер мен бағыттарды анықтау мақсатында басқару мәдениеті деңгейін жан-жақты және кешенді талдаған жөн. Бүгінгі таңда басқару мәдениеті – ел экономикасы қызметінің нәтижесіне тікелей әсер ететін басқарудың құрамдас бөлігі болып табылады.