Көмекші сөздер. Шылаулардың жай және құрмалас сөйлемдегі қызметі, оның түрлері

Көмекші сөздер деп нақтылы лексикалық мағыналары я әр түрлі дәрежеде солғындап, я бүтіндей жоғалып, сөйлегенде (сөйлемде) жеке-дара тұлға есебінде қолданылмай, тек толық мағыналы (атаушы) сөздермен тіркесіп қана жұмсалып, оларға жәрдемші болып қызмет атқаратын сөздерді айтамыз. Көмекші сөздердің лексикалық та, грамматикалық та сипаттары жеке тұрғанда айқындалмай, тек атаушы сөздермен тіркескенде ғана анықталады. Көмекші сөздер жеке-дара тұрғанда дербес лексикалық ұғымдарды білдіре алмайды, тек әр алуан қатыстық мағыналарды ғана білдіреді және оларда синтаксистік жағынан да дербестік болмайды.

Тілімізде толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, оған әр түрлі грамматикалық мағына үстеу үшін қолданылатын сөздер бар. Мұндай көмекші сөздершылаулар деп аталады.

Шылау сөздердің толық мағынасы болмағанмен, атқаратын қызметіне тән грамматикалық мағынасы болады. Осымен байланысты шылаудың өзіндік мынадай ерекшеліктері бар:

1. Шылау сөздердің толық лексикалық мағынасы болмайды;

2. Контексте толық мағыналы сөздердің жетегінде қолданылып, оған қосымша әр түрлі грамматикалық мағына, рең үстейді;

3. Шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді сабақтастыра не салаластыра байланыстырады;

4. Сөйлем ішінде синтаксистік қызметіне қарай жеке сөйлем мүшесі бола алмайды;

5. Шылау сөздер түрленбейді, басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Олар лексикалық мағынасынан айырылу негізінде қалыптасқан көмекші сөздер.

Мысал: Өз ауылына баруға байлаған соң (Әуезов), Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда (Абай), Ақырында Нілді мен Қарағандыны Боздақ пен Байжандікі деп тапты.

Шылау сөздер білдіретін әр түрлі грамматикалық мағыналары мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.

Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықтар – лексикалық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі ыңғайда (мағыналық қатынаста) салаластыра байланыстыратын сөздер: Қадірдің киімі жұқа, әрі денсаулығыы да мықты емес (Мұқанов).Әй, ол жеңер сені, себебі келешек оныкі ғой (Мұқанов). Жалғаулықтар сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің және салалас құрмалас сөйлемнің сыңарларын әр түрлі мағынплық қатынаста байланыстырады. Осындай мағыналық қатынастармен байланысты олар бірнеше топтарға бөлінеді:

1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі

2. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен.

3. Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки, кейде.

4. Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткені, неге десең.

5. Себеп-салдарлық жалғаулықтар: сондықтан, сол себепті, себебі, өйткені.

6. Шарттық жалғаулықтар: егер, егерде, онда.

Қазіргі қазақ тіліндегі септеуліктер сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді бірін екіншісіне бағындыра, яғни сабақтастыра байланыстырып, өзінің алдында тұрған толық мағыналы сөздердің белгілі бір тұлғада тұруын талап етіп, әр түрлі грамматикалық, мезгілдік, мекендік, мақсаттық қатынастарды білдіреді. Септеуліктердің атауыш сөздерден дамып шыққаны белгілі, сондықтан кейбір шылаулар –ғы/-гі жұрнақтарын қабылдап, морфологиялық өзгерістерге түсіп, синтаксистік қызмет атқарып, сөйлем мүшесі болады: «Құсты Арал» саяхаты менің сол күнгедейін+гі (қай? анықтауыш)өмірімде елеулі бір белесім еді (Сәрсенбаев).

Септеуліктер, негізінен, есім сөздерге, заттанған есімше мен қимыл атауына тіркеседі. Бұл сөздерге септеуліктер мына тұлғалардан соң тіркеседі:

1. Сөздің түбірі, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер: үшін, сайын, сияқты, сықылды, тәрізді, турасында, арқылы, бойы, бойымен, бойынша, жайында, жайлы, шамалы, шақты, қаралы.

2. Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, салым, жуық, тарта, таяу.

3. Шығыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: кейін, соң, гөрі, бері, бұрын, әрі, бетер.

4. Көмектес септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер: бірге, қатар, қабат.

Ежелгі салт, машық бойынша бұл өңірдегі ағайын зере отырған үйді жатсынған жоқ. (Әуезов). Рақымбайға шейін, күн шартылдап жай түскеннің артындағыдай құп-қу болып, есеңгіреп қалған сияқты (Әуезов). Мына хабар шыққанан бері, өзінен-өзі шоши берді (Майлин). Көкшіл көздері балқыыған мыспен бірге балқып бара жатқандай (Әуезов).

Демеуліктер – өзі шылауында тұрған сөздерге әр түрлі грамматикалық мағына, реңк үстейтін сөздер. Олар модальдық-экспрессивтік сипаты зор, семантикалық мүмкіндігі мол сөздер: Түбірлі сөздің түйіні сенде көрінеді ғой (Әуезов).

Демеуліктердің білдіретін мағыналары сан алуан. Олар өзі қатысты сөздерге я сөйлемге сұраулық, шектік, нақтылық, күшейту, тежеу, болжалдық, күмән сияқты грамматикалық мағыналар үстейді. Демеуліктер негізгі сөзге үстейтін мағыналарына қарай бірнеше топқа бөлінеді:

1. Сұраулық демеуліктер: ма, ме, ба, бе, па, пе, ше.

2. Күшейтпелі демеуліктер: ақ, ай, ау, әсіресе, да, де, та, те.

3. Шектеу (тежеу) демеуліктер: ғана (қана), тек, ақ.

4. Болжалдық демеуліктер: мыс, міс, ау.

5. Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрылым.

6. Нақтылау мәнді демеуліктер: қой, ғой, ды, ді, ты, ті.

7. Қомсыну мәнді демеуліктер: екеш.

Билер ше? Бидің бәрі жемтік емес пе? (Әуезов); қлеңге әркімнің-ақ бар таласы (Абай); қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды (Мүсірепов); жас келіншек те ол десе жанын қоярға жер таппайды-мыс (Есенберлин); Бұл шырақ өшпес түгіл лаулап жанар (Дөнентаев); Енді көрісер-көріспесіміз екіталай ғой (Жұмаділов); Түйе екеш түйесіне дейін егін көрсе, таптап беріп тұрса керек (Кекілбаев).