Алымдардың ой - пікірлері

Мақсаты: Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық

ғалымдардың ой – пікірлері туралы білім беру.

Дәріс мазмұны:

1. Қазақтың халықтық тәрбиесі жайлы орыс және батыс европалық

ғалымдардың ой - пікірлері.

2. М. Дулатов, А.Байтұрсыновтың тәлім- тәрбиелік тағылымдары

XIX ғасырдың II жартысымен XX ғасырдың басында қазақ жері Ресей империясының қарамағына түгелдей қосылып болды. Патша үкіметінің отарлау саясаты арқылы халықты қан қақсатты. Өлкеге ішкі жақтан қоныстанушылар ағыла бастады. Ел билігі мен қатар жер билігі де патша әкімдерінің қолдарына көшті, жекелеген өнеркәсіп, сауда-саттық, ақша қатынасы дами түсті. Қала мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Уфа, Қазан, Тәшкен қалаларында кітаптар мерзімді баспасөздер пайда болды. Ғылым мен мәдениетке қазақ жастарының ынтасы арта түсті. XX ғасырдың басында қазақ даласына орыс жерінде басталған революциялық дүмпулердің ықпалы да әсер етті.

Осындай жағдайда өлке халқының сана - сезімі ояна түскен қоғамдық аренаға қазақтың ағартушылық идеялары бой көтере бастады. Осы кезеңде өмір сүрген халқымыздың аяулы перзенттері, ағартушы - демократ ойшылдары туған халқының бақытты өмірге қолы жетуі үшін аянбай ат салысты. Олар әсіресе, жастарға зор үміт артып, ақыл-кеңестерінің бар нәрлісін соларға бағыштады. Оку-ағарту жолындағы ізгі ниетті істер сол кездің өзінде-ақ дала тұрғындарының қоғамдық прогреске қарай аяқ басуында ерекше ықпал жасады, өз халқының ізгі ойы мен асыл арманының жаршысы, жастарды білімге, мәдениетке, өнер биігіне шақырған асыл жандардың ағартушылық идеяларының негізгі, әрі өзекті арнасы педагогика мен психология мәселелерінің төңірегінен табылуы кездейсоқ жәйт емес еді.

М. Дулатовтың артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі елдің әдет-ғүрпы, дәстүр-салты, тәлім-тәрбиесі мен үлгі өнегесі, өзіне тән эстетикалық, этикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритқа толы сан-алуан нақты деректермен безендіріле баяндалған. Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, - дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. Бұл автордың төмендегі түйіндеуінен жақсы аңғарылып түр: «Тумысында қанша зеректік болса да, - деп жазды М. Дулатов, - ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатына не нәрсеге шеберлік барлығын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге көрінеді... жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанын да көріп түрғандай боласың...».

Халқымыз егемендікті аңсап жатқан қарбалас шақта жас өркендерді жерге шырылдап түскен кезден есейіп есі кіріп болғанға дейін аралықта ана тілінің уызына ғана жарытып қоймай, олардың ұлттық рухпен, салт-дәстүр, әдет-ғүрыптан мейлінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет. Бастауыш мектепте алған тәрбие кейін қай ұлттың медресесінде оқыса да, қай ұлттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлттық рухы жасымайды. Қайда болса да тіршілігінде қандай ауыртпалық түссе де ұлт ұлы болып қала береді. Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбие беру... М. Дулатовтың тәлім-тәрбиелік тағылымдарынан қазіргі күн талабы мен ұштасатын тағы бір кесек ой - ол жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу. Қазіргі қазақ жастарының тәрбиесінде көлеңкелі келеңсіз жақтардың белең алуы тәлімгер қауымға жас буынды жөргегінен мейірімділік пен имандылықа тәрбиелеу қажеттігін күн тәртібіне қойып отыр. М. Дулатов жұртты оқуға, білім алуға тартқан кезде бір жағынан діни оқуды да жатсынбау қажет деген. Ұлы ағартушының оқу-ағарту майданындағы ерекше көзге түсуі 20 жылдардың орта шеніндегі латынша немесе арабша әріпті алу мәселесінің төңірегіндегі айтыс кезінде көрінді. Оның «Бүкіл шығыс елінің мәдени мұрасы араб әрпімен жазылған, егер де дүрмекпен латынға көшсек біз бұл байлықтан мүлде қол үзіп аламыз», дейтін пікірінің шындық екендігіне бүгінде дау айтатын адам болмаса керек.

Белгілі қоғам қайраткері, ғұлама түрколог, жазушы, публицист, ағартушы - педагог Ахмет Байтұрсынов өзінің барлық саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, мектеп ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол ауыл мектебінде, семинарияларда бала оқытты, оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында көп ізденді. Байтұрсыновтың алғаш ағартушылық ой-пікірлері сонау 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастайды. Ол туған халқының ғылым-өнерге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте де үйренетін білім сондай керек», - деп жазды. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі жағдайы оның қабырғасына қатты батты.

Бұл жөнінде «Әуелі ауыл мектебінен басталық. Осы күнгі ауыл мектептерінде оқуға керекті құрал жоқ, оқыта білетін мүғалімдер аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары.Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі...» деп, ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, орыс школдарында тәртіпте бар, құрал да сай, мөлшер жоспар бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бүлдіріп отыр. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Бұл қазақ даласында патшалы Ресейдің отарлау саясатының қалай іске асырылып жатқанын әшкерелейді.

А.Байтұрсынов «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 62 санында «Мектеп керектері» деген мақаласында ең әуелі мектепке керегі - білімді, педагогика мен методикадан хабардар мүғалім, екінші - оқыту ісіне сай құралдардың болуы, үшінші - мектепке белгіленген программа, әр іс көңілдегідей болып шығу үшін оның үлгісі я мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз я өлшеусіз істелген іс - солпы я артық, я кем шықпақшы ..» деп оқытудың дидактикалық принциптерін түңғыш ғылыми түрғыда нақтылы белгілеп берді.

А. Байтұрсынов мүғалімдерді педучилищелер ашып арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келді де, ондай оқу орнының әзірге қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерінен не қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын мүғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген үсыныс жасайды. Медреседе оқығандардың педагогика, әдістемеден хабарсыз екенін, ал орыс мектептерін бітіргендердің мұсылманша хат білмейтінін қынжыла сөз етеді. Олардың білімін жетілдіру мақсатында жаз айларында 1-2 айлық қысқа мерзімді курстар ашуды ұсынады.

А. Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы, ол - қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салады. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен методикалық кітапша шығарды. Мұнда автор мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді.

Сөйтіп ғұлама - ғалым өз алдына жүйелі бағдарлама қойып, бұларды біртіндеп шешуге кірісті.

Әрі аудармашы, әрі ақын, әрі қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым А.Байтұрсыновтың сан салалы еңбегіне арнап оның 50 жылдық тойына жазған мақаласында М.Әуезов былайша баға берген еді. «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған әдебиеттегі орны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер - білім, саясат жолындағы қажымас қайраты тарих ұмытпайтын істер болмақ. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ интеллигенциясы Ахаңның еңбегінің өнімді болуын тілеуден жалықпайды» /1923ж. «Ақ жол» газетінен/

Қазақ халқының абзал ұлы XX ғасырдың бас кезіндегі демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ең ірі, беделді көшбасшыларының бірі А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениеті, тәлім-тәрбие, оқу ісі тарихына сіңірген орасан зор еңбегінің тарихтан өшпес орын алатынын бүгінгі демократия мен әділеттілік салтанат құрған дәуірде өмір шындығы дәлелдеп отыр.

А.Байтұрсынов психология ғылымы саласынан да өзіндік пікірлерімен дараланады. Әдебиеттану ғылымына қатысты пікірлерінде де психологияның теориялық қисындары үшін іздесе таптырмайтын әдістемелік боларлықтай түйін мол.

А.Байтұрсынов адамда жазу дағдысының қалыптасу жолын да психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. Ол сөзді жазғанда немесе оқығанда кейін (дағдыланған соң) кісі тұтасынан бейнелейді дейді. «Сауатты адам, - дейді автор, - жазғанда қол дағдысымен жазады. Жазып отырған сәтте әр әріпті ойланып жазбаймыз, қолымыз дағдыланған күйімен кетеді. Неғұрлым сауаты көбірек ашылған адам болса, неғұрлым жазуды көп жазатын адам болса, онда оның көз бақылауынан көрі қол дағдысы басым болмақ, оқыған уақытта көзге күш түссе, жазған кезде етке күш көбірек түседі». Ахаңның осы түйіндері психологияда оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарына негізделген. Мұны психологиядан аздап хабары бар адам, арнайы түсініктемесіз-ақ ұға алатыны хақ. Латынша жазуда қолға күш түсетінін А. Байтұрсынов орыс психологы П.П.Блонский зерттеулері арқылы түсіндіреді. Блонский жазғанда қолдың талу-талмауына ерекше көңіл аударған. Жазу кезінде қолдың талмайтындығы саусақтағы ұсақ бұлшық еттерге байланысты деп түсіндіреді. Ғұлама ғалымның телегей-теңіздей рухани мұрасында осы айтылғандардан басқа да психологиялық мәні терең ой тұжырымдары көптеп кездеседі. Осыларды саралап зерттеп, халық игілігіне айналдыру қазақ психологтарының келешектегі абыройлы міндеті менпарызы болмақ.

Дәріс