Дала», «Жаңа туған», «Мәйек», «Жорық», «Кәнпеске», «Кеңес» поэмалары

 

І.Жансүгіров - қазақ поэзиясында поэма жанрын қалыптастыруда үлкен еңбек еткен ақындардың бірі.Баспаға әзірлеп үлгермеген, қолжазба күйінде қалған және жоғалып, бізге жетпеген немесе кезінде жарияланып, қазіргі таңда табылмай отырған поэмаларын түгелдей санасақ, ұзын-ырғасы жиырмаға жуық болып қалады. «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан», «Байкал», «Рүстем қырғыны», «Мұз қала» атты поэмалары қолжазба күйінде қалған.

Қазақ Мемлекеттік Орталық мұрағатта 172 жолдан тұратын «Құсбегінің айналасында» дастанының қолжазбасы сақталған. Онда Ілияс «1919 жыл, 9 март» деп қол қойған.

Ақынның ұлы Саят Жансүгіров «Құлагер ақынның құсасы» («Жас қазақ» газеті, 2007ж. 27шілде, №29 (133) атты сұхбатында: Әкемнің «Мұз қала» атты поэмасы болған, бірақ ол жарық көрмеген. Онда ол кісі 1925 жылы Қазақстан басшысы болып келген Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісін» астарлап, әшкерелеуді мақсат тұтқан. Поэманың оқиғасы мынадай: бір елді басқаруға келген басшы елдің тұрмысын көріп: «мыналар не деген бай халық, түк істемейді! Бұларды бір жерге алып барып, жер жыртқызу керек», - дейді. «Оларға баспаны қайдан тауып береміз?» деген басшылыққа «бұларға баспана не керек, әлгі эскимостар секілді мұздан үй жасап берейік, сонда өмір сүре берсін» дейді. Сөйтіп, ол ойын жүзеге асырып, адамдарды бір қап тары беріп, мұздан үй жасап беріп, айдалада тастап кетеді. Содан келесі жазда бір-ақ есіне түскен басшылар хабар алуға келсе, бір қап тарыларын да тауыспастан халық түгелдей қырылып қалыпты.

Сол кезде Жазушылар одағын басқарып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Мұз қаласы» поэмасының астарында жатқан мағына да Кеңес өкіметі қазақ халқының өлігінің үстіне тұрғызылғанын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясы болды. Себебі, ел ішінде «ананы алып кетіпті, мынаны алып кетеді екен» деген дүрбелең шақ туғаннан-ақ күндердің күнінде өзіне де тықыр таянатынын сезді. Сондай-ақ жазған туындыларының да тағдыры талдауға түсетінін де білді. Бірақ сонымен қатар ол өз шығармаларын іздейтін саналы ұрпақтың өмірге келетініне сенді.«Мұз қала» деген мұрағатта жатқан дастанда айтылатын ой Ілекеннің 30-жылдардағы ойының қандай болғандығына куә»,-дейді қызы Ильфа Жандосова-Жансүгірова.

Кеңестік тақырыпқа жазылған Ілияс поэмаларының бірі - «Бақытты Жамал» поэмасы(1930ж.). Мұнда автор қазақ әйелдерінің тағдырын суреттейді. Поэмада ақын тең құқыққа ие боп, ерлермен қатар күресіп жатқан қазақ әйелдерінің жарқын бейнесін жасайды. Социалистік құрылыстың белсенді қайраткері еңбекші азамат - әйел образын әдебиетке әкелді.

Ақынның 1932 жылы жарияланған «Қуат» атты поэмасында социалистік индустрияның өркендетілуі, кеңес адамдарының күрес жолы сөз болады. Сол кездегі бүкіл одақтық электр қуатының ордасы Днепрогэс алыбын жырлаған. Жаңа, тың екпін, леп, серпін сезіледі. «Қуат» поэмасының жариялануы жайлы екі түрлі дерек бар: 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған; 1933 жылы Ұжымдық жинақта жарияланған.

Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаянында әлі белгісіз беттер, ақтаңдақ тұстар жетіп артылады. Әсіресе, оның 1920-1930 жылдардағы газет-журналдарда, жекелеген әдеби жинақтарда жарияланған көбі ұмытылып, ескерусіз жатқан өлеңдері мен очерктері, мақалалары мен әңгімелері баршылық.

Бізге ел аузынан жеткен Ілияс Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасының қолжазбасы әлі күнге табылмай отыр. Поэма 1964 жылы Алматы облысы, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде «Қызыл таң» совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазылып алынып, жарияланады. Сейдахмет Мұқаметше «Сұңғыла, сұлу жан» мақаласында Ілиястың 70 жылдық мерейтойына келген Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге Ақсу өзені маңын аралатып жүріп айтқан Ғали Ормановтың әңгімесін келтіреді: «...Анау тұрған шоқыны «Үкілі төбе» дейді. Оның түбіндегі шұратты Шилікемер деп атаған. Ілиястың өмір бойы әндетіп жүретін «Шилі өзен қамыс-ай» әні осы тұста туған. Онда Қайнардың Қангелді деген табынан шыққан асқан бір сұлу қыз болды. Ағамыз оған өлердей ғашық еді. Қыздың сотқар ағалары Ілиясты ауылға жолатпай, ақырында қарындастарын басқа біреуге ұзатып тынады. Ақынның «Қолбала» поэмасы осы сәтте туған еді». (Кітапта: Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. 230-233беттерде.) «Сұлу қыздың сыры» өлеңі мен «Қолбала» атты поэмасы осы кезеңге дейін бірде-бір жинағына енбеген. Ақындық жолының алғашқы кезеңінде жазылған жоғарыда аталған поэмалары жинақтарына енбегендіктен әлі күнге дейін зерттеу нысанына да ілінбей отыр.

«Мақпал» поэмасы 1920-жылдың басында жазылған. Бұл ақынның жоспарлауынша, «Сұлушаш» сияқты көлемді шығарма болмақ- тұғын. Бірақ бізге жеткені 377 жол ғана.

Албан Асанның өлеңдерін жинап, 1934 жылы «Албан Асан сөздері» деген алғы сөзбен «Ақырзаман» деген жинақ қып шығарады. Ақынның «Мақпал» поэмасында айтылатын молда осы Асан ақын.

Поэмадағы қырғыздың Бұғы руы туралы, Тазабек және Саурық батырлар туралы мынандай деректер келтіріледі: «Қытайға шектес елдегі Бұғы қырғыздары, қазақтың албан руы орысқа көпке шейін бағынбайды. Албандағы Құрман Саурық Албанды орысқа бағындырмай, ажыратып алғысы келеді. Өзіне ерген Албанды көшіріп, Құлжа маңайына көшеді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады». Сауырықтың ұлы Ұзақ батыр - поэманың басты кейіпкері Мақпал қыздың әкесі, «Ұзақ – мұз, Ұзақ – аю, Ұзақ - батыр» деп суреттеледі. Жазбаларда Ұзақтың абақтыға жабылғандығы туралы деректер бар. Бұл – поэманың таза тарихи деректерге негізделгенін айғақтайтын материалдар. Бұлар – поэманың таза тарихи деректерге негізделгенін айғақтайтын материалдар. «Мақпал» поэмасы «Әйел теңдігі» журналының 1927 жылғы 10-11сандарында жарияланған.

«Рүстем қырғыны» поэмасы1926 жылдары жазылған. Жетісудағы атақты Тұрысбектің болыс болған баласы Құдайберген Ілиястың сұрауына орай 1924 жылы 19 қарашада шағатай жазуымен жауап хат жазады. «Бізден сұраған сөзіңіз: Рүстем төренің қырғыз һәм қай нәсілден екені. Рүстем төре осы күннен жүз жыл шамасында бұрын туған. Хандардың тұсында зекетшілерін өлтіріп, ауылымен көшіп қашып келген. Шу мен Іленің арасындағы жолмен құдық-құдыққа ит өлтіріп тастап, салған себебі: артымнан қуған кісі болса құдықта ит жатқанын көріп, су іше алмай қайтып кетсін деген амалы екен. Ақырында сол ақылы дұрыс келіп, қуған сарбаздар құдықтағы итті көріп, жолдан қайтып кетіпті. Рүстем төренің анық қай тұқымнан екенін біле алмадым. Ол заманда үйсін, найман бір-бірінен мал қуып, барымта, қуғын-сүргін қылып жүреді екен. Хат осылай жалғаса береді. Ақын өзінің «Рүстем қырғыны» атты поэмасын осы деректер негізінде дүниеге әкелген. Поэмадағы бас кейіпкер Рүстем төре-Абылай ханның төл перзенттерінің бірі.

Ангара мен Енисейдің махаббаты жайлы аңыз желісіне құрылған Ілиястың «Байкал» поэмасы 1937 жылы жазылған.

Ән мен күйдің образын ақын талайөлең, жырларына да кірістіріп, ылғи көтеріңкі леппен бейнелейді. Ол домбыра туралы арнайы үш өлеңжазған. Қазақтың ежелгі сүйікті музыкалық аспабын тақырып еткенде, Ілияс осы аспапқа және сонымен бірге ән, күйге деген өзінің ыстық сүйіспеншілігін жеткізуді мақсат еткен. Осы сезім «Күй» поэмасына (1929) арқау боп тартылған. Бес тараудан тұратын, бірақ басынан аяғына дейін біртұтас тартылған оқиға жүйесі жоқ, сюжетті әрекет пен лирикалық толғаныс қатар келіп отыратын «Күй» поэмасы «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 11-12 нөмірлерінде жарияланған.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі Кенесары хан мен оның немере қарындасы Қарашаштың Жетісуға келген кезіндегі оқиғаға құрылған, еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім, пәни тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбын көтерген «Күйші» поэмасы 1935 жылы ақынның «Күй» жинағында жарияланған.Он жеті тараудан тұратын «Күйші» поэмасын ақын бауыры жазылып, еркін көсіліп, заулай шырқаған, шашасына шаң жұқтырмай тұрған кезінде дүниеге әкелген.

Қазақ халқының аяулы ұлы, әділетсіз заманда жапа шеккен, трагедиялы өмір кешкен Ақан сері өмірін суреттейтін «Құлагер» поэмасы-Ілияс шығармашылығының биік шыңы. «Құлагер» поэмасы жарияланған «Социалды Қазақстан» газетінің 1936 жылғы 12 қарашадағы 260-ші санының қиындысын жазушы Сапарғали Бегалин ағамыз қиын кезеңде 20 жыл бойы жастық тысының ішінде жасырып келіпті.

Ілияс жас кезінен әкесі арқылы Махамбеттің өлеңдерін жатқа білген. 1935 жылы қарашаның 15-інде өз қолымен жазған өмірбаянында: «1918 жылдан Абай, Шәңгерей, Байтұрсынов, Дулатов, Қарашев, Құдайбердиевтердің жеке шығармаларымен танысуға мүмкіндік болды»,-деп жазады. Бала кезінен қасиетті қобызшы Молықбай күйлерінің әсерінен сезімтал болып өскен Ілиястың күй құдіретімен «тас балқытқан» суреткердің күй атасы Құрманғазы туралы толғанбай кетуі мүмкін емес еді.

1934 жылы ол Қазақ ССР Халық Ағарту Комиссариатының жолдамасымен Исатай- Махамбет көтерілісі және тарихи фольклор үлгілерін жинау мақсатында Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Самара, Қазан, Астрахань, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында іссапарда болады. Еділ бойындағы Астрахань, Саратов, Самара қалаларын аралай жүріп, ауылдардағы «Исатайға жүйрік» көне – көз қариялардың және ақын – жыраулардың аузынан, күйшілердің мұрасынан «Көбік шашқан» поэмасына материалдар жинайды. Соның негізінде 1937 жылы «Көбік шашқан» және «Исатай» поэмаларын жазады.

«Исатай-Махамбет» тақырыбына байланысты Ілиястың бірде-бір еңбектері көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Тек ақын ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» (наурыздың 10-ы, 1959ж.) газетінде «Аяқталмаған екі дастан» тақырыбымен «Көбік шашқан», «Исатай» поэмалары жарық көрген.

1928 жылы Қазақстанда ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудару сияқты шаралар жүргізілді. Жансүгіров те республика өміріндегі осы оқиғаға үн қосып, баспасөзде бір топ өлеңін және 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Кәнпеске» атты поэмасын жариялады.

Ақынның 1929 жылы жазылып, 1931 жылы жеке кітапша болып басылып шыққан «Мәйек» поэмасында ауыл өміріндегі жаңалық пен адам санасындағы өзгеріс жайы әңгімеленеді. Жаңарған ауылдың ұйымдасқан күші мен қуанышқа бөлеген еңбегі суреттеледі, техникамен қаруланған, үлкен өнерге құлаш сермеген ауыл бейнеленеді. Автордың Мәйек деп отырғаны – қазақ ауылында жаңадан құрылған колхоздың аты. «Мәйек» бұл арада ұйытқы мағынасында алынған. Алыста жүріп, көптен бері ауылына келмеген ақын поэманың лирикалық кіріспесінде жаңарған даланы, бақытты адамды көргендегі өзінің өн бойын билеген сезім күйін шертеді. Ақынның көзіне «қала салған, бақ екен, қуаң қырын көгерткен» жаңа колхоз ауылы шалынады.

«Ниагар құламасының тулаған толқынды дүлей күшіндей» (Б.Кенжебаев) «Дала» поэмасы «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылғы 13-29 қыркүйектегі санында басылған. Қазақстанның он жылдығына арналып жазылған «Дала» поэмасында ақын қазақ халқы тарихын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан бастап, Ұлы Октябрь революциясының жеңісіне дейінгі елеулі кезеңдерге шолу жасайды. Поэманың өн бойына араласып отыратын, оқиғаларды жанды көрсететін тарих шал мен халықты негізгі кейіпкер етіп алады. Поэма қазақтың ежелгі толғау, жыр үлгісіндегі дәстүрдің негізінде туған.

«Жаңа туған» поэмасы 1933 жылы жазылып, 15 қарашада соңғы нүктесі қойылған.1934 жылы поэманы Қазақстан Көркем әдебиет баспасы жеке кітап етіп басып шығарады. «Жаңа туған» поэмасында айтылатын «Еңбекші талап» колхозы - жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінде сол кездегі Алматы округі, Қастек ауданында алғаш ұйымдасқан колхоз. Ілияс Жансүгіров сол колхозда болып, «Еңбекші талаптың» өмірінен «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде» атты бірнеше әңгіме және «Жаңа туған» поэмасын жазған. І.Жансүгіровтің «Жаңа туғаны» - публицистикалық поэма.

Академик Шмидт бастаған Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеуші атақты челюскиншілер жорығын, олардың ерлігі мен батырлығын дәріптеп, ақын «Жорық» (1935) атты поэмасын жазды. Поэмада «Челюскин» атты мұз жарғыш кеменің Ленинградтан аттанып, терістікке бет алған сапары, оның Мұзды мұхитта апатқа ұшырағаны, мұз тұтқынында қалған челюскиншілерді ержүрек кеңес ұшқыштарының құтқарғаны баяндалып, сол қиын-қыстау кезде ерліктің, батылдықтың, адамгершіліктің тамаша өнегесін көрсеткен қайратты адамдардың тартымды образдары жасалады. Мұз тұтқынынан аман қалып, терістікке жол салған қаһармандардың ерлік қимылы мен қажырлы күресі романтикалық пафоспен суреттелген. Поэмада табиғаттың құпия сырын ашып, оны жомарт ететін де кеңес адамдары деген үлкен түйіндеу жасалған. Поэма осындай өрелі философиялық ойға құрылғанымен, челюскиншілер көркем бейне дәрежесіне көтеріле алмаған. Жорық поэмада баса айтылып, адам образдары көп жағдайда қағыс қалған.

«Кеңес» поэмасы Ілиястың «Жаңа жыр» жинағында (1937 жыл) жарияланған. 1974 жылы Баламер Сахариевтің құрастыруымен «Құлагер.Поэмалар мен өлеңдер» деген Ілиястың таңдаулы шығармалар жинағы жарық көрген. Жинақта «Кеңес» поэма деп берілген де, одан кейінгі жарық көрген ақын жинақтарында өлең қатарына ауысып кеткен. Көлемі - 204 жол, яғни 51 шумақ. Есім мен Нұршайдың махаббаты, Ғалидың Есімді кескілеп өлтіруі, Есімнен тұяқ қалып, оның атын Кеңес деп қойып, сол Кеңестің құрметіне колхоз атының қойылуы және «Кеңес» колхозы адамдарының бақытты тұрмысы жайлы жазылған сюжетті поэзиялық шығарма неге «поэма» деген атауынан айырылып қалғандығы түсініксіз жайт. 1958 жылы жазылған мақаласында Сағынғали Сейітов оны поэма ретінде қарастырады.