Яң және қылшық жүнді қой тұқымдарын бонитировкалау

Қой тұқымын асылдандыру жұмысының мақсатына байланысты жеке немесе топты (классты) бонитировкалау жүргізілуі мүмкін. Аталық қошқарлар, асыл тұқымды шаруашылықтың барлық алынған төлі, сапасын тексеруге қойылған аталық қошқарлардың ұрпақтары, барлық асыл тұқымды қозы қошқарлар, сатуға арналған мал жеке бонитировкадан өтуі міндетті.

Толық жеке бонитировкадан өтетін мал құйрықты ұяң және қылшық жүнді қойларға әдейі жасалған селекциялық белгілерді анықтайтын ережеге сәйкес бағаланады. Кейбір мал қысқартылған бонитировка тәртібімен өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда малға баға тірі салмағы, дене бітімі мен пішіні, құйрық көлемі, салмағы, жүніне қарай қорытып баға беріледі.

Барлық құйрықты, майлы құйрықты қойлар үш класқа-элита 1,2, ал дегерес пен қазақтың ұяң жүнді қойлары төрт класқа бөлінеді (элита, 1,2,3).

Дегерес қой тұқымы. Элитаға тұқым стандартынан дене бітімі мен өнімдік қасиеттері анағұрлым жақсы, жүні ақ қойлар жатқызылады.

І класқа ірі, денесі жақсы дамыған, бітімі мықты, етті-майлы қасиеттері жоғары малдар жатқызылады. Құйрығы орташа, салпақ емес, жүні ақ, ақшыл штапельді-тұлымды, тұлымды қайратты, серпімді қалыпты жылтыр, орта толқынды. Тұлымдары қысқа, азғана қылшығы бар, олар жалпы жүннен ұзындау. Жалпы малда боз-қоңыр түсті қойлар кездеседі.

ІІ класқа дене бітімі сөлекеттеу, басқа көрсеткіштері 1 класс малына жақын қойларды жатқызады. Аздап жүн сапасы төмендеу болуы мүмкін. Жабағысы тұлымды болады. Жүні ақ, ақсұр, ұзынырақ қаттылау тұлымнан тұрады, құрғақ, өлі талшықтары да болады.

ІІІ класқа денесі кішірек, бітімі нәзіктеу, етті-майлылық белгілері төмендеу, пішініде кейбір кемшіліктер болуы мүмкін. Жүні ұяң, әртүсті.

Жоғарыдағы талаптарға сай емес малдар бракқа шығарылады.

Қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы. Элита класына тұқым стандартынан (І класқа тән) дене бітімі мен өнімдік көрсеткіштері белгілі мөлшерде жоғары малдар жатқызылады.

1 класқа стандарттық талаптарға толықтай сай малдар жатқызылады. Олар дене бітімі мықты, еттік-майлылық қасиеттері жақсы дамыған, басы орташа, аздап тұмсығы дөңес, аналығы тоқал, аталықтарының кейбірінде мүйіздің орны бар, мойны орта ұзындықта, етті. Шоқтығы, арқасы түзу, сегіз көзі жалпақ. Көкірегі кең, терең, аяқтары түзу қойылған, мықты. Құйрығы үлкен, орташа дұрыс қойылған, салпақ емес.

Жүні әртекті, тұлымды, ақсұр, ақ. Тұлымының ұзын жүндері аралық талшық пен жіңішке қылшық, ал астыңғы жағында түбіті мол, аздаған құрғақ және өлі талшық кездеседі. Басының жүні желке жағында ғана, жүн түсі сұр, қоңыр болады.

2 класқа орта көлемді, дене бітімі мықты, кейде сөлекеттеу, еттік-майлық сапасы жақсы, ақсұр, ақ жүні бар мал жатқызылады.

3 класқа жоғарыдағы талаптарға жетпейтін, нәзіктеу бітімі бар, кейбір пішін кемшіліктері бар, жалпы қанағаттанарлық мал жатады.

Бұл көрсеткіштерге жетпейтін мал жарамсыздыққа шығарылады.

Еділбай қой тұқымы - үш класқа бөлінеді. Элита класына дене бітімі, еттік-майлық қасиеттері жақсы дамыған тұқым стандартынан анағұрлым артық көрсеткіштері бар мал жатқызылады.

1 класқа стандарт талабы толық орындалатын мал жатады. Олардың дене бітімі мықты, сүйегі жақсы дамыған, қошқарлары аздап сөлекеттеу, басы орташа, тұмсығы аталығында дөңес, тоқал. Мойны орташа етті, көкірегі кең, терең. Шоқтығы, арқасы түзу, белі, сегізкөзі жалпақ. Аяғы ұзын, түзу, тұяғы мықты. Құйрығы үлкен немесе орташа, мықынына дұрыс тартылған, өте солпы емес. Жүні тұлымды, түбіті мен аралық талшығы басым, қылшығы жуан емес. Бірен-саран құрғақ және өлі талшықтары бар. Түсі қоңыр, сұр және қара.

2 класқа көлемі орташа, бітімі нәзіктеу, жүнінде қылшығы көптеу мал жатқызылады.

Сарыарқа қой тұқымы - үш класқа бөлінеді. Элита класына дене бітімі, еттік-майлылық қасиеттері тұқым стандартынан көрнекті дәрежеде артық малдар жатқызылады. 1 класқа тұқым стандартына сай мал жатқызылады. Олар дене бітімі мықты, сүйегі берік, басы орташа, тұмсығы дөңестеу, тоқал. Мойны етті, көкірегі кең, шоқтығы, арқасы түзу, белі, сегізкөзі жалпақ. Құйрығы орташа. Салпы емес. Аяғы мықты, түзу, тұяғы қатты. Жүні ақ, ақсұр, тұлымды, негізінен аралық талшық пен түбіттен тұрады. Қылшығы өте қуатты емес. Аздап өлі құрғақ талшық кездеседі. 2 класқа стандарттан төмендеу, кейбір пішіндерінің көрсеткіштерінде кемшілігі бар мал жатқызылады.

Бұл талаптарға сай емес мал жарамсыздыққа жатқызылады.

 

54-Кесте. Ұяң қылшық жүнді құйрықты қой тұқымдарының стандарттары(І класс талаптары)

Тұқым аттары Көрсеткіштер аталық аналық
ірісі 15 айлық ірісі 15 айлық
Еділбай Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 3,0 1,5 2,0 1,0
Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 2,5 1,2 2,0 1,0
Сарыарқа Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 3,0 2,0 2,5 1,5
Дегерес (ұяң) Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 3,3 2,8 2,5 2,3
Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қойы Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 3,0 1,5 2,2 1,2
Сараджы Тірідей салмағы, кг Жүн түсімі, кг 5,0 2,9 3,5 2,4