Туберкулез жағдайларын тіркеу мен есепке алуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

166. Әрбір алғаш анықталған туберкулез жағдайы тіркелуге және есепке алынуға жатады.

167. Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасының аумағындағы басқа да адамдар оларда туберкулездің белсенді түрі алғаш анықталған кезде есепке алуға жатқызылады.

168. Туберкулезбен ауыратын науқастарды есепке алу және тіркеу науқастың тұрақты мекенжайына қарамастан ауру анықталған орны бойынша жүргізіледі.
169. Барлық шоғырлану түріндегі белсенді туберкулез диагнозы өмірінде алғаш рет қойылған әрбір науқасқа хабарлама - № 907 бұйрықпен бекітілген № 089/е нысаны толтырылады, ол үш күн мерзімде туберкулезге қарсы ұйымға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі. Өліміне себеп болған «белсенді туберкулез» диагнозы өлгеннен кейін қойылған жағдайда диагнозды дәрігер-фтизиатрдың растауы және № 089/е нысаны берілуі қажет.

170. Бактерия бөлетін туберкулезбен ауыратын науқас анықталған кезде № 089/е нысанындағы хабарламадан басқа, № 907 бұйрықпен бекітілген № 058/е нысанындағы хабарлама толтырылады, ол жиырма төрт сағат ішінде науқастың тұрғылықты жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі. № 058/е нысанындағы хабарлама бактерия бөлетін туберкулез жағдайын алғаш диагностикалағанда, туберкулездің белсенді емес түрімен ауыратын науқастарда бактерия бөлу пайда болғанда, тірі кезінде есепте тұрмаған науқастың туберкулезден қайтыс болған жағдайында толтырылады.

171. Туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштерді есептеу (сырқаттанушылық, аурушаңдық, өлім-жітім) тұрақты, көшіп-қонатын (ішкі және сыртқы) және түрме тұрғындарын есепке ала отырып, тұрғындардың көрсетілген санаттары бойынша бөлек талдаумен жүргізіледі.

172. Туберкулезбен ауыратын науқастардың барлық өлім-жітім жағдайы есепке алуға және тіркеуге жатады.

173. Науқаста алғаш рет ауру анықталған кезде туберкулез диагнозының дұрыстығын бақылауды және дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде осы жердегі туберкулез ауруының жаңа жағдайын есепке алу және тіркеу қажеттілігі туралы соңғы шешімді қабылдауды туберкулезге қарсы ұйымдар жүзеге асырады.

 

 

Туберкулездің ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 

174. Туберкулездің ошақтарын жіктеу бактерия бөлу қарқындылығын есепке ала отырып жүргізіледі.

175. Бактерия бөлу қарқындылығы:

1) қышқылға төзімді бактериялардың (бұдан әрі – ҚТБ) нақты санынан 1+ -ке дейін бірқалыпты бактерия бөлу;

2) көлемді бактерия бөлу (2+ -тен 3+-ке дейін) болып бөлінеді.

176. Туберкулез ошақтарының бірінші эпидемиологиялық тобына:

1) көлемді бактерия бөлетін науқастар тұратын ошақтар;

2) балалар мен жасөспірімдер, жүкті әйелдер, маскүнемдер, нашақорлар бар бірқалыпты бактерия бөлетін науқастар тұратын ошақтар;
3) санитариялық-гигиеналық жағдайлары қанағаттанарлықсыз, тұрмыс деңгейі төмен ошақтар жатады.

Екінші эпидемиологиялық топқа ошақта осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларында санамаланған факторлар болмаған жағдайда, бірқалыпты бактерия бөлетін туберкулезбен ауыратын науқастар тұратын туберкулез ошақтары жатады.

Мыналар:

1) туберкулезбен ауыратын науқастардың бактерия бөлуді, жол жүруді, тұрақты мекенжайын ауыстыруды тоқтатқан сәттен бастап немесе бактерия бөлетін туберкулезбен ауыратын науқастың қайтыс болған сәтінен бастап туберкулездің ошақтары;

2) ауыл шаруашылығы малдарының туберкулез ауруы анықталған туберкулез ошақтары үшінші эпидемиологиялық топқа жатады.

Туберкулез ошақтарының үшінші тобының байланыста болған адамдары бір жыл бойы бақылауда болады.

177. Туберкулез инфекциясының ошағындағы эпидемияға қарсы іс-шаралар мыналарды қамтиды:

1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 15 қаңтардағы № 19 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8339 болып тіркелген) бекітілген Инфекциялық бақылау қағидаларын сақтай отырып, туберкулезбен ауыратын науқасты туберкулезге қарсы препараттармен емдеу және стационарлық жағдайда оқшаулау. Эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтау жағдайлары болып, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен келісілген кезде амбулаториялық жағдайларда емдеуге жол беріледі;

2) науқас анықталған күннен бастап екі апта мерзімде байланыста болған адамдарды алғашқы тексеру (клиникалық - рентгенологиялық, Манту сынамасын қою, көрсеткіш бойынша жағындының микроскопиясы);
3) байланыста болған адамдарға (балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге) көрсеткіштер бойынша химиялық-профилактика жүргізу;
4) дезинфекциялауды ұйымдастыру және жүргізу;

5) науқастар мен олардың отбасы мүшелерін эпидемияға қарсы және санитариялық-гигиеналық режимдерді сақтау шараларына, жұқтырудың алдын алуға бағытталған қорғаныш қағидаларына, ағымды дезинфекция жүргізу қағидаларына санитариялық оқытуды қамтиды.

178. Ошақ науқасты емдеу «Емдеу аяқталды», «Айықтырылды», «Қайтыс болды» деп аяқталған кезде және науқас ошақтан шығарылған кезде эпидемиологиялық есептен алып тасталады.

179. Байланыста болған адамдар эпидемиологиялық есептен ошақ алып тасталғаннан кейін жыл бойы бақылауда болады. Эпидемиологиялық есептен алыну алдында байланыста болған адамдар міндетті түрде тексеруден өтеді.

180. Туберкулездің ошақтарында ошақтың эпидемиологиялық тобына сәйкес эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Ошақтарға ТҚҰ-ның және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің мамандары бірлесіп:

1) бірінші эпидемиологиялық топта тоқсанына бір реттен сиретпей;

2) екінші эпидемиологиялық топта жарты жылда бір реттен сиретпей;

3) үшінші эпидемиологиялық топта жылына бір реттен сиретпей барады.
181. Ошақта оның қауіптілігін азайтатын немесе арттыратын жағдайлар өзгерген кезде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің мамандары учаскелік фтизиатрмен бірлесіп туберкулез ошағын бірінші эпидемиологиялық топтан екіншісіне ауыстыруды жүзеге асырады.

182. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің мамандары ТҚҰ-да есепте тұрған бактерия бөлетін науқастардың нақты санымен бактерия бөлетін науқастардың санын ай сайын салыстырып тексереді. Туберкулезге қарсы ұйымдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне туберкулезбен ауырғаны алғаш рет анықталған науқастар туралы мәліметті ай сайын жолдап отырады және туберкулез бойынша есептілікті салыстырып тексереді.

183. Туберкулез ошақтарына әрбір барудың нәтижелері эпидемиологиялық тексеру картасына түсіріледі.

184. Ошақтағы эпидемияға қарсы іс-шаралар алғашқы, ағымды және қорытынды болып бөлінеді.

185. Алғашқы іс-шаралар туберкулезбен ауыратын науқасты оқшаулауды және оны даярланған қызметкердің тікелей бақылауымен емдеуді, ағымдағы дезинфекция жүргізуді және бақылауды, байланыста болған адамдарды анықтауды және оларды ТҚҰ-ға есепке қоя отырып, тексеруді қамтиды.

186. Алғашқы күнтізбелік үш күн ішінде науқасты бактерия бөлуші ретінде есепке алғаннан кейін «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының еспке алу құжаттамасының нысандары мен тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 902 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7424 болып тіркелген) бекітілген «Тубекулездің бациллалық түрінің ошағын эпидемиологиялық тексеру картасын» толтыра отырып, ошаққа алғашқы эпидемиологиялық тексеру жүргізеді.

187. Ошақты алғашқы тексерген кезде науқастың және оның отбасы мүшелерінің төлқұжат деректерін, науқастың жұмыс орны мен сипатын, оларды есепке қою үшін байланыста болған адамдардың тізімін нақтылайды. Егер бактерия бөлетін адам соңғы 4 айда басқа жерде тұрған болса, байланыста болған адамдардың тізімі сол мекенжайдағы адамдарды есепке ала отырып нақтыланады. Ошаққа қайта бару халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманының ұйғарымы бойынша жүргізіледі.

188. Халықтың декреттелген топтарының арасында туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастардың тіркелуінің әрбір жағдайында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманы осы ұйымның фтизиатрымен және медицина қызметкерімен және оның басшысымен бірлесіп акті жасай отырып, науқастың жұмыс (оқу) орны бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізеді. Қажет болғанда мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басқа да мамандары тартылады.

189. МСАК және ТҚҰ желісінің медицина қызметкерлері науқасты және отбасы мүшелерін жұқтырудың алдын алуға бағытталған сақтау шараларына оқытады.
190. Ошақты тексергеннен кейін оны сауықтыру жоспарын құрады, ол:
1) науқасты уақтылы оқшаулауды және бақылап емдеуді;

2) көрсетілімдер бойынша балалар мен жасөспірімдерге химиялық профилактика жүргізуді;

3) тұрмыстың санитариялық-гигиеналық жағдайын жақсартуды;

4) байланыста болған адамдарды тексеруді;

5) науқастар мен байланыста болған ересектерді эпидемияға қарсы және санитариялық-гигиеналық режимді сақтауға, алдымен бөлмелерді желдету, ағымдық дезинфекциялау жүргізуге оқытуды;

6) бактерия бөлетін адамды және оның отбасы мүшелерін әлеуметтік, психологиялық және ақпараттық қолдауды;

7) қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайдағы ошақтар және ошақты сауықтыру үшін қажет етілетін әлеуметтік және материалдық көмек көрсету қажеттігі туралы жергілікті атқарушы билік органдарына хабарлауды қамтиды.

191. Науқасқа «Туберкулезге қарсы ұйым контингентінің диспансерлік картасы» деген медициналық карта толтырады.

192. Туберкулезге қарсы ұйымы немесе кабинеттері жоқ ауылдық жерлерде ошақта МСАК медицина қызметкерлері жүргізеді.

193. МСАК желісінде ұйымдастыру-консультативтік жұмысты облыстық және аудандық туберкулезге қарсы ұйымдардың мамандары тоқсан сайын жүргізеді.
194. Ошақта ағымды іс-шаралар туберкулезбен ауыратын науқас үйде болғанда жүргізіледі. Бұл іс-шаралар санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық), емдік, ветеринариялық (келісім бойынша) іс-шараларды жүйелі жоспарлы жүргізуді қамтиды.

195. Ошақта:

1) ағымдағы дезинфекция;

2) балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді және АИТВ-инфекциясын жұқтырған адамдарды оқшаулау;

3) байланыста болғандарды тексеру;

4) науқасты және оның отбасы мүшелерін гигиеналық тәрбиелеу;
5) тұрмыстың санитариялық-гигиеналық жағдайын жақсарту;

6) науқасты амбулаториялық емдеуді және байланыста болған адамдарға химиялық профилактика жүргізу сапасын бақылау жүргізіледі.

196. Ошақтағы сауықтыру жұмысын ТҚҰ-ның мейірбикесі учаскелік дәрігер фтизиатрдың жетекшілігімен жүргізеді.

197. Байланыста болған адамдар туберкулезге қарсы ұйымдарда мерзімдік тексеруден өтеді. Мейірбике отбасылық және басқа байланыста болған адамдарға және алдымен балаларға, жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге, сондай-ақ туберкулезбен ауырған ауыл шаруашылығы малдарымен байланыста болған адамдарға тексеру жұмыстарын жүргізеді.

198. Туберкулез инфекциясы ошағында эпидемияға қарсы қорытынды іс-шара ошақты эпидемиологиялық есептен алып тастауды көздейді.

199. Ошақтарға барған кезде медицина қызметкерлері жұқтыру мүмкіндігіне қарсы сақтандыру шараларын сақтайды (барабар сүзгісі бар тығыз жанасатын респиратор, медициналық халат киеді және жеке гигиенаны сақтайды).
200. Науқас туралы хабар алғаннан кейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей, фтизиатр және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының басқа мамандарын тарта отырып, жұмыс (оқу) орнына эпидемиологиялық тексеру жүргізеді. Байланыста болған адамдардың ортасын және ошақ шекарасын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманы айқындайды.

201. Туберкулездің белсенді түрімен ауырған адаммен байланыста болған жұмысшылар, қызметшілер және оқушылар жұмыс (оқу) орны бойынша байланыста болған адамдарға жатады. Барлық байланыста болған адамдарды жұмыс (оқу) орнының орналасуы бойынша МСАК ұйымдарында тексереді.
202. Тексеру кезінде жұмыс істеушілердің, балалардың және жасөспірімдер құрамының тізімі, алдыңғы және ағымдағы жылдардағы флюорографиялық тексерілу күні нәтижелері нақтыланады, ошақ шегі анықталады және эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жоспары әзірленеді.

203. Флюорографиялық тексерудің алдыңғы тексеру сәтінен бастап алты ай өткен байланыста болған адамдарды флюорографиялық тексеру және балаларға туберкулин сынамасын қою эпидкөрсетілімдер бойынша жүргізіледі. Фтизиатр көрсетілімдер бойынша химиялық-профилактикалық емдеуді тағайындайды, ТҚҰ бақылау емдеуі үшін ем-шара парағы және препараттар кәсіпорынның немесе ұйымның медициналық пунктіне береді.

204. Химиялық профилактиканы, оның әр дозасын қабылдауды МСАК жүйесінің (емхана, медициналық пункт, дәрігерлік амбулатория, жалпы дәрігерлік практика бөлімшесі), ұйымдастырылған ұжымдардың (иектеп, балабақша, орта оқу орны) және санаторийлік типтегі мекемелердің (санаторийлік балабақша, санаторийлік топ, балалар туберкулез санаторийі), медицина қызметкерлерінің тікелей бақылауымен жүзеге асырады.

205. Бактерия бөлетін туберкулез инфекциясы ошақтарындағы бір жасқа дейінгі балаларға БЦЖ вакцинациясынан кейін екі ай өткен соң химиялық профилактика жүргізіледі. Химиялық профилактика сонымен қатар 18 жасқа толмаған балаларға жүргізіледі.

206. Химиялық профилактика хабардар етілген пациенттің (ата-анасының немесе баланың қамқоршысының) жазбаша ерікті келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі. Химиялық профилактика туралы деректер амбулаторлық науқастың медициналық картасына (026е нысанды), ТБ-01 туберкулез жағдайының медициналық картасына енгізіледі, «орындалған емдеуді бақылау парағы» күн сайын тіркеленеді.

207. Химиялық профилактика амбулаторлық жағдайда МСАК жүйесінің медицина қызметкерлерінің тікелей бақылауымен жүргізіледі.

208. Химиялық профилактиканың жүргізілу ұзақтығын қарсы көрсетілімдерді ескере отырып ТҚҰ айқындайды.

209. Кешенді клиникалық-рентгенологиялық тексеру нәтижелері бойынша белсенді туберкулез анықталмаған жағдайда ғана АИТВ-инфекциясы бар адамдарға фтизиатр-дәрігер химиялық профилактика тағайындайды.

АИТВ-инфекциясы бар адамдарда химиялық профилактика МСАК және ЖИТС орталықтарының медицина қызметкерлерінің тікелей бақылауымен жүргізіледі.

210. КДТ/ДАТ ТБ шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған туберкулез микобактериялары жұққан балалар мен жасөспiрiмдерге изониазидпен химиялық профилактика жүргізілмейді.

211. Химиялық профилактиканы ТҚҰ тағайындайды және мониторингілейді.

212. Білім беру ұйымдарында осы ұйымның медицина қызметкері мен оның басшысының қатысуымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманы мен фтизиатр туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастардың тіркелген әрбір жағдайына эпидемиологиялық тексеру жүргізеді.
213. Тексеру кезінде жұмыскерлердің, балалар мен жасөспірімдердің тізімдік құрамын, туберкулинді диагностиканы және өткен және ағымдағы жылдың флюорографиялық тексеру күні мен нәтижелерін нақтылайды, ошақ шекарасын айқындайды және эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспарын әзірлейді.
214. Барлық байланыста болған адамдар туралы мәліметтерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бейінді маманы тексеру үшін тұрғылықты жері бойынша МСАК ұйымына және ТҚҰ-ға береді.

215. Соматикалық, инфекциялық және психоневрологиялық стационарларда емдеуде жатқан науқаста туберкулездің белсенді түрінің диагнозы қойылғанда, эпидемияға қарсы іс-шаралардың алғашқы кешенін осы ұйымның персоналы жүзеге асырады.

216. Амбулаторлық емдеу ТҚҰ диспансерлік бөлімшелерінде, МСАК ұйымдарында немесе стационарды алмастыратын технологиялар жағдайында жүргізіледі. Амбулаторлық емдеу бактерия бөлмейтін науқастарға жүргізіледі. Тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеу жүргізу тәртібі туберкулезбен ауыратын науқастың ТБ-01 амбулаторлық және медициналық картасында толық көрсетіледі.

217. ТҚҰ немесе МСАК ұйымына амбулаторлық емдеуге жіберген кезде № 907 бұйрықпен бекітілген ТБ01 немесе IV санатты ТБ01 медициналық картасы жіберіледі.

218. Туберкулезге қарсы ұйымдар туберкулезбен ауырған науқастарды емдеу кезінде жағынды микроскопиясын және қақырықты өсірінділеп зерттеуді жүргізеді: I санаттағы науқастарды емдеу кезінде 2,3,4-айдан соң; II санаттағы 3,4,5-айдан соң, қарқынды фазадағы IV санат бойынша – ай сайын, демеуші фазасында – тоқсан сайын.

219. Диспансерлік есепке алу (бұдан әрі - ДЕ) және бақылау мына топтар бойынша жүзеге асырылады:

1) нөлдік топ (0) – белсенділігі күмәнді туберкулезбен ауыратын адамдар;

2) бірінші топ (I) – белсенді туберкулезбен ауыратын адамдар;

3) екінші топ (II) – белсенді емес туберкулезбен ауыратын адамдар;

4) үшінші топ (III) – туберкулеге шалдығу қаупі жоғары адамдар.

«0» топтағы адамдарға туберкулезге қарсы препараттарды пайдалануға жол берілмейді. Бақылау мерзімі – 6 ай. Белсенді туберкулез анықталған кезде науқас «I» топқа ауыстырылады. Туберкулин сынамасының инфекциялық этиология сипаты белгілі болған жағдайда бала «III Б» тобына ауыстырлады.

«I» топта бактерия бөлетін және бактерия бөлмейтін кез келген жайылтпаушылықты туберкулездің белсенді формасымен ауыратындарды бақылайды.

«II» топта белсенді емес туберкулезді үдерісімен адамдарды емдеу курсын сәтті аяқталғаннан кейін бақылайды.

«III» топта туберкулезбен аурудың жоғары тәуекелді адамдар бақыланады және келесі топ бөлігіне бөлінеді:

III А:

1) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамдармен байланыстағылар;

2) бактерия бөлетіндігіне қарамастан туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамдармен байланыстағы;

3) туберкулезден өлім-жітім болған бұрын белгісіз ошақтардағы балалар мен жасөспірімдер;

III Б: «туберкулез микобактериясын жұқтырған алғашқы рет анықталған»;

III В: БЦЖ вакцинасын енгізуге жанама реакциясы балалар.