Жаңартылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары

ОҚУ ЖЫЛЫНДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДА ТӘРБИЕЛЕУ-ОҚЫТУ ҮДЕРІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ТУРАЛЫ

ӘДІСТЕМЕЛІК-НҰСҚАУЛЫҚ ХАТ

 

ИНСТРУКТИВНО-МЕТОДИЧЕСКОЕ ПИСЬМО

ОБ ОРГАНИЗАЦИИ

ВОСПИТАТЕЛЬНО-ОБРАЗОВАТЕЛЬНОГО ПРОЦЕССА В ДОШКОЛЬНЫХ ОРГАНИЗАЦИЯ

НА 2016-2017 УЧЕБНЫЙ ГОД

 

Астана

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің

«Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы базасында әзірленген

2016-2017 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу-оқыту үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік-нұсқаулық хат – Астана: 2016. 23 – бет.

 

2016-2017 оқу жылында Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдарында меншік нысанына түрлері мен типтеріне қарамастан тәрбиелеу-оқыту үдерісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік-нұсқаулық хат Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандарты талаптарына сәйкес құрастырылды.

Аталған хат мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері, педагогтары мен мамандарына, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығына арналған.

 


Кіріспе

2016-2017 оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда меншік нысанына түрлері мен типтеріне қарамастан білім беру процесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы №292 қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына (бұдан әрі – Стандарт), Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (бұдан әрі – ҮОЖ) сәйкес ұйымдастырылады.

Стандартпен мектеп жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптар айқындалған.

Жаңартылған Стандарт негізінде мектепке дейінгі білім беру саласындағы ғылым мен практиканың жетістіктері, отандық және шетелдік тәжірибелер ескеріліп, «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» үш білім беру бағдарламаларының орнына Бағдарлама әзірленді.

Әдістемелік-нұсқаулық хат жаңартылған мазмұнды іске асырудың негізгі бағыттарын, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдерін, Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдайлар жасауды, мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыруды, тәрбиешілердің педагогикалық шеберліктерін арттырудың негізгі тәсілдерін қарастырады.

Аталған хат мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді және мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары, әдіскерлері, педагогтары мен мамандарына, сондай-ақ ата-аналар қауымдастығы үшін әдістемелік нұсқаулық болып табылады.

 

 

2016-2017 оқу жылына арналған Әдістемелік-нұсқаулық хаттың құрылымы:

 

1. Кіріспе

2. Жаңартылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары

3. Білім беру процесін ұйымдастырудың әдістемелік тәсілдері

4. Стандарт талаптарына сәйкес балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін жағдайлар жасау

5. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің қызметін ұйымдастыру

6. Тәрбиешілердің педагогикалық шеберліктерін арттырудың негізгі тәсілдері

7. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық құжаттардың тізбесі

 

 

Жаңартылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында айқындалған міндеттерді орындауды талап етеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасы жоғарыда аталған құжаттарда анықталған негізгі міндеттерді тиімді орындауды қамтамасыз етеді.

Бағдарламаның мақсаты: балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген сәйкес жалпыадамзаттық құндылықтарды, патриотизм мен төзімділікті тәрбиелеу.

Міндеттері:

- баланың өмірін қорғау және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны құру;

- мектепке дейінгі білім берудің сабақтастық және үздіксіз ұстанымдарын қамтамасыз ету;

- балалардың дене, зияткерлік, адамгершілік, эстетикалық, коммуникативтік дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру;

- әр жас топтарында бағдарлама материалының мазмұнын игеру бойынша мониторингті ұйымдастыру;

- мектепке дейінгі ұйым мен отбасының өзара ықпалдастығы.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың оқу бағдарламасы:

- мектепке дейінгі жастағы балалардың денесін және психологиялық саулығын нығайтуға, оларды салауатты өмір салтының құндылықтарына баулуға;

- баланы тұлғалық және әлеуметтік, зияткерлік дамытуда тәрбие мен оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын қолдануға;

- балаларды тәрбиелеу мен оқытудың тәрбиелік, дамытушылық, оқыту міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуге;

- мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қауымдастығының қажеттілігін қанағаттандыруға ықпал етеді.

Бағдарламасының мазмұны барлық жас топтарын қамтиды:

1) Бөбек жасы – 1 жастан 3 жасқа дейін:

ерте жас тобы – 1 жастан 2 жасқа дейін (ерте жастағы топ);

кіші жас – 2 жастан 3 жасқа дейін (бірінші кіші топ);

2) Мектепке дейінгі жас – 3 жастан 6 (7) жасқа дейін жас;

мектепке дейінгі кіші жас – 3 жастан 4 жасқа дейін (екінші кіші топ);

мектепке дейінгі орта жас – 4 жастан 5 жасқа дейін (ортаңғы топ);

мектепке дейінгі ересек жас ─ 5 жастан 6 (7) жасқа дейін (5 жастан 6 жасқа дейін ─ мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер тобы, 6 жастан 7 жасқа дейін ─ жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы).

Бағдарлама балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеріп, оларды жан-жақты дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бес білім беру саласы және білім беру салаларының мазмұнын кіріктіру арқылы іске асырылады.

Бағдарлама мазмұнын іске асыру жас ерекшелігі психологиясы мен мектепке дейінгі педагогика және білім беру салаларын кіріктіру негізінде жүзеге асырылады. Барлық білім беру салалары бір-бірімен байланысты: бала оқи отырып таниды; тани отырып не білгені туралы айтады; зерттеу және пайымдау барысында құрбыларымен бірлесіп әрекет етеді. Осылай білім беру салаларының өзара кірігуі және өзара байланысы балада қоршаған ортаның тұтас бейнесін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

«Денсаулық» білім беру саласының мазмұны балалардың толыққанды денесі мен психикалық дамуына, ағзаларын шынықтыруға, негізгі қимылдарын дамытуға, баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға, өзінің тіршілік әрекетінде қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға, салауатты өмір салтына баулуға жағдайлар жасауға бағытталған.

«Қатынас» білім беру саласы балалардың айналасындағы қоршаған адамдармен өзара қарым-қатынастарының коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметте қарым-қатынас жасау үшін ауызекі сөйлеуді, диалогтік сөйлеуді дамытуға, сауат ашу негіздерін меңгертуге, қазақ және басқа халықтардың мәдениеті, дәстүрлері мен салттарын құрметтеуге тәрбиелеуге, мемлекеттік тілді білуге, басқа тілдерді үйретуге, көркем әдебиетке қызығушылыққа баулуға бағытталған.

«Таным» білім беру саласы балалардың коммуникативтік-танымдық қабілеттерін, математикалық және логикалық ойлауын қалыптастыруға, қоршаған ортаға қызығушылығын, шығармашылық қиялдауын, интелектуалдық мәдениетін, табиғаттың тірі нысандарына эмпатия сезімін дамытуға бағытталған.

«Шығармашылық» білім беру саласы мектеп жасына дейінгі балаларда эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілеттерін, қиялдауын, қоршаған ортаны бақылауын және бейнелі қабылдауын қалыптастыруға, өзінің көркем түрде елестетулерін, жанашырлықтары, сезімдері мен ойлауын іске асыра білуге бағытталған.

«Әлеуметтік орта» білім беру саласының мазмұны балаларда қоғам туралы алғашқы түсініктерді меңгертуге және балаларды әлеуметтік қатынастар жүйесіне қосуға, жалпыадамзаттық нормалар мен ережелер негізінде тұлғаның әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, қоршаған ортада, әлеуметтік мәдениет негіздеріне, эмоционалдық елгезектікке, өзін жағымды ұстау және жағымды қарым-қатынас жасау қабілеттілігіне бағытталған.

Осы бағдарлама бойынша басқа балалармен бірге даму мүмкіндігі шектеулі балалар да тең айналысады. Ондай балалар үшін балабақша мен топта баланың мүмкіндіктеріне сәйкес арнайы жағдайлар жасалады: пандустардың болуы, білім беру процесін сәйкесінше ұйымдастыру (жиһаздың өлшемдері, баланы отырғызу, жарық және т.б).

Түзету жұмыстары мүмкіндігі шектеулі баланың қажеттіліктерін ескеріп, білім беру процесін жеке және саралау арқылы жүргізіледі.