Стоматологиялық ұйымдардағы үй-жайларды орналастыру мен жабдықтауға қойылатын талаптар
Санитарлық ережелер мен нормалар
Жалпы ережелер
1. Осы санитарлық ережелер мен нормалар (әрi қарай - санитариялық ережелер) стоматология саласындағы амбулаториялық-поликлиникалық ұйымдардың, бөлiмшелер мен кабинеттердiң және тiс техникасы лабораторияларының, барлық меншiктiк қалыптағы тiс дәрiгерлерiне және тiс техниктерiне, (әрi қарай - стоматологиялық ұйымдар) басшыларына, стоматологиялық ұйымдарды жобалайтын, олардың құрылысын қайтадан кеңейтудi, пайдалануды қарастыратын мамандарға, осы санитарлық ережелер мен нормалардың орындалуына Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды iске асыратын органдарға арналған.
2. Санитарлық ережелердiң талаптарын орындау жауапкершiлiгi стоматологиялық, ұйымдардың бiрiншi басшыларына, бөлiмшелердiң, кабинеттердiң, тiс техникасы лабораторияларының меңгерушiлерiне, жеке және заңды тұлғаларға жүктеледi. Стоматологиялық ұйымдар басшылары осы санитарлық ережелердiң негiзiнде жеке жұмыс түрлерi бойынша өндiрiстiк санитария жөнiндегi қауiпсiздiк техникасының нұсқауын әзiрлеуге мiндеттi.
3. Осы санитарлық ережелердiң талаптарының орындалуын бақылау Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары мен мекемелерiне жүктеледi.
Терминдер мен анықтамалар
4. Осы санитарлық ережелер мен нормаларды дайындағанда келесi терминдер пайдаланылды:
1) стоматологиялық ұйымдар - ауыз қуысы мен тiске терапевтiк, хирургиялық, ортопедиялық, ортодонттiк емдеу жұмыстарын жүргiзетiн меншіктiк қалпына қарамастан медициналық iс-әрекетпен айналысатын денсаулық сақтау саласындағы заңды және жеке тұлғалар;
2) жұқпа тарататын артифициалды механизм - адам арқылы жұқпалы ауруларды жасанды түрде тудыратын механизмдер;
3) зарарсыздандыру - сыртқы ортадағы адамдар мен жануарларда жұқпалы, паразитарлық аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған кешендi шаралар;
4) зарарсыздандыру дәрмегi - сыртқы ортадағы адамдар мен жануарларда жұқпалы, паразитарлық аурулардың қоздырғыштарын жоятын зат;
5) аурухана iшiндегi жұқпа - адамдарға ем жасап, ауруын анықтау барысында жұқтырылған жұқпалы ауру;
6) жұқпаға бақылау жасау - бұл аурухана iшiндегi жұқпаны персоналдар мен пациенттердiң арасында болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық, профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүйесi;
7) орталықтандырылған стерилизация бөлiмi - ауруханалық ұйымдар мен амбулаториялық-поликлиникалық ұйымдардың құралдарын таңу материалдарын стерилизациядан өткiзiп қаптап, өңдеп, емдеуге қолдануға арналған мамандандырылған бөлiм;
8) стерилизация - физикалық және химиялық агенттермен әсер ету арқылы затты немесе бұйымды микроорганизмдерден толықтай босату.
Стоматологиялық ұйымдардағы үй-жайларды орналастыру мен жабдықтауға қойылатын талаптар
5. Стоматологиялық ұйымдар жеке орналасқан ғимараттарда немесе осы санитарлық ереженiң және қолданыстағы құрылыстық нормалар мен ережелердiң (әрi қарай - ҚНжЕ), талаптары орындалғанда, ғимараттарға қоса жапсыра салынған, жұмыс жасауға ыңғайландырылған үй-жайларды пайдалануға болады:
1) стоматологиялық көмек көрсетудi талап ететiн мекемелерде мектептерде, тұрғын үй ғимараттарында, ауруханаларда, санаторийларда, стоматологиялық емханаларды, бөлiмшелер мен кабинеттердi орналастыруға болады. Ғимараттардың жертөлесiнде стоматологиялық ұйымдарды орналастыруға болмайды;
2) ғимараттардың жертөлесiнде қызметкерлерге арналған санитарлық-тұрмыстық қажетке керектi үй-жайларды және қоймаларды орналастыруға болады, олардың тарта-соратын желдеткiш камералары болуы керек;
3) емхананың балаларға арналған бөлiмiнiң жеке кiрiс есiгi, киiм iлгiшi, күту орны және әжетханасы болып, ересектер бөлiмiмен қатысы болмауы керек;
4) стоматологиялық ұйымдардағы рентген, физиотерапиялық кабинеттер, автоклав, электрқондырғылары және электр жүйесiнiң құрылымы және оларды пайдалану, қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлер талабына жауап беруi керек;
5) стоматологиялық (терапевтiк, хирургиялық, ортопедиялық, ортодонттік) ұйымдардағы негiзгi стоматологиялық креслоға 14 метр квадрат (әрi қарай - м2) ал қосымша креслоларға 7 м2 орын бөлуi керек. Егер қосымша креслода әмбебап қондырғы болса, жұмыс орны 10 м2 көбейтiледi. Егер табиғи жарық бiр жақтан түсетiн болса, кабинеттiң ұзындығы алты метрден аспауы керек; ;