азіргі социал-демократия қазіргі әлемдегі әлеуметтік және саяси процестерге қандай ықпал жасады?
Азақстан Республикасындағы саяси жаңару ерекшеліктері
Азақстан жаһандық әлемде өз орнын белсенді іздестіруде және саяси жаңарудың өз моделін жасап отыр. Бұл туралы мамырдың 17-і күні Ұлттық академиялық кітапханада «Жаңа Қазақстан саяси жаңару мен жаһандану үрдісі жағдайында» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев мәлім етті. Министрдің пікірінше, Қазақстан саяси жаңарудың жаңа бір кезеңіне аяқ басты. «Елбасы саяси жүйені демократияландыру жөніндегі бастамалардың тұтас кешенін, оның ішінде Парламент өкілеттігін кеңейту, депутаттардың санын арттыру және парламенттік көпшіліктің негізінде Үкіметті жасақтау сияқты бастамалар ұсынды. Осы бастамалардың барлығы өз мазмұны жағынан көлемді және стратегиялық маңызы зор», - деді министр өз сөзінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы “Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты Жолдауында еліміздегі саяси жүйені, соның ішінде саяси партиялар мен басқа да қоғамдық институттарды одан әрі дамыту мен жетілдіру керектігін атап өткен болатын. Оның үстіне, 2007 жыл Қазақстан үшін саяси жаңару жылы болды, оның соңғы нәтижесі ретінде еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге сайланғанын мақтанышпен айта аламыз.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі саяси партиялардың ұйымдастыру-құқықтық істері мен қоғамдағы демократиялық үдерістерді жетілдіруге және елді халықаралық талаптарға сай саяси жүйемен қамтамасыз етуге, олардың қоғамдық қатынастардағы рөлін арттыруға бағытталған “Саяси партиялар туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын дайындап шықты.
Заң жобасы жаңа партияны құру жөніндегі ұйымдастыру комитеті (бастамашы топтың) жұмысының мөлдірлігін қамтамасыз ету мақсатымен құрылтай съезін (конференциясын) дайындау және өткізу үшін міндетті түрде ұйымдастыру комитетін құру керектігін айтады. Сонымен қатар, заң жобасы саяси кеңістікті барынша либерализациялау мақсатын да алдына қойған. Осыған байланысты саяси партияның тіркелуі үшін партия жақтастары санының бұрынғы талап етілетін шегінің төмендегенін байқаймыз. Заң жобасы жаңа партияға түрлі даулар мен түсініспеушіліктерді болдырмас үшін бұрын тіркелген немесе заңдылықтарды сақтамағандығы үшін таратылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың атауын алуға тыйым салады.
Сонымен қатар, заң жобасы өзінің шеңберінде тіркелу тетіктерін біршама оңайлатып, жетілдіргенін көруге болады. Мұның өзін бүгінгі күннің талабын ескергендік деп бағалау керек.
Біздің еліміздің партиялық жүйесінің қалыптаса бастағанына, міне, он жылдан артық уақыт болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында республикамызда ескі жүйенің кері әсерінің күштілігінен көппартиялы саяси жүйені жасауға тәжірибеміз жетпей, ол бірден қалыптаса қоймады. Оның үстіне кеңестік жүйенің ықпалы күшті болды, әрі азаматтық қоғам дамыған жоқ. Көппартиялы саяси жүйені қалыптастыру бойынша сапалы секіріс 90-шы жылдардың ортасынан басталды. Осы кезден көптеген әлеуметтік топтар өздерінің мүдделерін айту және қорғау керектігін жақсы түсіне білді.
Осы күні Қазақстанда саяси жүйенің барлық түрін білдіретін он партия тіркелген. Атап өтетін болсақ, олар: Қазақстанның Коммунистік партиясы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, Қазақстанның “Ауыл” социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның “Ақ жол” демократиялық партиясы, “Руханият” партиясы, “Әділет” демократиялық партиясы, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы, “Азат” демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Салыстыру үшін мынадай сандарды да келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. 60,7 млн. халқы бар Ұлыбританияда 7 партия, 141 млн. халқы бар Ресейде 14 партия ғана бар. Бірақ халқының саны 8,2 млн. адамды құрайтын Австрияда 700 партия, ал халқы 5 млн. адамнан әзер асатын өзіміздің көршіміз – Қырғызстанда 80 партия тіркелген. Міне, сондықтан да партияның саны жөнінен Қазақстан көштен озып, көштен қалып жатқан жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, партияларды балалата берудің қажеті шамалы ғой деп ойлаймын. Қоғамдық өмірге ықпалы жоқ ұсақ партиялардан пайда бола қояр ма екен?
Көппартиялық – демократиялық-құқықтық мемлекеттің жалпы сипаты, бірақ әрбір елдің демократияландыру, парламентаризм және көппартиялық жөніндегі жолдары әртүрлі болады.
Саяси дамудың әлемдік тәжірибелеріне қарасақ, саяси жүйесі әбден қалыптасқан елдердегі көппартиялық мемлекеттің заңды тұрғыдан араласуынсыз, бұрыннан келе жатқан дәстүрлер мен салалық сипаттағы кейбір актілердің негізінде-ақ жасай береді. Сондықтан партиялар туралы арнаулы заң демократиялық жаңару жолына түскен, өзіндегі бұрынғы саяси-мемлекеттік институттарды түпкілікті түрде өзгертуге бет алған мемлекеттерге ғана керек. Батыс Еуропаның көптеген елдері мұндай жолдан бұрын өтіп кеткен.
Шетелдік заңнамаларда партиялық істерді реттеу жұмыстарының формалары мен әдістері ұлан-ғайыр екенін көруге болады. Мұның өзі сол елдің тарихи қалыптасу және осы заманғы әлеуметтік-экономикалық өмірінің даму ерекшеліктерімен тығыз байланысты.
Саяси партиялар мен саяси қоғамдық бірлестіктердің саяси үдерістердегі өзара және мемлекетке қатысты ұстанымы айқындықты талап етеді. Олардың бәрінің де басты мақсаты – мемлекетті басқаруға қол жеткізу. Мемлекет қоғамда қандай саяси бірлестіктер, қандай күштер бар екенін біліп, олардың Конституция мен заңдардың аясында іс-әрекет жасайтындарына қолдау білдіріп отыруы тиіс. Саяси бірлестіктер мен партиялардың іс-әрекеті мемлекетке де, қоғамға да ашық, мөлдір болуы қажет. Саяси партияларды және басқа да қоғамдық бірлестіктерді тіркеу институты осы мақсатқа қызмет етеді. Тек мемлекеттік тіркеуден өткен партиялар мен саяси бірлестіктер ғана мемлекеттің сайланбалы билік органдары үшін сайлауға түсе алады. Олар мемлекетпен өзара іс-қимыл жасап, қажетті жағдайда оның тарапынан қолдау мен көмек ала алады.
Көптеген елдердің заңдылықтары саяси партияларды тіркеу үшін барынша аз мүшелердің болғанын қанағат тұтады. Бірақ кейбір елдерде мұндай талап өте күшті болып та келеді. Мәселен, Португалияда партияны тіркеу жөніндегі петицияға 5 мың адамның ғана қол қоюы жетеді деп есептелсе, Мексикада бұл сан 65 мың адамды құрайды.
Көршіміз Ресейдің саяси партиялар туралы заңына жуырда енгізілген өзгерістері мен толықтыруларына сәйкес саяси партияны тіркеу үшін кем дегенде 50 мың адамның қолы керек болады, сонымен қатар, елдің 45 аймағында 500 және одан да көп мүшесі бар бөлімшелері болуы қажет деген талап қойылған. Соның нәтижесінде 2003 жылғы сайлауға жүздеген партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ат қоса алған Ресейде қазір 21 ғана партияның сайлану құқығы бар.
Саяси партиялардың тіркелуі үшін оның мүшелерінің ең аз деген санын нақты заңмен анықтаған елдер қатарында Швеция, Финляндия, Польша, Молдавия, Мексика, т.б. бар екенін айтуға тиіспіз. Партиялардың аймақтардағы қолдаушылары мен мүшелері жеткіліктілігін талап ету – олардың барлық сайлаушыларға да тең қарайтынын айғақтайтын фактор. Әйтпесе, кейбір партиялар топтық, жіктік топтардың ғана мүддесін қорғап, сайлауға түскісі келеді. Ондайға жол беруге болмайды.