Энтони Гидденстің құрылымдық теориясы

 

Энтони Гидденс - біздің заманымыздағы аса ірі әлеуметтанушы-теоретиктердің бірі. Гидденстің теориялық құрылымдарында әлеуметтану классикасы (К.Маркс, М.Вебер, Э.Дюркгейм) жаңа теория құрылысы үшін бастапқы нүкте болып табылады. Гидденс негізгі назарды қоғамның таптық құрылымы мәселесіне аударады.

Энтони Гидденс үшін қоғамның таптарға бөлінуі қазіргі қоғамды сипаттайтын іргелі белгі болып табылады. Сонымен қатар Гидденс үшін таптық қатынастар топтарды қалыптастыруда тек базис қана, топқа қатыстылықты анықтауға арналған “Құрылымдық негіз”. Сонымен бірге Гидденс білімнің әлеуметтік қатынастарды айқындайтындығына көңіл аудара отырып, әлеуметтік қатынастардың субъективті сәттерін атап көрсетеді.

Гидденстің ойы бойынша, қазіргі заман қоғамының екінші іргелі сипаттамасы - “модернге іштей тән рефлексивтілік”. Рефлексивтілік “модерн” дәуірі қоғамының сипаттамасы ретінде Гидденске әлеуметтану теориясын құруға болатын негіз ретінде көрінеді. Осыған байланысты ол былай деп жазады: “Бәсекелес теориялық көзқарастардың сан алуандығына қарамастан, кейбір ортақ тақырыптар табуға болады”. Солардың бірі сөз етіліп отырған көптеген мектептер, структурализмді және структурализмнен кейінгілерін қоспағанда, адам әрекетінің белсенді рефлекторлық сипатын атап көрсетеді деген ұғымнан құралады. Бұл олардың адам әрекетін жеке адамдар не бақыламайтын, не түсінбейтін күштердің нәтижесі деп қарайтын дәйекті келісім үрдістерін теріске шығаруда бір пікірде екенін білдіреді. Бұған қосымша (бұған структурализм сияқты, структурализмнен кейінгілері де кіреді) олар тілдің және когнитивтік (танымдық) қабілеттердің әлеуметтік өмірді түсіндіруде түйінді маңызын мойындайды. Тіл нақты күнделікті қызметте жүзеге асады және белгілі бір мағынада осы шындықты айқындап отырады. Ақырында жаратылыстану ғылымдарының эмпирикалық философиясының әлсіреп бара жатқан мәнінің, әлеуметтік ғылымдар үшін де терең салдары бар екендігін мойындауға тура келеді. Әңгіме тек дәйекті келісімді ұстанғандар айтатын әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдарының әлі де бір-бірінен қашықта екендігінде ғана емес. Қазіргі уақытта біз жаратылыстану философиясының әлеуметтік теорияның жаңа мектептері мүдделі болып отырған, әсіресе тіл және мағынасын түсіндіру құбылыстарын ескеру керектігін көріп отырмыз.

Қазіргі қоғам жағдайында әрекет және оны қоршаған орта жайлы әлеуметтік-ғылыми білім, әлеуметтік білімге қатысушылардың (агенттердің) игілігі болып отыр. Бұл білімді іс жүзінде өзара іс-әрекетке қатысушылардың бәрі белгілі бір дәрежеде бөлісетіндіктен, жеке-дара болудан қалады.

Гидденстің құрылымдану теориясының басты санаты ретінде әлеуметтік агент ұғымы алынады. Гидденстің түсіндіруі бойынша агент тұжырымдамасы күрделі, бұдан кейінгі теориялық конструкциялардың негізі және көзі болуға тиіс, сонымен қатар тек стратификациялық үлгі тұрғысында суреттелуі мүмкін. Бұл үлгіге үш стратификациялық деңгей кіреді: іс-әрекеттің негізделуі, іс-әрекетті ұтымды ету және іс-қимылдың рефлексивті мониторингі. Іс-әрекеттің негізделуі агентті іс-қимылға итермелейтін саналы және саналы емес тілектерді білдіреді. Негізделу іс-қимылдың өтуімен тікелей байланысты емес, ол агент ерекше әдеттен тыс жағдайға тап болғанда ғана көрінеді. Сондықтан да көптеген “кертартпалы” іс-әрекеттер тікелей негізделмеген. Іс-әрекетті ұтымды ету бәрінен бұрын жағдайды білдіретін нәрсе емес, агенттерге іштей тән нәрсе: “Мен іс-әрекетті ұтымды ету деп жеке адамдардың ескішіл және әуре-сарсаңсыз өз қызметі негіздемелерінің тұрақты “теориялық түсінігін” қолдап отыратын қабілетін түсінемін” деген қабілет процесін білдіреді. Іс-қимылды ұтымды ету өзара іс-әрекетке қатысушылардың бір-біріне деген өзара құзыретіне қатысты келісімдерін білдіреді. Адамдар не істейтіндерін біледі және олар әдетте немен айналысатындарын түсіндіріп бере алады. Әңгіме “модерн” жағдайында агент рефлексиясы әлеуметтік әрекет құрылымның маңызды құрамына айналатындығында болып отыр. Гидденс, бір жағынан, әлеуметтік және жүйелі ықпалдасудың айырмашылығынан, екінші жағынан, құрылымдану ұсынған жүйе мен құрылым айырмашылығынан көрінетін құрылымды, яғни жүйе және іс-әрекет арасындағы айырмашылықты қабылдайды. Гидденс өзінің құрылымдану теориясында бұл пікірлердің редукционизмдігін, әлеуметтік субъект пен объект дуализмін жеңуге тырысады. Қазіргі замандағы әлеуметтік іс-әрекеттің рефлексивті сипаты Гидденс еңбектерінде іс-әрекет, жүйе және құрылым ықпалдасуының мүмкіндігі ретінде көрінеді. Агенттің институционалдану процесін ұғынуы бұл процестің өтуін сипаттауға мүмкіндік береді, ал агенттің өзінің іс-әрекетіне қатысты тұрақты рефлексиясы ықтимал ықпалдасу тәсілін көрсетеді. “Әлеуметтік жүйе құрылымдануын талдау - интегративті ережелер мен құралдарды қолдану арқылы, сонымен қатар ойда жоқ себеп-салдармен байланыс арқылы ұйымдастырылатын және өзара іс-қимылмен ұдайы өсіп отыратын жүйе тәсілдерін зерттеуді білдіреді”. Бұдан біз құрылымдану теориясының негізгі міндеті әлеуметтік шындықтың объективті және субъективті жақтарын “дуальдылық” ретінде, яғни “дуальдық” ұғымдардың кіріспесіне негізделген, жүйені, іс-әрекетті және субъектіні тұжырымдайтын әлеуметтік феноменнің бұл сипаттамаларының бірін-бірі толықтыруы және қосбірліктігі, сараптау екенін көреміз.

Іс-қимыл рефлексивті мониторингі - өзіндік жеке іс-әрекеттердің, өзге адамдардың іс-әрекеттерінің, сонымен іс-қимылдың физикалық және әлеуметтік шарттарының тұрақты және үздіксіз бақылануы. Іс-әрекеттің рефлексивті мониторингі сонымен қатар агенттердің тек қана жеке іс-әрекеттерді бақылап қана қоймай, басқа агенттерден де осындай бақылауларды күтетіндігін білдіреді. Жеке адам тұлғасына қосымшада негізделу деңгейі санасыз дәлелдерге, жеке адамның танымдық қабілетіне, жеке адамның әрекет жасауға ұмтылысына айналады. Ұтымды ету деңгейі тәжірибелік сана деңгейі, ал іс-қимылдың рефлексивті мониторингі пайымдаушы сана деңгейі болып шығады.

 

Қызмет және құрылым: Джеффри Александердің

Жаңа функционализмі

 

Жиырмасыншы ғасыр түгелімен – оның бірінші жартысы да, екінші жартысы да әр түрлі әлеуметтік мектептердің теке тіресімен өтті. Әсіресе бұл функционализм, құрылымдық көзқарас және соңғы он жылдықтағы белсенді парадигма тәрізді ағымдарға қатысты. Кезінде Толкотт Парсонс бір-біріне кереғар келген әр түрлі ағымдарды және жаңа синтетикалық теория тәртіптерін үйлестіруге тырысқаны мәлім. Алайда Парсонс еңбектерінен кейін шыққан, микропроцесс сараптамасына көбірек көңіл аударуды қажет ететін символикалық интеракционизм, қазіргі қоғамдағы сараптама объектісі мен пәнін экономикалық жүйелер, мемлекет және әлеуметтік таптар сияқты макроэлементтер құрауы керек деп түсіндіретін қақтығыс теориялары Парсонстың синтетикалық көзқарасына үлкен қауіп төндірді.

ХХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында синтетикалық әлеуметтік теорияның негізін американдық әлеуметтанушы Джеффри Александер басқаша қаламақ болды.

Өзінің жаңа функционализм теориясында Джеффри Александер қызмет пен тәртіп, мәдениет пен әлеуметтік құрылым өзара байланысты бола алатын синтетикалық теория жасауға тырысты.