Жоңышқаның халық шаруашылығындағы маңызы, селекциясы

Кіріспе

Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген еңбегінде былай деп атап көрсеткен болатын: «барлық стратегиялық жоспарлардың алдында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, оны жүйелі және батыл реформалау мақсаты тұр…». «Ауыл, селоны және агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың артықшылықтары туралы» Заң қабылдау да осы мақсаттарға арналады.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту аграрлық саясаттың аса маңызды бағыты болып отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі міндеті – елімізді азық – түлікпен, ал өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ету. 2013 жылдан бастап Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, аграрлық сала дамуының әлемдік деңгейлеріне жету және индустриялы агроөндірісті қалыптастыру алдымызға қойылды. Ол бағдарлама бүгінгі таңда «Агробизнес 2020» бағдарламасы болып, өзінің қызметін қарқынды бастауда. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы еліміздің агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен қатари Қазақстанда жалпы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған.

Бүгінгі таңда республиканың агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс тиімділігінің өсуімен, ауылдағы қаржы қызметі нарығының дамуымен, ауыл халқының тұрмыс сапасының жақсаруымен сипатталады.

Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Аграрлық сектордың даму деңгейі қашан да қазақстандық қоғамның экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып келді және әлі де болып келеді. Республика экономикасы дамуының басым бағыттарының бірі бола отырып, ауыл шаруашылығы аса зор әлеует пен үлкен қорға ие.

Ел тұрғындарының 40%-дан астамының қызметi мен тiршiлiк көзi ауылдық жер болып табылады, олардың көпшiлiгi үшiн жер — негізгi өндiрiс құралы. Аграрлық өндірiстiң тұрақтылығы — елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiнiң негiзi. Астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнiмдерi — әлемдiк нарықта экспорттық өктемдiк жасауда әлеуеттi өнiмдердiң және валюталық түсiм көздерiнiң бiрі.

Бізде қазіргі таңда 180 млн. гектардан астам жайылым алқабы бар. Осындай байлығымызға қамқорлықпен қарап, оны ұтымды пайдалансақ, бұл жерлердің тиімділігіне, тіпті баға жетпейтін болады. Ол үшін біріншіден, мықты жем-шөп қорын құру қажет. Өйткені жем-шөп қорынсыз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан алдағы жылдарға маңызды мақсат - Республикада мал шаруашылығын дамыту үшін, шалғындар мен тыңайған жерлерді дұрыс пайдалана отырып, малдарды жоғары сапалы малазықтық дақылдармен қамтамасыз.

Қазақстанда мал азықтық дақылдардың егістік алқабы 3 млн. га-нан астам жерді құрайды. Мал шаруашылығы үшін жоғары ақуызды жем - шөп өндірісін арттыру мәселесінің табысты шешімі көпжылдық шөптерді өсірумен тығыз байланысты. Жем - шөп құрамындағы ақуыз тапшылығы, олардың өнімділігін ғана емес, сондай-ақ алынатын өнімнің сапасын төмендетеді. Мал шаруашылығының дамуы үшін мықты жем - шөп базасын құру қажет. Бұл мәселенің шешімі көпжылдық шөптерді пайдалануда жатыр, яғни негізгі ақуыз көзі ретінде жоңышқа және эспарцет бола алады.

Жоңышқа басқа жем - шөп дақылдарынан жоғары өнімділігімен, әртүрлі қоршаған орта жағдайында өсе алуымен, көп мақсаттарға пайдаланылуымен, атмосфералық азотты пайдаланып топырақ құнарлылығын арттыратындығымен ерекшеленеді. Жоңышқаны өсірудегі басты міндеті - мал азығы ретінде пішен, пішендеме, витаминді шөп ұнын, көк балауса дайындау. Ал мақсаты – жоғары сапалы мал азықтық өнім алу.

Жоңышқа егістігі әлемде кеңінен таралған, жер шарында оның көлемі 30-дан астам млн. га жерді құрайды. Оның ішінде АҚШ-та 10-нан астам млн. га., Аргентинада 7 млн. га. жерді алып жатыр. ТМД елдерінде 8 – 9 млн, га. жетеді, оның ішінде Украинада - 1,8 га.

Жоңышқа - ең жоғары өнімділікті өсімдік , әсіресе суару жағдайында, ол вегетациялық кезеңінде 3-4 шабындықтан кейін де өзінің құрғақ массасының 100-150 ц/га өнім бере алады. Бұршақ дақылдарының бірегей ерекшелігі - азотфиксация, яғни тамыр жүйесінің симбиотикалық қызметіне байланысты азот бекіту қабілеті. Жоңышқа топырақта 300 кг/га дейін қауіпсіз экологиялық азот жинайды.

Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында суармалы ауыл шаруашылығы тұрғысынан ауыспалы егістікте бұршақ дақылдарының егіс көлемін кем дегенде 35 % -ға дейін кеңейту, жем - шөп базасы мен топырақ құнарлылығын арттыруда басым тапсырма болып табылады. Жоңышқа мен эспарцеттің егіс көлемін арттырудағы басты мәселе, жоғары сапалы тұқым жетіспеушілігі. Жоңышқада бұл төмен тұқым өнімділігімен, тұқым өсіру технологиясын сақтамаумен, тозаңдану және тұқым байлау мәселелері және карантиндік арамшөптермен байланысты. Жоңышқа өнімділігі қазіргі жағдайда 1 ц/га болып отыр, озық тәжірибе мен ғылым жасаған ұсыныстарды толық сақтай отырып оның орташа өнімділігін 2,5-3 ц/га дейін арттыруға болады. Ғылыми ұсыныстар барысында барлық технологиялық операциялар қарастырылған, яғни топырақ өңдеуден бастап өнімді жинауға дейін. Осы ұсыныстарды сақтай отырып, жоғары сапалы тұқым өндіру, тұқым шаруашылығын дамытып қана қоймай, мал шаруашылығын дамытуда және экологиялық мәселелерді де шешуге өз септігін тигізеді.

 

Жоңышқаның халық шаруашылығындағы маңызы, селекциясы

 

Жоңышқа - көне дақылдырдың бірі. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, адамдар осыдан 2,5-3 мың жыл бұрын жоңышқаны өсіре бастаған, ал басқа ғалымдар тарапынан тағы бір көзқарас оны адамдар 4-5 мың жыл бұрын игерген деп есептейді. Үшінші ой, жоңышқаны осыдан 6-6,5 мың жыл бұрын малазықтық дақыл етінде өсіре бастады десе, А.И.Иванов жоңышқа 7-8 мың жыл бұрын өсіріле бастады деп есептейді.

Жоңышқа өзінің әртүрлі экологиялық аймақтарға бейімделгіштігінің және иілгіштігінің арқасында жер шарында кең таралған. Академик П.М.Жуковскийдің айтуынша, жоңышқа мәдени дақыл ретінде Монголиядан Орта Азия мен Алдыңғы Азияға, одан ары Жерорта теңізі аймақтарына таралған. Қазіргі таңда жоңышқаны 80-нен астам елдерде өсіреді. Әлемде оның жер көлемі 35 млн. га асады.

Жоңышқа пішен, пішендеме, дәруменді шөп ұнын, көк балауса дайындауға себіледі. Жоңышқаның 100 кг көк балаусасында 16-18 а.ө., 100 кг жоңышқа пішенінде 50-60 а.ө., 127-175 кг сіңімді протеин, 1 кг 17-29 мг каротин бар, ал қоректілігі жөнінен ол астыққа теңеседі. Жоңышқа өсімдігінде астық тұқымдастарға қарағанда айырбасқа жатпайтын амин қышқылдары (лизин, цистин, гистидин, валин т.б.) 1,5-2 есе көп.

Өсімдікте қоректік заттар әркелкі тараған. Жапырақтарда ақуыз мөлшері 30 %-ға дейін жетеді, сабақтарда - 13 %, гүлдерде - 27 %. Жоңышқаның жапырағында протеин мен минералдық заттар сабағына қарағанда 2,5 есе көп, ал жасұнық 2-3 аз.

Сондықтан тек қана бұршақ тұқымдас шөптерден жоғары өнім жинап қана қоймай, азықтарды сүрлегенде барлық жапырақтарды толық сақтауға ұмтылу қажет: жапырақ өнімнің 50 %-дан артығына ие болатындықтан, дұрыс кептірмегенде өте көп мөлшерде шығын болады. Қоректік заттардың толық сақталуы пішенді белсенді желдету жолымен дайындау, пішенді талдау, пішендеме, дәруменді шөп ұнын дайындау болып табылады.

Жоңышқа малазықтық қана емес, агротехникалық маңызы да зор өсімдік, ол топыраққа көп тамыр қалдықтарын қалдыра отырып, онда органикалық заттардың жинақталуы мен топырақтың құнарлылығының артуына мүмкіндік жасайды. Жоңышқа - топырақты жақсы тұзсыздандыратын дақыл, оны топырақты су және жел эрозиясынан қорғайтын өсімдік ретінде де қолдануға болады.

Көпжылдық шөптерден селекциялық зерттеулер негізінен бұршақ тұқымдас шөптерге жүргізілетін болған, мысалға жоңышқа. Бұршақ тұқымдас шөптер ғасырлар бойы пайдаланылатын жемшөп өндірісінде аса бағалы мал азықтық өсімдіктер болып табылады. Селекция тәжірибесінде жоңышқаға түраралық және түрішілік будандастыру, сонымен қатар күрделі гибридті сорттарын-популяциялар шығару сияқты әдістер қолданылады. Селекцияда үлкен маңызға ие екі фактор бар, олар бір-бірімен тығыз байланыста: дұрыс таңдап алынған бастапқы материал және қойылған мақсатқа жету үшін сәйкес келетін селекцияның зерттеу әдісі.

Әлемде жоңышқаға жүргізілетін селекциялық зерттеулердің басты мақсаты - азықтық өнімділігін жоғарылату, мал шаруашылығының дамуы үшін мықты жем - шөп базасын құру болып табылады. Сорттардың шаруашылық құндылығы - генотиптердің өзара әрекетімен, белгі қасиеттерімен және экологиялық жағдайларға төзімділігімен, агротехникалық шарттарда өсіру дәрежесімен анықталады. Осы жағдайларды ескере отырып, әрбір елде шартты жағжайдарда өсуге неғұлым бейімделген сорттардың жиынтығы болуы қажет. Жоңышқаның селекциялық бағыттағы зертеу жұмыстары Орта Азия республикаларында, Ресейде, Еуропа елдерінде, АҚШ-та және Канадада жеткілікті деңгейде дамыған. Бұл елдерде жоңышқаның жер ауданы азық түрлерін өндіруде (жасыл және жайылымдық жем, витаминді-шөп ұны, пішендемеге, сүрлемге және т. б.) шешуші мәнге ие.

Канадада жоңышқаны 2,2 млн га жерде өсіреді. Бұл елде жоңышқаның гибридті сорт түрі - өзгермелі (орташа) жоңышқа (M. varia Mart.) кең таралған. Бұл гибридті сорт түрі екі типке бөлінеді: стандарт және флемиш. Бірінші типтегі сорт баяу өсетіндігімен, тыныштық кезеңінің ұзақтығымен, ауруларға төзімділігімен, құрғақшылық пен аязға төзімділігімен сипатталады. Бұл сорттың Bever,Grimm, Ladak, Rambler, Phizoma, Renger, Vernol, Draylender, Narraganset түрлері қатал топырақ-климаттық жағдайдайында құрғақ аймақта өсіріледі. Екінші типтегі сорт Канаданың жұмсақ климаттық аймағында өсіріледі, көктемде және орымнан кейін үдемелі өсуімен, жоғары өнімділігімен сипатталады, бірақ ауруларына, құрғақшылық пен төмен температураға аз төзімді. Канадалық селекционерлер әлемдік пракикада алғаш рет жоңышқаның тамырсабақты түрлерін пайдаланы отырып, дақылдың аумағын барынша қуаңшылық, қатаң климатты аймаққа қарай жылжыту арқылы, оның құрғақшылыққа, төмен температура мен ауруларға төзімділігін арттыру жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда тамырсабақты сорттар Rambler, Phizoma, Draylender, Roamer көптеген елдерде селекциялық жоспарда тамаша материал болып отыр. Басқа елдерде де сияқты, Канадада да басты мәселе селекциялық жолмен жоңышқаның тұқым шаруашылығын дамыту, жабайы араларды (Megachile rotundata Fabr.) тозаңдандыру мақсатында пайдалану болып табылады. Қазіргі кезде араның дәл осы түрі жасанды жағдайда табысты көбейтілуде.

АҚШ-та мал шаруашылығы үшін басты азық көзі жоңышқа мен жүгері болып табылады. Жоңышқаның жер көлемі жөнінен АҚШ әлемде бірінші орынға ие, 10 млн. га. Бұл елде жоңышқаның екі түрі кең таларған: M. sativa L. - оңтүстік аймағында таралған, M. varia Mart. - солтүстік және орталық құрғақ аймағында таралған. АҚШ селекционерлері жоңышқа селекциясында синтетикалық гибридтерді шығаруда үлкен жетістіктерге жеткен. 1940 жылы селекционер ғалымдар жұмыстарының нәтижесінде бактериялық вильт ауруына төзімді екі жоңышқа сорты: Renger - солтүстік жазығында, Buffalo - орталық аймақ үшін шығарылған. Американдық зерттеушілер алғашқы болып, тозаңдандыратын жабайы араларды еліктіру мақсатында тозаңы мен шырыны мол гүл қалыптастыратын жоңышқа түрлерін шығарған. Ғалымдардың айтуынша, жоңышқаның синтетикалық сорттарын шығарып, жабайы аралармен тозаңдандыру арқылы, тұқым өнімділігін 20 ц/га дейін арттыруға болады.

Италияда жоңышқаның егіс көлемі 1,7 га, батыс елдерінің ішінде көлемі жөнінен бірінші орынды алады. Бұл елде жоңышқаның тығыз себілген егісінде өздігінен тозаңдануын пайдалана отырып, синтетикалық сорттарды шығару мақсатында селекциялық-генетикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Италяндық селекционер ғалымдардың әдісі бойынша, жылыжайларда жоңышқаның қоректік алаңын 4х4 см етіп, 1 м2 жерде 150 дана өсімдік өсіріледі. Вегетациялық қуаттылығын өсімдік салмағына қарай анықтайды. Бірдей уақытта, селекциялық көшетжайда 1 м2 жерде өсімдік санын 350 данаға дейін жеткізу арқылы, каротин мен хлорофилл мөлшерін, фотосинтез қарқындылығын бағалау жұмыстары жүргізіледі.

Қазақстанда жоңышқаның жайылымдық сорттары жоқ, селекциялық зерттеу жұмыстары қарқынды деңгейде жүріп жатқан жоқ. Ауыспалы егістікте өсірілетін жоңышқа сорттарының бәсекеге қабілеттілігі нашар, жапырылуға төзімділігі төмен, өнімділігі аз және басқа да кемшіліктері бар. Бұл мәселелерді селекцияның көмегімен ғана шешуге болады. Жоңышқаға жүргізілетін барлық селекциялық жұмыстардың негізгі мақсаты - географиялық және экологиялық жағдайларға мамандандырылған, әртүрлі топырақтарда өсе алатын, өнімділігі жоғары соттар шығару. Ол үшін жоңышқаның тұқым шаруашылығын қолға алу қажет, ал біздің елде тұқым шауашылығы нашар дамыған.