Тақырып. Тісті берілістер. Жалпы түсінік. Артықшылықтары мен кемшіліктері. Классификациясы.

Тісті берілістер деп қозғалысты, қозғалыс моментін біліктер арасында беру үшін және қозғалыстың бір түрін екінші түрге өзгертетін тісті ілінісуді айтады.

Тісті берілістерде екі тісті дөңгелектің көмегімен қозғалыс пен қуат беріледі. Тістерінің саны аз тісті дөңгелек шестерне деп аталады, ал екінші тістерінің саны көп дөңгелек, тісті дөңгелек деп аталады. Егер тісті дөңгелектердің тістерінің саны бірдей болса, жетекші дөңгелек шестерне деп, ал жетектегі дөңгелек, тісті дөңгелек деп аталады. Шерстерне параметрлеріне 1 индексі, ал тісті дөңгелек параметрлеріне 2 индексі қойылады.

Тісті берілістер машинажасаудың барлық салаларында кеңінен таралған. Мысалы жеңіл автомобильдарда тісті дөңгелектердің саны 30...35 болса, жону станоктарында 70...80-ге дейін барады. Барлық тісті берілістерді бірнеше түрге бөлуге болады.

Біріншіден, тісті дөңгелектер біліктерінің геометриялық орналасуына байланысты.

1. осьтері өзара параллель орналасқан берілістер, оған цилиндрлік тісті берілістер жатады.

2. осьтері өзара айқасқан берілістер, оған червякті тісті берілістер жатады.

3. осьтері өзара қиылысқан берілістер, оған конусты тісті берілістер жатады.

4. осьтері бір түзудің бойында орналасқан берілістер, оған планетарлық берілістер жатады.

32.1-сурет. а) тік тісті және б) дөңгелек конустық тісті берілістер, с) винттік тісті беріліс.

Екіншіден тісті берілістер ілінісуіне қарай екіге бөлінеді: 1) сырттай ілінісетін тісті берілістер. 2) іштей ілінісетін тісті берілістер.

Үшіншіден, тістердің профильдері бойынша: 1) эвольвент профильді тісті берілістер; 2) циклоит профильді тісті берілістер; 3) профилі шеңбер доғасымен шектелген тісті берілістер; 4) толқынды ілініс.

Тістердің орналасуына байланысты: 1) тік тістілер; 2) қиғаш тістілер; 3) шеврон тістілер; 4) дөңгелек тістілер; 5) қисық тістілер болып бөлінеді.

Тісті беріліс жоғарғы технико-экономикалық көрсеткіштерге ие жұмысы сенімді және техникалық қызмет көрсетуі қарапайым, сонымен қатар басқа берілістерден артықшылықтары:

1. Үлкен қуат бере алуы P (150 кВт дейін), жылдамдықтары (200 м/с дейін)

2. Тірек біліктерге аз күш түседі және басқа берілістерге қарағанда ықшамды.

3. Өте шыдамды. Жақсы күтілсе ұзақ мерзімге деін жұмыс істейді.

4. Пайдалы әсер коэффиценті жоғары (бір сатылы редукторлар үшін ).

Жоғарыдағы артықшылықтарымен қатар бірқатар кемшіліктері де бар:

1. Дайындалуы күрделі.

2. Жұмыс кезінде шу болуы.

3. Қатаңдығы өте жоғары болғандықтан динамикалық күштерді қабылдауы нашар.

32.2-сурет. Сырттай ілінісетін цилиндрлік берілістер. 32.3-сурет.Рейкалы және планетарлық тісті беріліс.

Тісті берілістердің салыстырмалы қасиеттері. 1. Қиғаш тістіліер бірқалыпты шусыз жұмыс істейді, бірақ осьтік күштер пайда болады. 2. Шеврон тістілердің осьтік күштері бірімен-бірі теңеседі және жұмыс кезінде шу болмайды, иілуге шыдамдылығы 25,3 пайызға өседі, бірақ дайындауы қиын. 3. Конусты тісті берілістер қымбат. Конструкциясы мейлінше дәлдікті талап етеді. Тістің бойында кернеу шоғырлануы пайда болады.

Профилі шеңбер доғасымен шектелген тісті берілістерді 1954 жылы М.Л. Новиков ұсынды, кейде, оны Новиков ілінісуі деп те атайды. Бұл тісті ілінісу тек қана қисық тісті берілістерде ғана мүмкін болады.

Конструктивтік ерекшеліктеріне байланысты ашық және жабық түрдегі тісті берілістер қолданылады. Ашық тісті берілістерде тісті дөңгелектер құрғақ күйінде жұмыс істейді немесе білгілі уақыт аралықтарында майлау материалдарымен майланып отырады және қоршаған ортадан қорғалмайды. Жабық түрдегі тісті берілістер шаң және ылғал өтпейтін корпустарға (картерлерге) салынады да майлы ортада жұмыс істейді; батыру арқылы майлағанда тісті дөңгелекті (жұптың бір дөңгелгін) радиустың 1/3 бөлігіне тең тереңдікке майға батырады.