Тақырып: Ресейдегі әдістеменің дамуы.

Мақсаты:. Ресейдегі әдістемесінің дамуы туралы түсінік беру. Ресей ғалымдарының еңбектерін меңгерту және талдауға үйрету. Өздігінен ізденіп, шығармашылықпен еңбек етуге бағыттау.

Жоспар

1. К.Д.Ушинский, Е.Н.Водовозова, Е.И.Тихеева т.б. мектеп жасына дейінгі балаларға ана тілін үйретудің негізін қалаушылар.

2. 30-40 жылдардағы тіл дамыту бойынша жүргізілген жұмыстар.

Мазмұны:1. Шолу дәріс. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында прогрессивтік бағыттағы педагогтің бірі – К.Д.Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Оның философиялық көзқарасы материалистік бағытта еді. Ушинский баланың тіл қалыптасуындағы ана тілінің рөлін ерекше атап өтті. Оның тіл дамыту мен ойлау бір-бірімен тығыз байланыста болады деген пікірі күні бүгінгі дейін құнын жойған жоқ. Сонымен қатар оқыту мен тәрбиелеуде: халық ауыз әдебиетінің басты роль атқаратындығын айта келіп, баланың жас ерекшелігіне қарай таңдап алынған ертегі, жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылтпаштар балаларға адамгершілік тәрбиесін беруде қайнар көзі болып табылады деп дәлелдеді. Сонымен қатар Ушинский балаларға шет тілін үйретуді өте жас кезінен бастауға болмайтындығын айта келіп бала алдымен өзінің ана тілін жақсы меңгергеннен кейін басқа тілді үйренуге бейімделеледі. Ушинский өзінің көзқарасын “Балалар әлемі және хрестоматиясы” (1861), “Ана тілі” (1864) деген еңбектері арқылы халыққа шығарды. Ушинскийдің бұл еңбектеріндегі ең құнды пікірлерінің бірі мектепке баратын балаларды дайындап оқытудың қажеттігі туралы еді. Ушинскийдің идеясын оның ізбасарлары одан әрі жалғастырды. Оның шәкірттерінің бірі – А.С.Семенович. Ол Петербургте, Тбилисиде балабақшада тіл дамыту жұмысы бойынша тәжірибелер жүргізді. Оның әдістемелік теориясының негізінде “Отантану” деген еңбегі және жекелеген пәндік сабақтар өткізу керектігі жөніндегі сабақтардың балаларды қызықтыратын ойын түрлері арқылы өткізу керектігін айтты.

Е.К.Водовозова – шәкірті. 1871 жылы оның педагогикалық тәжірибесінің негізінде “Бір жастан сегіз жасқа дейінгілердің ақыл-ойының дамуы” деген еңбегін жазды. Ол да Ушинский сияқты отбасында және балабақшада балаларды тәрбиелеудің басты құралы – халық ауыз әдебиеті деп түсінді, және мектеп жасына дейінгі балаларды қоршаған орта, табиғатпен таныстырудың маңыздылығын дәлелдеді. Сондай-ақ жас бүлдіршіндердін байқағыштығын дамыту үшін балаға ойыншықтарды көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік беру керектігін айтты. Бұлардан кейін тіл дамыту әдістемесі бойынша пікір айтқандардың бірі — И.Е.Тихеева. Ол да Ушинский секілді ана тілін игерудің балабақшадағы және мектептегі оқыту мен тәрбиелеудің негізі деп қарады. Тихеева Россиядағы, Италиядағы балабақшалардың тәрбие, тәжірибелерімен танысып, кейін өзі де балабақшада меңгеруші болып қызмет істеді. Осы тәжірибесінің негізінде бақшада сабақ жүргізу үшін сабақ жоспары мен программасы болу керектігін айтты. Ол еңбектерінде ұсақ буржуазиялық еркін тәрбие теориясына қарсы шықты. Алайда, Тихееваның революцияға дейінгі көзқарасында теріс пікірлер де болды. Ол діни тәрбиені насихаттап, қоғамды таптардан жоғары ұйым деп қарады. Революциядан кейін Тихеева өзінің теріс көзқарастарынан айырылды. Өзі басшылық еткен балабақша мен Ленинград пединститутында тіл дамыту әдістемесінің оқыту тәжірибесін жинақтап “Мектеп жасына дейінгі бала тілін дамыту” деген еңбегін жазды. Бұл еңбегінде мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету мәселелеріне көбірек көңіл бөлді. Оның осы еңбегіндегі практикалық нұсқаулар әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ.

Тіл дамыту әдістемесі Октябрь революциясынан кейін жете дамыды. Яғни, еліміздегі балабақшалардың саны артып мектепке дейінгі тәрбиенің теориялық негізі қалыптаса бастады. Біздің елімізде балабақша халық ағарту жүйесіне енгізілді. Сондай-ақ ұлттық балабақшалар салынып, оларда сабақ өз ана тілінде жүргізіле бастады және ұлттық балабақшаға арналған кадрлар дайындау мәселесі қолға алынды.

1924 жылы балабақшаға арналған әдебиеттер бойынша комиссия құрылып, оған Е.А.Флерина басшылық етті. Комиссия балаларға коммунистік тәрбие беретін жаңа әдебиеттер жазу керектігін айтты. Осы кездегі балабақша жөніндегі бір теріс пікір ертегіні оқытуға тиым салумен байланысты еді. Бұл қателік 1934 жылы жазушылар съезінен кейін түзетілді. Еліміздегі балабақша жұмысының жақсаруы орталық комитеттің жаңа шыққан қаулыларымен байланысты болды.

Кеңестік мектепке дейінгі тәрбиенің қалыптасуында Н.К.Крупскаяның қосқан үлесі мол. Оның педагогикалық еңбектерінде балалар тілін қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Ол сөзді ақыл-ой тәрбиесінің негізі деп қарады. Ал, балалардың сөздік қоры олардың айналадағы заттар, құбылыстар туралы қаншалықты білімдері, түсініктері бар екендігін көрсетеді деп есептеді. Сондықтан ол 1932ж. жазған “Балабақшаға арналған программа жобасына ескертпелер” деген мақаласында балаларды тыңдай білуге олардың сөздік қорын жаңа сөздермен толықтырып отыруға үнемі көңіл бөлу керектігін айтты. Сонымен бірге Н.Константиновнаның балабақшада балалардың тілін дамыту кезінде бақылау және қайталау әдістерін кеңінен пайдалану керектігі жөнінде пікір айтты. Крупскаяның пікірлеріне сай 1934ж шыққан балабақшаға арналған программада балалар тілін дамыту, кітаппен және суретпен жұмыс деген арнайы бөлімдер берді:

Программаның кемшілігі: Балалардың жас ерекшеліктеріне көңіл бөлінбеді және тіл дамыту бойынша алынған тақырыптар саны өте аз болды.

1938 жылы “Балабақша тәрбиешісіне басшылық” деген атпен жаңа бағдарламалық әдістемелік құжат жарық көрді. Бұл басшылықтың тіл дамыту әдістемесіне балалардың мәнерлеп сөйлеуіне, қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Бірақ бұл басшылықта да қателік болды. Яғни, бала тілінің дыбыстық жағын байланыстырып сөйлеуіне көңіл бөлінбеді.

1945 жылы шыққан “Тәрбиешіге басшылықтың жаңа басылымында” ана тілін үйрету және айналадағы қоршаған ортамен таныстыру мәселелеріне тереңірек көңіл бөлінді және осы кезеңде мектепке дейінгі мекемелерге арналған алғашқы ғылыми еңбектер шыға бастады. Солардың бірі Е.А.Флерина. Ол қарапайым тәрбиешіден педагогика ғылымының докторына дейін көтерілген ғалым. Ленин атындағы Москва мемлекеттік пединституттың профессоры. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық даму заңдылықтарына, баланың тілін дамыту балабақшаға арналған ойыншықтар және оған қойылатын талаптар, сондай-ақ бақшада бейнелеу өнерін ұйымдастыру мәселелеріне көңіл бөлді. Сонымен қатар педучилищеге арналған оқу құралдарын жазуға қатысты өзінің іс-тәжірибелері бойынша мектеп жасына дейінгі балаларға арналған “Жанды сөз” деген еңбегінде баяндады. Бұл еңбекте балалардың тілін дамытудағы баяндау, әңгімелеу әдістеріне тоқтала келіп, нақты мысалдармен ол әдістердің ерекшелігін дәлелдеп көрсетті. Сонымен қатар Флерина балалар әдебиетінің хрестоматиясын құрастыруға қатысты.

Бала тілінің дұрыс қалыптасуына О.И.Соловьева да айтарлықтай үлес қосты. “Балабақшадағы ана тілі” атты әдістемелік құралда автор көп жылғы тәжірибе негізінде балабақшаның әр тобындағы тіл дамыту әдістемесін ұсынды

1940 жылы еліміздің көптеген қалалары мен облыстарында мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне арналған ғылыми практикалық конференциялар өткізілді. Бұл конференцияда балабақшаға арналған ғылыми еңбектерге талдау жасалынып қол жеткен табыстар және алда тұрған міндеттер сөз болды. Сондай-ақ осы конфернцияда жеке адамдардың тәжірибелері ортаға салынды. Мысалы, Е.И.Радинаның “Балабақшада тіл дамыту” сабақтарында әңгіме әдісін қалай пайдалану керектігі жөніндегі баяндамасы өте сәтті шықты.

Студенттерге берілетін тапсырма:

1. Ресейдегі тіл дамыту әдістемесінің дамуы.

2. Тіл дамытуға үлес қосқан ғалымдар, олардың еңбектері.

3. Ресей ғалымдарының тіл дамытуға байланысты еңбектерін талдау.