Тұщы суларды дайындау қондырғылары
Қабат қысымын ұстап тұру үшін өзен, көл, су қоймаларының сулары, сонымен қатар, артезианды және өзен арнасы астынан бұрғыланаған ұңғылардан алынған тұщы жерасты сулары пайдаланылады. Жерасты суларының артықшылықтары: олардың құрамы жыл мезгілдеріне қарай өзгермейді, олардың құрамындағы қатты бөлшектердің мөлшері аз және оларды суландыру үшін тазартпай-ақ пайдалануға болады. Өзендер мен көлдердің суы сапасы жағынан жерасты суларынан нашарлау болады (әсіресе көктемгі қардың еруі кезінде) және оларды су тазалау станцияларында тазартуға тура келеді.
10.9-суретте өзен жағасына қазылған арнайы су алу ұңғылары арқылы алынатын жабық су көзі (а) мен ашық су көздерінің (б) сызбасы көрсетілген.
Өзен жағасынан су алу үшін терең емес ұңғылар (20-30м) бұрғылап, оларды диаметрі 300 мм құбырлармен 1 шегендейді және оның ішіне диаметрі 200 мм су көтеру құбырларын түсіреді. Су алу ұңғылары өзінен-өзі ағу әсерінен де (өзендегі су деңгейі, резервуардағы 8 су деңгейінен жоғары болса), вакуумқазанда 4 тұрақты вакуум (600 мм сынап бағанасы бойынша қысымда) ұстап тұру есебінен немесе батырылмалы ортадан тепкішепкіш сораптардың көмегімен жұмыс істейді.
10.9. Сурет. Су алу түрлерінің сұлбасы. а-жабық су алу: 1-шеген құбыры; 2-көтергіш тізбек (құбыр); 3-гравийлы сүзгі; 4-вакуум қазандық; 5-вакуум компрессор; 6, 9-сораптар; 7-шахта; 8-таза суға арналған резервуар; б- ашық су алу: 1-сораптың қабылдауы; 2-қабылдау құбыры; 3- бақылауға арналған алаңқайлар; 4-қазық-тірек. |
Өзендегі ласталған су құм қабаты арқылы сүзіліп, ұсақ бөлшектерден тазарады да, ұңғыға бағытталады. Бірақ, егер фильтр болмаса суды тазарту станциясына бағыттайды. Таза су резервуардан 8 сораптың 9 көмегімен алынып, кен орнында салынған магистралды су желісіне айдалады. Магистралды су желісінен келген су жеке-жеке БШСС-ларына бағытталып, ондағы сораптар арқылы айдау ұңғыларына айдалады.
Ашық су көздеріндегі (10.9,б-сурет) су қоймасынан алынған лас сулар сораптың 1 көмегімен құбыр 2 бойымен жүре отырып қысымды бірінші ретті көтеретін сорапты станцияға (10.10-суреттегі 1бейне ) айдалады. Сорапқа ұсақ балықтардың (шабақтардың) және т.б. түсуін болдырмау үшін сораптың қабылдау аузына тор қояды. Ашық су қоймаларындағы судың құрамында, әдетте саздың, құмның ұсақ бөлшектері, балдырлар мен планктонды ағзалардың мөлшері көп болады және олар тығыздықтарының айырмашылығына байланысты шөге алмайды. Сондықтан су тазарту станцияларында (10.10-сурет) суға бөлшектердің іріленуіне және қауыздардың (хлопья) түзілуіне әсер ететін коагулянттар қосады.
Біріншілік көтеру станциясының сорабы 1 лас суды конус тәріздес араластырғышқа 3 айдайды. Осы араластырғыштың төменгі жағына мөлшерлік сораптың (дозатордың) көмегімен коагулянт (алюминий гидросульфаты Al2(SO4)3·18 H2O немесе темір купоросы Fe SO4) үздіксіз беріліп тұрады. Араластырғышта 3 ағынның турбулизациясы есебінен коагулянттар мен лас сулар қатты араласады.
10.10. Сурет. Су тазарту станциясының үлгі сұлбасы 1-қысымды бірінші ретті көтеретін сорапты станция; 2-коагулянт дозаторы (коагулянтты мөлшерлеп беру құрылғысы); 3-араластырғыш; 4- тұндырғыш; 5-құмды сүзгі; 6-таза су резервуары; 7- қысымды екінші ретті көтеретін сорапты станция; 8-сүзгіні жууға арналған сорап; 9- лас суды тастауға арналған стояк; 10-тазартылған суды резервуарға жеткізетін құбыр. |
Араластырғыштың (биіктігі 10 м-ге жетеді) жоғарғы жағынан құрамында коагулянты бар лас сулар тұндырғыштың 4 төменгі жағына келіп түседі, мұнда реакция нәтижесінде алюминий гидрототығы Al(OH)3 немесе темір гидрототығы Fe(OH)3 түзіледі және олар қауыздар түрінде өздерімен бірге механикалық қоспаларды ілестіріп шөгеді. Тұндырғыштан соң толығымен тазартылмаған су кезек-кезек жұмыс жасайтын құм сүзгілеріне 5 бағытталады, бұл жерде суды толығымен тазартады. Тазартылған су өзінің ағысымен резервуарға 6 бағытталады, одан қысымды екінші ретті көтеретін сорапты станцияның ортадан тепкіш сораптарының көмегімен 7 магистралды су желісіне, одан әрі БШСС-на айдалады.
Теңіз суын қабатқа айдамас бұрын оны балдырлар мен бактериялардан тазартады және тоттанудан сақтайтын (коррозияға қарсы) препараттар қосады.