аракерей Қабанбай батырдың Ақмоласы

Көпшілік арасында, Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінде жұртшылық әдетінше алғашқы сауалдарын:

- Батыр бұл жаққа қалай жерленген? Талдықорған, Семей өңірінде емес пе сүйегі? -деп бастайды.

- Қайсібірі:

- Түркістанға неге алдырылмаған?-деген астарлы сұрақ та қояды.

- Осы екі сауалдың екіншісіне алдымен жауап берген оңды секілді. Түркістанға Ұлыларымызды апару міндет болмағаны белгілі. Әйтпесе, Түркістанның түбінде жерленген Төле би, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Төлегетай бабалар да Түркістанға апарылмай, өсиет еткен жерінде жамбастары тиген ғой. Сондықтан да, Түркістанда жерленуден аса зор мемлекеттік маңыз күтудің қажеті жоқ сияқты. Ал, Абылай ханның сол Түркістанда туғаны, сонда өлгені шындық. Сол себептен де өзінің «от орнына» қойылған.

Енді, бірінші сауалға келейік. Бұған кеңірек тоқталамыз және Сіздің алып-қосқыңыз болса ризашылықпен қабылдаймыз.

 

***

Қаракерей Қабанбай батырдың қайда туып, қайда өлгені жөнінде әркім өз білгенінше пікір айтып қалуға әуес. Мұның да себебі бар. Алдыңғысы – Ұлы бабамыз тұрғысында кім де болса бірдеңе айтқысы келеді. «Аталарымыздан естігенбіз, кітаптан оқығанбыз» дейді. Қай атасы, қай кітап екенін ойына түсіре алмайды. Ұзақ әңгімелесіп, нақтылы дәлелдермен Қаракерей Қабанбай батырдың Арқада Сарыбелге жерленгеніне көздерін жеткізгенде ғана көпшілігі «Солай екен-ау» деседі.

Келесі топтың сөзінен «шу» дегеннен-ақ жершілдік иісі аңқып тұрады. Олар өздері тұратын Жетісудың шығысы, Семей, Өскемен мен Қытай шекарасынан ата моласын көргісі келеді. Бұлар, негізінен наймандар. Олардың ойынша, Қаракерей Қабанбай батыр наймандардың топ ортасында жатуы тиіс. Ал өздерінің ол жаққа қашан көшіп барғандарында ісі де, шаруасы да жоқ. Тәптіштеп түсіндірген соң бұлар да илігеді.

Үшіншілердің пиғылы жаман. Дау шыққан жерде айтаққа айтақ қосатындар. Сөздері мынадай:

– Қабдеш Жұмалідов көнбей жатыр ғой...

– Советхан Ғаббасов деген кісі «Мен 1990 жылы «Қаракерей Қабанбай батырдың тойын жасау керек» дегенмін. Осы сөзімді Талдықорған облысы қолдап, оған Семей, Шығыс Қазақстан қосылды. Талдықорған мені тойға шақырмады» дейді.

– Сендер бір пікірге келесіңдер ме, жоқ па?

Осы пыш-пышқа, сүйретілген сүреңге бірнеше рет жауап бердік. Әлдекімдер көнбесе, оған тарихтың қанша қатысы бар екенін білмеймін. Ал С.Ғаббасовтың не деп жүргенін Талдықорған естіген де емес. Семей мен Шығыс Қазақстан өздері білер. Әдетте, бірмойындылық ұятқа қалдырады. Осыны ойлаған жөн-ау.

Десек те, «Қаракерей Қабанбай батыр қайда жерленді?» деген сұраққа тағы да дәлелді жауап беруге тырысайық. Бұған қоса «Сол тұста найман қайда қоныстанды?» дегенге жауап бере кетейік.

1991 жылғы мамырда Талдықорғанда өткен конференцияда Болатжан Абылқасымов баяндамасында Қаракерей Қабанбай батырдың өмірін зерттеудің үш қайнар көзін атады. Олар:

1. Ауызша жеткен көркем сөз үлгілері (ақын-жыраулардың толғаулары, аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар);

2. Шежірелер (генеологиялық аңыздар);

3. Тарихи құжаттар.

Ғалымның пікіріне қосыла отырып, бұларға тағы да екі нәрсе қоссақ, дұрыс болатындай. Олар:

4.Топономика (жер-су атаулары);

5. Қаракерей Қабанбай батырдың өз ұрпақтарының айтқандары;

2001 жылы «Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай» атты шағын дүниеміз жарық көргенін сөз алдында айтқанбыз. Ол кітапшаға сол жылға дейін қолымызға түскен деректерді арқау еткенбіз. Одан соң 2004 жылғы 5-11 наурыздағы «Алтын орда» газетінде «Дарабоздың Ақмоласы» атты мақала жарияладық. Мұнда соңғы үш жылда жинақтаған ақпараттарымызды, жалпы жұртқа ұсындық. Осы екі дүниенің басын қосып, қайта жазуға ниет еткенбіз. Алайда, ойластыра келе, кезең-кезеңімен табылған олжаларымызды сол күйінде ұсынған оңды деген пікірлер басым түсті. Алғашқысы «Хан Батыр – Қаракерей Қабанбай» атты кітапшадан.

Кітаптың өсы бөлімі барлық зерттеушілердің, ғалымдардың пікірлерін тоғыстыра отырып жазылды. Сондықтан да «Мынау пәленшенің мақаласынан екен» деген таңданыс немесе мұқату болмағаны жөн.

***

Алдымен аңыз-жырларға, қисса-дастандарға иек артамыз. Солардың барлығында дерлік өлер шағы жақындағанын сезген Хан Батыр:

«Арқаға арнап зират соғып, От орныма қойыңдар», – дейді. Сөйтіп, сүйегі Арқаға – Сарыбелге, Есіл-Нұраға қойылады. Бұл қай Сарыбел?

Әзірше «Қабанбай батырдікі» аталатын бес мола белгілі. Сөзді осының үшеуі қатар жатқан Жаркент өңірінен бастайық. Жазушы Б.Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітабында Орбұлақтың жанындағы Жалаулы төбесіндегі Қаракерей Қабанбай батыр зираты айтылады. Бірақ кейінгі кезде бұл ағамыз ол зират «Салхам Жәңгірдікі» деп жүр. Ендеше, сөзді осы моладан бастасақ.

– Жеті жасқа келгенде, екі аяғым тартылып, жүруден қалдым. Әкем бақсы-балгер атаулысына түгел көрсетті. Солардың бірі Құсмұрындағы, Жалаулы-Үйгентастағы «Қаракерей Қабанбай батыр зиратына түнеңдер» депті. Мал жайлауға енді шыға бастаған кез. Алдымен Құсмұрындағы бабамның моласына түнедік. Еш белгі болмады. Ертесіне Үйгентасқа (Белжайлаудағы) келіп, мен жатып қалдым. Тұра алмаймын. Әкем көтеріп жүр. Қабанбай бабамызға арнап құран оқыдық.

Түс ауа әкем от жағуға шырпы іздеп кетті де, мені ұйқы жеңді. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, түсіме аса денелі, қарасұр адам кірді де: «Тұр балам, жатпа» деді. Ояна кетсем, бір аяғымның башпайлары жыбырлап қалыпты. Әкемді шақырдым, түсімді айттым. Содан оншақты күнде кереге жағалап жүре бастадым. Бұл кеңес үкіметі келмеген кез. Патшамыз Меколай.

Ер жете Қытай астық. Геологтарға жалданып, Алтай, Шәуешек, Бұратола, Құлжаны жаяу аралап шықтым.

Елге келдік. Әйелім бала көтермеді. Содан Қабанбай зиратына түнедік. Екі ұл көрдік.

Бүгін 85-ке келіп отырған Жапсарбай ақсақалмен бұл әңгіме 1991 жылы Жалаулы-Үйгентастағы батыр моласы жанында өткен еді. Біз осы арада отырғанда жүргіншілер де «Қабанбай зираты» дегенді тап басып, жаңылмай айтып жатты.

Мұнан батысқа қарай Дарабоздың тағы бір белгісі бар. Үйгентас-Жалаулыда мола жалғыз тұрса, бұл – аумақты қорым. Нақ ортасындағы үлкен төбе – Батыр жамбасы тиген орын аталады.

Бұдан батысқа қарай Аралтөбеге шығар жолдағы зират тым елеусіз.

Осылар туралы не айтуға болады?

Дарабоздың Белжайлауға келуі туралы ел аузында мынадай аңыздар сақталыпты:

Осы жерде Қабанбай батырды 18-19 жастағы Ханкелді батыр немересі Райымбек іздеп келіп, бата алған екен. Бұл етек-жеңі бар ұзақ әңгіме. Тоқ етерін ғана айттық. Екінші, Хан Батыр қартая бастағанда, Шағалақ:

–Сардар, Ақ Туыңызды ұстауға жас батырлардың ішінен қайсысы лайық? – деген сауал қояды. Сонда Қабекең Жалаулыға туын қадап тұрып:

–Бар қазақ қара басымды Ханға теңеп отырғанда, Үш Жүздің еш батырын алаламаймын. Айдының асқаның ал. – депті.

Талай батыр туға беттесе, ту дүрілдеп маңайлатпапты. Керей Жәнібек батыр ұмтылғанда ғана ту тынымдапты. Сөйтіп, Қаракерей Қабанбай батырдың мүйіз таңбалы Ақ Туы Керей Жәнібекке бұйырған екен дейді.

Бірақ, мұны осыдан 130 жылдай бұрын өткен Қытайдағы көтеріліс кезінде дүнгеннің Бор батырының Әділбектен Қабанбай Туын сұрап алып, Қытай шерігіне шабуы жоққа шығарғандай. Әлде Жәнібек батыр Туды қайтып берді ме екен?

Әңгіме түгел болсын, Жәнібектен қалған Ту сақтаулы дегенді естіп, Мұңғыл жеріндегі Баянөлгейге де барған едік. Амал не, ырымшыл қазақ Ту кебежеден шықса, бір зауал болады деп маңайлатпады. Өкіне кері қайттық.

Сонымен, Белжайлауда Қабанбай батыр туралы осындай екі дерек бар. Мұнан да бір түйін шығатын секілді. Егер Райымбек 18-19-да болса, ол 1748-1750 жылдар шамасы. Ендеше, осы кезде қазақ-қалмақ тарихында қандай оқиғалар өтті?

1750 жылы Жоңғар қақпасындағы қазақтың ірі жеңісінен кейін Абылай өз ордасын Іле өңіріндегі Күркілдеуік деген жерге тігіпті. Ондай болса, Хан Батырдың бұл жерден бой көрсетуі әбден мүмкін. Хан жүрген жерде әскербасы болуы – табиғи нәрсе.

Екінші, 1749 жылы Қалден Серен өлген соң Лама Дөржі таққа дүмін тигізді. Ал қай елде хан өзгерсе, саясат та өзгереді ғой. Осындай аласапыран кезде Қаракерей Қабанбай батыр шекарада «Қалай, қалай емес» деп сарбаздарын сақадай сайлап отырды ма екен?

Бірақ Дарабоздың 1770 жылы қайтыс боларында Белжайлауда отырғаны жөнінде дерек жоқ.

Құсмұрындағы зиратты «Кіші Қабанбайдікі» деген пайым да бар. Ол Қызай Есенгелді батырдың ұлы. Бұл да аты шыққан, айтулы батыр болған. Бірақ Кіші Қабанбайдың Белжайлауға қойылуы да көптеген сауал туғызады. Ең алдымен Қызайлар бұл жақты мекендемеген. Арқадан қазіргі орындарына көшкенде өтті-ау деуге еш негіз жоқ. Жол, бұрыс. «Тауарих Хамсада» Құрбанғали Халид қазақ пен қытай арасындағы Аягөздегі келісімді айта келіп, мынаны атап көрсетеді: «Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ».

Бұл тарихи фактіні Шоқан Уәлиханов та айтады: «Жоңғар халқын 1755 жылы Қытайлар жаулап алған. Ол халықтың иелігіндегі Балқашқа дейінгі жерлерді Қытай империясы өз құрамына енгізіп алған». (Таңдамалы. Алматы: Жазушы, 1985). Осы тұста Ш.Уәлиханов бір ғана дәлсіздік жіберген. Айтып отырғаны 1757 жыл болуы керек. Себебі, осы жылы орыстың Кияхта бекінісінде қалмақтың соңғы бас көтерері Әмірсана Тайшы өлді.

Ал Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған жылдары оның елі қай жерді мекендеді дегенге Н.Бекмаханова мынадай дәлел ұсынады: «В 40-60 годы 18-го века ... происходит закрепление общинных земель... так батыры Кулсара и Кабанбай кочевали по реке Ишиму». (Н.Бекмаханова. «Легенда о невидимке». Алматы, 1968).

Ш.Уәлиханов пен Н.Бекмаханованың деректерін одан әрі нақтылай түсетін құжаттарға алда қайтып ораламыз. Әзірше айтарымыз – Белжайлаудағы зираттар Қаракерей Қабанбайдікі екені сенімсіздеу. Табан тірер дәлел жоқ.

Мұхамеджан Тынышбаев: «Наймандардың Қарқаралы уезі мен Шыңғыстауды тастап, оңтүстікке ығысқаны 1810 жылдар шамасында». Бұл Н.Бекмаханованың дәлелін тікелей құптайды. Найман көші әлі жолда. Арқа – Сарыбелден енді қозғалды.

Ғылым докторы Б.Әбілқасымов: «19 ғасырдың орта тұсында Алакөлдің шығыс жағын Қызайлар мекендеген. Қабанбайдан тараған ұрпақтардың Еміл өзенінен оңтүстікке өтуі 19-ғасырдың екінші жартысында қызайлар Жоңғар даласына ауысқаннан кейін ғана болған...». Жоғарыдағы екі ғалымды, Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, жас ғалым да қолдады. Көш – әлі жолда келеді.

Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде өзге ұрпақтары не дейді екен? Дарабоздың кенжесі Әлінің бір ұлы – Садырбай. Одан 1969 жылы қытай тозағы «Тарым» түрмесінен қашып шыққан Оспанұлы Қапшырбай тарайды. Қапекең айтады:

– Қабанбай бабамның сүйегі Қытайда жоқ. Мен Байжігіт-Мәмбет-Қожақұл әулеттерінің қайсысы қайда жерленгенін түгендей аламын. Күндіз-түні жортпаған жерім, естімеген аңыз-әңгімем жоқ. Есептеуімізше, біз бабам өлгенде, Қытай жері тұрсын, Алакөлге де жетпегенбіз. Қабанбайдың ұлы Әлі мен немересі Садырбайдың Аягөз, Жарбұлақ маңында жерленуі осының дәлелі емес пе? Абылай «Көкірек әулие» атаған Қабанбай бабам Қытайға қойылса, мен білмей не көрініпті?

Атам Бүжік былай дейтін: «Қабанбай бабамыз қатты науқас» деп хабар жеткенде, Дәулетбай батыр Есіл-Нұра маңында отырыпты.

Қапшырбай ақсақалдың бұл дерегі Б.Әбілқасымовтың «Қабанбай елінің 1728-1762 жылдардағы құтты қонысы болған жер – Есіл мен Нұраның арасы» дегенімен қабысып тұр-ау. Қасымхан Әубәкіров:

– Аталарымның айтуына қарағанда, біздің ел патшаның қара жұмысына солдат бермейміз деп 1916 жылы Қытай асыпты. Мен Дәуіктен тараймын. Ол жаққа бізден он шақты жыл бұрын аталасымыз Жақанбай өтіпті. Одан бұрын Қожақұлдар Қытайда бірен-саран ғана болса керек. Әсілі, Қаракерей Қабанбай өсиетіне бас иген Қожақұл әулеті жұп жазбаған.

Зират мәселесіне келсек, мен ол жақты бір кісідей білемін. Облыс, аудан көлемінде ірі-ірі қызмет атқардым. Қытайда бабамның сүйегі жоқ.

Қабанбай атамыз қақаған қыста қайтыс болыпты. Содан алыста отырған, мынау, оңтүстік, батыста отырған Ұлы Жүз бен Кіші Жүздің біраз игі жақсылары келе алмай қалыпты. Олар келесі жылы мола тұрғызылып, бабамыздың асы берілгенде бірақ келіпті. Бәйгеге қосатын аттарын, палуандарып, асқа тігетін үйлерін, сойыс малын, ішім-жемін, күтімшілерімен жетіпті дейтін.

Сонда Назым қыз ұзақ жоқтау айтыпты. Әжелеріміз, ауылдағы апаларымыздан естігеніміз бар. Сол жоқтауда:

Жиылып тегіс, ас беріп,

Қайтқан жерін айтайын –

Есіл – Нұра арасы.

Ақ атанын шөгеріп,

Жатқан жерін айтайын –

Сарыбелдің сағасы. – деген екен деп отырушы еді.

Жөндеп құлақ қоймаппыз. Кейіннен Қазақстанға өткен соң, Үржарға барған бір тойымызда бұл жоқтауды Назымға Мырзагелді жазып бергенін білдік. Тегі Мырзагелді атамыз хат-хабарға жүйрік болса керек. Кезінде осы атамыз Байжігіттің шежіресін де жазған дейді. Бірақ соны өзім көрмедім. Мақаншыда Мұстақым тұрады. Сол біледі жөнін.

Қасымхан ақсақалдың осы әңгімесінен соң «Қаракерей Қабанбай Арқаға жерленбеген» деп жүрген бауырларымыз не дер екен. Мұнымен де дауласа ма?

Жыршы Қыдырмолданың «Қаракерей Қабанбай бабамыздың зираты – Ақмола түбінде» дегені құлағымда.

Нақ осы сөзді Қыдырмолда жыраумен көп араласқан Дәуітәлі Нұртазиннен де естіген едік. Ол айтатын: «Қыдырмолда Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы. 1931 жылы айдаудан қашып шығып, Ақмоладағы Қабанбай батыр зиратына түнеп, бата жасап, Қытайға өтіпті».

– Қабанбай аттас біреу шығар?

– Жоқ. Қыдырмолда «Қаракерей Қабанбай батырдікі» – деп айырып айтатын.

– Біреуден естіген де.

– Жоқ. Қыдырмолда бұл зиратты аталарынан естіген.

Сөз реті келгенде, Батырдың ұрпағы Базархан атты кейуананың әңгімесін де алға тартқан жөн. Ол кісі:

– Қытайға өтуге пейілденген соң, Қожақұл ұрпағынан он шақты мықты жігіт қос-қостан жетек ат алып, Арқадағы Қаракерей Қабанбай Батырдың Ақ моласына құран оқып қайтыпты. Содан біраз уақыттан кейін үдере көшіппіз. Аталарым айтатын.

Өкітай Ахметов: 1998 жылы 97 жасында Қаракерей Қабанбай батырдың ұрпағы Орынбай ата Сағымов қайтыс болды. Ол кісі айтатын: «Қабанбайдың сауытын екі палуан көтеріп әкелді. Етігі белімнен асты, дулығасы кішігірім қазан дерсің. Мен де екі метрге тақаумын ғой. Сонда атам қандай болды екен? Бабам туралы үш жырды жатқа айтамын. Мола жөніндегі білетінім – Есіл-Нұра маңында. Он бестемін. Біз Қытай жеріне кетпес бұрын он шақты жігіт Арқаға барып, атамызға құран оқып қайтты. Мені баласынып алмады. Соған әлі өкпелімін».

Алдыда аталған Базархан кейуана Алакөлдің түстігін мекендеген Байжігіттен де, Орынбай ата терістігін мекендеген туысы. Осыған қарағанда, алыс-жақын отырған ағайындар ақылдаса келе, сапарға бір мезетте шыққанға ұқсайды. Және екі қарияның сөздері егіз тамшыдай. Міне, осы дәлелдерден соң Қаракерей Қабанбай батыр ол кезде Қытайға өтпегеніне көз жеткен секілді. Тіпті, 1769 жылы Аягөз маңында да орналасып үлгермеген. Ендеше, Қытайдан зират іздеу нәтиже бермес шаруа.

Сөз басында барлық жырларда батыр Арқада жерленетінін айтқанбыз. Мұнда да екі зират бар. Біріншісі, Жезқазған өңіріндегі Таңбалы тас жанында. Ол жөнінде белгілі жазушы, ғалым Тарақты Ақселеу аға былай дейді: «... Кіші Жүз Қабанбай батырдың сүйегі жерленген соң, «Қабанбай қорымы» аталып кеткен. Зират Сарысу маңында, Қызылжар ауылына таяу.

Ақселеу аға жоғарыдағы тоқтамын әбден зерттеп барып, қағазға түсірсе керек. Ендеше, Ахаңа сенеріміз кәміл.

Енді Ақмола түбіндегі Қызылжар ауылы жанындағы Қабанбай батыр моласы жайлы айтудың реті келген сияқты.

Еліміздің жаңа Астанасы жанында Қаракерей Қабанбай батырдың зираты болуынан астар іздеушілер де шығып қалуы мүмкін. Бірақ Астананың Қабанбайға қатысы болмаса керек. Дарабоз жерленген өңірге астананың ауысуынан Қаракерей Қабанбай іріленбейді. Хан Батыр онсыз да алып тұлға. Өз атағы өзіне жетеді. Іздеп отырғанымыз ақиқат.

Мұнда талдықорғандық азаматтар 1991 келіп, дерек жинап, бейнетаспаға түсірген едік. Мола дөң үстінде, құлаған. Айнала алақандағыдай көрінеді. Сол кездегі Ақмола көз алдымда жатыр.

Зират шикі кірпіштен салыныпты. Көлемі 14х14 шаршы метр. Күмбезі құлаған соң, жанашырлар үстіңгі топыраққа адам аяғы тимесін десе керек, тікенек сым темірмен қоршапты. Қорғанның аяқ жағы мен ту сыртына жиырма шақты адам қойылған. Бас жағы бос. Бұл тегін адам жатпағанының айқын айғағы.

Құран оқыған соң Қызылжарға оралып, ауыл адамдарының басын қостық. Сонда түйгеніміз, мола 1950 жылдардың аяғына дейін тұрған. Күмбезді, төртқұлақты салынған.

Тың игеру басталғанда, қазақтың қадір-қасиетіне жауша тиген келімсектер біртіндеп кірпішін алыпты. Оған не Алла, не Аруақтан қорықпаған бір-жар қазақ та қосылыпты. Сөйтіп, бас-аяғы екі-үш жылда төбесі құлап, қабірдің үстіне түскен. Бірақ, аруақ аттағандар да оңбапты. Тұқым қалмаған сыңайлы.

Кезінде құлпытас тұрыпты. Ауыл адамдары зираттың Қаракерей Қабанбай батырдікі екеніне имандай сенеді.

Мұнан соң құлағы түрік журналист ағайындарға жолықтық. Облыстық газет пен телерадиокомитетте естігеніміз:

– Несіне күдіктенесіңдер! Әлде Қаракерей Қабанбай бізге жат па? – деген сөгіс болды.

Үшінші рет 1994 жылы Ақмолаға тағы арнайы барып, соны деректер іздестірдік.

Міне, қызық! Зиратқа біреулер ағаш егіп, гүл қойып кетіпті. Амал не, су тапшылығынан екеуі де қурап қалған. Қызылжар, Рождественка, Майбалық, Мичурин ауылдарынан сұрастырып, бұл кімдердің қамқорлығы екенін анықтай алмадық. Бірақ, қызылжарлық зейнеткер Саят Қожашев деген ағамыздың аузынан мынадай әңгіме естіп, үнтаспаға жаздық:

–Мен кеңшар кезінде 30 жылдан астам мал қыстауларының меңгерушісі болдым. Осы маңайдың өткен-кеткеніне жетікпін. Ауылда арғы-бергіні құлағымызға құйып отыратын Дүйсенбай, Танаш, Қабдікеш, Жүніс, Әлкей аталар болды. 70-ші жылдардың басында 80-нен аса қайтты, марқұмдар. Міне, осы аталарымыз «Мынау найман Қаракерей Қабанбай батырдың зираты. Жанынан жаяу өтіңдер. Өте қасиетті адам», деп қорып жүретін. Үстіндегі темір қоршауды әскерлерден сатып алып, солар қойды. Әсіресе, Дүйсенбай ата пірадар еді. Соңғы 30 жылда Батыр моласын күзетіп жүрді. Ақмоладан жаяу шыққанымызда, ауылды түнде болса да, адаспай табатынбыз. Там үстінде түні бойы алау жанып тұратын. Аппақ мола еді.

Сәкеңнің айтуына қарағанда, зират маңында бір ауыл найман отырыпты. Шаруашылықтарды ірілендіру басталғанда, көшіріп әкеткен екен.

Қаракерей Қабанбай зираты туралы 1991 жылы алғаш телехабар берген журналист Ескермес Иманбаевпен тілдестік.

– Атам Төлеубай моланы Қаракерей Қабанбай батырдікі деп ашып айтатын. Бұған шек келтірмеңіздер. Күдіктеріңізді ұқсам бұйырмасын?

Қайтар жолда Қызылжарға қайта соғып, 88 жастағы Сағынтай атаның үйінен түстендік. Қария тың.

– Тәуба, әлі күнге Ақмолаға мотоцикл мініп, өзім барамын. Аллар жар болса, 2000 жылыңа да мотоциклмен жетсем деймін, – деген қария әзілден соң, мола жайына оралды. – Сол жарықтықтың тамы ғой. Ары-бері сабыла бергенше, ел болып, Батырдың үйін көтерейік те. Жабылып ақша жинайық, жол салайық.

Қайран қариялар-ай!

Сонымен ақмолалықтар бірауызды. Семейлік азаматтар да осы пікірді түбегейлі ұстанып, баспасөзге жариялады.

Ақмолаға сан барып жүріп, семейлік тарихшы Мұхтарбек Кәрімовтен 1991 жылы келген мына хатты естен шығарып алыппыз. Ғылым кандидаты былай депті: «Аты әйгілі профессор Нәби Дауылбаев дәріс берді. Қаракерей Қабанбай зиратының Ақмола түбінде екенін сол кісіден естідік. Сіздер батыр баба моласын өзге жерден бекер іздейсіздер. Нәби ағаның айтуына қарағанда, Қабанбай батыр қайтыс болған жылдары ол осы жерді мекендеген. Наймандар кейін қоныс аударған».

Профессор Нәби Дауылбаевтың архиві сақталуы да ғажап емес-ау. Осы материалды оқыған азаматтар да үн қосса, нұр үстіне нұр.

Сонымен, Қаракерей Қабанбайдың қайтыс болар шағындағы құтты қонысы Арқа екені дәлелденіп те қалған сияқты. Қ.Халид, Ш.Уәлиханов, Н.Бекмаханова, Б.Әбілқасымов, Н.Дауылбаев, М.Кәрімов сынды ғалымдарымыздың бірі мұны тікелей дәлелдеп отырса, екіншілері сол кездегі тарихи фактілермен қуаттай түседі. Ұрпағы да тап осындай пікірде. Дегенмен, бұлар да жетімсіз десек, мына құжаттарға жүгінейік.

Қытай құжаттарымен жете таныс ғалым Нәбижан Мұхаметжанұлы былай дейді: «1762 жылы Іледе Іле жияңжүн әкімшілігі орнатылып, Ертістің Тора деген жерінен тартып, Аягөзден өтіп, Балқаш көлінен әрі Қарабура шыңына дейінгі алқапты биледі». (Тарихи зерттеулер. Алматы, 1994). Билеушісі – Қытай империясы.

Осы кітапта қазақ рулары қазіргі қонысына қашан өтті дегенге де жауап беріледі: «1817 жылы көптеген қазақ рулары Чин патшалығының батыс-солтүстік шекара қарауылының төңірегіне келіп қоныстанған еді. Бұл негізгі ру-тайпалар Зайсанның батысындағы Мұрын руы, Зайсанның солтүстігіндегі Қаракерей руы, Тарбағатайға таяу жердегі Байжігіт руы, Қызай руы».

Аталып отырған Байжігіт – Қабанбай елі. Демек, олар әлі қазіргі Қытай еліне аспаған. Ары қарай мынаны оқимыз: «1830 жылдары қазақ малшылары шығысқа қарай ілгерілей көшіп, Барлық тауына келген». Барлық қазіргі шекараның үсті.

Тіпті, 1833 жылы Қытай императоры қазақ елшісі Қара-Тоқаны қабылдағанда, мынадай әңгіме хатталыпты: «Байқасақ, қазақтар тегі мұсылман жұрты екен. Әдет-ғұрпы мұсылман халықтарына ұқсайды. Алайда құлшылық етіп, намаз оқып, немесе құран оқып жатқан ешкім жоқ. Қыз-келіншектері әдемі киініп, шаштарына шолпы тағып жүреді. Ал Іле, Тарбағатай отарларында мал бағып жүрген қазақтың жігіттері со маңдағы қарауыл әскери бекіністеріне әлсін-әлсін келіп, өкімет аттарын айдап әкетіп жатыр».

Мұнда екі нәрсе анық байқалады. Бірінші, қазақтар Тарбағатайдан ары аспаған. Әрине, бірен-саран үйлердің көзге түспей өтіп кетуі мүмкін. Ол тұтас шекара жоқ кез.

Екінші, ұсақ-түйекке шейін жіпке тізіп отыратын Қытай қазақты әлі жетік білмейді. Себебі, аралас енді басталған. Ал айтып отырғанымыз – 1833 жыл.

Қаракерей Қабанбай батыр Арқада жерленді дегенге көп күдік келтіріп, сенбегендердің ішінде біз де бар едік. Бірақ соңғы жылдары табылған деректер қателескенімізді мойындатып отыр. Өз басым 1995 жылдан бастап бүгінгі пікірдемін. Сол жылы жаздым да. Нақтылы фактілерге қарсы шығу – ақиқатқа қиянат болады.

Енді ұрпақ ауысу мәселесі тұрғысына зер салайық. Дарабоз Арқада – Сарыбелге 1770 жылы жерленді. Кенжесі Әлі (Құдайәлі – жеті айлық, шала туыпты. Содан «Құдай әлі-ақ жетілдіреді» деп осылай ат қойған.)Аягөз маңында тынымдаған. Әлі – Сардардың 47 жасында туған делінеді. Демек, тіпті мөлшермен алсақ та, 1735-1740 жылдарғы. Дүниеден сексенге таянған шағында озған. Ендеше, 1810 жылдардың бергі жағы. Бұл өте көп нәрсені хабарлайды. Әлінің Аягөзде қайтыс болуы М.Тынышбаевтың, Қ.Халидтың қаракерейлер Аягөзге 1810 жылдардан кейін қоныстанған дегенімен үндес. Осы шамада Дарабоз елі Аягөзге жете қонған.

Әлінің ұлы Садырбайдың моласы Ұржар маңында. Оның немересі Бүжік Жарбұлақта өлген. Байқаған шығарсыз, Қабанбай ұрпағы біртіндеп, жылжи көшіп келеді. Қабанбайдың төртінші ұрқы ғана қытаймен шекараға жақындады. Ал төрт ұрпақ – арада 100 жылдай мерзім өтті деген сөз. Мөлшері – 1860-1870 жылдардан аса Жарбұлаққа жеткен.

Ендеше, Қаракерей Қабанбай шөпшегінен кейін Қытай жеріне жерленуі мүмкін емес. Атасы балаларынан 100 жылдан соң өлуі ақылға сыймайды.

Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, баба ғұмырын өмір бойы зерттеп келе жатқан Зейнолла аға Сәнікке мынадай сұрақ қойғаным бар.

– Аға, қазіргі қытай жерінде неше атаңыздың моласы бар?

– Әкем мен атам ғана. Қалғаны Қазақстанда. – деген жауап алдым.

Бұл да Қабанбай ұрпағының қазіргі қытай жеріне жүз жылдың ар жақ, бер жағында өткеніне бір айғақ. Зекең де Хан Батырдың зираты Арқада – Сарыбелде деген сенімді пікірде.

Дарабоз өлген кезде Байжігіттердің Арқадан көшпегеніне әлі талай дәлелдерді келтіруге болады. Ол қолымыздыа бар. Бірақ, әзірше осы жетіп қалар. Енді дастан-жырларға тағы бір оралайық. Оның басын Қыдырмолда жыраудың аузынан:

«Ежелден мекен етіп жүреді екен, Ащысу, Есіл, Нұра, Сарыбелді», – деп естисіз. Енді Бұқар жыраудың мына сөзін қараңыз:

«Кеше түсте естідім, Қабанбай ауру дегенді».

Ал ойланайық. Хан Батыр Талдықорған, Семейге ортақ Алакөлдің ар жағында төсек тартып жатса, Қарағанды маңындағы Бұқар жырау бір жарым күнде қалай жетеді? Екі ара төтелей тартсаң да 1200 шақырымдай. Астана – Алматы жүрдек пойызы осынша жолды 21 сағатта өтеді. Демек, Көмекей әулие Бұқар жырау аса алыс емес. Ендеше, Дарабоз Арқада отыр. Мұны дастандар одан сайын растай түседі.

«Әркімнің өз тілеуі өзіне деп, Қабекең көшіп кетті Сарыбелге» деген жолдардағы «Сарыбел» атауы біраз адамды шатастырғаны анық. Алғашында біз де қателескенбіз. Осы тауды Алакөл маңынан іздегенбіз. Сөйтсек, бұл Иманжүсіп айтатын «Абылай аспас Сарыбел» екен. Мұны жырды тереңдей түсе оқығанда ғана ұқтық.

«Айнала жел соғады Алакөлге, Алакөл сусын болған талай елге» деген екі жол көп нәрсенің басын ашып береді. «Сусын» дегеніміз «тұщы» деген мағынада тұрғаны анық. Ал Талдықорған өңіріндегі Алакөлдің суы ащы, тұзды. Ол содан да Итішпес аталады. Сонда бұл қай Алакөл?

Жауабы мынадай. Бұл 1989 жылы Алматыдан шыққан «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» атты кітаптағы Ақмола облысындағы Алакөл. Суы тұщы. Адам да, мал да ауыз суға жаратады.

Қабекеңнің ауру екенін Дәулетбай Ащысуда естиді. Бұл өзен де Арқада – осы өлкеде, ұзындығы 88 шақырым. Нұраға барып құяды. Дәулетбайдың Дарабоз науқас деген хабардан соң:

«Батпан да батпан шабады»,

Таң атқанша шабады.

Сарыбел көшіп кетсін бе

Таң сарғая таянды» –

деген жолдар да көп нәрсені айтпай ма?! Демек, Дәулетбай Қабекеңнің ауылынан бір мың шақырым жерде емес, жақын маңда. Әйтпесе, Ащысудан Дәулетбай Тоқтаға дейін ең кемі 20 күн жүруі керек. Демек, Сарыбел Тоқта маңында емес.

Дәулетбайдың осы шабысы Бұқар жыраудың бір жарым күндік жерден келуімен ұштасып жатыр.

Дастандардың біршамасында «Сарыторғай», «Қараторғай», «Бектау ата» атаулары кезедседі. Бұлар да Арқада екені жалпы жұртқа белгілі. Ең шығысқа қарай жатқаны – «Бектау ата» Балқаш қаласының жанында. Бұл жерге кейіннен Шашубай ақын қойылған. Басына барып, түнегенмін. Ол өлкеге Дарабоз туралы жырлардағы атауларды аралай жүріп, жеткен едім. Шашубайдың «Аққайыңын» шырқағанбыз.

Осылайша фактілердің, аңыздардың, жыр-дастандардың, ғалымдар мен зерттеушілер пікірлерінің, жер-су аттарының бір арнаға құйылуы, бір ғана жайтты – Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмолаға жерленгенін дәлелдейді. Мұны мойындамауды қалай атасаңыз да, өзіңіз біліңіз. Қиқарлық дейсіз бе, іштарлық дейсіз бе, тоңмойын-дойырлық дейсіз бе – өз еркіңізде.

Жоғарыда әлі де талай тарихи жұмбақтар шешілер деген үміт артқан едім. Осының анық куәсі жақында ғана Қаракерей Қабанбай батыр туған қаңтар айында болды.

Қызылжар ауылындағы көпшілік бас қосқан Қожашев Саят ағаның үйінде Батырдың өлген жерін, құлпытасын іздестірсек деген жоспарымды айттым. Себебі, Дарабоз жерленген қырда, Қабекең қайтыс болған күзің аяғы, қыстың басында ел отыруы аса қиын. Ат құлағы көрінбес қыстың, Арқаның ақ бораны тым жиі, малға жайылым жоқ. Астанадан ең кемі 7-10 градус суық. Суырма жел күндіз-түні, ертелі-кеш бір тоқтамайды.

– Е, оның несін іздейсің. Ол жерді осы маңай жұрты түгел біледі. Қабанбайдың Үш терегінде қайтқан атамыз, – деп Саят аға іле сөз қосты. – Кесененің ойында, тиіп тұр.

Басқа басқа, дәл осылайша шешілер деп күтпеп едім.

– Табылды-ау. – деп қалдым.

– Сендер қызықсыңдар. Табылғаны несі? Зират та, Үш терек те ежелден бар. Орны белгілі. Білмей жүрген өздеріңсіңдер.

Орынды сөзге не дейсің? Расында да, жоғалған да, табылған да ештеңе жоқ. Көш-қонмен жүріп ұмытыппыз. Әйтпесе 1820 жылы туып, 1858 жылы қайтыс болған Күдеріқожа Көжекұлы «Найманда жұрттың ағасы, кіреуке тонның жағасы» деп басталатын жырында «Қайран Есіл, Нұрамыз, қайда барып сиямыз» дегенін, осы өңірді қимай көшкенін оқып жүрміз ғой. Найман қайда мекендегенін айтып тұрған жоқ па? Өзгенің емес, өз көшін айтады.

Саят аға сөзін әрі сабақтады.

– Атамыз дәм-тұзының таусылып бара жатқанын біліп, аттан түсіп, өзі дәрет алады. Сонан соң «Жүзімді Қыбылаға беріңдер» деп жантая жатып, жан-тәсілім етіпті. Келер жылы сол жерде бұлақ пайда болып, кейін терек өседі. Ұмытпасам, 1943 жылы молотилканың ағашы сынып, қара Смағұл деген механизатор сол ағаштан бұтақ шауып алып, молотилканы жүргізбек болады. Бірақ бір қолын сол молотилка жұлып әкетеді. Әулиенің ағашы кесілгенін естіген жұрт ертесіне құрбандық шалып, бұтақты ағашқа апарып, байлап қояды.

Тегінде, әулие ата өзіне залалын тигізгендерді жазасыз жібермейді. Алғаш тамын бұзып, кірпішін алған Біләл еді. Соңында ұрпақ қалмады. Өзі жын қуып өлді.

Осы әңгімені Рождественка ауылында 45 жыл тұрып келе жатқан Рызағұл Байкеұлы да айтады.

– Өздерің көп еске алатын Дүйсенбай ақсақал аса діндар, тақуа, шежіре еді. Осы ауылда Жұмағұл, Намазбай, Намазшам деген қариялар өтті. Солар Дүйсекеңмен жиі әңгімелесетін. Олар арғын, қырғыз, мен жағалыбайлы. Сөздеріне құлақ саламын ғой. Жарықтықтар бірауызды «зират Қаракерей Қабанбайдікі» деп отыратын. Ал Дүйсенбай атаның қалай қайтыс болғаны өз алдына хикая. Ол кісі Жұмағұлдан кейін өтті. Дүйсекең Қабанбай әулиенің моласына барып, намаз оқиды. Қабанбайдың Үш терегінде шөп шабады. Содан келіп, келініне «төсек сал» дейді. Дәрет алады да, төсекке жатып «Ал, сау болыңдар» – деп ауырмай-сырқамай көз жұмады. Жарықтыққа Қабанбай әулие аян берді ме екен? Үш терек бертінге дейін тұрды. Жерді тоздырып жібердік қой. Кейін құлады.

Ұлы Қолбасының кесенесі көтерілді. Бұйыртса, жаз шыға Қаракерей Қабанбай батырдың көз жұмған жері – Қабанбайдың Үш терегіне де белгі қою жоспарланды. Бұлақтарының көзін тазалау да ойдағы шаруа. Шөп басып, қайыздана бастаған екен. Өзіме мынадай ой келді. Дүйсенбай шежіре, Дүйсенбай ата осы Үш теректе шөп шауып қана қоймай, бұлағын да күткен шығар. Ал қазір көркі азайған. Соған қарағанда, қараусыз қалған сияқты. Әйтпесе, Дүйсекең тұсында суы мөлдір, теректері қурамапты.

Сонымен Қаракерей Қабанбай Сардардың басына биіктігі 21 метр, маңайы сәулетті кесене орнатылды. Көз жұмған жері белгілі. Ендеше, тағы екі-үш сауал туады. Алдыңғысы: «Сонда бабамыздың қыстауы нақты қай жерде?».

Хан батырдың кесенесінен жағасы, маңайы ну орман, желден ық Нұра өзеніне дейін үш шақырым. Үш терек пен өзен арасы да осындай. Өзен бойы қыстауға аса ыңғайлы. Тоғай арасында шөп басы мол. Қолда қалған сойыс малына жетіп артылады. Ал негізгі мал шығысқа қарай он-он бес шақырымдағы бұйрат ішінде. Қазір де осылай.

Батырдың жамбасының қыратқа тиюінің де себептері бар. Кезінде көктем шыға Нұра тасып, маңайын басып кетеді екен. Ендеше, ондай жерге мола салынбайды. Екінші, қыраттан көз жетер көкжиек түгел көрінеді. Көздегенге оңды. Үшінші, кесенеден солтүстік шығысқа қарай жатқан «Найман қорымға» дейін үш шақырымдай. Осы маңда 1950 жылдардың аяғына дейін Байжігіттер отырыпты. Кейін шаруашылықтар іріленгенде шашырап кеткен.

Демек, Қаракерей Қабанбай батыр моласы сол кезде осы өлкені мекендеген наймандар қонысының тап ортасында, кез келгенінен көрініп тұрған. Көш жолдарының түйісер жері. Уағында «Ақ патшаның қара жолы» аталып, Ақмола мен Қорғалжынды, Қарағандыны байланыстырыпты. Патша заманындағы почта жолы да бабаның дәл іргесінен өткен. Орыстар да қазекемнің көне сүрлеуін пайдаланыпты.

Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырнамасындағы қайсыбір ұмытыла бастаған жағдайлар, осылайша, қайта жаңғырып, орнына келіп жатыр. Бірақ бір «әттеген-айдың» ізі көрінер емес. Ол моланың ішіндегі құлпытастың жоғалуы – бүгінгі талай дүдамалдың бастауы. Оны 1942-1943 жылдары қол диірмен жасау үшін жер аударылып келгендер алған дейді жұртшылық. Олай болса, құлпытас бөлшектелініп тасталған. Әрі Қап тауынан құр сүлдесі жеткендер соңыра қоңданып, Арқаны жерсінбей, көшіп кетіпті. Кейін қоныстанғандары ештеңе білмейді, үш-төртеуін жинап едік беті теп-тегіс. Жазу байқалмайды. Тіпті, осыларда жазу болған күнде де бүгінгі күнге жетпес еді. Алпыс жылдай бір-біріне үйкелген екі тастан не қалсын? «Үмітсіз – шайтан» деген. Әлі де іздестіреміз.

Жоғарыда «Найман қорым» аталатын зиярат орнын тілге тиек еттім. Қызылсуат ауылы мен Қаракерей Қабанбай кесенесінің ортасындағы қорым аса аумақты, тым көнеден келе жатыр. Мұнда арғын балаларының ішінен алғаш қойылған Нұрбай есімді атамыз екен. Қазір жарықтықтың сегізінші ұрпағы бар. Ұрпағы моласын дәл көрсетеді. Оның жанында – наймандар. Бір-біріне өте ұқсас қызыл тастан белгі қойылған. Молалардың топырағы шөгіп, тегістеліп кеткен. Қорымды осы қызыл құлпытастар шартты түрде екіге бөледі. Батыс және терістік жағы наймандардың, шығыс және түстік жағы арғындардың Жер-Ана бесігі. Кішкене ауыл күні бүгінге дейін мұнда кісі жерлейді.

Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмоласының сырт және аяқ жағында да тап осындай тегістеліп кеткен, зер сала қарамаса, аңғарыла бермейтін жиырма шақты мола бар. Манағы қорымдағы молалардың шөгіп кетуімен тым ұқсас.

Айтпақшы, қызылсуаттықтар осы зиярат орнын «Нұрбай қорымы» деп жалпылай атайды да, батысы мен терістігін «Найман қорым» дейді.

Жылқыбай, Жылқыбек деген қажылық парызын өтеп қайтқан екі найманның құлпытастары Нұрбайдікімен қатар тұр. Тастары да, шөгуі де бірдей. Соған қарағанда, қатар жасасқандар сияқты. Нұрбай атаның ұрқы да осылай дейді. Бірақ, Жылқыбай мен Жылқыбектің неше жасында көз жұмғанын есте сақтамапты. Өз аталары сексенге таянған. Екі найман да осы мөлшерде шығар деген пікір қорытады. Олай болса, бір туған Жылқыбай, Жылқыбек, Нұрбай аталар, қалай десек те, 1860 жылдан кейін жерленген. Ендеше, 1810 жылдар мөлшерінде наймандар Аягөзге түп-түгел көшіп кетпегені, Хан Батырдың жанында бір-жар ауылдың қалғаны тағы да шындық.

Бұл мана айтып кеткен Күдеріқожа Көмекұлының 1850 жылдары Есіл-Нұрадан көшерінде «қайда барып сиямыз» дегенінің растығын қуаттайды. Найман бір жылда қопарыла қозғалмаған. Біртіндеп көш қамдаған.

***

Жалпы, Қаракерей Қабанбай батырдың ұлы қолбасшылығына шек келтірген пікір әлі естілген жоқ. Күллі әлеумет осы орныққан пікірді қолдап отыр.

Алайда «Хан Батыр қайда жерленген?» деген сауал төңірегінде небір қисынсыз, көпе-көрнеу жалған пікірлерді естіп те, оқып та жүрміз. Ешбір нақтылы тарихи құжатсыз, дәлелсіз жұртшылық санасына күдік-күмән орнатуға тырысу бұл.

Сондықтан, соңғы жылдары қолымызға түскен тарихи деректерді оқырманға ұсынғалы отырмыз.

Ең алдымен «Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған 1770 жылы бабамыз қай жерді мекендеп отыр еді?» дегенге жауап іздеу қажет. Бұл – алдағы кезектегі мәселе. Ендеше, әңгімені нақ осы сұрақтан бастаған жөн.

Айтпақшы, біз Хан Батыр 1691 жылы туып, 1769 жылы дүниеден өтті деп келгенбіз. Қазіргі зерттеу, зерделеу бабамыздың 1692 жылғы қаңтарда (бүгінгі жыл санаумен) туғанын көрсетеді. Біз «Қаңтарда туған екен шешесінен» деген дерекке сүйеніп, 1691 жылды алғанбыз. Бірақ, 1770 жылғы Жайыл соғысында Дарабоз тірі, сол жылы, күздің аяғы, қыстың басында, қарашаның жуан ортасында ғұмыры үзіледі. Жетпіс сегіз жасқа келгені анық. Салыстыра отырып, ата жасын шығарған 1991 жылдың күзінде бүгінгі жыл-ай санаумен, қазақы жыл-ай санаудың арасындағы айырманы ескермегенімізді ұқтық. Қазақша жыл басы – Наурыз, орысша – қаңтар. Екі ай, жиырма екі күн айырма бар. Сонда қазақша қаңтарымыз жылдың он бірінші айы. Демек, қазақы жыл санауды бүгінше есептесек, 1692 жылғы қаңтар екен.

1770 жылы Қабанбай елі қай жерді мекендегеніне жауап ізделік. Бүгін ата ұрпақтары, негізінен, Талдықорған өңіріндегі Үйгентас, Алакөлде, Семей өңіріндегі Үржар, Мақаншы, Аягөз, Ақсуат, Тарбағатайда отыр. Бірақ, осы маңайдағы көнекөз шежіре қариялардың бірде біреуі алты-жеті атасынан асырып, арғы бабаларының молаларын көрсете алмайды. Оның үстіне, аталған өңірлерде Қаракерей Қабанбаймен тұстас адамдардың атына қойылған бірде-бір жер, су атаулары жоқ. Ондай атаулар Аягөздің оң жағы мен солтүстігінде немесе батысында ғана кездеседі. Неге?

Рашид-ад-Динге сенер болсақ, Шыңғыс қағаннан іргесін аулақтаған наймандар бұл жаққа 1205-1208 жылдары орналаса бастаған. Демек, Қаракерей Қабанбай елінің түпкі атамекені. Жоғарыда айтқан сәйкессіздікке бір себепті осы жерден іздеген жөн.

1723 жылғы жоңғар шапқыншылығы шығыс шепте отырған наймандардың Ұлытаудан Есілге дейін өріс кеңіткен наймандарға келіп қосылғаны дау тудыра қоймас. Себебі, Керей хан мен Жәнібек хан қазақ мемлекетінің туын көтерген 1455-1456 жылдардан кейін екі ханның шешімімен Ұлытаудан Есілген дейін найманның жері болып белгіленгенін сол тұстағы тарихтан хабары бар кісі біледі.

Міне, осы 1723 жылдары үдере көшкен қалың найман Аягөз, Алакөл, Тарбағатайдағы атамекенге тоқсан жыл бойы жете алмаған.

Бұл – үш-төрт ұрпақ ауысарлық уақыт. Ш.Уәлихановтың деректеріне сенер болсақ, (әзірше күдік келтірген ешкім шыға қойған жоқ), 1755-1756 жылдардан кейін Ертістің Тора саласынан бастап, Аягөз өзенінің сол жағалауы, Балқаштың оңтүстігі қазақ рулары қоныстана алмайтын аймаққа айналып, бұл шек Іле өзенінің оң жағалауымен аяқталады. Ендеше, Қаракерей Қабанбай елі осы жылдары Аягөзден өте алмағаны анық.

1785 жылы орыс әскерінің капитаны И.Г.Андреев сол тұстағы қазақ шекарасымен жүріп өтіп, Ұлы Жүз бен Орта Жүз руларының қоныстарының тізімін жазып алдырған. Осы жазбада Аягөзге келіп тіреліп, ары өте алмай отырған найманның қызай, бұлды, торғай, ақбарақ, ақболат, болатшы, матай руларын атайды. Бұл – Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанына тұп-тура 15 жыл толған кез. Жаңағы аталған рулардың ішінде Дарабоз елі – Байжігіт-Мәмбет жоқ. Ендеше, «Қаракерей Қабанбай батыр Аягөз өзенінен 300-350 шақырым шығысқа қарай жатқан Тоқта – Барлық, Алакөлден де ары жерленді» деген пікірде қандай негіз болуы мүмкін?

Әдетте, қазақта кез келген адамды жерлеудің мынадай себептері бар: бірінші – марқұмның өсиет еткен орны; екінші – ата-бабасының қорымы; үшінші – ұрпағының ортасы; төртінші – қасиетті Түркістанға жеткізу.

Қаракерей Қабанбай батыр көз жұмған тұста, атамыздың, наймандар әлі жетпей тұрған маңға жерленуі мүмкін емес.

Оның үстіне, 1758, 1762 жылғы бітімдерге орай 1762 жылы Үржар өзенінің жағасындағы Тамды деген жерге (қазір Ақжар аталады) Қытайдың жияң-жүйі (генералы) келіп қоныстанғаны шындық. Ол Дарабоз сүйегін жерлемек болған қазақты шығысқа қарай жібермес те еді.

1853 жылы В.В.Вельяминов-Зернов 1762 жылы белгіленген шекара тұрғысында былай деп жазыпты: «Первоначальная граница на северо-западе была назначена по р.Аягуз». Бұл – Қытайдан, шығыс жақтан қарағандағы жағдайда айтқаны.

Кей ағаларымыздың «Қаракерей Қабанбай батыр 1750 жылдар ортасында Тоқта-Барлыққа жетіп, сонда қоныстанды» дегенді қандай дерекке сүйеніп айтатынын түсінбейміз. Өтірік айтып, өзін де өзгені де алдап отырғанын шынымен білмей ме, әлде тарихи құжаттар табылмайды деп ойлай ма? Немесе, әу баста айтып қалып, содан қайтуға жалған намыс жібермей жүр ме екен?

Айтпақшы, капитан Андреев 1785 жылы өзі көрген найман рулардың санын да айтады: «6. Волость акбарак, акбулат дертаул (?), в которого прежде был старшина Карабаш Иметюбыт, (Итемген) а по смерти его Жошана Оий, подвластных оного кибиток до 600... 7.Волось кайглы (канглы?) (әлде қайшылы ма – авт.) в коей старшина Садык, подвластных оного кибиток 120...; 8. Волость булатчинская (?) старшина сей волости Янбай бий, подвластных оного кибиток до 450; 9. Волость Матай имении кайнерская (қайнар – авт.) в коей старшина Тайлак батыр, подвластных оного кибиток до 600; лошадьми и скотом весьма достаточны».

М.Тынышбаев пен Қ.Халиди: «... Наймандардың Аягөзден өтуі 1810 жылдан кейін» деген дерек қалдырған. Бұл тарихшыларға да бүгінге дейін күдік келтірген ешкім болған жоқ.

Жақында аталған екі ғалымды тікелей қуаттайтын, тағы бір нақты архив дерегі жолықты. Путинцев деген орыс аудармашысы 1841 жылы туралы... «в окрестностях Алакуля кочевали волости кара-кирей, қызай, байджигит, найман и дюртугул» – деп жазыпты.

Міне, Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болғанына аттай 71 жыл толған соң ғана Дарабоз елі – Байжігіттер Алакөлден төбе көрсетті. Онда да батыс жағынан. Бүгінгі Үржар, Мақаншыда ол тұста, негізінен, қызайлар тұрғаны мәлім. Тарихшы ғалым, осы өлкенің түлегі М.Кәрімов өз еңбектерінде былай деп жазады: «ХVІІІ ғасырдың екінші жартысының 80 жылдарынан бастап қызайлар осы күнгі Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірлерін жайлап жүрген. Ал ХІХ ғасырдың 70 жылдарының ішінде олар ел басшысы Тазабек болыстың бастауымен үдере көшіп, Қытай жеріндегі Күнес, Текес, Қас өңірлеріне өткен». Осы жайды қариялар да, біз де жақсы білеміз. Қызайдың қалың найманнан бөліне жылжуы ағайын арасындағы өкпеден еді.

1847 жылғы 17 сәуірде граф К.Нессельроде император Николай І-ге мынадай хат жолдапты: «...Ал қызайлар мен байжігіттерге келсек, оларға сақтықпен қарау қажеттігін түсінеміз... қызайлар мен байжігіттер Қытай мемлекеті тарапынан арыз-шағымға мұрындық болар қылық танытпасын».

Аңғардыңыз ба, патша үкіметі қызай мен байжігіттен сескенеді әрі оларға бұйыра сөйлей алмайды. Себебі, біріншіден, жан саны мол, екіншіден, әлі бодандық қамытын кимеген. Мұнда да қызайлар әлі Қытай жеріне өтпегені тайға таңба басқандай жазылған. Алакөл маңында отыр.

Қызайлар көшпей тұрғанда бұл өңірге қаракерей – байжігіттердің орналаспағаны және шындық. Егер бұл маңда Дарабоз жерленсе, қаракерейлер «Атамыздың сүйегі жатыр. Жер біздікі» деп, алдымен жетіп, орналасар еді. Бұл – қазақтың жызылмаған заңы.

Алакөл, Тоқта-Барлыққа байжігіттер, ең ары дегенде Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған соң, 80-100 жылдан кейін жеткен. Ендеше, ұрпағынан 80-100 жыл бұрын Дарабоз бұл жаққа қалай жерленеді? Еш пайымға сыймас нәрсе.

1852 жылы Сібір қазақтарының шекара басқармасы Петербургке есеп жолдапты. Онда былай делінеді: «Аягөз және Көкпекті округтеріндегі біздің қырғыздар мен байжігіттердің татуласуын қамтамасыз ету, ... байжігіттердің тұрмыс-тіршілігін, ой-санасын, шаруа-жайын, біздің үкіметке қалай қарайтынын білу керек».

Осы жолдар біраз ақпарат береді. Алдымен, байжігіттер Аягөз, Көкпектімен көрші. Демек, Таскескен мен Үржардың арасы болуы ықтимал. Екінші – әлі бодандыққа түспеген. Себебі, орыс оларды «өз қырғыздарына» қоспай отыр.

Бұл сөзге дәлел де бар. 1846 жылғы 22 наурызда генерал-майор Н.Вишневский Ұлы Жүздің сұлтаны Ғали Әділұлының мынадай хатын жоғарыға жолдапты: «Аягөз округіне қарасты Садыр, Матай, Қаракерейлер Үйсіндердің Россияға бодан болғанына қарсы бірігіп, малдарын тартып алып, тонауда, тұтқынға кісі әкетуде».

Ендеше, наймандар әлі Ресейді паналай қоймаған, әрі үйсіндерге тақау отыр.

Жоғарыда аты аталған орыс жазбаларына, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Қ.Халид, В.В.Вильяминов-Зерновтың барлығына да сенбейтін адам табылауы да мүмкін. Сондықтан, 1810 жылдан кейін қазақ-қытай шекарасы қалай өткені жөнінде бүкіл әлем мойындайтын Н.А.Аристовтың жазғанын келтіре келсек те артық болмас. Бұл ғалым «Граница была перенесена к востоку после перемещения резиденции Управления Тарбагатайского округа с р.Уржар в Чуганак (Шәуешек – авт.)... границы китайских земель опеределны по южному подножию цзунгарского Алатау и от его оконченности к Тарбагатаю, между горами Барлык и озером Алакуль» дейді. Демек, М.Тынышбаев та, Қ.Халид та, Вильяминов-Зернов та дәл айтқанына сенеміз.

Жоғарыдағы деректерден шығатын қорытынды мынау:

1. 1755-1756 жылдары Қаракерей Қабанбай батыр, найман – байжігіттер Тоқта-Барлық, Алакөлге келіп қоныстанбағаны анық.

2. 1810 жылдарға дейін наймандар Аягөзден аса алмаған Демек, 1770 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың Тоқта-Барлық, Алакөл маңына жерленуі, тіпті де мүмкін емес. Бұлай деу – тарихты бұрмалау. 1770 жылы ол маңда найман жоқ.

3. Оның үстіне, М.Тынышбаев 1917 жылғы санақта 590 мыңдай найман барлығын жазады. Осыған қарағанда, 1770 жылы, Қаракерей Қабанбай дүниеден өткенде, кем дегенде, 300 мыңдай найман болса керек. Бұлардың 50-60 мыңы қаракерей десек, осынша жұрт Тоқта-Барлық, Алакөлде отырса, Дарабозды сонда жерлесе, бабаларының зиратын қалай ұмытып қалады? Қалай десек те, бұл – болмас іс. Ол жақта Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі жоқ. «Мынау – соның зираты» дейтін ешкімнің болмауы содан. Бұл – ақиқат.



/cgi-bin/footer.php"; ?>