Психикалық дамуы тежелген балаларға сипаттама

 

Психикалық дамудың тежелу мәселесі дүниежүзілік психологтар мен педагогтардың бірден – бір көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Ол кемақылдылар қатарына жатпайтын, бірақ білім қорының көлеміне қарай оларды қорытуға жеткілікті икемділіктері болса да алғашқы сыныптарда мектеп бағдарламасын игере алмайды. Психикалық дамуы тежелген балаларды жан – жақты зерттеу 1960 жылдардан басталады: осы жылдары енгізілген міндетті орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының күрделенуі көптеген балалардың сабақ үлгерімін төмендетеді. Тіптен кейбіреулері бағдарламаны игере алмады, білім сапасы төмендей бастады. Осы кезеңде шет елдерде оқу үлгерімінің сапасы,білім деңгейін көтеру бағытында ғылыми – зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемлекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға ынтасы аз балаларды ғылыми психологиялық, педагогикалық тәсілдермен зерттеу арқылы «оқуға қабілеті төмен», «оқытуда қиындықтар кездесетін», «педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған», «тәртібі бұзылған», «бейімделмеген», «миында болмашы зақымданулары бар» балалар деген топтар айқындала бастады. Мектеп жасындағы бұл балалардың бәріне тән кемістік – үлгермеушілік. Ал оның басты себебі: бастауыш сыныптарда анық байқалатын психикалық әрекеттердің кейбір түрлерінің тежелуі немесе уақытша қалыптаспауы. Бұл ауытқу көбінесе 5-6 жастан 11-12 жас аралығында кездеседі. Оларды кемақылдылықтың жеңіл түрлері кездесетін балалардан ажырату үшін, Г.Е. Сухарева «психикалық дамуы тежелген балалар (ПДТ)» деген терминді енгізді.Бұл термин осы уақытқа дейін қолданылады. Бұл балалардың интеллектуалды дамуының зақымдану дәрежесі – олигофрения мен интеллектісі қалыпты дамыған балалардың арасындағы аралық орын алады (яғни, интеллектісі кемақылдылықтан жоғары, ал қалыпты дамыған интеллектіден көп төмен).Психикалық дамудың тежелуі уақытша болуы да мүмкін. [3]

Жалпы мектептерде, бастауыш сыныптарда үлгермеушіліктің болуы педагогтардың, медиктердің және психологтардың, әлеуметтанушылардың назарын өзіне аударды. Бұл балалардың таным әрекеттері бұзылмаған және оқу іс – әрекеті дұрыс ұйымдастырылған. Бірақ, барлық пәндерден үлгермеушілік көрсетеді. Бұларды «Психикасы артта қалған балалар» балалар деп атайды. Т.А.Власова және М.С.Певзнер бұл балаларға көңіл аударып, ПДТ балаларда жеке басының бұзылуымен қатар нейродинамикалық процестер бұзылған деді (астеникалық және цереброастеникалық күйлерді анықтады). ПДТ психофизикалық инфантелизм негізінде пайда болып, нерв жүйесінің ауруларына құрсақ ішінде босанған уақытта әртүрлі патогендікфакторлар әсерінен организмдіастеникалық және цереброастеникалық күйлерге алып келеді. [4]

Психикалық дамуы тежелген балалар дегеніміз - оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Сондай – ақ бұл балалардың эмоциональдық ерік – жігер саласының жетілмеуі органикалық инфантилизммен түсіндіріледі. Органикалық инфантилизм термині алғаш рет француз психиатрлары Лоран мен Лассегтің енгізуімен ХІХ ғ. аяғында пайда болды. Бұл терминмен түрлі жұқпалы аурулар мен уланулардың нәтижесінде пайда болған психикалық және дене бітімдік тежелулер аталды. Осылайша, инфантилизмді психикалық және дене бітімдік жетілмеу белгілерінің тұтас құрылымы яғни, баланың жасына сай жетілмеуі, «балалықтан» арылмауы деп қарастырған дұрыс.

Инфантилизм әсіресе мектеп жасына келген кезеңде анық байқалады. Бұл балалар өте мазасыз, әбігерге түседі. Қимыл – қозғалыстары өте шапшаң, бірақ координацияларында дәлдік жоқ. Сыныпта отырғанда үйден алып келген ойыншықтармен ойнап отырады. Мектептегі стуацияны сезінбейді.Тапсырма орындауда жалпы сыныппен ілесе алмайды, жұмыс істеу қарқындары баяу, сәл қиындықтар кездессе жұмыстан бас тартады.Бұл балалардың дене бітімінің дамуы да тежеледі. Мұндай инфантилизм – гармониялық инфантилизм деп аталады.

М.С.Певзнердің пікірінше, эмоционалдық ерік – жігер дамуының тежелуі уақытша болуы мүмкін және баланың жеке ерекшеліктерімен санасатын дамыту бағдарламалары дұрыс жүзеге асырылса – бұл кемшілітер толық жойылады. Сондықтан, психикалық даму тежелуін уақытша құбылыс деп санауға болады. Бірақ, балаларды тереңірек зерттей келе үлгермейтін оқушылардың психикалық және дене бітіміндегі инфантилизм басқа да даму ауытқуларымен ұласатындығы анықталған. [3]

«Психикалық дамудағы аздаған ауытқулар мәселесі, шетелдік және отандық ғылымда, тек ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. Бұл кезде ғылым мен техниканың түрлі салаларында, қарқынды даму болды, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламалары күрделене түсіп, көптеген балаларға оқу қиындай бастады. Педагогтар мен психологтар мұндай үлгермеушілік себептерін, өте маңызды деп санап, талдау жасады. Көп жағдайда, бұл мәселе ақыл-ойдың кемістігі деп қарастырылып, үлгермеуші оқушылар көмекші мектептерге орналастырылды. Жалпы білім беретін мектептердегі бағдарламаны меңгере алмаған балаларды клиникалық тексеруден өткізгенде, ақыл-ойы кем балаларға тән өзгеше ерекшеліктер байқалмаған. Тек 50-60 жж. Л.С.Выготскийдің шәкірті М.С.Певзнердің басшылығымен, үлгермеушілік мәселесінің түпкілікті себебі анықтала бастады. Кешенді клиникалық-психологиялық-педагогикалық тексерулер үлгермеуші оқушыларға психикалық дамудың тежелуі деген (ПДТ) тұжырымдама берді. Сөйтіп, жалпы мектептердегі үлгермеуші оқушылардың тең жартысын құрайтын, дамуында ауытқуы бар балалардың жаңа категориясы пайда болды.

1960 ж. Кеңес Одағында Ғылым академиясының дефектологиялық ғылыми-зерттеу институтында, М.С.Певзнер мен Т.А.Власованың жетекшілігімен жүргізілген кешенді зерттеулер екі жақты қажеттіліктен туындады: біріншіден, жалпы мектептердегі үлгермеушілік мәселесімен күресу болса, екіншіден, танымдық әрекеттің клиникалық бұзылуын әрі қарай тереңірек зерттеу қажет болды. Барлық көрсеткіштерге сәйкес, бұл категориядағы балалардың психоәлеуметтік дамуы басқа дизонтогениялық бұзылулардан өзгеше, екінші жағынан, қалыпты дамудан айырмасы бар, сөйтіп, психикалық даму деңгейіне қарай ақыл-ойдың кемістігі мен қалыпты даму аралығын көрсетеді.

Ақыл – ойдың кемістігінде орталық жүйке жүйесі диффузиялық түрде зақымданатын болса, психикалық дамудың тежелуінде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) локальды зақымданады. Ақыл- ойдың кемістігінде екінші сигналдық жүйе шартты байланыстар жасауда белсенді рөлді атқармайды, ал ПДТ – да екінші сигналдық жүйе шартты байланыстар жасауда, қалыпты жағдайда белсенді рөл атқарады. Ақыл – ойы кем балалар ересек адамдар тарапынан берілген көмекті қабылдамайды, ал ПДТ балалар көмекті қабылдайды.

Психикалық дамуы тежелген балаларға, айқын даму ауытқулары жоқ (сөйлеудің ауыр бұзылуы, жеке анализаторлар кемістігі) балалар жатады. Бұл категориядағы балаларда, түрлі биоәлеуметтік себептер (ОЖЖ-ң жеңіл зақымдануының қалдықтары, соматикалық әлсіздік, цереброастеникалық күйлер, педагогикалық қараусыздық, гармониялық инфантилизм т.б) салдарынан, бейімделу қиындығы кездеседі. Жоғарыда аталған кемшіліктер бұл балалардың жалпы білім беру бағдарламасын меңгеруіне кедергі жасамайды, бірақ олардың психикалық және дене бітімдік ерекшеліктеріне бейімделуін қажет етеді. Дер кезінде жүргізілген коррекциялық – педагогикалық көмек жүйесі кейбір жағдайдағы медициналық көмек аталған, даму ауытқуын толық немесе жартылай жоя алады [5].

К.С.Лебединская, В.И.Лубовской, т.б дефектологтар зерттеулерінде балалардың жас мөлшері бірдей болғанымен, психикалық дамуы әртүрлі, яғни интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмейтіндігін ерекше атап көрсетілген.

Психикалық дамуы тежелген деп мидың органикалық зақымы салдарынан танымдық іс әрекетінің бұзылуы байқалатын балаларды атайды. XVIII ғасырдан бастап Ж. Эскироль, Э.Сеген, Ф.Гальтон, А. Бине, Э.Крепелин, Дж. Кэттэл сияқты психиатрлар ақыл ой дамуындағы ауытқушылықтардың негізгі көріністерін талдау және зерттеумен айналысты. Олардың алдағы негізгі міндет интеллектуалдық жетіспеушіліктің психикалық аурулармен өзара байланысын анықтау және бұл бұзушылықтардың тереңдігін анықтау болды.

ХІХ ғ ортасынан бастап көптеген европалық елдерде жалпыға ортақ бастапқы білім беру жаппай енгізіле бастаған кезде мектеп білімдерін игерудегі тежеу болған интеллектуалдық жетіспеушілігі анықтау мәселесі шиеленісе түсті. Осы кезде психикалық жағынан сау демек мектеп бағдарламасын игере алмайтын балалар жіберілетін қосымша мектептер ашылады.

Ресейлік ғылымда интеллектуалдық жетіспеушіліктің түрлі көріністерін зерттеу кейінгі кезде ХХ ғ бас кезінде басталып ХХ ғ жиырмасыншы жж Л.С. Выготскийдің күшімен негізделген дефектологияның зерттеу пәніне арналды. Жалпыға ортақ мектептерде білімді игеруде артта қалатын балалар бар екендігіне түңғыш рет ғұламалардың назарын аударған К.Д. Ушинский болды.

Психикалық дамуы тежелген балалардың негізгі бұзылыстары интеллектуалды даму деңгейі, яғни зейіні, есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келеді. Осы себептерге байланысты психикасы дамуы тежелген (ПДТ) балалардың оқу үлгерімі төмен болады. Оның негізгі белгілері: сабаққа белсенділігі байқалмайды, берілген тапсырмаларды үлкендердің көмегінсіз дұрыс орындай алмайды, сыныптастарымен аз араласады, өз ойын ашық айта алмайды, оқу мен жазу, есептеулерде көп қателер жібереді, тез шаршағыш, зейіні тұрақсыз болады.

Психикалық дамуы тежелген балалардың тіл байлығы әдеттегі балаларға қарағанда 20-30% төмен деңгейде. Сондықтан зерттеу нәтижелері бойынша ойлау, сөйлеу тілінде және шығарманың мазмұнын айтуда қиындықтар кездесетіні, сонымен қатар есте сақтау қабілетінің артта қалғаны да анықталды. Осы себептерден баланың тапсырманы орындауында көп қиындықтар кездеседі [6].

ПДТ -ның себептері кем – ақылдылықтың себептеріне ұқсас, бірақ олардың әсері жеңілдеу.

Анықталған негізгі этиопатогенетикалық себептерге тоқталайық:

· нәрестенің анасының құрсағында даму кезеңінің бастапқы немесе соңғы айларында әртүрлі зиянды себептердің оның миына әсер етуі;

· нәрестенің босану кезінде бас сүйегі мен миының жеңіл зақымдануы;

· бала туғанан кейін, әсіресе алғашқы айлары мен жылдары әртүрлі соматикалық немесе жұқпалы аурулармен ауруы;

· отбасында дұрыс тәрбие мен күтімге көңіл бөлмеу;

· психогенді жағдайлардың кері әсерінен де пайда болуы мүмкін: бала ата-анасынан айрылғанда, толық эмоционалды қарым – қатынастың болмауынан;

· жаңа туған нәрестелерді, жас балаларды тастанды балаларға арналған балалар үйлерінде дұрыс тәрбиелемеу, мейірім мен жақсы көріп еркелету – сүйіспеншілік сезімдерінің жетіспеуі сияқты және басқа да зиянды себептер баланың психикасының қалыптасуын тежейді, содан барып инфантилизм қалыптасады. [3]

Жалпы орта білім беретін мектепте үлгерімі төмен балалар тобында психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар кездеседі. Психикалық дамудың тежелуі - бұл баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі. Баланың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себептері түрлі болуы мүмкін. Бұл жағдайдың негізгі себебі бала миының әлсіз түрдегі органикалық зақымдануы немесе іштен туа біткен, туылу кезінде және өмірінің бастапқы кезеңдерінде болған жағдайлар, негізгі әлеуметтік жағдайы, нашар көруі, құлақ ауруы тағы да басқа себептерден болуы мүмкін. Психиатр, невропатологтың зерттеулері бойынша психикалық дамуының тежелуі балада тұмау, сары ауру, іштегі улану сияқты аурулардан кейін пайда болады. Психикалық дамуының тежелуінің негізгі бұзылыстары интеллектуалды деңгейі көбіне таным процестері: зейіні, логикалық есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келеді.Бұл балалар өзінің құрдастарынан кеш жүріп, кеш сөйлейді. Олардың салмағы аз, бойы кіші, көп сөйлемейтін, әлжуаз, тез шаршап, көп ауырады. [7]

Психикалық дамуы тежелген балалар дегеніміз - оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Мұндай балалар білімі мен дағдыларына, тұлғалық жетімділігіне мінез-құлқына байланысты мектепте оқуды бастауға дайын емес. Олар оқуда көп қиыншылықтар көреді:мектепте орнатылған тәртіп нормаларын сақтау оларға аса қиын. Оқудағы қиыншылықтар олардың жүйке жүйесінің әлсіреуінен тереңдей түседі –жүйкесі тозып, соның салдарынан олар тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді, бастаған жұмысын аяқтамайды.Бұл балалардың оқу үлгерімі ерекшеліктеріне келетін болсақ, бұл балалардың оқуға үлгермеушілігі 1-сыныптан бастап көріне бастайды. Бірақ анық белгілері 2-3 сыныпта белгілі болады. Оқу процесінде олардың оқу дағдыларындағы кездесетін кемшіліктер:

- сабақ процесіне жай қосылады;

- оқу материалын жай немесе тіптен қабылдамайды;

- берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындай алмайды;

- оқу мен жазуы жай;

- оқыған мәтінін түсінбейді және түсінгенін айтып бере алмайды;

- есептер шығарған кезде үлкен қателер жібереді;

- тез шаршағыш;

- сыныптастарымен аз араласады;

- өз ойын анық айта алмайды.

Мұндай балалардың жұмыс қабілетінің төмендеуі және зейін тұрақсыздығы әр балада түрлі көрініс табады. Осылайша кейбіреулерінде аса жоғарғы зейін қоюы және неғұрлым жұмысқа деген жоғарғы қабілеті тапсырманы бастағанда байқалады да, оны орындау барысында төмендей береді; енді бірінде –зейіннің артуы жұмыстың біраз уақыты өткен соң басталады; ал тағы басқаларында зейін қоюы және жұмыс қабілеті біркелкі болмай,мезгіл-мезгіл толқып тұрады. [8]

Қазіргі уақытта балалардың ПДТ –і жан – жақты клиникалық, психологиялық және педагогикалық бағыттарда зерттелген, оның клиникалық белгілері анықталған.

Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарында Г.Е.Сухарева, Т.А.Власова, М.С.Певзнер, В.И.Лубовский, К.С.Лебединская жоғарыда көрсетілген топтардағы балалардың бәрінде әртүрлі дәрежеде психикалық функциялардың тек тежелуі ғана болатынын анықтады. Осымен қатар, ПДТ балаларда кездесетін этиопатогенетикалық өзгерістердің сапасы анықталды. Ең негізгісі, бұл балалардың орталық жүйке жүйесіндегі өзгерістер күрделі емес, жеңіл, өтпелі екені анықталды. Кейбір жағдайда мида патологиялық өзгерістер тіптен байқалмайды, тек қана оның әрекеті әртүрлі себептердің салдарынан уақытша нашарлайтыны анықталды.

ПДТ –сы бар баланың жеке басын қалыптастыруда эмоциональды (сезімдік) даму дәрежесіне, сонымен қатар нейродинамикалық бұзылуларға (астеникалық және цереброастеникалық жағдайлар) байланысты М.С.Певзнер мен Т.А.Власова психикалық дамудың тежелуінің негізгі 2 түрін анықтады:

А) Психикалық және психофизикалық инфантилизм негізіндегі ПДТ (жүкті кезіндегі баланың ОЖЖ –не зиянды әсер етумен байланысты).

В) Баланың өмірінің ерте кезеңінде түрліше патогенді (ауру туғызатын) факторлардың нәтижесінде пайда болған, баланы астеникалық және цереброастеникалық күйге әкелген ПДТ. [3]

«1966 ж. М.С.Певзнер ПДТ–ң клиникалық нұсқауларына сүйеніп жасаған өз классификациясын ұсынды:

1. Қалыпты интеллект пен эмоционалды – ерікті саласының жетілмеуі, яғни асқынбаған гармониялық инфантилизм.

2. Танымдық әрекеттің жетілмеуі.

3. Танымдық әрекеттің жетілмеуі, нейродинамикалық бұзылулармен асқынған, психофизикалық инфантилизм.

4. Танымдық әрекеттің жетілмеуі, сөйлеу қызметінің кемістігімен асқынған психофизикалық инфантилизм.

Кейінірек, 1980 жылы К. С. Лебединская ПДТ классификациясының жаңа нұсқасын ұсынды. Этиопатогенетикалық қағида негізінде, ПДТ–ң негізгі 4 клиникалық типі анықталды.

Бұлардың әрқайсысы, өзінің клиникалық–психологиялық құрылымымен, соматикалық, энцефалопатиялық, неврологиялық асқыну сияқты науқас белгілерімен ерекшеленеді.

Конституциональды ПДТ. Бұл гармониялық инфантилизмнің нақты көрінісі. Мұнда эмоциональды – ерікті саласы, дамудың ерте сатысында тоқтап қалған. Демек, қалыпты дамудағы сәби, баланың деңгейінде. Ойынға деген ынтасы басым, көңіл-күйлері үнемі жоғары, сенгіш. Мектеп жасына жеткенде, ойынға деген қызығушылықтары басым болады.

Соматогендік ПДТ. Бұл топқа жататын балалар түрлі соматикалық әлсіздіктерімен көзге түседі. Ұзақ уақытқа созылған жұқпалы аурулар, аллергиялық күйлер, туа біткен және жүре пайда болған соматикалық кемістіктер, баланың психикалық дамуының тежелуіне себеп болады. Соматикалық әлсіз балаларға, танымдық белсенділіктің төмендігі, шаршағыштық тән, интеллектуалды және дене қуатын қажет ететін жаттығулардан олар тез шаршайды. Бір тапсырманы орындау үшін, ұзақ уақытты қажет етеді, сондай-ақ бұл балалардың жеке тұлғалық дамуында эгоцентризм мен өзімшілдік қалыптасада. Олар жұмыс істеуге құлықсыз, үнемі біреудің көмектесуі мен қамқорлық жасауына әдеттенген.

Психогендік ПДТ.Бұл тип, тәрбиедегі теріс әсерлердің салдарынан болады. Баланың жеке тұлғасы дұрыс қалыптаспайды. Аталмыш кемістіктің әлеуметтік генезі, оның патологиялық сипатын жоққа шығармайды. Баланың қоршаған ортасындағы психикасына әсер ететін келеңсіз жағдайлар, оның жүйке жүйесінде ауытқулар туғызуы мүмкін. Алдымен, вегетативті қызметтер бұзылады, одан соң, психикалық және эмоциональды салалар дамуында ауытқулар пайда болады. Кейде, мұндай жеке тұлғаның патологиялық дамуын, педагогикалық қамқорлықтан тыс қалған қалыпты дамудағы балалармен шатастырады. Әсіресе, психикалық тұрақсыз ПДТ түрінде анық көрініс береді. Оның себебі, қамқорлықтан тыс қалу, балада танымдық қызығушылық пен интеллектуалды қабілет дамымайды. Эмоционалды – ерікті саласының жетілмеуі, импульсивтіліктен байқалады. Жеке тұлға дамымауының тағы бір түрі, шектен тыс қамқорлық жасалған балаларда кездеседі. Бұл балаларда жауапкершілік сезімі, бастама, өз бетімен әрекет ету дағдылары қалыптаспайды.

ПДТ-ң бұл типінің пайда болуындағы нагізгі фактор – әлеуметтік фактор, ол тежелудің патологиялық сипатын жоққа шығармайды. Демек, ПДТ-ң бұл түрінің пайда болуында, депривация (ада болу) немесе баланың өз қажеттіліктерін қанағаттандырудағы жеткіліксіздіктер себеп бола алады. Дәстүр бойынша, депривацияның үш түрін ажыратады:

· эмоционалды депривация – бала мен оны қоршаған орта арасындағы эмоционалды жақындықтың аздығы немесе мүлдем болмауы;

· әлеуметтік депривация – баланың әлеуметтік қарым-қатынастарының аздығы немесе мүлдем болмауы;

· сенсорлық депривация – баланы қоршаған ортада оның қабылдау, танымдық қабілеттерінің дамуына стимул жасаудың аздығы немесе мүлде болмауы;

Депривацияның ПДТ-н туғызатыны, арнайы коррекциялық, көмекке зәру жеке тұлғалық патологиялық дамуға себеп болуы, болмауы, педагогикалық көмекпен түзелетін «педагогикалық қамқорлықтен шет қалу» жағдайының пайда болуы–мұның барлығы, ең алдымен, баланың қай жаста депривацияға ұшырағанына, оның ұзақтығына байланысты мәселе.

Церебральды–органикалық ПДТ.Бұл балалардың анамнезін зерттей келе, жүйке жүйесінің органикалық кемістігінің болатына анықталған. Сондай-ақ, жүктілік патологиясы да елеулі әсерін тигізеді. ПДТ-ң бұл түрінің негізі – мидың минимальды дисфункциясы (ММД). Аталған термин 1962 ж. енгізілді».

Церебральды-органикалық генезді психикалық даму тежелуінен басқа, ПДТ түрлеріне қарағанда, айрықша жиі кездеседі, олардан өзгешелігімен ерекшеленеді. Бұл топқа жататын балалардың көпшілігінің жүйке жүйесінде, органикалық кемшілік бар, оның себептері олигофренияның себептерімен өзара өте ұқсас. Сондықтан, кейде баладағы церебральды-органикалық генезді, психикалық дамудың тежелуі мен жеңіл дәрежедегі ақыл-ойдың кемдігін ажырату қиынға соғады. Барлық жағдайда, баланың даму барысы мен ерекшеліктеріне мұқият, бірнеше мәрте тексеру жүргізілгеннен кейін, шешім қабылданады. [5]

Сонымен жоғарыда көрсетілген ПДТ –нің клиникалық түрлерінің жіктелу негізінде этиопатогенетикалық өзгерістер мен олардың әсерінен туындайтын клиникалық белгілер алынған. Бұл өзгерістерді білікті мамандар немесе медициналық, педагогикалық және психологиялық коммисиялардың мүшелері ғана анықтай алады.

Психикалық дамуы тежелген тән белгілер:

§ тез жалығу және шаршаудың әсерінен ынта менқабілеттің төмендеуі;

§ сезім мен еріктің жетілмеуі;

§ жалпы мәлімет мен елестету қорының шектелуі;

§ сөздік қорының жеткіліксіздігі

§ интеллектуалды іскерлік, ойлау әдетінің қалыптаспауы;

§ ойын іскерлігінің толық қалыптаспағандығы;

§ қабылдаудың баяулауы;

§ сөйлеу логикалық операциясының ойымен қиылыспауы;

§ ақыл – естің барлық түрлерінің бұзылуы;

§ сенсорлық мәліметтерді қабылдау мен оны түсіну мерзімінің ұзақтығы;

§ өзін – өзі бақылау деңгейінің төмендігі;

Осы өзгерістердің дәрежесіне сай,баланың жасын ескере отырып, оларды әлеуметтік бейімдеу, оқыту және түзету жолдарын айқындайды. Нәтижелі арнайы әдістерді қолдану осы балаларға арналған арнайы балалар бақшаларымен мектептерде, мектеп интернаттарында немесе жалпы мектептердің арнайы түзету сыныптарында дұрыс жолға қойылған.

Сонымен психикалық дамудың тежелуінің жиі кездесетін белгілері: енжарлық, қызықпаушылық, өз – өзіне сенбеушілік тезжалығу, шаршау, бастаған ісін аяқтамау, ынта – жігерінің төмендеуі – бұл жоғары жүйке жүйесінің қызметінің негізі болып саналатын қозу және тежелу процестерінің тепе – теңдік заңдылықтарының бұзылуынан төмендейді. Осымен қатар кейбір балаларда көру, есту, сезіну, қимыл – қозғалыс талдағыштарының әрекеті де жетілмеген, ал олардың әрекетінің балалардың дұрыс қалыптасуына әсері зор. Сондықтан 5-8 жастағы балалар арасындағы кездесетін ПДТ –і жан – жағындағы өзгерістерге мән бермеу, мектепте оқуға талпынбау, дене қимылының, саусақтарының, координацияларының бұзылуы, баланың тез шаршауы, қарындаш, қаламсаппен жұмыс істей алмауы, тіл мүкістіктері, сөздік қорының аздығы, есте сақтау, ойлау әрекеттерінің жетілмегені сияқты белгілерімен білінуі мүмкін. Бұл кемістіктер кемақыл балаларда кездесетіндей күрделі, тұрақты емес. [3]

Психикалық дамудың кешеуілдеуіне байланысты өз пікірлерін ұсынушы М.С.Певзнер, Т.А.Власова баланың эмоционалдық ерік сфераларының қалыптасуына көп көңіл берумен бірге, нейродинамикалық бұзылулардың жеке сипаттамасына да ерекше назар аударады. Соған сәйкес психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың сипаттамаларының негізін анықтап, яғни психикалық және психофизикалық инфантилизм түріндегі анықталатын және ерте балалық шақтағы орталық нерв жүйесінің зақымдануынан, оның организмнің астеникалық, цереброастеникалық жағдайларға ұшырайтынын анықтаған.

Арнайы педагогикада сондай – ақ дефектология ғылымында психикалық дамуы кешеуілдеген балалар тобын зерттеу негізінен ХХ ғасырдың ортасынан бастап бастау алды. Психикалық дамуында ауытқушылығы бар балалардың танымдық қабілеттерін тексеруге ең алдымен олардың эмоциясына назар аударған жөн. Бұл балалардың эмоциясы көбінесе өзгеріске ұшырап отырады.Бұл балалардың қалыпты балалардан ерекшелігін айтар болсақ, яғни олардың әлеуметтік ортаға бейімделуімен, мінез – құлықтарымен және іс – әрекеттерімен ерекшеленеді.

Психикалық дамуы тежелген балаларда арнайы оқытусыз сөздік белсенділік пайда болмайды, айналасындағы адамдар сөзге дейінгі қатынас түрлері де қалыптаспайды, заттық іс-әрекет дамымайды.

Эмоционалды ерікті дамудың жеткіліксіздігі органикалық инфантилизммен көрінеді. Балаларда дені сау балаға тән эмоцияның жылдамдығы мен айқындығы байқалмайды. Дыбыстау жеткіліксіздігі, ол кейде кейбір балалардың бір жұп дыбыстарды қабылдауына байланысты. ПДТ балалар үшін арнайы мектептерде дыбыстаудағы кемшіліктерді жою үшін логопедтік сабақтар үшін қарастырылған.Дайындық кезеңінің негізгі міндеттері балаларды сөзге тарту, сөз сөйлеуді санасының негізгі деп орнықтыру. Осы кезеңде негізгі мән фонематикалық қабылдауды дамыту мен қалыптастыру, дыбыстық анализ бен синтез, ПДТ балаларға психологиялық-педагогикалық сипаты спецификалық ерекшеліктерін бөліп көрсетеді. Олар мектепте оқуға дайындығы байқалмайды, оларда бағдарламалық материалды қабылдауға білімі жеткіліксіз. Сондықтан арнайы дайындық санау, оқу мен жазуды меңгере алмайды. Олар өзбетімен іс-әрекетте қиындықтар көрінеді. Қиындықтары жүйке жүйесіне және әлсіз жағдайымен күрделенеді. ПДТ оқушылар тез шаршайды, кейде бастаған іс-әрекетін орындаудан бас тартады. ПДТ эмоционалды ерікті ісінде баяу жетілуінде, сондай-ақ интелектуалды жеткіліксіздіктен дамиды.

Психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілетін түзете дамыту жұмыстарының түрлері көп.

Түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:

- баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;

- шаршап кетпеуін анықтау;-оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру, кеңістікті бағдарлауын дамыту;

- сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;

- ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;

- арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру;

- жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру.

Психикасының дамуы тежелген балалардың ұсақ қол қимылдарын дамыту, тіл байлығын байыту, сонымен бірге баланың логикалық ойлау, есте сақтау, қабылдау қабілеттерін дамыту мақсатында көптеген ойын түрлерін сабақтарда пайдалануға болады.

Психологиялық түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:

· баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;

· шаршап кетпеуін қадағалау;

· оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру, кеңістікті бағдарлауын дамыту;

· сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;

· ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;

· арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру;

· жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру.

Мамандардың оқыту түзету процесінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады. Білім беру мекемесіндеоқитын ПДТ балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет. Психолог, сынып жетекшсі, ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді.ПДТ баламен жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастыру керек. Дидактикалық материалды жеткілікті түрде қолдану, қазақ тіліндегі оқулықтардың жеткілікті болуы, көрнекі құралдардың эстетикалық және педагогикалық талаптарғасәйкес келуі, ойын құралдарының әртүрлігі, іс-әрекеттен тыс техникалық құралдардың жеткілікті қолданылуы -бұл баланың сөз сөйлеуін жақсы меңгеруінің бір шарты болып табылады. [9]

ПДТ балаларды оқуға және жазуға үйрету арнайы түзету жұмысымен өткізіледі, былайша айтқанда, сауаттылыққа үйрену дайындылығы әр кезеңмен орындалады.

Бірінші кезеңде – естудің қадағалауымен сөзден жекеше дыбыстарды бөлшектеу тәсілімен шығарады, бірақ та бұл сауаттылықты жақсы меңгеріп кету үшін керекті талдау мен жинақтау дыбыстарының дағдысын қамтамасыз етпейді;

Екінші кезеңде – сөздегі дыбыстың оның орнын белгілей білуді үйренеді, дыбыстардың бірізділігін және сөздегі орналасу тәртібін анықтау. ПДТ –і бар балаларды жазуға үйрету көпшілік жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарламаның тарауы бойынша берілген әдістемелік ұсыныс негізінде құрастырылады. [10]

Қорыта келгенде психикалық дамуы тежелген баланы дамыту барысында жұмыс нәтижелі болу үшін, әр баланың физиологиялық, психологиялық, жас ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тұлғаны дамыту жұмыстарын дұрыс және тиімді ұйымдастыру болып табылады.Түзете - дамыту жұмыстарында төмендегі мәселелерге көңіл бөлген жөн: психикалық дамуы тежелген балалардың танымдық және тұлғалық ерекшеліктері сауат ашуға, жазуға, математикаға, еңбекке үйрету, кезінде оқу мазмұнын басқаша іріктеуді қажет етеді. Бірінші кезекте оқуға деген жағымды түрткі қалыптастырып, жақын эмоционалды көріністерді тудыратын, ой-өрісін кеңейтетін материал алынады. [11]