Жайық-Каспий су бассейінің ахуалы

Адамдардың шаруашылық қажеттеріне байланысты өзен деңгейі жылдан-жылға төмендеп келеді: сондай факторлардың бірі-өзен суымен егістікті суару, шабындық пен жайылымды суландыру болып табылады.

Егістік суаруға Жайықтан жылына 0,6 км2,суландыруға 0,2 км2 суы кетіп, арнаға қайтып оралмайды. Жайық өзені суының кемуі жер асты су деңгейінің төмен түсуіне, сөйтіп гидрографиялық жүйенің жойылуына, өзен жайылмасының құрғауына және жағалаудағы ағаш пен бұталардың азаюына әкеліп соқтырды. Облыс аумағындағы кіші өзендерге дұрыс бақылау болмағандықтан өзен бойындағы кез-келген шаруашылық жергілікке қажетті суды есепсіз шығындап, бөгет, тоғандар жасау арқылы көп жағдайда судың тартылып қалуына дейін жеткізеді.

Бұрындағы жоғарыдан келетін көлемді судан өзен арнасынан тасып, егіс алқаптарын, елді мекендер мен мұнай шаруашылығы ошақтарын басып кету жағдайы жиі болатын. Енді ластанып, лайланған өзен жайылмаларын өзгертіп, тіпті кей жерлерде су тартылып, арна кеуіп қалып жатыр. Жайылымдар соңғы жылдары жауынсыз жазды аса қиындықпен өткізуде. Нәтижесінде малға жем-шөп қоры күрт кеміп барады. Өзен бойын қуалай өскен жасыл белдеу-қалың тоғай қурап, жойылу алдында.

Жоғарыда айтылған проблемалардың ушығуына өзен табанын тазалауға қажетті қаржының жоқтығы да себеп болып отыр. Жайық суын тазалауға көңіл бөлінбеу себебі-оның Үкіміт қаулысымен бекітілген Қазақстанның ерекше маңызды өзеңдер қатарына кірмей қалуы. 2004 жылдың 21 қаңтарында Қазақстан Республикасының Үкіметінің «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су» обьектілеріндегі тізбесін және «ерекше мемлекеттік маңызы бар су» ерекшеліктерін бекіту туралы қаулысы жарық көрген. Ал, осы тізімге жағдайы Жайыққа қарағанда әлдеқайда тәуірлеу өзендер енгізілгенімен, бұл өзенге оңдай атақ берілмеген.

2007-2008 жылдары ғана «Водные пути» коммуналдық мекемесі Жайықты аз-мұз тазарту жұмыстарын іске асырды. Оның өзінде кеме жолдарына байланысты. Содаң соң балық шаруашылығы комитеті там-тұмдап ақша бөліп, балық жүретін жолдарды тазартқандай болған. Облыста Жайық өзеніне бақылау жасайтын қаншама мекеме болғанымен жүргізілген жұмыс осымен ғана шектеледі.

Күні бүгінге дейін Жайықты қорғау мен сақтауға қатысты бағдарлама да қабылданбапты. Тіпті, бағдарлама түгілі облыс аумағындағы өзен кесіндісіне мемлекеттік қорғалған табиғи зона деген мәртебе де берілмеген. Бүгінгі таңда біздің елде өзенді қорғау мәселесі 3 министірлікке тәуелді. Олар-қоршаған ортаны қорғау, көлік және коммуникация мен ауыл шаруашылығы министірліктері.

«Ерекше қорғалатын аймақтарға бақылау жасау, қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлықтарын орман және су шаруашылығы қорларын пайдалану және оған мемлекеттік қадағалау ауыл шаруашылығы министірлігінің құзырына берілген. Сонда пайдаланушы да, қорғаушы да, бақылаушы да бір өзі болып шығады. Кімнің болмасын өз қолын өзі қақпайтыны белгілі. Сондықтын, бұндай кереғар реттеу жүйесінің тиімділігі неде? деген сұрақ туындайды. Сонымен бірге,бүгінгі таңда су қорлары көздеріне экологтар,бассейінді су шаруашылығы басқармасы,балық қорғау инспекциясы,мемлекеттік санэпиқадағалау қызметі мемлекеттік бақылау жүргізеді. Әркім жан-жаққа тартып, дербес жауапкершілік болмағандықтан бұл қойшы көп болса, қой арам өледіге соқтыру мүмкін. Сондықтан экологиялық қауіпсіздік Концепциясының талаптарына сай су қорларына бақылауды тек бір ғана мемлекеттік органға жүктеген жөн» («Орал өңірі» газеті).

Облыстың экологиялық жағдайы жергілікті биліктің үнемі назарында. Бұл жөнінде бірнеше рет кеңес, бірлескен отырыстар болып мәселе кеңінен талқыланды. Соңғы жылдары облыс әкімдігі Жайық өзенінің проблемаларын Үкімет деңгейіне дейін көтеріп, ұсыныс берудің нәтижесінде Ел Премьер-министірлігінің маусым айындағы Атырауға сапары кезінде үлкен қолдауға ие болды. Оның ішінде Жайық өзенің суға толтыру мәселесі жөніндегі мемлекетаралық штабтың құрамына енді және өзеннің астын тазалап, тереңдетуге үлкен көмек болатын болды. Сондай-ақ, мәселе шілде айының 22-сінде Орал қаласындағы Ресей мен Қазақстан елдері басшыларының қатысуымен өткен Үкіметаралық мәжілісте қаралды. Қорытындысымен нақты келісімдер дайындалып қыркүйек айында екі мемлекет басшыларының кездесуінде бекітілген болады. Жайық трансшекаралық су обьектісі болғандықтан, оны сақтау, қорғау-Қазақстан мен Ресей үшін ортақ міндет. Жайық өзенінің бассейіндік экожүйесін оңалту, су артериясын түбегейлі жақсарту екі мемлекеттің бірлесе жасаған іс-қимылына тәуелді.